Жаңалықтар

ҚЫЗЫЛ ОРАМАЛДЫ ӘСЕЛДIҢ ҚАЙТА ОРАЛУЫ

ашық дереккөзі

ҚЫЗЫЛ ОРАМАЛДЫ ӘСЕЛДIҢ ҚАЙТА ОРАЛУЫ

Бiр спектакль, екi көзқарас

Сыни көзқарас:

ШЫНАРЫМ ҚАЙДА МЕНIҢ?!

Гүлзина БЕКТАСОВА

"Шынарым менiң, шырайлым менiңдi" алғаш оқығанымда ағыл-тегiл жылағаным бар. Төрт түрлi тағдыр иесiнiң мұң-зары, күйiнiшi, өкiнiшi, сағынышы, махаббаты шығар менi жылатқан. Жанымды баураған ерiксiз бiр күш жанарымды жасқа шылатқан едi сол кезде. Мүмкiн, бұл төрт бiрдей тағдыр иесiнiң басынан өткен оқиғаларға деген аяныштан туған көз жасы болар бәлкiм. Әйтеуiр, Шыңғыс Айтматовтың осы бiр шығармасы менiң санамда ұзақ уақыт бойы жатталып қалды.

Өйткенi, мен сол шығарма арқылы Әселдiң кiршiксiз тазалығына жаным ауырды, Iлиястың қауқарсыздығына налыдым, Бәйтемiрдiң қорғансыз тағдырына қиналдым, Хадишаның жауапсыз махаббатының куәсi болған ем. Сан мәрте қайталап оқысам да, сан мәрте оқығаннан сол бiр төрт тағдырдың оқиғасын жатқа бiлсем де, мен үшiн "шынарым менiң, шырайлымның" орны бөлек болатын.

Ал, сол жадымда мәңгiлiк жатталып қалған туынды Ғабит Мүсiрепов атындағы Жастар мен балалар театрында қойылайын деп жатыр деген хабарды естiген сәтте тағат тауып отыра алмадым. Бардым, көрдiм. Көңiлiме түйдiм.

Әрине, спектакльде өзгерiс көп. Көркем шығарманы дәл сол қалпында беруге де болмас. Әрi уақытты да салыстыруға келмейдi ғой. Десе де, мен сол шығармадан өзiмнiң жүрек түкпiрiмде сақталып қалған Әселiм мен Iлиясымды, Бәйтемiрiмдi таба алдым ба?

Шығарманы жатқа бiлу де адамға қиын болады екен. Спектакльдi көрген сайын мен оның өн-бойынан Айтматовқа ғана тән "Шынарымды" iздедiм. Мүмкiн, бұл менiң қателiгiм де шығар. Iлияс пен Әселдiң ұзын жолдың бойындағы алғашқы табысуы бар едi ғой. Сұп-сұлу бойжеткеннiң (Айтматовтың суреттеуiндегi Әсел ғажап болатын) көлiк астына түсiп жатқан шофермен тiлдесер сәтiндегi тазалықты iздедiм мен бұл спектакльден… Сосын, Әселдiң ұзатылатынын бiлсе де, есалаң адамша ауылға келiп, үйдiң қарсы алдында отырып, Әселiн күтетiн Iлиястың түрiндегi торығуды iздедiм мен ол спектакльден… Сосын, бауырындағы баласын кеудесiне қысқан күйi бүрсең қағып, жол шетiнде отырған Әселдiң жүзiндегi шарасыздықты iздедiм мен ол спектакльден… Қимастық, қынжылыс, шынайы сүйiспеншiлiк, басын тауға да, тасқа да соққан Iлиястың жан жарасы, ғашықтық дертi… Бар ма мұнда?!

