Жаңалықтар

СУДЫҢ ДА СҰРАУЫ БАР...

ашық дереккөзі

СУДЫҢ ДА СҰРАУЫ БАР...

Қазақстан мен Ресей арасындағы "ядролық өнiмдердi кәдеге жарату туралы" келiсiм негiзiнде бекiтiлген қаражат 1996 жылдан берi жеке есепшотқа түсiп келген. ҚР Парламентi палаталарының бiрлескен отырысында ҚР Үкiметi мен Республикалық Есеп комитетiнiң 2009 жылғы республикалық бюджеттiң атқарылуы туралы есептерiн талқылау барысында Есеп комитетiнiң төрағасы Омархан Өксiкбаев мұндай елеусiз қалған жағдайларды атап көрсеттi.

Жалпы, жыл басынан берi қарай Есеп комитетi ысырап болған және мүлде ұмыт қалып, қазына қамбасынан шықпаған қаражатты түгелдей анықтап жатыр. Республикалық бюджеттi емес, жеке есепшотты толтырған ақшаның жоқтаушысы табылды. "Бүгiнгi күнi Қазақстан мен шет мемлекеттердiң Үкiметтерi арасындағы келiсiмдерiнiң жетiлген түрдегi мониторингiсiнiң жоқтығы бюджет үдерiсiн тиiмсiз iске асыруға алып келуде. Бақылау материалдарына жүгiнсек, жекелеген олқылықтарға және кейбiр келiсiм нормаларының орындалмауына байланысты елiмiз уақтылы түсетiн кiрiстерiн ала алмай орынсыз шығынға ұшырауда", — дейдi О.Өксiкбаев.

Ал бұл тектес жымқырулардың осы уақытқа дейiн қайталанып келмегенiне кiм кепiл? "Мәселен, ҚР мен РФ Үкiметтерi арасындағы келiсiмге сәйкес ядролық өнiмдердi кәдеге жарату қызметiнен түскен қаражат 1996 жылдан берi республикалық бюджет кiрiсiне аударылмаған", — деп кейдi Өксiкбаев. Тек Есеп комитетiнiң тексеруiнен кейiн ғана келiсiмге сәйкес 31,8 миллиард теңгеге жуық қаржы бюджетке аударылды. Сондықтан да болашақта тиiстi органдарға талап арта түспек. Өйткенi мемлекеттiң шеккен зияны шаш етектен.

Жақында Есеп комитетi Алматы қаласы бойынша бiрнеше заңбұзушылық фактiлердi анықтады. Бақылау нәтижесiнде мемлекеттiк тiркелуiн сот органдары жарамсыз деп таныған 18 заңды тұлғалардың есептелмеген және төленбеген салықтары 16,5 млрд. теңгеге жетiптi. Соның iшiнде корпоративтiк табыс салығы – 11,2 млрд. теңге, қосымша құн салығы – 5,3 млрд. теңге болған. Жалған кәсiпорындармен өзара есеп айырысқан салық төлеушiлердiң салықтары түзетiлмегендiктен, 2008-2009 жылдары 104 салық төлеушiлерден 2,8 млрд. теңге қосымша құн салығы түспей қалған. Бұл дегенiңiз үлкен сома. Бұдан әрi 2008-2009 жылдары Алматы облысының салық органдары жүргiзген 8 мың 714 кешендi және тақырыптық тексерулердiң сапасыздығынан 8 мың 670-i, яғни 99 пайыздан астамы нәтижесiз аяқталғанын анықтады.

Ақниет ОСПАНБАЙ