Жаңалықтар

Бекболат ТIЛЕУХАН: ТАРИХИ САНА ОЯНБАЙ, ҰЛТТЫҚ САНА ОЯНБАЙДЫ

ашық дереккөзі

Бекболат ТIЛЕУХАН: ТАРИХИ САНА ОЯНБАЙ, ҰЛТТЫҚ САНА ОЯНБАЙДЫ

Қазақ зиялыларының арасында ұлт, халық, ел мен жер туралы үнемi үн көтерiп жүретiн азаматтарымыздың бiрi — Қазақстан Республикасы Парламент Мәжiлiсiнiң депутаты Бекболат Тiлеухан екенi белгiлi. Осы азаматпен ұлт төңiрегiнде әңгiмелесу редакциямыздың көптен берi жоспарында бар едi. Бiрақ, депутаттың уақытының көбi Парламент залында, ел арасында өтетiндiктен бұның ретi оңай келмеген. Алайда, халық қалаулысының Алматыға келген таяудағы бiр сапарында тiлшiмiз ол кiсiмен жолығып, төмендегiдей әңгiме өрбiткен болатын.

– Бекболат аға, ұлт төңiрегiнде айтылар әңгiменiң таусылмайтыны анық. Ұлттық мүдде, ұлттық сана, ұлт… Қазақта мемлекетшiлдiк идея қалыптасты деп ойлайсыз ба?

– Ұлт – адамның өмiр сүруiнiң формасы. "Кто не принадлежит своему отечеству, тот не принадлежит человечеству" деген Белинскийдiң сөзi бар. Яғни, адамзатқа ортақ қандай тұлға болса да, ол нақты бiр ұлттың өкiлi. Өз қауымының мүддесi тұрғысынан ой өре келе, одан шыққан асыл ой да, туынды да кейiн адамзатқа ортақ қазынаға айналады. Конфуций орыс үшiн ой айтып, Гегель татар үшiн тұжырым түйiп, Моцарт малай үшiн музыка жазған жоқ. Өз қауымының бақыты мен рухани сұранысына құдайдан тиген қабiлетiн жұмсады. Уақыт өте олардан туған туынды бүкiл адамзатқа ортақ қазынаға айналды. Осыдан шығатын түйiн мынау: кез келген адам шата, қырықсiдiк, мәңгүрт болмаса, мiндеттi түрде бiр ұлттың өкiлi болады. Екi анадан туатын адам болмайды. Адамда екi отан болмайды. Бiр жерде өмiр сүрiп, басқа елдiң мүддесiне қызмет қылған жанды қазақ "жансыз" дейдi. Яғни шпион. Ауыр сөз! Өлшеулi ғұмырда мүддесiн, ұстанымын жасырумен, өтiрiктi өмiрiне серiк етумен өткен адамды бақыт иесi деп тану қиын. "Ел" дейсiз бе, республика дейсiз бе, мейлi басқа деңiз, қазақ ұлты негiзiнде қалыптасқан Қазақстан Республикасы мемлекетiнiң азаматтарымыз. Осы мемлекеттiң қуаты – сiз бен бiздiң қуатымыз. Осы қазақтың көсегесi көгерiп, көрпесi ұлғаймай, жаны тыныш, малы түгел болмай – мемлекет көркеймек емес. Сол қазақты сүйсең, қазақтың бауырын қалқан еткен бiр шаңырақ астында жасасқан бауырлас жұрттарды сүюiң, қадiрлеуiң, түсiнiсуiң – Қазақстанды сүйгенiң. Осы елдегi бейбiтшiлiк пен тұрақтылық, азаматтардың ортақ мүддеде өмiр сүруi ғана бақытқа бастамақ. Мемлекетшiлдiк идеяңыз да осы!

– Сiздi қайсыбiр орыстың басылымдары "ұлтшыл" деп, "қазақтың Солженицынi" деген айдар тағып жатқанына не дейсiз?

– Қызық! Ақиқатына жүгiнейiкшi. Ресей қайда, бiз қайда! Ресей – жан-жағын жайпаған азуы алты қарыс империя. Ал, Қазақстан болса – тәуелсiздiгi кеше ғана қолына тиген, етегiн жаппаққа ұмтылған, есiн жаңа ғана жиып жатқан кешегi отар ел. Империя азаматында өзi қартайса да, мұрны қартаймайтын империялық бұқа-көкiрек болады. Солженицындер – сол көкiректiң көрiнiсi. Ал бiз болсақ, тұсауын шешсе де, қос аяқтап секiрген тарпаң санасынан тамшы ғана қалған, құлдық санасы жабағы жүнi секiлдi түспей қойған тайторымыз. Бiз – шабуылшы жұрт емес, қорғанушы елмiз. Қорғандың деп жазғырғанға жазығымыз бар ма?!

