ӘЛИЯ БӨПЕЖАНОВАНЫҢ 2-ТОМДЫҒЫ
ӘЛИЯ БӨПЕЖАНОВАНЫҢ 2-ТОМДЫҒЫ
М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында сыншы, мәдениеттанушы, аудармашы, журналист, Халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығының лауреаты "Әлия Бөпежанованың кiтаптары мен кiтап жобалары" атты тұсаукесер шарасы өттi.
ҚР Мәдениет министрлiгiнiң бағдарламасы бойынша шығарылған, "Жiбек жолы" баспасынан жарық көрген екi томдығында сыншы, мәдениеттанушы, сарапшы өнердiң өнерлiк мiндетiн қоғамның рухани эстетикалық дамуымен тығыз байланыста қарастырады. "Өнер – жеке тәжiрибе" деп аталатын 1-томдық шығармада өнерiмiз бен жалпы мәдени өмiрiмiздегi күрделi процестердi зерделейтiн және көрнектi суреткерлер мен замандас жазушылардың шығармаларын талқылайтын мақалалары мен эсселерiнде әдебиет, театр, кино, мәдениет, БАҚ кеңiстiгiнде ой өрбiтедi.
Ал, "Мәдениет – жасампаз сана" деп аталатын 2-томдықта сыншының А.Сүлейменов, Дж. Сорос, Ә.Мәмбетов, З.Серiкқалиев, Қ.Жетпiсбаев, М.Әуезов, С.Нарымбетов, Б.Атабаев, т.б. талантты жазушылар мен аудармашылардың сұхбаттары мен көркем аудармалары топтастырылған. Мұнда қоғамдағы өзектi мәселелер мен әдебиеттегi ой толғамдар әдемi, өз орнымен берiлген. Дәлiрегiн айтқанда, бұл 2 томдық автордың өзiнiң де шығармашылық-тұлғалық болмысын ашуға, тануға мүмкiндiк бередi.
Белгiлi сыншы Әлия Бөпежанова әуелi көрнектi суреткер, ҚР Мемлекеттiк сыйлығының лауреаты Асқар Сүлейменов шығармашылығы бойынша едәуiр жұмыс атқарды. Осы тұрғыда "Парасат падишасы", "Кек", "Болмыспен бетпе-бет" жобаларын айта кеткен жөн.
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