Жаңалықтар

ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ АГЕНТТIКТЕРIНIҢ «ЖҰМБАҚТАРЫ»

ашық дереккөзі

ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ АГЕНТТIКТЕРIНIҢ «ЖҰМБАҚТАРЫ»

Бүгiнгi таңда елiмiзде жұмыспен қамту агенттiктерiнiң саны күннен күнге көбейiп тұр. Алайда, заңдық, инфрақұрылымдық, функционалдық – техникалық және өзге де сипаттағы өзектi мәселелер әлi де толық шешiле қойған жоқ.

"Халықты жұмыспен қамту туралы" Заңға сәйкес, жұмыспен қамту агенттiктерi азаматтарға шарттық негiзде мынадай қызметтер көрсетуге тиiс: жұмыспен қамту, бос жұмыс орындарына орналасу мүмкiндiктерi туралы ақпарат беру, жұмыс орындарын iздеуге көмектесу, сонымен бiрге лицензия негiзiнде азаматтарды шетелдерге жұмысқа орналастыру және шетелдiк жұмыс күшiн республикаға тарту жөнiнде делдалдық көмек көрсету. Осындай жауапкершiлiктi өз мойнына алған жұмыспен қамту агенттiктерi өз мiндеттерiн қандай деңгейде орындап жатыр деген сауал өздiгiнен туындайды.

Қаламызда кадрларды iрiктеу және жұмысқа орналастыру агенттiктерi жетерлiк. Атап айтсақ, "Азия – Рекрутинг", "Алтын Әлем", "Контакт", "Анкор", "Real – Партнер", "Алтын Қазына" және т.б. агенттiктерi өз жұмыстарын атқаруда. Кейбiр деректерге қарағанда, елiмiзде жұмыссыздардың қатары азайғаннан гөрi, жылдан -жылға арта түсуде. Әрине, бұған дағдарыстың да өз әсерi тимей қоймағандығы белгiлi. Десек те, бұл жағдай жұмыспен қамту агенттiктерiнiң жұмыс деңгейiне тiкелей байланысты.

Жұмыспен қамту агенттiктерiнiң көмегiне жүгiнген жұмыс iздеушiлердiң басым көпшiлiгiнiң сөзiнен агенттiктердiң көрсеткен қызметi көңiлдерiнен шықпағанын аңғару қиын емес.

"Алматы қаласында тұрақтанғаныма бiр жарым жылдай болып қалды. Қолымда дипломым болғанымен жөнi дұрыс жұмыс кездеспей-ақ қойды. Сол себептен жұмысқа орналастыру агенттiктерiне хабарластым. Олардың барлығы дерлiк, тiркеуден өткеннен соң, "өзiмiз хабарласамыз" деп шығарып салып, 1500-2000 теңге көлемiндегi соманы қағып алып, артынша орындарын таптырмай кетедi", – дейдi мұңын шағып Амина Болатқызы.

"Күн-көрiс қамымен Алматыға жұмыс iздеп келгенiме де, мiне, жарты жылдай уақыт болды. Өзгелер секiлдi, жұмыспен қамту агенттiктерiнiң табалдырығын тоздырдым. Ашығын айтсам, барлығының айтатыны бiр: "Тиiстi жұмыс шығып жатса хабарласармыз" деп жауап қатады да, тiркегенi үшiн бiр мың мен екi мың теңге аралығындағы ақшаны алып алады. Осындай сипаттағы агенттiктер жұмыс тауып берудiң орнына талай рет сан соқтырғызып кеттi", – дейдi ашынып Мұрат Тұрғанбайұлы.

Алматы қаласы бойынша еңбек, жұмыспен қамту және халықты әлеуметтiк қорғау департаментiнiң деректерiне сүйенсек, қаламызда жүзге тарта жұмыспен қамту агенттiктерi жұмыс iстейтiн көрiнедi. Дегенмен, өз қызметi жөнiнде соның 40-ы ғана есеп бередi екен. Бұдан басқа, жұмысқа орналастыру жөнiндегi тиiстi лицензияларсыз делдалдық қызметтi жүзеге асыратын жұмыспен қамту агенттiктерi көптеп кездеседi. Мәселен, қаламызда 2003 жылы 8 жұмыспен қамту агенттiгiне тексеру жүргiзу барысында бiр ғана компанияның тиiстi қызметпен айналысу құқығына лицензиясы бар болып шыққан екен.

Қызметкердi тiркегенi және көрсеткен қызметтерi үшiн ақыны заңды, сондай-ақ заңсыз түрде алатын агенттiктердiң де бар екенi жасырын емес. Негiзiнен, заңнама бойынша агенттiктерге жұмысқа орналастырғаны үшiн ақы немесе басқа алым алуға тыйым салынбаған. Бәсекелестiк деңгейiнiң айтарлықтай өсуiне байланысты кейбiр агенттiктер көрсеткен қызметтерi мен тiркеуге алғаны үшiн ақша алмайды. Алайда делдалдық қызмет көрсетуге сұраныстың өсуi кейбiр агенттiктердiң жекелеген қызметшiлерi, басшылары өздерiнiң қызметтiк жағдайын пайдаланып, көрсетiлген қызметтерi үшiн қызметкерден заңсыз төлем алуларына әкелiп соқтыруда.

Кейбiр жұмыспен қамту агенттiктерi ақыны алдын ала алып, жұмысқа орналастыруға кепiлдiк бередi, бiрақ айтқандарын орындамайды, не болмаса артынша компания орнын таптырмай кетедi, яғни, уәде етiлген қызмет жөнiнде де, тiркеуге тұрған фирма жайында да ешкiм ештеңе бiлмейтiн болып шығады. Өздерiн жұмыспен қамту бөлiмiнiң өкiлi ретiнде таныстыратын алаяқтардың құрған тұзағына iлiгiп қалатындар да аз емес. Әсiресе елiмiздiң басқа аймақтарынан күн-көрiс қамымен жұмыс iздеп келгендер, әсiресе нәзiк жандылар осы алаяқтардың құрбаны болады. Жұмыспен қамту агенттiгiнiң атын жамылып адам саудасымен айналысатындар, бала еңбегiн пайдаланушылар, адамдарды басқа да жұмыстарға мәжбүрлейтiндер толастар емес. Бүгiнгi күнi мұндай жағдай таңсық болудан қалған.

Жұмысқа орналастыру агенттiктерi азаматтарды кәсiпорындарға, көбiне әр түрлi жұмыстағы жұмысшы ретiнде орналастырады, бұл жағдай олардың бiлiктiлiгiн арттыру және бiлiм алу мүмкiндiгiн толығымен жояды деп кесiп айтуға болады. Бұл орайда "Бұған не себеп?" деген заңды сауал туындайды. Агенттiктердiң мардымсыз жұмысынан ба, жоқ әлде, бiлiктi, тәжiрибелi мамандардың аздығынан ба?

Қазiргi таңда халықты алаңдатып отырған басты мәселе – жұмыссыздық екенi баршамызға мәлiм. Соған қарамастан, бiр таңғаларлығы, көптеген кәсiпорындар мен мекемелер жұмыс күшiне зәру. Бұл жұмыс iздеушiлердiң бiлiктiлiгiнiң төмен және тәжiрибесiнiң аздығынан болып отыр. Осы мәселе шешiмiн тапса, бәлкiм, қоғамымыз жұмыссыздық дертiнен айығар ма едi, кiм бiлсiн…

Ботагөз АХМЕТОВА, ХҚТУ-нiң журналистика бөлiмiнiң

2-курс студентi