Жаңалықтар

АР МЕН АҚША

ашық дереккөзі

АР МЕН АҚША

Жақсы өнеге – жастарға үлгi. Көргенi мен түйгенi көп, парасатты адамдарды көрiп өстiк. Солар ар мен ұждан, қайырымдылық пен қанағат туралы көп айтатын. Тiптi, халық әнiнiң:

Аса байлық не керек,

Ден сау болса болғаны, – деген жолдарына қарасақ, қаншалықты терең мән жатыр.

Бiр өкiнiштiсi, бүгiнгi күнi ақша дегенде аранын ашып, дүние-жиһаз, елден ерекше көп қабатты кең сарайдай үй, шетелдiк қымбат бағалы автокөлiктер жолында өлiп-өшiп тұратын, соған жету үшiн қарапайым халықты алдап-арбаудан, ұрлық-қарлық пен ашық тонаудан, сыбайлас жемқорлықтан да тайынбайтын кейбiр құлқын құмар пенделер осы терiс қылығының кейiнгi жас ұрпағына тигiзер зардабын ойламайтын сияқты.

Тiптi, көпе-көрнеу ұрлықты, қатерлi қылмысты былай қоя тұрайық. Кейде қайсыбiр ата-ананың тоғышарлық психологиясының зиянды зардабы аз болмайды. Бала әкеге, үлкендерге елiктейдi. Ендеше, өз басы ақшақұмар, құлқынқұмар, ұрлап-жырлап күн кешетiн әке-шешенiң баласы өскенде кiм болмақ? Осыны да бiр ойласақ керек қой…

Осы ретте нақты дәлелдер iздесеңiз, жетiп артылады. Мәселен, Алматы қаласында бiр топ қарақшылар жас баланы ұрлап, оны аман-сау қайтару үшiн ата-анасынан көп мөлшерде ақша талап еткен.

Шығыс Қазақстан облысында соқталдай екi жiгiт мүгедек қарт ананы соққыға жығып, есiнен тандырып, қол сөмкесiн алып кеткен. Ал алименттен құтылғысы келген "әкесымақ" өзiнiң төрт жасар жалғыз ұлын бесiншi қабаттағы балконнан лақтырып жiберсе, маскүнем ана сәбиiн Балалар үйiне өткiзiп жатып, бiр шөлмек арақ алу үшiн ақша талап еткен.

Иә, адамның жан дүниесiн түгелдей ыстап тастаған дүниеқоңыздық пен құлқынқұмарлықты жою оңай шаруа емес. Мәселен, жалғызбасты ананың жалғыз қызына сүйген адамы емес, ақшасы көп, саяжайы, машинасы және де басқа материалдық жағдайлары жеткiлiктi адамға ғана тұрмысқа шығуы керектiгiн күнделiктi құлағына құйып отыратындығына қалай қарайсыз? Дәл қазiр жас жiгiттер арасында есеппен үйлену де етек алып бара жатқандай. Бұл да жақсылық емес. Өйткенi махаббат атты қастерлi де киелi сезiмдi дүниеқоңыздықпен қорлауға болмас.

Жақында ғана баспасөз беттерiнен оқыған мына бiр жағымсыз жайға да амалсыз жүрегiңiз сыздайды. Оңтүстiк астанамыз Алматыдағы "интерқыздар" атанып, қара тiзiмге тiркелiп жүрген 1000 қыздың 700-i қазақтың қара домалақ әдемi қыздары екен. Олардың көбiсi қараңғы түндi жамылып, ар-намыстарын аяққа басып, бар айбыройларын ақшаға айырбастап, естерiнен жаңылып, тәндерiн сатып жүргендерi ұлттық дәстүрiмiзге жат, намысты қорлау емес пе?

Жуырда жақын ауылдағы үйлену тойына қатысқанымыз бар. Әлден уақытта: "Жастар келедi!" деген дауыс естiлдi. Үлкендер отырған жаққа имене басып екi жас кiре бердi.

