Жаңалықтар

РЕСЕЙДIҢ ЖАНАРМАЙ БАҒАСЫНЫҢ ЫҒЫНА ЖЫҒЫЛУ

ашық дереккөзі

РЕСЕЙДIҢ ЖАНАРМАЙ БАҒАСЫНЫҢ ЫҒЫНА ЖЫҒЫЛУ

Мамырдың 1-жұлдызынан бастап бензин бағасы орташа есеппен 2 теңгеге көтерiлдi. Бұл Кедендiк одаққа кiрудiң алғышарттары ретiнде қарастырылды, өйткенi Ресейде бiздiң елiмiзге қарағанда бензин әлдеқайда қымбат. Сондықтан екiжақтағы бензин бағасын бiр қалыпқа түсiру үшiн 1 шiлдеден бастап бензин бағасында ауытқулар болуы мүмкiн. Осы айырмашылықты азайту арқылы жанар-жағармай тапшылығын болдырмаудың алдын алуға болады дейдi сарапшылар.

Өткен жылы елiмiздегi жанар-жағармай бағасы Ресейден қазақстандық нарыққа келетiн бензин бағасына дер кезiнде сәйкестендiрiлмегендiктен бiрқатар қиыншылықтар туындағаны белгiлi. Қазақстандықтардың ең көп сұранысына ие АИ 92/93 маркалы бензиннiң және ауыл шаруашылығы өнiмдерiн өндiрушiлер үшiн өмiрлiк маңызы бар дизель отынының бағасын мемлекет өз бақылауына алып, ендi оны өзi белгiлеп отыратындығын жариялаған.

Алайда, бұл iсте де жеке операторлар өз бағасын ұсынып отыр. Мұндай қауiптiң болатынын сәуiрде Мұнай және газ министрi Сауат Мыңбаев ескерткен болатын: "Ресей мамыр айында жанар-жағармайдың бағасын өсiрудi ойластырып отыр. Сондықтан шаруа қожалықтары осы айда жанар-жағармайды толық алып қалуды ойластырғандары жөн", – дедi.ҚР Бәсекелестiктi қорғау агенттiгiнiң (монополияға қарсы агенттiк) Алматы облысы және қаласы бойынша өңiраралық инспекциясының мәлiметiне сәйкес, соңғы кездерi бензин бағасының көтерiлуi айқын байқалған. Яғни, Аи-92, Аи-93 маркалы бензиннiң бағалары 86 теңгеден аспауы тиiс. Ал Аи-80 маркалы бензинiнiң ең жоғарғы бағасы 68 теңге деп белгiленген. Аталмыш агенттiкке қарасты Ұйымдастырушылық-құқықтық бөлiмiнiң бас маманы Мақсат Лебаевтың айтуынша, қаладағы 183 жанармай құю бекеттерiне мониторинг жүргiзiлiп тұрады. Осылайша, "РояльПетрол", ҚазМұнайГаз", "Гелиос" бекеттерiнде 1-маусымнан бастап баға қымбатшылығы байқалған. "Егер де мұндай ауытқуларды операторлар өз бетiнше белгiлейтiн болса, онда бiз тиiстi шара қолдануға мәжбүрмiз" – дейдi М.Лебаев.

Бердiкей МҰҚАШ