Журналистердiң төл мерекесi қарсаңында белгiлi тележурналист, ақын Бейбiт Құсанбек атындағы тележурналистердiң III республикалық байқауының жеңiмпаздарын марапаттау рәсiмi өттi. Марапаттау рәсiмi "Хабар" телеарнасының ғимаратында болды.
Марапаттау рәсiмiне марқұмның ата-анасы, туғандары мен замандас достары, әрiптестерi, БАҚ өкiлдерi қатысты. "Құрдастар", "Көкпар", "Дидар", "Халық зердесi", "Кездесу", "Үкiмет адамы", "Төрт құбыла", "Бейсенбiде бiзбен бiрге болыңыз", "Өмiр — өзен" "Ақиқат ауылы" сынды бағдарламаларды дүниеге әкелген Бейбiт Құсанбектiң тележурналистика саласындағы ерен еңбегiн, жарқын дидарын есте қалдыру мақсатында үшiншi жыл қатарынан ұйымдастырылып келе жатқан байқаудың жас журналистердiң қарым-қабiлетi мен шеберлiгiн арттыруда маңызы зор. Жыл сайын дәстүрге айналып келе жатқан байқаудың биылғы жеңiмпаздары анықталды. Марапаттау сыйлықтарын көрнектi ғалым Тұрсынбек Кәкiшев, белгiлi тележурналист Нұртiлеу Иманғали, журналист-ғалымдар Сағатбек Медеубек, Аязби Ақбергеновтер табыс еттi. Байқаудың ынталандыру сыйлығын "Хабар" телеарнасының журналисi Рахат Жақсыбай алса, үшiншi орын — Гүлвира Биғалиқызына, екiншi орын — Мұрат Есжанға бұйырды. Бiрiншi орынды — КТК телеарнасының журналисi Жадыра Сейдеш қанжығасына байлады. Сондай-ақ, марапаттау рәсiмi аясында Бейбiт Құсанбектiң "Ел ағалары" атты кiтабының тұсауы кесiлдi. Бұл еңбекке Б.Құсанбектiң соңғы жылдары жүргiзген сұхбаттары енгiзiлген.
Мәди АЙҚЫН