Жаңалықтар

ТАЛҒАРДАҒЫ СҰЛУЛЫҚ

ашық дереккөзі

ТАЛҒАРДАҒЫ СҰЛУЛЫҚ

Тылсым табиғат – табыс кiлтi  

Талғарға қарай зулап келемiз. Бағыт – "Табаган" спорттық-ойын-сауық кешенi. Көлiк жүргiзушiсiнiң сөзiне қарағанда, Табаганға барар жолдың бұрын ой-шұқыры көп болған екен. Қазiр бәрi шетiнен тегiстелiп, жөнделiп жатыр. Жол жөндеушiлер қара жолдың шаңын бұрқыратып, қызу iске кiрiскен. Естуiмiзше, "Табаган" спорттық-ойын сауықтыру кешенi 2011 жылы өтетiн Азиадаға да өз үлесiн қоспақ екен. Сол себептi де, "Табаганға" баратын жолдардың бәрi қысқы олимпиадаға дейiн сақадай-сай болуы шарт.

Күн бұлтты болған соң ба, Алатаудың етегiне жеткенiмiзде "Табаганды" қоңыр көлеңке басып тұрды. Айналаның бәрi түнерiп, таудың етегiндегi спорттық-ойын-сауықтыру кешенi қоңырқай түске енiптi. Тауға тым жақын орналасқандықтан ба, тау мұнарындағы ала бұлттар да тым жақындап тұрғандай әсер қалдырды бiзге. Тау бөктерiндегi жазықты ала орналасқан спорт кешенiнiң орналасу тәртiбi де өзгеше. Соңғы үлгiмен салынған әсем ғимараттардың бiрi – биiкте, бiрi– төменде, ендi бiрi – тым алыстан қарауытып көрiнедi. Әсiресе, анадайдан көзге түсетiн аспалы жолдың техникасы да аспанға iлiнiп тұрғандай шалынады көзге. Спорттық кешен деп аталатындықтан, спортқа ыңғайлы техниканың бәрiн осы жерден табуға болады екен. Соңғы үлгiдегi бассейн кешенi, тренажерлiк бөлмелер, жаттығу орталықтары, әртүрлi салауаттылыққа бейiмдейтiн спорт түрлерiне лайықтының бәрi бар. "Құдайдың нұрын көрем десең, тауды көр" деушi едi марқұм әжем. Расында да, тау бөктерiндегi әсем табиғат адамға ерекше нұрын төгiп тұрды сол күнi. Қазақстанда көрiктi мекендер өте көп. Тек, соларды тиiмдi пайдалану жағы бiзде кемшiн түсiп жатады. Спорттық кешендер ашу, туристер үшiн саяхат жасайтын орындарды көбейту жағы бiзде жетiспей жатады. Неге? Көңiлiмiзде тұрған алуан сауалға жауап iздегiмiз келiп, "Табаганды" аралап шыққан соң, аталмыш кешеннiң директоры Қайрат Беркiнбаев мырзаға бiрер сұрақ қойған едiк. – Туризмге лайықты Қазақстанда сұлу, әсем жерлер өте көп. Бiздiң елiмiздiң туризмi туралы не айтасыз? Туризм саласын дамытып жүрген азамат ретiнде бұған қалай баға берер едiңiз? – Бiздiң алға қойған мақсаттарымыз өте көп. Негiзiнен "Табаган" туралы көп бiле бермейдi. "Табаганның" әзiрге насихаты аздау боп тұр. "Табаган" дегенде, кейбiреулер таудың бөктерiнде тiгiлген 5-6 киiз үйдi елестетуi мүмкiн. Сол киiз үйдiң маңындағы жылқылар көз алдына келетiн шығар. Сол киiз үйде жатып, қымыз iшiп, таза ауамен демалып қайтатын жер деп қарайтындар да болуы ғажап емес. Ал, шын мәнiнде, "Табаганды" бiр рет көрген адам мұның мүлдем басқа екенiн ұғады. Тiптi, бұл жердi көргеннен кейiн "Мынадай бассейнi, мынадай мықты мейрамханалары, мынадай ғажап табиғат