Егiз гүлдей екi жасты көргенде, әркiм-ақ толқыды. Әсiресе, күйеу жiгiттiң әкесi – Ұлы Отан соғысының ардагерi Ақан ақсақал ерекше тебiренiп, орнынан да тұрып кеттi.

Бiрақ осы арада бiр ретсiз жай болды. Жымың қаққан бiр келiншек:

– Жоқ, жоқ. Баламыздың жүзiн тегiннен-тегiн көрсете салу әдетiмiзде жоқ. Кәне, ақысын төле, – деп қолын жайып тұрып алды.

Бақсақ, әртүрлi ырым-жырымға атап-атап берiлетiн ақша жағы өз алдына, тiптi жiгiттiң әкесiне жас келiнiн көрсеткенде одан мiндеттi түрде ақша талап етiледi екен!

Байыптап қарасақ, бұл өзi жастар үшiн де, үлкендер үшiн де қайталанбайтын қастерлi сәттер ғой. Ендеше, осы қымбатты сәттi тиынның сылдырымен, қағаз ақшаның сыбдырымен арзандатуға бола ма?

Қазiр өлiк шыққан қаралы үйде ақшаға таласып, дауласатын дүмшелер де көбейдi. Өлiм аузындағы ауру жандарға араша түсу үшiн ант қабылдаған дәрiгерлерiмiздiң ең әуелi "ақы" дәметкендерiн қалай түсiнемiз?

…Тараз автобекетi. Таңертеңгi уақыт. Облыс аудандарына жүретiн жолаушылар бар, оларды шығарып салушылар бар, әйтеуiр автобекеттiң iшi мен есiгiнiң алды абыр-сабыр адамдар.

Бiрнеше жылдардан берi Жамбыл-Жаңатас аралығында тұрақты қатынап жүрген тәжiрибелi жүргiзушi К. өз шаруасына кiрiстi. Орнынан қозғала берген автобус кенет кiлт тоқтады.

– Не болды?

– Неге тоқтадық?

Артқы орындықтарда отырған кейбiр жолаушылар таңдана сұрақ қойып жатыр.

Бұл шақта жүргiзушi орнынан тұрып, маңайынан әлдененi iздегендей едi. Өзi қатты сасқалақтап, маңдайынан тер бұршақтап тұр.

– Жолдас жүргiзушi, не болды? – дедi алдыңғы орындықта отырған жас әйел.

– Жаңа ғана мына жерге былғары күртешемдi қоя салып едiм. Қалтасында 50 мың теңгедей ақша бар. Оны да қойшы, жүргiзушiлiк кәулiгiм де сонда едi, зым-зия жоқ болды. Қайда кеткенiн бiлмей, дал боп тұрмын…

– Жолдас жүргiзушi, оның жайын мен айтайын, – дедi осы сәтте алда отырған манағы жас әйел, – Жаңа ғана билет тексерушi әйел бiр жас келiншектi "сiздiң билетiңiз бұл автобусқа емес екен" деп шығарып жiбердi ғой. Ол кезде автобусқа жұрт ентелеп, бiрiн-бiрi қаға-соға кiрiп жатқан. Сол абыр-сабырда әлгi келiншектiң автобус әйнегi ернеуiндегi бiр күртешенi сөмкесiне салып алғанын көрiп қалдым. Мен ол күртеше келiншектiң өзiнiкi ме деп едiм, сiздiкi болып шықты ғой.

– Ендi ол келiншек қарасын батырған шығар? – деп әлдекiм үмiтсiз кейiппен қолын сiлтей салды.

– Жоқ, ұры ешқайда кете қойған жоқ. Ол Қаратау бағытына баратын екiншi автобусқа барып отырды. Мен мына әйнектен көрiп отырдым, – дедi жас әйел.

Ұры туралы алғашқы деректi естiген жүргiзушi автобустан түсiп, болған жағдайды автобекет кезекшiлiгiне баяндады. Сәл уақыттан соң ол қасына полиция қызметкерiн ертiп қайта оралды.