Керiсiнше, спектакльде бәрi де оп-оңай. Кездесуi де, айрылысуы да, тiптi, керек десеңiз, шаңырақ та ортақ. Мұндағы Бәйтемiр де Әселге бұрыннан таныс. Көп дүние өзгерiп кетiптi. "Шынарым менiң, шырайлым менiң" жүрек қылын шертпеушi ме едi адамның. Спектакль неге ой салмайды? Әлде актерлiк ойын көңiлден шыға алмады ма? Әйтпесе, Әсел бiр, Iлияс та ортақ, Бәйтемiр де бiреу, тiптi керек десеңiз, Хадишаның да махаббаты да бар. Бiрақ, әсерлендiрмейдi, көңiл тұщынбайды. Жаның қиналып, көзiңе жас оралмайды. Неге?

Өмiр бiтпейдi. Өмiр жалғаса бередi. Әселiн жоғалтқан Iлиястың да өмiрi жалғасын табады. Ол тiптi, бұрынғы өмiрден бөлек, мүлде басқа болуы да ғажап емес. Бiрақ, күйiнiш, өкiнiш сезiмi қайда?! Неге Iлияс күйiнiштiң уын iшудiң орнына ән салып, биiн билейдi?! Әлде ол келешек өмiрде басталатын махаббаттан әлдеқандай құдiрет күте ме?

Әсел мен Iлиястың қалтқысыз махаббатының оп-оңай бастала салуы да көңiлге нанымсыз. Ғашықтық дертi оп-оңай басталып, оп-оңай аяқтала салатын болса, онда оның несi ғашықтық?! "Ромео мен Джульеттаның" махаббатын немесе "Қозы мен Баянды" көрсетпей-ақ қояйық. Бiрақ, өнердегi шынайылық қайда? Жалғандық пен жасандылық арқылы көрермендi алдау мүмкiн емес нәрсе. Ең құрығанда, спектакль арқылы махаббаттың ұлылығын, адамгершiлiктiң мықтылығын, адами қасиеттiң құдiреттiлiгiн көрсетуге болмас па едi. Бәрi де осылай оп-оңай шешiмiн табатын болса, өмiрдiң бәрi тек жақсылықтан тұратын болса, онда неге тағдырымызға кiнә артамыз?!

Шыңғыс Айтматовтың шығармасының құдiретi де осында, оқырманын сендiре бiлуiнде емес пе едi. Батыстан шығысқа, оңтүстiктен солтүстiкке жүйткiген пойыздар сияқты адам өмiрiнiң де бiр сәтте жүйткiп өте шығатынын дәлелдемеп пе едi Айтматов.

Әркiмнiң де өз көңiлiнiң жүйрiк пойызы бар. Ол өмiрдiң ағымына қарай жүйткидi. Өмiр ағысы түзу жолдардан емес, бұралаңдардан тұрады. Ал, сол бұралаң жолда адаспай, өз жолын тапқандар ғана бақытын табады. Iлиястың адасуы да, өзi тапқан жолдан қия кеткендiгi болар. Спектакльдi қайдам, повесть осыған үндейдi. Сондықтан, тұсауын жаңа ғана кескен "Қызыл орамалды шынарым" спектаклiне әлi де шынайылық, шеберлiк жетпей жатқан сияқты көрiнедi маған. Сосын… актерлерiмiз әлi де iздене түссе, өз рөлiн ойнауда жасандылықтан қашса… Өнерге тек тазалық қажет. Тазалық болған жағдайда ғана рухани өнердiң кеңiстiгi ұлғаяды.

Жанашыр көзқарас:

МАХАББАТТЫҢ МӘҢГIЛIК ЖЫРЫ

Назерке ЖҰМАБАЙ, ҚазҰУ-дың журналистика факультетiнiң

2-курс студентi

Бұл өлкеде пойыздар Батыстан Шығысқа қарай, Шығыстан Батысқа қарай жүйткiп жатады…

"Адам ессiз болып туады, есалаң өмiр кешедi… Есi кiргенде тым кеш болады…" Ғ.Мүсiрепов атындағы Қазақ Мемлекеттiк академиялық Балалар мен жасөспiрiмдер театрында белгiлi қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматовтың "Шынарым менiң, шырайлым менiң" повесiнiң негiзiнде сахналанған "Қызыл орамалды Шынарым" қойылымын тамашалағаннан кейiн осылай деп ой түйесiз.

