Жаңалықтар

ҚЫЗЫЛАҒАШТА – ЖАҢА ҚОНЫС

ашық дереккөзі

ҚЫЗЫЛАҒАШТА – ЖАҢА ҚОНЫС

Өткен аптаның сәрсенбi күнi Қызылағаш ауылының тұрғындары қуанышқа бөлендi. Екi ай бұрын ауыр оқиғаны бастан өткерген халық тағы жаңа екi жүз үйдiң кiлтiне ие болды. Қызылағашқа 188, Ақтоғанға 12 үй, сонымен бүгiнгi күнге дейiн жалпы саны 345 үй пайдалануға берiлiп отыр. Барлық үйлер 25 заттың бекiтiлген тiзiмi бойынша мүлiктермен және үй қажеттiлiктерiмен қамтамасыз етiлген. Сондай-ақ, ауылда су құбырын жүргiзу жұмыстары аяқталып, көшелерге құдықтар (колонка) орнатылып, елдiмекен ауыз сумен толық қамтамасыз етiлдi. Ауыл толығымен жарықтандырылып, телефон байланысы орнатылды. Қазiр ауылдың iшкi жолдарын жөндеу жұмыстары жүрiп жатыр, жаңадан асфальт төселуде. Көшелердiң бойына ағаштар отырғызылып, оларды суару үшiн арық жүйесi жасалуда екен.

Алматы облысының әкiмi Серiк Үмбетов: "Бүгiн бiзде қуанышты күн болып отыр. Елбасының тiкелей тапсырмасымен үкiмет комиссиясы осы құрылыс жұмыстарын бастағанбыз. Ендi санаулы үй ғана қалды. Оны уақытында тапсырамыз. Қызылағашты маусым айының аяғына дейiн бiтiремiз. Мектеп, мәдениет үйi, балалар бақшасы, монша да маусым айының соңына дейiн берiледi. Ақша, қаражат жетедi. Үкiметке, Президентке рахмет. Қайырымдылық қорынан түскен қаражат 1 млрд. 260 млн. теңгеге дейiн жеттi. Қазақтың байлығы мал ғой, бұйыртса, ауылды малмен де қамтамасыз ететiн боламыз", – деген ыстық лебiздi сөздерiмен көпшiлiктi бiр қуантты.

Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ, ХҚТУ-дың журналистика

бөлiмiнiң 1-курс студентi