Отан – ана деймiз. Анаңды сүю – адамшылық. Өз анамды сүйем деген сөз, өзгенiң анасын жек көремiн деген сөз емес қой. Өз ұлтыңды сүйгенiңдi, өзге ұлтты жек көру деп тану – неткен жетесiздiк! "Адамзаттың бәрiн сүй – бауырым деп", және "оны әдiлеттi хақтың жолы деп" түсiндiрген Абай мұрасын аялаған қазақпыз ғой бiз. Ал, ащы мазаққа, арыңды таптап кемсiткен кещеге "кектенiп арсыз зұлымға, улы сия , ащы тiл жұмсасақ" бұл да Абайдың жолы. "Ол тықыр мен бұл тықыр бөлек" дегендей, әйтеуiр ауыздың астына орналасты демесеңiз, түсi де, күшi де басқа, ниетi бөлек Солженицыннiң сақалы мен менiң сақалымның айырмасындай мүлдем салыстыруға келмейтiн құбылыс қой! Жұтқысы келген жыртқыш пен жансауғалаған бейбақтың халiн сараптау үшiн көп ақыл керек емес едi. Қайтесiз ендi "сынаушымды жетесiз қылып тәңiрiм берген-дi", СубханАллаһ!

Қазақта бiр әфсана бар. Адам қалың отқа оранып жатыр дейдi. Сонда от үстiнен ұшқан қарлығаш қанатымен су себер дейдi. Сырткөздердiң: "Қалың отты тамшы сөндiрмек түгiлi түспей жатып кеуiп кетедi ғой, несiне әуре боласың", – деген сөзiне қарлығаш: "Ниетiмдi бiлдiргенiм ғой" – дейдi екен. Сол оттың үстiнен ұшқан құзғын май тамызар дейдi. Оған: "Бiрер тамшы майыңнан онсыз да лаулаған от күшейiп жарытар деймiсiң, несiне әуре боласың", – дегенiне, құзғын: "Ниетiмдi бiлдiргенiм ғой" – дейдi екен. Жалпы менiң қадамдарыма берiлетiн бағалар көп. Бардан гөрi iздегенiн табатын пенделердiң ниетiне қарайлай берсек, тапжылмай табандап қалмақпыз. Сосын кейбiреулер қызық. Бiрдеме демес бұрын адам деген лепесiнiң қисынына қарау керек емес пе?

– Мемлекетшiлдiк идеясын қалыптастыратын кiмдер деп ойлайсыз?

– "Бiр қауым өзiн өзгертпейiнше Алла оны өзгертпейдi" – деген сөз бар Құранда. Яғни iзгiлiкке деген талаптың ұлттық сипат алуы бақытқа бастамақ. Ол бiр аса күрделi де дүние емес. Зат молекуладан, молекула атом, протон, нейтрон, электрон т.б бөлшектерден құралады. Солардың үйлесiп-септесуi затты ыдыратпай, қасиетiнiң сақталуына негiз болғаны секiлдi, ел-қауымнан, қауым – әулеттерден, әулет – әке, шеше, балалардан тұрады. Әке мен шешенiң татулығы балалардың тәрбиелi, бақытты болуына, әулеттер бiрлiгi қауымның қуатына, қауымдар ынтымағы – елдiң бiрлiгiне негiз. Атом өзiн айналған бөлшектерiне энергия берген секiлдi, әр семьяның отағасы, әр әулеттiң ақсақалы, әр қауымның қөшбасшысы өз орнын бiлiп маңын бауырластық, жанашырлық, кешiрiмдiлiк секiлдi жүрек жылуына бөлеп отырса, онысына иманнан нұр алып отырса, бақыт сол! Атам қазақ сондай болған. Дәстүрдi аялау дегенiмiз – үзеңгi, шiдер, келсап, күбiнi музейге қойып тамсану емес. Бәрiбiр самолет тұрғанда атпен жер шалдырғалы тұрған ешкiм жоқ. Тоңазытқыш барда шыңырауға салып, сусын суытатын жан таппайсыз. Тефаль барда мосыға шәйнек асуға уақыт та, құлық та жоқ. Дәстүрдiң озығы да, тозығы да бар. Дәстүрдiң озығын аялау дегенiмiз – "айнала алмай ат өлетiн, айыра алмай жат өлетiн" бiрлiкке, бауырмалдыққа шақырған бабалар аманатына адалдық. Сол бабалар сөйлеген тiлге деген құрмет! Осы идея, осы мақсат кiмнiң жүрегiнен орын тапса, мiне солар елдiк идеяны қалыптастырмақ. Ол жас па, кәрi ме, еркек пе, әйел ме – бәрiбiр. Ойланыңызшы! Бауырмалдық, ынтымақтастық, құда мен құданың татулығы, осының бәрi семьяға әсер ете ме? Әсер етедi. Әке мен шеше ажырасқан жағдайда бала толыққанды болып өсе ме? Өспейдi. Көршiсiмен қырбай аулада береке бар ма? Жоқ. Осының бәрi неге тiреледi? Айналып келгенде адамның парасат-иманына тiреледi. Кiмнен бастау керек? Әркiмнiң өзiнен бастауы шарт! Адамның хақы мен мiндетi болатыны түсiнiктi. Хақын мiндетiнiң алдына қойғыш мiнез бiздi қайда әкеледi? Бүгiнде қосылған 100 семьяның 60-сы бiр жылға толмай ажырасады екен. Ендi бiразының шаңырағы кейiнiрек құлапты. Жүрегi жаралы, тағдырына назалы ұрпақ бiз күткендей болар ма екен?! Ұлттық тәрбиеден күсiп қалған қыздарымыздың кiндiгi анау, ұлда ұлағат жоқ. Экранымыз әне! Киномыз мiне! Әзәзiл режиссер, залым замандасқа қарсы қауқар қылып жарытпадық. Ақсақалдарымыздың азғынға ауыз ашпауы бар, есесiне жаулықты қызымызды жазғыруға жаны құмар. "Жақсы менен жаманды айырмаған, бiр ұрты май, бiр ұрты қан" қоғамның емi – иман ғана. "Пендеге иман өзi ашады жол" дейдi Абай. Ақыл мен қайратқа тұғыр да – осы. Қашсаң да, қусаң да жол тауып берер қаруымыз да – иман!