Иә, төрт тағдыр, төрт арман, төрт мақсат, төрт үмiт… Олардың жүрек түкпiрiндегi барлығына ортақ жалғыз-ақ дүние – ол махаббат сезiмi. Тек оны әрқайсысы өзiнше түсiнiп, өзiнше сезiнедi. Қалай десеңiз де, бұл – өмiр және әркiмнiң өзiнiң пешенесiне жазылған тағдыры болады. Бiз сөз еткелi отырған қойылымда да сол өмiрдегi адамдардың бастарынан өткерген тағдырлары баяндалады.

Шығармадағы басты тұлға – қарапайым көлiк жүргiзушiсi Iлияс. Жұмыс бабымен жүрiп ерекше жағдайда арманы Әселi, қызыл орамалды Шынарымен танысады. Кездейсоқ таныстықтықтың соңы кiршiксiз сезiм, үлкен махаббатқа ұласып, қос ғашық жолдарында тұрған кедергiлердiң ешбiрiне қарамастан шаңырақ көтередi. Көп ұзамай нәрестелi де болады. Алайда, жұмысына жанымен берiлген Iлиястың ойға алған "идеясының" жүзеге аспай қалуы, отбасы бақытының тас-талқанын шығарады. Жеңiлгенiн мойындағысы келмеген кейiпкер жан жылуын жанұясынан емес, өзгенiң, яғни қызметтес танысы Хадишадан iздейдi.

Ендi қойылымды ойнаудағы әртiстердiң шеберлiгiне келетiн болсақ, әрбiр әртiстiң өзiне жүктелген рөлiн терең зерделеп, көп iзденгендiгiн олардың сахнадағы әр қимылынан аңғару қиын емес. Әсiресе, басты рөлдi сомдаған Iлиястың (Жұлдызбек Жұманбай) ойынындағы шынайылық һәм қарапайымдылық, Әсел (Аида Жантiлеуова) бойындағы ибалылық пен тазалық талғамы биiк көрермен көңiлiне үлкен әсер, көл-көсiр қуаныш сыйлағаны даусыз. Қойылымды тамашалап отырып, Әсел мен Iлиястың арасындағы ұлы махаббатқа сенбеу, әсте, мүмкiн емес. Өзiңiз де сол өлкеде, сол адамдардың арасында өмiр кешiп жатқандай әсерге бөленiп, бiр-бiрiн құлай ұнатқан қос ғашыққа ұзақ та баянды бақыт тiлейсiз iштей.

…"Әне, көрдiң бе, Ыстықкөлдiң төбесiнде аққулар ұшып жүр. Аққуды көрген адам бақытты болады деседi ғой…" Бұл – бiр-бiрiн құлай ұнатқан жандардың жүрек лүпiлiнiң, сыршыл сезiмдер шарпысқан сәттегi жан дүние толғансының нәзiк үнi, риясыз сенiмi.

Тағы бiрде өмiрдiң кiшкентай ғана сынынан өте алмай, бұрыс жолға оңай түсiп кеткен бас кейiпкердiң әлсiздiгiне, сондай сәттi құр жiбермей, Iлиясты қолға түсiрудiң орайын оңай тауып кеткен Хадишаның өзiмшiлдiгiне налисыз. Әрине, Iлиясты берiле сүйген Хадишаның сезiмiн түсiнуге де болады. Алайда, ойда-жоқта шаңырағы ортасына түсiп, жас сәбиiмен жалғыз қалған Әселдiң дәрменсiз халiн көргенде, ол ойыңыздан тез айнисыз. Жаныңыз ашып, өзiңiзше қиналасыз. Қорғансыз жанға қол ұшын бергiңiз келедi.Осы ойдың жетегiнде отырғанда, сiздiң тiлегiңiздi қабыл еткендей, оқиға желiсi Әселдi жол жөндеушi Байтемiрмен (Едiл Рамазанов) кездестiредi. Байсалды, кеңпейiл, қайырымды, әр iсiн ойланып бастайтын азаматтың адамдық биiк қасиеттерiне тәнтi боласыз…

