Жаңалықтар

БАЛА КИIМIНIҢ БАҒАСЫ ҚЫМБАТ

ашық дереккөзі

БАЛА КИIМIНIҢ БАҒАСЫ ҚЫМБАТ

Елiмiзде балалар киiмiнiң ересектердiкiмен салыстырғанда едәуiр қымбат екендiгi баршамызға белгiлi. Бұл қымбатшылықтың себебi неде? Осы сұраққа жауап табу мақсатымен сауда дүкендерi мен базардағы саудагерлердi әңгiмеге тартқан болатынбыз.

Олардың айтуынша, тауарлардың басым көпшiлiгi Қытайдан, Түркиядан, Тайландтан әкелiнедi. Бұл тiзiмде бұрын Қырғызстан да болған екен. Айырқалпақты бауырларымыздың қазiргi жағдайына байланысты Бiшкектен әкелiнетiн тауар көлемi азайыпты.

"Бiр баланың киiмi үшiн шекара ассаңыз, жол қаражатының өзi-ақ шығыныңызды өсiрмесе, ақтамайды. Сондықтан 900 теңгеге жейде алсам, оны бұл жаққа 1500-1600 теңгеге сатуға мәжбүрмiн. Тауар алғанда ең бiрiншi сапасына көңiл бөлемiн. Балаларға синтетикалық бұйымдар зиян, олардың киiмдерi мақтадан, қымбат матадан тiгiлетiнiне байланысты қымбат шығар", – дейдi сатушы Эльмира Адырбаева. Ал Мәди атты саудагер "егер өз елiмiзде балалар киiмiн өндiрсе, онда да сапалы етiп өндiрсе бiз шетел асып, машақаттанбас едiк", – деп отандық өнiмнiң жоқтығын алға тартты.

Әңгiмемiз тұщымды болуы үшiн 4-сынып оқушысын аяқ киiмiнен бастап басына дейiн "киiндiрiп" көрелiк. Әрине, әрбiр баланың үйде киетiнi, дене тәрбиесiне киетiн киiмi бөлек болады, оған мектепке және қыдырғанда киетiн киiмдерiн қосыңыз… Осы 4 комплектiнiң "Балалар әлемiнде" қанша боларын есептесек, 40-50 мың теңге шығаруға тура келедi екен. Бұл қаражат қарапайым қызметкердiң бiр айлық еңбекақысы.

Осыншама қаржы жұмсап қол жеткiзген дүниелердiң сапасы жайындағы әңгiме басқа. Базардағы қаптаған тауарлардың денi Қытайдiкi. Сырт көзге жылтырап тұрған киiмнiң iшкi жағынан не мөлшерi,не шыққан жерi жайында мәлiмет таба алмайсыз. Ұл балаларға арналған костюмдердiң кейбiреулерiнде 50, 52, 54 деген сандар кездеседi. Мөлшерi дейiн десең, ер-азаматтардың өзi ондай кесек бола бермейдi. Түсiнiксiз-ақ.

Сонымен қоса, қандай стандартпен тiгiлетiнi белгiсiз, киiп көрмейiнше дәл, дәл емес екенiн анықтау қиын, яғни балаңызды да алып жүру қажет. Ал Бiшкектен әкелiнген заттардың жөнi бөлек, сапасы бiршама тәуiр. Қытайдiкiндей емес, тауарлардың қайдан шыққаны көрсетiлген. Соған қарай бағасы да жоғары.

Осыдан соң балалар аяқ киiмiне назар аудардық. Олардың бағасы былтырғыға қарағанда әлдеқайда қымбаттап кетiптi. Тек жеткiншектер мен бүлдiршiндердiң аяқ киiмдерi сәл арзандау. Есесiне оларға арналған аяқ киiм жоқтың қасы. Төрт-бес жасар балаларға арналған бәтеңкелердiң былтырғы бағасы 1800 теңге болса, биылғы орташа баға 2500-ге шарықтап кетiптi. Бұл бағаны қалтаңыз көтермесе, 1200 теңгеге сапасы нашарлауы да бар.

Қысқасы, қала базарларын аралаған кезде бiлгенiмiз, балалар киiмдерi былтырғыға қарағанда қымбаттаған.Бұл – ең арзанқол базарлардағы бағалар. Ал қымбат базарлар мен атақты сауда үйлерiндегi бағалардың қандай екенiн сiздiң де iшiңiз сезiп отырған болар.

Сонымен, келесi жылдан бастап барлық сырт киiмдердiң кедендiк баж салығы 1,5-3 есеге өседi, оның iшiнде балалар киiмдерi де бар. Тауар тасымалдаушылардың айтуынша, негiзiнен, арзан киiм қымбаттайды, ал бағасы орташа және жоғары киiм-кешекке баж салығының көлемi, керiсiнше, аздау болады.

Мiне, осы шара Кедендiк одақ елдерiне өздерiнiң бәсекелестерi – Қытай мен Түркия тауарларынан қорғануға мүмкiндiк бермек. Бұл жеңiл өнеркәсiбi бiр iзге қойылған Ресей мен Белоруссияға тиiмдi болуы мүмкiн. Алайда экономикасы шикiзатқа байланған Қазақстан үшiн бiршама қиындық туғызары анық. Мұндай қиындыққа душар болмас үшiн бiздiң елiмiзге жеңiл өнеркәсiптi дамытуды мықтап қолға алу кезек күттiрмейтiн зәру мәселе.

Айдана ОРАЗБАЕВА, ХҚТУ-нiң 2-курс студентi