– Қазақта бүгiнгi таңда мемлекет қайраткерлерi бар деп ойлайсыз ба?

– Әрине бар. Сiз, мен, ол, әнебiр ағамыз, мына бiр iнiмiз. Бәлки биiк мiнберi болмауы мүмкiн. Мәнсабы төмен шығар. Ықпалы кем, құрығы қысқа болуы ықтимал. Бiреу қаламымен, бiреу адал кәсiбiмен қайраткер. Iзгiлiкке шақырған сөзiң он адамға өтсе қайраткермiн деп өзiңдi есептей бер.

Жалпы есте болуы ләзiм! Қайраткерлiк мәнсаппен өлшенбейдi. Елге деген жанашырлықпен, iзгi әрекетiңмен өлшенбек. Күнi кеше ғана елiмiздегi мегаполистi, министрлiктi, небiр жауапты қызметтердi атқарып, содан қалтасын толтырып алып, шетелге тайып тұрған адамда мемлекетшiлдiк идея қалыптасты деуге бола ма? Осы тектес адамдар мемлекеттiк саясаттың тетiгiнде бүгiн жоқ деп айтуға кiмнiң қандай дәлелi бар?

"ҚЫЗЫ АРЛЫ БОЛҒАН ХАЛЫҚТЫҢ ЖIГIТI НАМЫСШЫЛ БОЛАДЫ"

– Ұлттық намыс туралы жиi айтамыз. Ұлтымыздың намысшыл, отаншыл болуына не жетпейдi? Ұлттық сананы ояту үшiн не қажет?

– Ұлттық сананы оятудың бiрден бiр кепiлi – тарихи сананың қалыптасуы. Тарих ғылымының өзiнiң бiр сипаты – жеңiс пен жеңiлiстердiң баяны. Тарихи тұлғаларға баға бергенiмiзде, олардың қажыры мен айласын, бiрiктiре алған қабiлетiн, себебi мен салдарын таразылаған даналығын, қауiп алып айтқан көрегендiгiн сараптаймыз. Қарабайыр тiлмен айтқанда, тарих – өткеннiң үлгiсiн келешекке сабақ етпекке керек ғылым. Мақтан үшiн емес, сабақ үшiн. Еуразияның апайтөс даласында атой салып, үзеңгiсiне шiренген жалпақ жұрт жалтақ жұртқа айналу себебiн бiлу үшiн тарихи сана керек. Бүгiн аштықтан бұралып жатып: "Осыдан бiр жұма бұрын табағымнан артылған қазы-қартаны итке тастағам" деп мақтанғанның несi сөз? Сол секiлдi отарлықтың қамытында омалып жатып, Шерi Әметтiң ұрпағы "Шереметьево" бiздiң туыс, Тургеневтiң түп атасы Түрген бiзден, Тюмень бiздiң Төмен, Курган – Қорған т.б.с.с. шалқулар түсiнiксiз. Рас, туысы туыс. Едiл ен жайлағанымыз да рас. Бiрақ не пайда? Түбiн қуып келсең, қазақты қан қақсатқан казактар да бiзден алыс емес. Плевако да бiзге жиен едi. Екiбастұздың көмiрiн өтiмсiз еткен Аман Төлеев те қандасымыз. Әрi-берiден соң мәселе қанда да емес. Мүддеде!