Нәзiк сезiм, терең лиризмге құрылған қойылым мәңгiлiк махаббат мәселесiн биiкке көтере отырып, көрерменiн мейiрбандыққа, сыршылдыққа, адамилыққа, ең бастысы, айналаңдағы адамдардың қадiрiн жете түсiнiп, басыңдағы бағыңды бағалай бiлуге үндейдi, жетелейдi. Әсiресе, қойылым ортасында сахнаға сәбидi (Дидар Бейбiтұлы) алып шығатын сәтi өте әсерлi болды. Талпынып тұрған нәрестенiң әр қимылы адам жүрегiн өзiнше бiр сезiмге бөлеп, көңiлге ерекше толғаныс сыйлады. Сонымен қатар, Саматтың (Iлияс пен Әселдiң баласы) 6-7 жасар шағын ойнаған бүлдiршiн Нұрбота Батырбековтың да жасандылықтан ада шынайы әрекетiне риза болдық. Бала болса да өз үддесiнен шыға алды.

Сөздiң орайы келгенде айта кететiн тағы бiр жайт, спектакльде Iлияс образын сомдаған Ж.Жұманбайдың да, Байтемiр бейнесiндегi Е.Рамазановтың да, бұл – алғашқы басты рөлдерi. "Маған қойылымдағы шопыр жiгiттiң рөлiн сомдау жаныма сондай жақын әрi қызықты болды. Iзденiс үстiнде де талай тосын да түсiнiксiз жайттармен бетпе-бет келдiм. Әсiресе, түнде тұрып алып, қойылымның музыкаларын тыңдап, сол әуеннiң iшiнен Iлиястың болмысын, жан сезiмiн iздейтiнмiн" – деп Жұлдызбек Жұманбай дайындық барысындағы басынан кешкен әсерiмен бөлiстi.

Қойылым сәттi шығып, көрермен жүрегiне жетiп, көңiл қылын шертiп жатса, бұл – режиссердiң үлкен жетiстiгi. Әрине, сәттi дүние шығару жалғыз адамның қолынан келмейтiндiгiн, үлкен дүниенiң қашанда ұжым болып жүзеге асатынын ескерсек, инсценировканың жаңа нұсқасын жасаушы әрi қойылым режиссерi Қазақстан Республикасының Халық артисi Талғат Теменовтiң, қоюшы-суретшiсi ҚР Мәдениет қайраткерi Бақыт Срайыловтың және тағы басқа спектаклдiң iшi-сыртында жүрген адамдардың терең iзденгендiгiн байқауға болады. Мейлi ол оқиға байланысы жағынан, мейлi ол киiм үлгiлерi, би, музыка үйлесiмдiлiгi, өзара үндестiгi, сахнаның безендiрiлуi жағынан болсын, бәрi-бәрi. Осы орайда, қойылымның қоюшы-суретшiсi Б.Сраилов: "Нақты осы қойылымды айтатын болсақ, Талғат мырзамен бұл спектакльдiң 20-30 нұсқасын қарастырып көрдiк. Сондай көп талқылаудан кейiн ақылдаса келе, сахнада үзiлген жолды бейнеледiк. Бұл жерде кейiпкерлердiң үлкен жолға, яғни өмiр жолына, махаббат жолына түсiп, аяғында баратын бағыты бұзылып, үзiлгенiн көрсеткiмiз келдi", – дейдi.

