АРАБТАР АЗИАДА ОЙЫНДАРЫН НАСИХАТТАМАҚ
АРАБТАР АЗИАДА ОЙЫНДАРЫН НАСИХАТТАМАҚ
Туризмнiң арқасында ұлттық бюджетi асып-төгiлiп жатқан елдер бар деп таңдай қағамыз. Осы жағдайға жетудi алдымызға мұрат етсек те, туристер үшiн жасалып жатқан шаралар мардымсыз. Жердiң жәннаты дейтiн демалыс орындары удай қымбат. Сондықтан кейбiр табиғат кереметтерiн туристер тұрмақ, жергiлiктi халық та бiлмейдi. Бiрақ шетелдiк инвесторлар елiмiздiң көрiктi жерлерi мен демалыс орындарын жатқа бiлiп отыр. Тiптi олар Азиада ойындарын тамашалауға келген туристерге осы аймақтарды көрсету арқылы, қоржын-қоржын қаржыны елдерiне арқалап кетпекшi.
Кувейттiк "Techno" туристiк агенттiгiнiң басшысы Салем Аль Баннай екi ел арасындағы туристермен алмасу жобасын жоғары деңгейде жүзеге асырмақ. Туристiк агенттiк 2011 жылы Азиада ойындарына Шығыстан келетiн жанкүйерлердi жайғастыру мен оларға қызмет көрсетудi өз мойнына алған. Осылайша, Қиыр Шығыстан келетiн туристерден қаржы түсiру елiмiзге бұйырып тұрған жоқ. "ҚР әуе жолдары арқылы Кувейтке тiкелей байланыс орнады. Сондай-ақ Кувейтте Қазақстанның елшiлiгi ашылады" дедi Аль Баннай мырза.
— Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы туристiк алмасулар қалай жүргiзiлуде?
— Негiзiнен қажылық сапары кезiнде тығыз байланыс орнайды. Себебi, Қазақстаннан Мекке және Медина қалаларына барған туристердi бiз орналастырамыз, яғни күтiп алуды жүзеге асырамыз. Екi ел арасындағы туристердiң жиi қатынауы жақсы дамып келедi. Әзiрге ел үкiметiмен келiсiмдер жасадық. Жуық арада Қазақстаннан да Сауд Арабиясынан бiр топ туристер жолға шығады. Бiр ай бұрын Қазақ делегациясы Кувейтте болып қайтты, туризм туралы келiсiм жасады. Қазақтың қонақжайлылығы туризм үшiн өте қолайлы. Әкiмшiлiк жағынан инвестиция салуға еш кедергi болған жоқ.
— Азиада ойындары туристердi тарту үшiн өте ауқымды да қолайлы жоба. Ендеше нақты қандай жобалар бойынша жұмыс жасалады?
— Негiзгi жобалардың бiрi "Ақбұлақ" демалыс орнымен жұмыс iстеймiз. Қазақстанның кез келген жерiне тур ұйымдастырамыз, бұл туристiң қалауы бойынша жүзеге асырылады. Ал Азиада мәселесi бойынша негiзгi кеңсе Кувейтте. Сондай-ақ, жарнамалық агенттiк арқылы Азиада ойындарын бүкiл әлемге жарнамалаймыз.
Мiне, елiмiздегi спорт шенеунiктерi пайдаға белшеден батамыз, туристер табыс көзi болады деп жүргенде, тегiн туристерден де қағылайын деп тұрған жөнiмiз бар. Оның бiр себебi мынада. Лондон экономика мектебiнiң сарапшылары Қазақстан туристердiң үлкен легiн күтуге дайын емес деген ұстанымда. Өйткенi, елiмiз аталмыш нарықта бәсекелестерге ұпай жiберiп алады. Нелiктен? Сарапшылар Қазақстандағы мейрамхана iсi мен қызмет көрсетудiң деңгейi өте төмен деген тұжырымға келiп отыр. Ал ұлттық құндылықтар мен табиғат кереметтерi, көрiктi жерлер бiзде жетерлiк десек те, бағаның қымбаттығы туристерге қолбайлау болатын көрiнедi. Десе де шетелдiк және отандық туристер саны әжептәуiр көбейген. ҚР Ұлттық Қауiпсiздiк комитетiнiң шекаралық қызметiнiң мәлiметi бойынша, 2009 жылы туристер саны 3,9 пайызға өскен, яғни өткен жылы 14,8 миллион адам сырттан келген. Ал елiмiзден сыртқа шыққан саяхатшылар саны 22,8 пайызға жетiптi. Туристiк агенттiк арқылы шетелге шыққандардың басым көпшiлiгi жұмыс барысымен сапар шеккен.
Азиада ойындары туризмнiң дамуына әсер ете ме? Қытайдың Чанчун қаласында 2008 жылғы Олимпиада кезiнде туристер өте көп болды. Ал олимпиада бiткен соң бұл қала республика көлемiндегi саяхат турына қосылды. Туризмдi дамытуда спорттың маңызы зор екенi рас. 2012 жылы өтетiн Олимпиадада Ұлыбритания үкiметi туристердiң арқасында 400 миллион доллар табыс түсiрудi көздеп отыр. "Спорт Индастри Ризеч Центр" агенттiгiнiң мәлiметiнше, кез келген спорттық шара ел үкiметiне 1,5 миллион фунт түсiм әкеледi. Ал бұл сома туризм саласындағы орта және шағын бизнеске берiледi. Сарапшылардың айтуынша, Олимпиада көрермендерiнiң 60 пайызы сол жерге қайтып келуге құлықты көрiнедi. VII Азиада Алматы және Астана қалаларында 30 қаңтар мен 6 ақпан аралығында өтедi.
Индустриалды-инновациялы бағдарлама аясында 2010-2014 жылдар аралығында "Туризм саласы" бойынша жүйеленген мақсаттар негiзге алынып отыр. Осы төңiректен ұзамай-ақ, Батыс Еуропа — Батыс Қытай дәлiзiн атауға болады. Бұл көлiк жолы Оңтүстiк Қазақстан, Қызылорда, Жамбыл және Ақтөбе қалаларының инфроқұрылымына үлкен септiгiн тигiзбек. Ал Маңғыстауда кiрпiшi қаланған "Кендiрлi", Ақмола облысындағы "Бурабай" және Алматы облысының Қапшағай су қоймасы маңайында бой көтерген "Жаңа Iле" туристiк орталықтарының бұл салада маңызы зор болмақ.
Ақниет ОСПАНБАЙ