Қараңызшы ендi! Қазақ тiлiнiң тағдыры алдында Есiлбаев биiк пе, Княгинин биiк пе? Ұлтыңды масқаралаған Қанағат Жүкешев қымбат па, әлде қазақ үшiн шырылдаған Асылы Османова қымбат па? Қазақ өнерiнiң алдында Брусиловский қандай, Ермек Тұрсынов қандай? Осы салыстырған қандастарымыз ненiң жемiсi? Және бұлар бүгiнде бiрлi-жарым ғана емес, олар көп. Шiрiген жұмыртқаны шiрiткен кiмдер? Басқыншы жұрттың ғасырлар бойы жүргiзген саясаты. Бiрде күшпен, бiрде iспен жүргiзiлдi ол саясат. Бөлiп-бөлiп биледi. Бiрiне бiрiн айдап салды. Дүниеқоңызын сатып алды, батырының басын алды. Ұрпақтың миын улады. Мәнсапқорына тақ, шолақ ойлыға шоқпар, өсекшiсiне ақпар бердi. Ақыр соңы жеңдi. Биледi. Дiттегенiне жеттi. Нәтижесiнде тiлiң шала-пұла, дiнiң ала-құла боп, жеңiлдiң. Немересiмен орысша шүлдiрлескен ақсақал жеңiлдiм деп тұрған жоқ. Жетiстiм деп мәз. Сәбиiне "парасенок мой" деп елжiреген келiншек басқыншыны арманынан шығарып, "доңыздың басқан шөбiн тұлпарына жегiзбеген" Кенесарының арман-мұратын аяқасты етiп тұрғанынан бейхабар. Бас сүйегiнiң күлсалғыш болғанынан да, баласына елжiреген әлгi әйелдiң осы қылығы Хан Кенеге ауыр болатынын сезу үшiн де тарихи сана қажет!

Басқыншы жұрт бауырларымызды Едiлдiң арғы бетiнен берi ығыстырып, жолай бейбiт ауылдың қыз-қырқынының абыройын төгiп, еркеккiндiгiн қырып салды. Ұрпақтың жүрегiне жара, қайсарына – кек, жуасына – үрей болып сiңген көрiнiстi сезiну үшiн тарихи сана керек едi. Ендi атаңның құны, анаңның ары кеткен басқыншы жұрттың тiлiнде сөйлеудi мақтаныш тұтқан санасы құлданған ұрпақта ақыл бар ма, ес бар ма? Бұл ол тiлдi бiл ме деген сөз емес. Бiл. Бiлгендi кемдiк көрген атаң жоқ. Немiстiң тiлiн бiлгеннен кешегi соғыста қор болған орыс жоқ. Және бүгiн немiстi жау тұтып, қаруын сайлап отырған орысты көрiп отырған ешкiм жоқ. Қытайға ғасырлар бойы батқан жапонның тiзесi санасынан өшпегенмен, бүгiнгi қалың қытай жапоннан алыс-берiс, барыс-келiсiнен бас тартып отырған жоқ. Ендеше, бiздiң лепес жау шақырған сөз емес, санаға салмақ артқан базынамыз едi бұл.

– Ұлттық идеологияның көрiнiсi отандық өнiмдерден бастау алу керек сияқты. Отандық киiмдер, отандық өнiм… Отаншылдықты насихаттайтын ұлттық дүниелер бар ма бiзде?

– Әлемдiк тәжiрибе деген сөз бүгiнде екiнiң бiрiнiң аузында. Кезiнде АҚШ-та арзан сапалы болса да еуропалық тауарды емес, қымбат, қораштау болса да отандық өнiмдi тұтынуды елiмшiлдiк деп көрсеткен идеология белең алған. Әрбiр американдық өз өнiмiн тұтынумен, әспеттеуiмен үлес қосқан. Ақыр соңы сол ел – әлемдiк супердержаваға айналды.

Алтай, Бурабай, Көлсай, Балхаш, Кендiрлi, Баянауыл секiлдi тамаша жерлерiмiз бар. Рас, онда сервистiк қызмет Анталиядан әлдеқайда төмен шығар. Алайда бiздiң азаматтарымыздың көкейiнде жанашырлық боп, қаражатымыз елде қалсын деген ниет болса дамымас па едi? "Мына жерлер ата-бабамның қонысы, бiзге несiбе болған осы жерлер үшiн бабаларымыз қан төгiп, жапа шеккен" дегендей, насихатын бала-шағасына айта жүрсе қандай әдемi. Бiрақ оны түсiнер сана қайда?!