Мерзiмдi уақытта әлгi автобустың артынан "Икарус" та Тараз-Жаңатас бағытымен жолға шықты.

Облыс орталығынан шыққан екi автобус Қаратау автобекетiне бiр мезгiлде келiп тоқтады. Қасында полиция қызметкерi бар жүргiзушi К. асыға түсiп, алғашқы тоқтаған автобусқа қарай жүгiрдi.

Келiншек те көп ұзай қоймаған екен. Қасындағы жол сөмкесiн ашып жiбергенде, былғары күртеше шыға келдi. Қалтасында 50 мың теңге ақша және К-нiң атына жазылған жүргiзушiлiк куәлiгi мен өзге де құжаттары бар екен.

– Байқамай салып алыппын. Кешiрiңiздер, – деп келiншек күмiлжiп төмен қарады.

Әр адамның құдайы – оның ары. Арыңа сыймағаннан әр кез аулақ бол – дегеннен өзге бiз не айтамыз…

"Бала – адамның бауыр етi, көз нұры". Бала үшiн осыдан артық орынды баға берiлмесе керек. Бауыр еттей балбырап, көз нұрындай алаулап тұрған ұл мен қыздан айналып кетпеймiз бе? Байқап қарасақ, байыптап көрсек, баладан да бәле шығып кетуi сөзсiз. Баланың балалығы да опық жегiзiп, өкiнiшке салып жүргенiн айтпасқа болмас.

– Қарағым, құтқар менi мына пәледен, бақтым-қақтым демейiн, бiр шiрiген жұмыртқа шығар. Ол заман да бұл заман арақ iшiп бас жазу үшiн ақша бермедiң деп анасын сабаған перзент көрiп пе едiңдер? Түрiм болса мынау, шаштың ағы, көңiлдiң дағы күннен-күнге молайып, тереңдеп барады. Құтқар менi мына ақымақтан.

Ана ақ шашын жайып, егiлiп жылап отыр. Денесiне түскен жара, жыртылған киiм, өз қалпына келер-ақ, бiрақ ана жүрегiндегi жара қалай жазылмақ? Ол басқадан емес, ақ сүтiн емiзген, ақ бесiкке бөлеген, түн ұйқысын төрт бөлiп өсiрген, құрсағын жарып шығысымен құндақтаған өз баласының қолымен салынған ем қонбайтын жара ғой.

Арсыз содыр бала сол күнi қалай "бас жазсам екен" десе, қарт ана еттен өткен таяққа емес, сүйектен өткен қорлыққа шыдай алмай жүр едi. Қазiр де ана көңiлi қаяулы. Кәрi жүрегi жаралы.

Ардың жүгi қандай ауыр десеңшi! Оның қарт ананың ақша үшiн ардан безген жалғыз ұлы, тағы басқа сол сияқтылар көтере алса игi едi?! Көтере алмаса кейуана анаға кiм араша түсер? Жаралы жүрек қашанғы шыдар екен?!

Иә, адамның қадiр-қасиетiн дүние-мүлiкпен, жылтырақ жиһазбен өтейтiн, өздерi болсын одан жұлқып, тiптi, сыбайлас жемқорлықпен қылмысқа барып, мемлекет қаржысын, қоғам байлығын бас пайдаларына жаратып, үйiн – асылға, ауласын – шетелдiк қымбат автокөлiктерге, саусақтарын – алтынға толтырып, күйкi-күйбеңмен күй кешетiн дүниеқоңыздар арамызда қаптап барады. Дәл осы ретте, "арыңа сыймағаннан аулақ болғайсың, өйткенi, тiрi адамның ардан аяулы жерi бар ма?" (Абай) дегеннен өзге не айтамыз?

Олай дейтiнiмiз, ұлттың ең басты байлығы – адамдардың адамгершiлiк қасиетi. Ендеше, адамда нағыз адам болудан басқа мақсат болуы мүмкiн емес.

Болат ШАЙМАНҰЛЫ