Жаңалықтар

СПОРТ ШЕБЕРЛЕРI ПАРТИЯ ҚАТАРЫНА ӨТТI

ашық дереккөзі

СПОРТ ШЕБЕРЛЕРI ПАРТИЯ ҚАТАРЫНА ӨТТI

Кеше Алматы қаласындағы "Темiр Дос" спорт кешенiнiң орталық залында "Нұр Отан" Халықтық Демократиялық партиясының қатарына Қазақстанның спорт шеберлерiн қабылдау салтанаты болып өттi. Шара барысында партия хатшысы Сергей Громов және Қазақстан Республикасының спорт және туризм министрi Темiрхан Досмұханбетов 100 жаттықтырушыға, сондай-ақ Алматы қаласының спорт шеберлерiне "Нұр Отан" ХДП-ның партиялық куәлiктерiн салтанатты түрде табыс еттi.

Бүгiнгi таңда "Нұр Отан" Халықтық Демократиялық партиясы елiмiздiң саяси жүйесiнiң тұрақты ұйымы болып отыр. Партия қазiргi кезеңде елiмiздiң экономикасын өсiру, халықтың әл-ауқатын жақсарту, iшкi саяси және әлеуметтiк тұрақтылықты сақтауға бағытталған жұмыстармен айналысып келедi. Сонымен қатар, партия бағдарламасының басты бағытының бiрi — халықтың денсаулығын жақсарту болғандықтан, спортты дамытуға бағытталған мемлекеттiк және аймақтық бағдарламаларды жүзеге асыруда.

Партияға мүшелiкке енгендердiң қатарында 2009 жылғы Азия чемпионы, 2008 жылғы Пекин Олимпиадалық ойындарының қатысушысы — Гүлжан Исанова, 2009 жылғы Тайландта өткен Азиялық жекпе-жек ойындарының жеңiмпазы — Альбина Амангелдиева, 2006 жылғы жастар арасындағы әлем чемпионатының жеңiмпазы Александра Подрядова, Қазақстан Республикасының дзюдо бойынша әйелдер командасының бас жаттықтырушысы Ишанбек Жұмабаев бар.

Спорт және туризм министрi Темiрхан Досмұханбетов партия қатарына қабылданғандардың өздерiне жүктелген мiндеттi абыроймен алып шығатындарына және жемiстi еңбек ететiндерiне сенiмiн бiлдiрдi.

Айдана ОРАЗБАЕВА, ХҚТУ-нiң журналистика

бөлiмiнiң 2-курс студентi