көрiнiсi бар екенiн ойламаппыз" деп жатады. Әрине, бiздiң кешенiмiздiң құрылғанына көп уақыт болған жоқ. Елiмiздiң туризмi ендi-ендi дамып келе жатқан соң, әрине, кемшiлiксiз болмайды. Қызмет көрсету жағынан әлi де кемшiн түсiп жататын тұстарымыз бар. Мәселен, шет елдерде 2 жұлдыздық, бес жұлдыздық, жетi жұлдыздық қонақ үйлер деп айтып жатады. Ол жағынан келгенде, бiз әлi де артта екенiмiздi мойындауымыз қажет. Кейде шет елдерге iс-сапарларға шыққанда ол елдердiң әдемi қонақ үйлерiн, әдемi қызмет көрсету үлгiлерiн суретке, бейнетаспаларға түсiрiп алам. Елге келгеннен кейiн, осы төңiрегiнде арнайы семинарлар өткiземiз. "Ол елдердiң қандай үлгi тұтатын жерлерi бар, ненi алып, ненi алмаймыз?" деген сияқты сауалдарға жауап iздеймiз. Мәселен, дәмдi қалай әзiрлеймiз? Мәселе дәмдi қалай дайындауда емес, оны келген қонаққа қалай ұсынуда! Қызмет көрсетушi ұсынған тағамын қонақтың көңiлiнен шығатындай етiп бере алмаса, тiптi, пышақ, шанышқысына дейiн дұрыс қойылмаса, онда келген қонақ ренжiп қалмай ма? Сондықтан, қонақтардың сын-ескертпелерiне құлақ түруге тырысамыз. Олардың айтқан сындарынан қорытынды жасау үшiн әрекет етемiз. – "Табаганға" жылына қанша адам келедi? Мәселен, орта есеппен алғанда… – Жылына қанша келетiнiн айта алмаймын. Әсiресе, қысқы мезгiлде демалатындар өте көп. Ол кездерi жатын орын түгiлi, машина қоятын жер табылмай қалады. Бiр күннiң iшiнде мыңға жуық машина келедi. Өзiңiз есептей берiңiз, әр машинада үш-төрт адамнан болғанда, күнiне 4-5 мың адам келiп кетедi деген сөз. Бiзде жатын орындар 250 адамға арналған. Үш мейрамханамыз жұмыс iстейдi. Мамыр айының аяғынан бастап, келушiлер қайта көбейе бастады. – Әлемнiң түрлi елдерiне жиi барады екенсiз. Елiмiздiң туризмiн өзге елдермен салыстырып көресiз бе? – Жалпы, елiмiзде туризм саласын мықты деңгейге қою жағынан бiзде мүмкiншiлiк өте көп. Бiзде туризмге ендi-ендi көңiл бөлiне бастады. Туризм дегенiмiз тұтас бiр мемлекеттiң экономикалық кiрiсi. Мәселен, Түркияны алайық. Ол елде туризмнiң арқасында қаншама адам күн көрiп отыр. Бiзде Түркiстан қаласында, Арыстанбаб кесенесiнiң маңында жаңа стандартқа сай жағдайлар жасалынса, онда қаншама адам ол жерлерден табыс табар едi. Бiз шет елдерге барып, отбасымызбен жиi демалып тұрамыз. Бала-шағамызбен қыдырамыз. Бiрақ, өз елiңнiң табиғатына ешнәрсе жетпейдi. Елге қайтқанша асығасың. Салыстырмалы түрде айтқанда, әр адамның өз отанына жететiн дүние жоқ екен. – Сiздi кәсiпкер ретiнде отандық өнiмдер қызықтыра ма? Мәселен, өзiмiздiң отандық өнiмдерiмiздi өндiрiп, соны әлемдiк деңгейге шығару мәселесi… – Қазiргi таңда алып-сату деген жоқ. Алғашқы жылдары барлығы осыдан бастады, яғни алып-сатудан. Бұл бiздiң кәсiпкерлiкке үйренгенiмiздiң басы болды. Бiр жерден бензиндi