Орайы келген әңгiме

Мұхтар ҚҰЛ-МҰХАММЕД: ҰЛЫ МАХАББАТТЫ ТУДЫРУ ҮШIН ҰЛЫ СЕЗIМ КЕРЕК

Тұсауын кескелi берi үлкен аншлагпен өтiп жатқан классик жазушы Шыңғыс Айтматовтың "Қызыл орамалды Шынарым" спектаклiнiң кезектi қойылымына көрермен ретiнде қатысқан ҚР Мәдениет министрi Мұхтар Құл-Мұхаммед мырзамен аз-кем сұхбеттасудың сәтi түскен болатын.

– Мұхтар Абрарұлы, бүгiнгi қойылымға министр ретiнде емес, қарапайым көрермен ретiндегi сiздiң пiкiрiңiздi бiлсек. Қойылымнан алған әсерiңiз қандай?

– Бұл өзi әдептен озбайтын, жүректен қозғайтын жастардың да, аға буынның да көңiлiнен шыққан сәттi қойылым болды. Театрдың репертуарынан ұзақ уақыт орын алатын тамаша туынды өмiрге келдi деп есептеймiн. Драма деген – бұл синтез. Осыны негiзге алсақ, аталмыш драмада хореографияның да, музыканың да, режиссердiң де, ар жағында тұрған автор Ш.Айтматовтың дүниелерiнiң барлығы қатарынан келтiрiлдi. Ешқайсысы ренжiмейдi деп ойлаймын. Шыңғыс ағамыздың аруағы риза болған шығар.

Жалпы, айтайын дегенiм, Тәкең (Талғат Теменов. – Н.Ж) келгеннен кейiн театрдың екiншi тынысы ашылды. Әсiресе, мына қыз-жiгiттер үшiн Талғат Теменовтың шеберлiк класынан өту деген сөз – олардың биографиясындағы алтын әрiптермен жазылатын кезең деп айтар едiм.

– Классик жазушының шығармасы сахналанып жатқаннан кейiн, әлбетте, қойылымның деңгейi төмен болмауға тиiс. Осы орайда, сiздiңше, классикалық туындылардың басты құдiреттiлiгi, артықшылығы неде?

