Жаңалықтар

БӘЙТЕРЕКТЕГI "ӘЛМЕРЕК АБЫЗ"

ашық дереккөзі

БӘЙТЕРЕКТЕГI "ӘЛМЕРЕК АБЫЗ"

Бәйдiбек бидiң жетiншi ұрпағы Әлмерек абыз Тәуелсiздiктен кейiн жарыққа шығып, танылған белгiлi тарихи тұлғалардын бiрi. Жетiсуды Жоңғар қалмақтарынан тазартып, Жеңiс туын көтерген, басында батыр, кейiн би, өмiрiнiң соңында абыз атанған Әлмерек қалмақ қолбасшысы Шонжыны жекпе-жекте өлтiрiп, аты аңызға айналады. Әлмерек ерлiгiне қатысты шежiре-тарих, жер-су атаулары Жетiсу жерiнде күнi бүгiнге дейiн сақталған. Абыз жайында "Әлмеректiң бес баласы және Едiл-Жайық", "Әлмерек батыр" тағыда басқа кiтаптар жазылды. Әлмерек атақты Райымбек батырдың бойындағы батырлық қасиеттi бiлiп, оның жолын ашқан әулие ретiнде ерекше әспеттеледi. Әулиенiң көне мазары (Алматы облысы, Покровка кентi) тұрған жерге бала кезiнде Дiнмұхамед Қонаевтың келiп, әулие бұлақтарынан су iшкенi шындық оқиға. Абыз атаға байланысты жақында жақсы жаңалық болды. “Еңбекшiқазақ” ауданына қарасты “Бәйтерек” ауылының орталығындағы Ленин көшесi ономастика кеңесiнiң келсiмi бойынша "Әлмерек абыз" көшесi болып өзгертiлдi. Осы шараға байланысты елу үйге iлiнетiн (көше атын көрсететiн) сiлтеме жазуды Әлмерек рухани ордасының жетекшесi Ермек Мырзагелдиев өзi арнайы жасатып, сыйға тартты.

Болашақта ауылда "Әлмерек абыз" көшесi бойында елдiк қасиеттi нышан-белгi "Бәйтерек" ескерткiшiн орнатып, оның маңындағы биiкке Әлмеректiн мүсiнiн кою идеясы әңгiме болуда.

Ұлттық рухты көтерiп, тарихи тұлғаларды ұлықтау iс шарасының ұйтқысы болған ауылдық әкiмшiлiктiң жұмысы өзгелерге үлгi болса керек.

Ораз-Ай