– Қазiргi жас жiгiттер мен қыздарымыз ше? Олардың бойында ұлттық рух, намыс бар деп ойлайсыз ба?

– Ұлттық сипат, елдiк дәстүрдiң бiзден алыстағанынан болар, қарындасқа сын айтсақ, "какое твое дело!" деп аузыңа құм құяды. Сен оны қарындас тұтқанмен, ол сенi аға тұтып тұрған жоқ. Қазақ "қызға қырық үйден тыю" дейдi. Тәпсiрлеп көрейiкшi. Қыз қырық үйдiң бiреуiне ғана перзент. Қалғаны қаймана. Яғни, қыз ұяты – қауымның намысы. Қыз абыройын қору, қорғау – барша қауымға мiндет деген сөз. Қызғаныш өзiне аяулы болған дүниенi өзгеге қимағандықтан болатын сезiм. Бiреу бiреуден атақты, ақшаны, бақты қызғанады. Бұл – пендешiлiк. Ал елiн, жерiн, арын қору бар. Ол азаматтық!

Қоғамда жiк бар. Тiлiнiң алалығына орай, тiлектерi басқа, мұраттары бөлек ұрпақ екiге бөлiнгендей. Және екi шектен шығушылықты байқайсыз. Бiр жастар бар. "Түңлiктен күн көрiп, түтiктен су iшкен". Бар мұраты – сәннен қалмай мәшинесiн, қалта телефонын, киiмiн ғана қызықтап, нәпсiсiн күйттеу. Ұлт, тарих, болашақ, ұрпақ деген ұғымдармен шатағы жоқ шата ұрпақ. Ендi, ұлттық намысы бар болашаққа болжап қарайтын жастар бар. Оларға қарап Аллаға шүкiршiлiк айтасың. Бiр қиыны анау мынаған менсiнбей қараса, мынасы анаған жиiркене қарайды. Өйткенi, ортақ мұраттастық жоқ.

– Бұл қауiп тудырмай ма?

– Әрине қауiптi. Ұлт көз алдымызда жарылып барады. Ұрпақтың гендiк жадын оятатын ұлттық құндылықтар насихатталуы шарт едi. Алайда ата-бабамызды қынадай қырған Колчакқа деген құрметiмiз Ресей фильмi арқылы күшеюде. "Черепаха-ниндзя", "Мики-маус", "Том и Джерри", "Хрюшаны" тамашалап өскен ұрпаққа тасбақа, тышқан, торай асыл түлiгiндей аяулы болмақ. Шошқадан жиiркенбейтiн қазақтар өсiп келедi.

"Күңiренiп күн түбiне жортқан" бабаларының қадiрiн әспеттейтiн, олардың мәрттiгiн, ерлiгiн, табандылығын, намысшылдығын бейнелейтiн кинолар, кiтаптар керек едi. Өкiнiшке орай, не болса соған табынып, шоқпыт киген жабайылықты, арсыздық пен надандықты кино қылып ұрпақты қағынан жерiтiп жатырмыз.

Бүгiнгi фильмдер қазақ қызын жезөкше, жеңiлтек қылып қойды. Аузы ақтағанмен, болмысы қабылдамайтын солғын, сұмырай кинолар, қазақтың тұрмысын, салтын бейшара етiп көрсеткен сұрқай фильмдер ауылды көрмеген ұрпақтың ұлтқа деген құрметiн кемiтiп, жерiндiрiп жатқандай. Сосын әңгiмесi: "Менiң мыжырайған кәрi шешем бар едi. Сол ұнамай жүр. Плисецкаяға, Софи Лоренға бала болғым келедi, Пугачева маған шеше болса, шiркiн!" дегенге саяды.

– "Фашизммен қарсы соғыста Кеңестер одағының жеңiске жетуi намысшылдықтың, өлермендiктiң арқасы" деп едiңiз бiр сөзiңiзде… Қазiр ше? Бiзде елiмiздi қорғайтын отаншыл ұрпақ қалыптасып келедi деп ойлайсыз ба?