– Қазiргi кезде әлемдегi классикалық туындылардың қай-қайсысына болмасын осы заманның талабына сай қайта қарау процесi жүрiп жатыр. Мәселен, М.П.Мусоргский дейтiн орыстың ұлы композиторы А.С.Пушкиннiң "Борис Годунов" атты атақты шығармасына кезiнде жаңа опера жазған болатын. Бұл – орыс драма театрының, орыс драматургиясының тарихынан алтын әрiппен орын алған шағарма. Мысалы, "Борис Годунов" қойылымының жаңа заманға лайықталған нұсқасында Борис Годунов патша үстiне осы заманның киiмiн, тыртысқан "джинси" шалбар киiп сахнаға шықты. Осыған орыс көрермендерiнiң көбiсi қарсы болды… Сонда бұл қалай болуы мүмкiн? Борис Годуновтың заманы қай заман, мынау қай заман?.. Я болмаса, Вердидiң "Навуходоносор" атты атақты туындысы бар. Навуходоносор деген Вавилондағы ең көне патшалардың бiрi. Сол "Набукконы" қойған кезде бас кейiпкер болмысын бүгiнгi күнге лайықтап, соған орай киiм үлгiлерiн дайындап, оны ХХ ғасырдан бiр-ақ алып шықты. Оған Еуропадан ешкiм қарсы бола қойған жоқ. Неге? Себебi, ол шығарманы өзiнше қояды, өзiнше түсiнедi. Ал, кез келген драмалық шығарма деген не? Драмалық шығарма деген басы бар, аяғы бар, қақтығысы бар, шиеленiсi бар дүние ғана емес, драмалық шығарма деген – ең алдымен образдар жүйесi. Ал, образдар жүйесiн әр заманның адамы өзiнше, өз заманының көзқарасымен көредi. Сондықтан негiзгi мәселе – сол шығарманы қоюда ғана емес, образдар жүйесiн автордың айтайын деп отырған ойымен үндестiрiп, бүгiнгi заман адамдарының танымына лайықтап сахналай бiлу шеберлiгiнде. Егер сол көне шығарма ХХI ғасырға дейiн жетiп, көрерменнiң рухани сұранысын қанағаттандыра алып жатса, ол туынды бүгiнге несiмен, нендей құдiретiмен жеттi? Әуелi, бiз соны түсiнiп, зерделеп алуымыз керек. Ойланып көрiңiзшi, әйтпесе неге бiз Эсхилдың трагедияларын әлi күнге дейiн қоямыз? Неге Софоклдың туындыларын iздеймiз? Антика дүниесi қайда, бiз қайда? Одан берi адамзаттың ақылы бұрын-соңды болмаған биiкке көтерiлiп кетпедi ме?! Алайда, бiз сол шығармалардың өн-бойынан өзiмiздi iздеймiз. Өзiмiздiң заманымызды iздеймiз. Сол өз заманымыздағы адамдардың қақтығысын iздеймiз. Сондықтан әр режиссер драмалық шығармаға өзiнше қарап, өзiнше интерпратация жасап, өзiнше түсiнiп, өзiнше қоюға қақысы бар. Бiрақ, ол бүгiнгi спектакльдегiдей автордың ойымен де, көрерменнiң ойымен де көп жағдайда үйлесiп жата бермейдi. Ал, қазiр ғана тамашалаған Ш.Айтматовтың туындысында дәл сондай үйлесiмдiлiк бар деп есептеймiн.

– Бiр сөзiңiзде психологиялық терең шығармалар қоюға ұсыныс айтқан болатынсыз. Бүгiнгi қойылым сондай туындылардың санатына ене ала ма?

– "Қызыл орамалды Шынарым" сол айтқан шығармалардың санатына мiндеттi түрде енедi. Неге десеңiз, спектальдiң өзi негiзiнен классикалық туындыға жазылып отыр. ХХ ғасырдағы махаббат жайындағы жазылған ең тамаша шығармалардың бiрi – осы Шыңғыс Айтматовтың қолынан шыққан туындылар десем қателеспеспiн. Оған дәлел, автордың негiзi күштi шығармаларының дүниежүзiнiң сахналарын шарлап кетуi. Ал оны бүгiнгi күннiң адамдары жаңа заманға қарай сөйлетiп отырса, одан көрермен өзiнiң iздегенiн тауып отырса, ол – автордың да, режиссердiң де ойы орындалғаны деп бiлемiн. Мысалы, кеше М.Лермонтов атындағы Орыс академиялық дарама театрында А.Чеховтың "Вишневый сад" деген шығармасын көрдiм. Бұл шығарма жапон елiнде өте керемет танымал. Жапонияның драма театрларының барлығы дерлiк А.Чеховтың аталмыш қойылымын қойып шықты. Неге? Өйткенi, "Вишневый сад", яғни "шие" деген сөз, жапон тiлiндегi сакураның баламасы. Сакураның шиеден негiзгi ерекшелiгi – ол жемiс бермейдi. Бiрақ, сакура – бүкiл жапондық менталитеттiң негiзi. Ол – Отан, ол – Ана, ол – тiл, ол – дiл, ол – жапонның мәдениетi. Сондықтан, жапондықтар үшiн шие бағының күйреуi – бұл руханияттың күйреуiмен, адамның жан дүниесiнiң күйреуiмен пара-пар деген ұғымды бiлдiредi. Демек, таза классикалық шығармада ұлттық шекара, уақыттық шекара, кеңiстiктiк шекара деген болмайды. Ол әр заманда да өмiр сүредi. Ал, "халтура" болса, ол жағадағы жаңқадай лақтырылып қалып қойып отырады. Классикалық шығарма, мiне, бүгiн өзiнiң көрерменiн де тапты, оқырманын да тапты. Және мынандай өте тамаша ұжымның арасында жастардың көзқарасымен сахналанып, оны бұл шығарма жазылған кезде тiптi дүниеге де келмеген адамдар ойнап отыр. Яғни, шығарма өмiршең болды деген сөз. Әркiм одан өзiнiң iздегенiн тапты деп айта аламын.

