ТӨРТЕМ ТОЛҒАНТҚАН ОЙ...
ТӨРТЕМ ТОЛҒАНТҚАН ОЙ...
Қазақ демографиясының көлеңкелi тұстары
"Түркiстан" газетiнiң "Қоныс" қосымшасының өткен сандарында Алматы тарихында тұңғыш рет төртемнiң дүниеге келгенiн әрi оған берiлетiн көмектiң нақты емес екендiгiн айтқан едiк.
ЕГIЗДЕРДIҢ ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАЙТЫН АРНАЙЫ ЗАҢ КЕРЕК
Бүгiнде төртемдер 3 айға толды. Алматы қаласының Айнабұлақ ықшам ауданынан муниципалды үйлерден үш бөлмелi пәтер жалға берiлдi. Жалпы қазақ қоғамында егiздердiң дүние есiгiн ашуы тым сирек едi. Қазiр жасанды ұрықтандырудың нәтижесiнде егiздер түгiлi үшемдердiң де дүниеге келуi жиiлеп кеттi. Ал, төртем жайында әңгiме өте сирек естiлетiн. Ана бiр жылдары Шымкентте, Оралда төрт егiздiң дүниеге келгенi жайында ақпараттарды көзiмiз шалып қалған болатын. Қызылордада да төрт егiздiң өсiп келе жатқаны жайлы естiп бiлдiк. Алматы тарихында бұл тұңғыш рет болып отырған жағдай. Алайда, бiздiң билiк орындары төрт егiздiң дүниеге келуiне дайын болмай шықты.
Бiрiншiден, Қазақстан Республикасында егiздерге арналған арнайы заң жоқ екен. Демек, өмiрге қанша сәби әкелсе де, ол ананың және балалардың құқығы бiр бала туған анамен бiрдей деңгейде екендiгi мәлiм болды. Бiз бұл жайында Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгiнiң қызметкерi Гүлсiм Сейiтмембетовадан естiп бiлдiк. Тек ана мен балаға төленетiн жәрдемақы балалар бiр жасқа толғанға дейiн 4 балаға төленетiн жәрдемақымен бiрдей болады екен. Ал, балалар бiр жасқа толғаннан кейiн оларға жәрдемақы төлеу-төлемеу мәселесi тек отбасының ортақ табысының ең төменгi жалақыға жетер-жетпестiгiне орай мәлiм болмақ. Ал, көп баланы бiрден өмiрге әкелген ата-аналардың әлеуметтiк мәселесiн (бұл көбiне баспана мәселесiне келiп тiрелiп жатады) жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдары қалай шешедi өз еркiнде екен. Қоғамның дабыл қағуына мүлдем назар аудармай қоюға да болатын көрiнедi. Бiрақ, депутаттардың, ақпарат құралдарының дабылдатқанының әсерiнен мұндай отбасылардың баспана мәселесi әйтеуiр белгiлi деңгейде өз шешiмiн тауып жатады. Алайда, бiздiң ойымызша, бүкiл дүниежүзiндегi сирек құбылыс екi және одан да көп егiздердi дүниеге әкелетiн аналардың да, балалардың статусы ерекше болғаны жөн секiлдi. Кейбiр өркениеттi мемлекеттерде егiздердiң 18 жасқа дейiнгi бағым-күтiмiн мемлекет өз мойнына алатын көрiнедi. Оларға балабақшаға баруына жағдай жасалып, бақшаға төлейтiн қаржы да үкiметтiң мойнына iлiнедi екен. Ал, балабақшаға бармайтын балалар үшiн арнайы медбикелер бөлiнiп, поликлиникаға барып тұруы үшiн машина сыйлайтын көрiнедi. Бiзде мұның бiрде бiрi де болған жоқ. Дегенмен, төртемдердiң ата-анасы сәбилерiнiң 24 шаршы метр бiр бөлмелi жатақханадан 3 бөлмелi пәтерге көшкенiне қуанышты.
ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ ҚАРТАЙЫП БАРА МА?
Бүкiл Еуропа елдерi халқының қартаюымен күрес жүргiзiп әлек. Еуропа әрбiр туған баланың әлеуметтiк проблемаларын өз мойнына алуды мұрат етсе, 150 миллион халқы бар Ресейдiң өзi екiншi баласын дүниеге әкелетiн аналарды жiгерлендiру мақсатында "Ана капиталы" бағдарламасын ойлап тапты. Бiзде жергөк пұл мен көп балалы отбасыларға төленетiн жәрдемақы өсiп келе жатқанымен, табиғи өсiмнiң қуаттануына айтарлықтай үлес қосып отырған жоқ. Өйткенi, жергөк пұл да, көп балалы анаға төленетiн жәрдемақы да бiр реттiк. Алғашқысы отбасының табысына қарамастан әрбiр өмiрге сәби әкелген анаға төленетiн болса, екiншiсi, соңғы баласы 1 жасқа толғанға дейiн, балаларының санына орай төленетiн болады. Соңғы баласы 1 жасқа толғаннан кейiн бұл жәрдемақыны отбасының табысына орай беру-бермеу iсi қарастырылады. Егер, отбасының табысы жан басына шаққанда ең төменгi айлық көрсеткiштен асып кететiн болса, онда ол ешқандай жәрдемақыға ие бола алмайды. Әрi әрбiр тоқсан сайын ол жәрдемақыдан үмiткер адам құжаттарын жинап, есептен өтiп тұруы керек. Бұл үшiн қаншама өткелектен өтуге тура келедi. Оған жүйкесi мықты адам ғана шыдас бередi. Демек, соңғы баласы 18-ге толғанға дейiн төленетiн жәрдемақы деген бiзде атымен жоқ. Оның үстiне көп балалы отбасылардың әлеуметтiк мәселесiн оңтайлы шешу iсi де күн тәртiбiнен алынып қалған. Бiрiншiден, егер отбасының ипотекалық қарызы болса, әрбiр дүниеге келген баласы үшiн оның өсiмақысын қысқартып отыратын болса, 4 және одан да көп бала өмiрге әкелген шаңырақты ипотекалық қарыздан құтқаратын болса қаладағы әрбiр екiншi отбасы 4-тен көп балалы болуға тырысатын едi. Сондай-ақ, "Алтын алқа", "Күмiс алқа" иегерлерiне коммуналдық жеңiлдiктер көрсетiлетiн болса, табиғи өсiм бүгiнгiден анағұрлым артық болар ма едi. 2015 жылы халық санын 20 миллионға жеткiзу көзделгенiмен, жүйелi демографиялық саясат қолға алынған жоқ.
Жалпы, Қазақстандағы демографиялық ахуалды әркiм әртүрлi бағалайды. Қазақстан жас мемлекет. Халқының саны да аз. Бiрақ, бүкiл Еуропаны шошытып отырған халқының қартаю процесi бiзде де байқалады. Өлiм ұлғайып, өмiр сүру ұзақтығы қысқарғандығы жайындағы мәлiметтi Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi таратып отыр. Былтыр 2010-2020 жылдарға арналған "Демографиялық саясат және отбасын нығайту" тұжырымдамасы қабылданған. Онда елдегi демографиялық ахуалға осылай баға берiлген. Ендеше, демографиялық саясатты жүйелi және жоспарлы түрде қолға алатын кез жеткен сыңайлы.
Есенгүл Кәпқызы