– Соғыс жылдарында мынадай бiр жағдай болды. Немiстер тұтқынға түскен славян қыздарын iшкi Германияға алып кетедi. Сонда ол қыздардың ары таза, пәк екенiн бiлген фашистiк Германияның идеологтары: "Бұл халықты жеңу мүмкiн емес. Өйткенi, қызы арлы болған халықтың жiгiтi намысшыл болады" дегендi айтқан. Намысшыл жiгiт өлiмнен қорықпайды, өлiмнен қорықпаған адам жеңiлмейдi. Өлермендiктiң ар жағында намысшылдық жатыр. Намысшылдықтың ар жағында арлылық жатыр. Ал, ендi осыншама ен байлықтың үстiнде отырған қазақты құртудың ең төте жолы – ол арын алу. Баяғыда рубаяттарда айтылатын едi ғой. Адам ата, Хауа ана пейiште болған кезде, Алла Тағала мына жемiстi жеме деп тыйым салды. Бiрақ тыйым салынған жемiстi жеп қойды. Сол кезде абыройы ашылып қалды да, оны жапырақпен жапты деп. Арын ашудың жолы, ол "Келiн", "Махаббат тәлкегi", "Әке қорлығы", "Тюльпан", ол – "Қарой". Сондай-ақ, ары ашылған соң, адам тыйымнан кетедi, намыс кетедi, намыс кеткен соң, ол елдiкке бейқам қарайды, кез келген ұлтқа сiңуге дайын тұрады. Ондай ұлттың мұнайын, көмiрiн алу оп-оңай. Жалпы, сыртқы экспанция бiзге осылай жүрiп жатыр. Мұны бiреу бiледi, бiреу бiлгiсi келмейдi.

Ал, бiзде отаншыл ұрпақ бар. Қалыптасу, күшею үстiнде. Көзiн ашып жол көрсетер аға буында әрекет кем, абырой аздау.

"БIРIҢДI ҚАЗАҚ, БIРIҢ ДОС, КӨРМЕСЕҢ IСТIҢ БӘРI БОС"

– Мемлекеттiк мәртебеге ие болған тiлiмiздi дұрыс насихаттай алмай жүргенiмiз осы намысымыздың әлсiздiгiнiң белгiсi емес пе?

– Әрине! Жалпы бiз бүгiнгi ахуалымызды бағамдау үшiн өткенге үңiлуiмiз керек. Ұзақ жылдар бойы жүргiзген отарлық саясат – тарихи санамызды тұмшалап, өзiн қор, өзгенi зор тұтқан құлдық сананы дендеп сiңiрiп жiбергендей. Орысша акцентпен сөйлегенiне жерге кiрердей ұялып, ана тiлiн бiлмегенiне еш қымсынбастан, ар көрмей заманын кiнәлай салатын салғырттықтың аты не? Құлдық сана. Әрi-берiден соң, ана тiлiн бiле тұра әдемi сөйлеген орысшасын мақтан тұтқан кембағал кейiп, оңбаған сана қайдан?! Кешегi құлдықтан. Ендi осы сорлы ахуал санаңда салтанат құрып тұрғанда шын мемлекетшiлдiк қалыптаса ма? Әй, қайдам! Сөз жоқ, тiл – ұлттың басты сипаты. Азаматтарымыздың ұлттық сипатқа деген құлшынысы – ұлттық қуатымыздың өлшемi болмақ. Ол дегенiмiз – дүкенде, әуежайда, көшеде, шаңырағында, жанармай бекетiнде керегiңдi әуелi мемлекеттiк тiлде талап ету. Тiлдi бiлмегенге сауатты, мәдениеттi түрде мемлекеттiк символға деген құрметтi өркениеттiлiктiң белгiсi екендiгiн ескертiп барып, орысша, ағылшынша сұрай жатарсыз. Тiл – қоғамда қажеттiлiк туған жағдайда ғана құлаш жаятын нәрсе. Қажеттiлiктi тұтынушы тудырады. Егер сен, мен, ол, жүз адам, мың, сосын миллиондар, ең құрығанда, дүкенде керегiн қазақша сұрасыншы. Дүкен иесi тiлге жанашырлықтан емес, тауары өту үшiн қазақша сөйлейтiн адамды сатушы етiп қояды. Сонда сен тiлiңе деген қажеттiлiк тудырудан бiр қазақтың жұмыс табуына себеп болдың.

– Патриотизм төңiрегiнде әңгiме қозғап отырмыз ғой. Жалпы, аға, патриотизм дегенiмiз не?

– Патриотизм – болашағын осы мемлекетпен бiрге көруден қалыптасатын сезiм. Осы ел, осы жердi топансу қаптап, албасты басып кетсе де кетпеймiн деген ой. Бүкiл үрiм-бұтақ, тұқым-зәузәтiнiң осы жерде қалатынына сену. Сонда осы елдiң бақыты – оның мұратына айналмақ. Патриотизм – адам боп туған жерiне тартылу, ит боп тойған жерiне емес. Ертеңгi ұрпағыңның молшылығы үшiн бүгiнгi жұқана тұрмысына сабыр еткен төзiм. Мемлекет бұл үшiн қаржыны аяп жатқан жоқ. Мәдениетке де, бiлiмге де, жастарға да ақша бөлiнiп-ақ жатыр. "Әнiң шiркiн ән-ақ едi, пұшық айтып қор қылдыға" сайған дүние боп жатыр. Патриотизм деген ұғымды түсiнуге не қабiлетi жетпей жатыр, не жаулық iстеп жатыр. "Жастар наркоманияға қарсы" деген секiлдi акция, шаралар, жиындар өтiп, шуласып тарқаған жастардың жұртында бос бөтелке, босаған шприцтер қалуымен кiмдi алдадық?