– Бүгiнгi өнер саласына қалам тартып жүргендердiң шеберлiгiн қалай бағалайсыз? Яғни, театрға қатысты айтылып жүрген сынға көңiлiңiз тола ма?

– Өте дұрыс сауал. Орыс журналистерi бiрдеңеге барардың алдында терең зерттейдi, салыстырады. Оның кино, театр нұсқалары қандай болды? Қай елдiң сахнасында қойылды? Әрi режиссер оған қалай келдi? – деген сынды сауалдарға әуелi жауап iздейдi. Содан кейiн барып қана пiкiр айтады. Ал, ендi бiздегiдей "ана бiр сюжетiн, не болмаса мына бiр кейiпкердiң сөзiн өзгертiп жiберiптi" дейтiн болсақ, ол жеңiл ғана айтылған пiкiр болады. Осы орайда, егер образдар жүйесiне жеңiл-желпi емес, терең бойлайтын болсаңыз, онда сiз кейiпкердiң де дүниесiне, режиссердiң де ойына үңiлесiз. Мысалы, Iлиястың рөлiн ойнаған кезде, әрине, ол дәл сол шығармадағыдай сахналанды деп айта алмаймыз. Қойылымға айналдырылғаннан кейiн көп өзгерiске ұшырайды. Ол заңды. Туындыдағы Iлияс пен қойылымдағы Iлиястың арасында жер мен көктей айырмашылық бар, әлбетте. Бiрақ, оларды бiрiктiретiн не? Махаббатқа деген құштарлық. Мысалы, "Жәмилә" шығармасын алайық. Ш. Айтматовтың өмiрiнiң соңғы сәттерiнде берген сұхбаттарының бiрiнде: "Мен Жәмиләнi жазған кезде, менiң отандастарым маған тас атқан", – дейдi. Қырғыз әдебиетiнiң классиктерi: "Ш.Айтматов бүкiл қырғыз әйелдерiнiң бетiне қара күйе жақты, ұлтымызға таңба түсiрдi, халқымызды бүкiл дүниежүзiне масқара жасады. Бұл – махаббат емес, махаббатқа жасалған қорлық, зорлық", – деп қарсы шыққан. Сол кезде екi классик М.Әуезов пен Л.Арагон: "Бұл – махаббат жайлы ХХ ғасырдағы ең ұлы шығарма" деп аса жоғары баға берген. Сондықтан бiз кейде анау "былай" деп айтты, мынау: "солай" дедi екен деп махаббат тақырыбын сонша қадiрсiздендiрiп жiберетiн дүниелерге баруға болмайды. Махаббат – ол жүректiң бұлқынысы. Ал, стандартты өмiр сүрiп, стандартты жұмысына келiп, жұмысынан кететiн адам еш уақытта ондай ұлы махаббатты тудыра алмайды. Ұлы махаббатты тудыру үшiн ұлы сезiм керек. Ол сезiм министрдiң бойында болмауы мүмкiн, қайта жаңағындай шопырдың, не болмаса қарапайым қойшының бойында болуы мүмкiн. Сондай ұлы сезiмдi сезiне алғандықтан да сол қойшы яки шопыр министрден, шенеунiктен мың есе бақытты деп есептер едiм. Оны түсiне бiлген журналист одан да бақытты болады.