алып, оны екiншi бiр жерге сату, ойлап қарасақ, оның бәрi дұрыс емес екен. Қазiр жаңадан зауыт салып немесе фабрика ашуға мүмкiндiк жоқ. Тiптi, мына "Табаганның" өзi кәсiпкерлiк болып есептелмейдi. Бұл да Қазақстанның денешынықтыру саласының бiрi болып саналады. Яғни жастарымызды спортқа баулу, олардың iшiмдiкке, темекiге әуестенбей, салауатты өмiр сүруiне үндеу. Мұнда тек елiмiзден ғана емес, шет елдерден де келiп жатқан туристер бар. Менiң қазiргi мақсатым да осы, яғни туризмдi дамыту. Әрi мұнда 300-400 адам жұмыс iстейдi. 85 пайызы Алматы облысы, Талғар ауданының тұрғындары. Қалған он-он бес пайызы қаладан келедi. Сол адамдардың жұмысын тоқтатпасақ, соның өзi үлкен табыс. Бiз жұмыспен ғана қамтып қоймаймыз. Бiздiң мақсатымыз – жастарымызды спортқа баулу, әсiресе, қыстық спорт түрлерiне бейiмдеу. Сонда бiзде қысқы олимпиадаға қатысатын дарынды жастар өсiп шығатын болады. Ал, жаз мезгiлiнде балалардың таза ауамен демалуына мүмкiндiк жасау. – Бала кездегi әскери қызметкер болсам деген арманыңыз жүзеге аспай қалғанына өкiнбейсiз бе? – Өкiнiштер болады. Әсiресе, бiрге оқыған жолдастарымды көргенде, олармен кездескенде ойға түседi. Сенесiз бе, әскери киiмiм әлi күнге дейiн үйде iлулi тұр. Қандай да бiр қиындықтар болса, кейде тым аспандап, өзiмдi жұлдыз санап кетсем, сол киiмдерiме қарап, тәубеге келемiн. Менiң ең үлкен байлығым – екi апам мен үш ағам. Әкемнен ерте айрылдым. Әке орнына ағаларым әке болды. Есiмдi жияр-жимастан анам қайтыс болды. Әпкелерiм маған анамды жоқтатқан жоқ. Аға-әпкелерiмнiң арқасында еркелеп өстiм. Олар менiң еркелiгiмдi әлi күнге дейiн көтерiп келедi. Соған тәубе деймiн! Сол аға-апаларымның арқасында ешнәрседен қиындық көргем жоқ. – Кәсiпкерлiктi жаңадан бастап келе жатқан iнiлерiңiзге қандай тiлек айтар едiңiз, қандай ақыл қосар едiңiз? – Кәсiпкерлiктi жаңадан бастап жатқан адамдар жоқ шығар. Ал, ендi нөлден бастаған адамға қазiргi таңда өте қиын, әрине. Шын мәнiнде кәсiпкерлiкпен айналысам деген адамға айтатыным – тазалық болсын. Ешкiмдi алдамау керек. Алдау-арбау деген нәрселер кәсiпкерлердiң ортасында көп болады. Ондай оқиғалар менiң де басымнан өттi. Бiреулерге алданып та қалдым. Оның бәрiн айта берсек, үлкен әңгiме. Мұның бәрi неге тiреледi? Ол өзiңiздiң жаныңызда жүрген адамдардың, сiзбен бiрге жұмыс жасайтындардың таза болмағандығында. Сондықтан, адал болған жөн. Сол жағдайда ғана сенiң кәсiбiңе деген сенiмiң артады. Ал, алдаумен, арбаумен күн кешкен адамдардың көбi жақсы болып кеткен жоқ. Кәсiпкерлiкте жүргенiмде көзiм жеткен нәрсе, алдаған адамның алысқа бармайтыны. Мен адал, ақ жолды таңдаған адаммын. Бес уақыт намаз оқимын деп өтiрiк айтпайын. Жұма намаздан қалмаймын. Өтiрiкке, жалған сөйлеуге жаным қас.

Гүлзина Бектасова