Бiр әңгiме айтайын. Менiң бiр көзтанысым шағын жиында отырып алып, шетелде оқитын сүйiктi қызының патриоттығын жыр қылды. Еуропада тұрып жатқан пәтерiнiң қабырғасында Қазақстанның картасы тұрғанын айтып мәз болды. Қазақстанның туын жазу үстелiне орнатыпты. Елтаңбасы қабырғаға жабысыпты. Қабырғасын бiржолата толтырып тастағысы келген болуы керек, қамшы, домбыра, адыраспан, шапан сұратып алып, әкесiн тағы мәз қылыпты. Таңертең көзiн ұйқыдан ашар-ашпастан гимндi қойып жiберетiнiн айтқанда, дастарқан басындағылар жылауға шақ қалды. "Осы күнгi жастар тамаша. Ой, бәрекелдi!" десiп жатырмыз. Арамыздағы бiреу "қызыңыз қай курста?" деп қалды. "Бiтiрген", – дедi. "Ендi елге келмей ме?". "А, что она здесь потеряла?" – деп шоршып түспесi бар ма?

Ендi қайтесiз? Патриотизм жайындағы бiраз адамдардың түсiнiгi осы. Сөйттi де әлгi сабаз бiздегi жүйенi сыбап ала жөнелдi. Айтуынша, оның "дана" қызы бұндай мешеу жұрттың маңдайына сыймайды екен. Қызының айтуынша, оның жиған бiлiмiнiң қадiрiн тануға Қазақстан өресiз. Ендеше не үшiн оқыды? Кiм үшiн бiлiм жиыпты? Қысқасы, патриотизм – қара басының қамын, құлқыныңды ұлтыңның игiлiгiнен төмен қою. Ата-бабаңнан аманат болған жер мен тiлдiң қадiрiн тану. Қадiрiн танысаң мейiрiң артпақ. Сөз жоқ, Швецария сұлу. Бiрақ Бурабай менiкi. Анталия жылы, бiрақ Машат ыстық. Себебi бабаларым ол жер үшiн қан төккен.

Патриотизм деп аузың айтып, қолың халық қазынасына сұғылса. Ол не? Ол – екiжүздiлiк. "Мұнафиқ" дейдi оны Абай. Елдiң игiлiгi кемiсе, жұрт қуаты кемiмек, ендеше сен де, сенiң ұрпағың да әлсiремек. Яғни өзi отырған бұтақты өзi балталаған ақымақтық! Жемқорлықтың, ұятсыздықтың, намыссыздықтың түбiнде осыны түсiнбеген – имансыздық жатады. Өйткенi өзiмшiлдiктi "пайда, мақтан – шайтан iсi" деп түсiндiрген Абайдың тұғыры – "Хақты танымақтық" едi. "Кiсi ақысын жегеннiң, Құдай желкесiнен шығарады", – дейдi қазақ. Бiр кiсi емес, бүкiл елдiң ақысын ұрлаған жемқордың халi нешiк? Қымбат көлiгiнiң iшiнде мылжа-мылжасы шыға ма, бейкүнә немересiн ұшаққа салып алып шетелден шетел қоймай ем таба алмай сандала ма? Қызы орын таппай, ұлы береке таппай, есiрткiге есiрiп, араққа аза ма? Әйтеуiр ел ырысын жеген жан жазасыз кетем деп ойламай-ақ қойсын. "Араммен келгеннiң азапқа кететiнiн" бiлген қазақ, кiсi ақысынан қатты шошыған. Атадан қалған ақыл осы!

"БӘРIНЕ ТҰҒЫР БОЛАТЫН БIР-АҚ НӘРСЕ, ОЛ – ИМАН"

– Аға, ұлы Абай: "Алланың сөзi де рас, өзi де рас" деген едi. Ал, сiз ислам жөнiнде не айтар едiңiз?

– Бiздiң буын – Қайраттың құрдастары (Рысқұлбеков) ұлттық жiгерi ерте оянған, санасын Желтоқсан сiлкiген бақытты буын. Дәл сол 86, 87 жылдары тауы шағылғанмен, әрекетi жеңiске ұласқан жеңiмпаз буынбыз бiз. Желтоқсандағы жанталастан соң әрбiр қазақта "Қайтсек ел боламыз?" деген ой, “Тiлiмiздi сақтайық” деген ниет күшейе түстi. Дәстүрге деген ардағымыз артты. Естерiңiзде болар, ұмытылып кеткен терме, жыр, айтысқа деген ел сұранысы ғаламат едi ғой. Мен әншi едiм. "Лирикалық әндерден гөрi, елдiң намысын жануға жыр жақсы", – деп, жырға ойыстым. "Күлдiр-күлдiр кiсiнетiп, күреңдi мiнер ме екенбiз, күдерiден бау тағып, кiреуке киер ме екенбiз", – деп тепсiндiк. Жырауларға ден қойдым. Домбырамен айттым, қобызға қостым. Назарын тартқандай болдым. Сол жырды әспеттеп, зерттеп түсiнген әдебиеттегi, саясаттағы асқар тұтқан ағаларымның "ұлтым, жұртым" деп тебiренген сөздерiн есiттiм. Мақталдым. Мақтандым. Бiрақ көңiл көншiмедi. Себебi: "елiм" деп емiренген ағалардың тiлден мақұрым, ұлттық сезiмнен жұрдай балаларын көрiп түңiлдiм. Елге iзгiлiк айтқан ақсақалдардың немересiндей қызға қырындаған "жiгiтшiлiгi" құрметiмдi қуартты. Асқақ мiнбеден “Алашым” деп аһ ұрған азаматтың азғантай атақ, бес-он теңге үшiн айтқанынан айнып кеткен қылығын көргенде жүрек айныды. Кәнiгi дегенiмнiң кәдiмгi екенiнiң куәсi болдық. Кейiн түсiндiм. Осындай адамдардың бәрiне ортақ бiр қасиет бар екен. Ол – атеистiк екен. Абайға тамсанған болады. Бiрақ "әуелi аят, хадис сөздiң басы" дегенiн қабылдамайды. Жырауды тыңдайды. Бiрақ "бiрiншi тiлек тiлеңiз, бiр Аллаға жазбасқа…" дегенi үшiн Бұқардан бұрыла салады. "Уа, зор сүйiншi айтайын, мұсылман болып туғанға" деген Кердерi Әбубәкiрдi керi тартпа, көненiң көзi деп ойлады. Содан түсiнгенiм, қазақты iзгiлiкке, иманға, ұятқа, намысқа бейiмдейтiн жол – ислам екендiгiне көз жеткiздiм. Махамбет айтқандай: "Тiлде болып, дiлде болмай қалмасын" деп, Бұқар жырау айтқандай: "Бес уақыт бес намаз бiреуi қаза болмасқа" тiлек қылып, бес намазымды түгендедiм. "Алланың, Пайғамбардың жолындамыз, ынтамызды бұзбастық иманымыз" деген Абайдың жолы – иман жолы – қазақ үшiн бақыттың жолы. Соны түсiндiм. Сол жолға шақыруды мiндетiм деп таныдым. Ендi Абай боп, Дулат боп, Доспамбет боп, Ақтамбердi боп домбыраммен сарнай бермекпiн.

– "Ала қойды бөле қырыққан" түрлi дiни ағымдар бүгiнде жұртшылықтың жадын жаулап, санасын улап жатқанын өзiңiз де бiлесiз. "Бiр ұлтқа бiр дiн, бiр мәзһаб" дейтiн ұстанымды ұстану халыққа қаншалықты қажет?

– "Бөлiнгендi бөрi жейдi" дейдi қазақ. Сөзбе-сөз Мұхаммед (с.ғ.с) хадисiнен алынған сөз. Дiнi алаланған жұрттың бiрлiгi кетедi, адасады. Мұсылманшылық жетпей қалған туыстас жұрт (алтай, хакас, тыва, шор, саха) не болды? Гүлзинасы – Галина, Бекболаты – Борис, Шәмшiсi – Шура, Нұрланы – Николай болды. Отарлық саясаттың бiр қаққанынан қалды ма? Жаппай iшiп, салты, дәстүрi быт-шыт болып құрдымға беттедi. Тарих куә. Ислам — бiздiң ұлттық иммунитетiмiз. Ендi жауларың осы исламның атын жамылып келiп, бiздiң бiрлiгiмiздi бүлдiргiсi бар. Ортақ мәмiле айтатын дiни басқармамыз бар. Ғалым жiгiттерiмiз бар. Соларға құлақ асу керек. Ғұламалардың ұстазы болған Әбу Ханифаның мектебi бар. Бәрiмiзге ұйтқы болар ұстаным – осы мектеп. Қадiрiн бiлу үшiн тереңiне бойлауымыз керек деп бiлемiн.

Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАСОВА