МӘДЕНИЕТТЕР ҮНДЕСТIГIНIҢ МYМКIНДIГI МОЛ
МӘДЕНИЕТТЕР ҮНДЕСТIГIНIҢ МYМКIНДIГI МОЛ
Өткен жұма күнi Алматыдағы "Қазақстан" қонақүйiнде "Мәдениеттердiң үндесуi арқылы бейбiтшiлiк пен келiсiмге" тақырыбындағы этномәдени бiрлестiктердiң халықаралық форумы өттi. Форумға Мәдениет министрi Мұхтар Құл-Мұхаммед мырза модераторлық еттi.
Халықаралық форумның қонақтары Парламент депутаттары, Франция, Түркия, Ресей сияқты алыс-жақын шет мемлекеттерден келген өкiлдер, Қазақстан халқы ассамблеясының мүшелерi, қоғам қайраткерлерi мен ғалымдар, жазушылар мен сарапшылар, этно-мәдени бiрлестiктердiң жетекшiлерi бас қосты.
Халықтар арасындағы бейбiтшiлiк пен дiнаралық келiсiмнiң сақталуы жолында мәдениеттердiң үндесуiн арттырудың жолдарын iздестiру оңай емес. Қазақ халқы мұндайда "Төртеу түгел болса, төбедегi келедi, алтау ала болса, ауыздағы кетедi" дейдi.
Бiрлiгi бүтiн елдiң, тiрлiгi бүтiн болатыны әлiмсақтан берi белгiлi. Бұл форумның да мақсаты осында. Келелi жиынды ашқан Мәдениет министрi Мұхтар Құл-Мұхаммед мырза: "Қазақстан тәуелсiздiк алғаннан кейiнгi кезеңде Елбасымыз Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаевтың бастамасымен Қазақстанда тұратын барлық ұлт пен ұлыстың татулығына, дiндер мен мәдениеттер аралығындағы өзара түсiнiстiкке, Қазақстандағы барлық қоғамдық бiрлестiктер мен мемлекеттiк емес ұйымдар арасындағы қоғамдық келiсiмге негiзделген саясат жүргiзiлдi, – деп бастады әңгiмесiн. – Мiне, осының бiр көрiнiсi болар, Қазақстан биылғы жылдан бастап, Еуропадағы қауiпсiздiк пен ынтымақтастық ұйымына төрағалық ете бастады. Келесi жылы Ислам конференциясы ұйымына төрағалық жүргiзетiн болады. Мұны бiр сөзбен айтқанда, Батыс пен шығыстың арасындағы диалогқа, түсiнiстiкке, танымға негiзделген үлкен сарабдал саясат деп түсiну керек", – дедi.
Форумға қатысқан Францияның Страсбург университетiнiң профессоры, Еуропа қауiпсiздiгiн зерттеу жөнiндегi орталығының директоры Ив Жанко мырза да өз кезегiнде ұлттық азшылық және бiркелкiлiк мәселелерi бойынша, Еуропа елдерiнiң тәжiрибесiмен бөлiстi.
Әсiресе, Ресейден келген қонағымыз Ресей халықтары ассамблеясы кеңесi төрағасының орынбасары Ондар Чмит-доржу Баиров мырзаның әңгiмесi әсерлiрек болды. Ондар Чмит-доржу мырза: "Бұдан 65 жыл бұрын Ұлы жеңiске қалайша жеттiк десек, ол – халықтар арасындағы бiрлiк пен татулықтың жемiсi. Осы достығымызды қадiрлеп, арттыру – бүгiнгi ұрпақтың қасиеттi парызы. Авардың ұлы ақыны Расул Ғамзатовтың "Өткендi тапаншамен атсаң, болашақ сенi зеңбiрекпен атады" деген қанатты сөзi бар екен. Қай елдiң өкiлiмен дос болғың келсе, сол елдiң тiлiн үйрен деген. Тiл – жүрекке жетудiң ең төте жолы. Сондықтан Қазақстанда тұрады екенсiң, қаласаң да, қаламасаң да, сол елдiң тiлiн үйрену, сол тiлде сөйлеу – осында тұратын кез келген ұлт өкiлiнiң парызы", — дедi.
Бұдан өзге форумда Парламент Мәжiлiсiнiң депутаты Людмила Хочиева, Татарстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары Сағит Жақсыбеков, Қырғызстаннан келген өкiл Жолдошбек Сыдықов, Қазақстанның “Ел бiрлiгi” доктринасына ұсыныстарды жинақтау және пысықтау жөнiндегi қоғамдық комиссиясының хатшысы Нұр-Ахмет Досмұхамет, ұйғыр республикалық мәдени орталығының төрағасы Ахметжан Шардинов, А.Сәрсенбаев атындағы қордың төрағасы Айдос Сарым мырзалар баяндама жасады. Баяндамалардың көбi Қазақстан халқын бiрiктiрудегi этномәдени бiрлестiктердiң рөлi мен орнына, ел бiрлiгiне, ынтымақтастық төңiрегiне арналды. Өзге мемлекеттерден келген қонақтар өз елдерiнiң тәжiрибесiнен сыр шерттi.
Форум соңында қонақтар Орталық мемлекеттiк мұражайды көрiп, соңынан ұлттық мәдени орталықтардың концертiн тамашалады.
Аталмыш жиыннан кейiн А.Сәрсенбаев атындағы қордың төрағасы, саясаттанушы Айдос Сарымға бiрер сауал тастаған едiк.
– Бүгiнгi жиын туралы не айтар едiңiз?
– Бүгiнгiдей жиындардың қажеттiгi анық нәрсе. Жалпы алғанда, этносаралық және дiнаралық қарым-қатынастар мәселесi кез келген елдiң билiгi мен элитасын алаңдататын кешендi сұрақ. Ол мәселелерге тұрақты түрде назар аударып, мониторинг жүргiзу қажет. Әрине, Құдайға шүкiр, бiздегi жағдай кейбiр көршi елдермен салыстырғанда тәубе дерлiк. Елiмiздегi ұлт пен ұлыстардың арасындағы тыныштық пен түсiнiстiктi сақтау үшiн бiраз еңбек жасалды, нәтижелерi де жоқ емес. Алайда бүгiнгi жағдай мен бүгiнгi жетiстiктер мәңгi бақи орнады деп тоқмейiлсуге, өзiмiздi-өзiмiз сөзбен семiртуге ешқандай да себеп бола алмайды. Осы салалардағы күрделi мәселелердiң бар екендiгi кез келген маман, сарапшы үшiн жұмбақ емес. Елiмiздiң ұзақ мерзiмдi тұрақтылығын, тұтастығын, тыныштығын ойлайтын болсақ, бiздер олардың алдын алуымыз керек. Оның алғашқы қадамы – осындай жиындардағы шыншыл, бүкпесiз ашық әңгiме, саяси талқылар.
– Қазақстанның “Ел бiрлiгi” доктринасы халықты бiрiктiрудiң негiзгi факторы болып саналатындықтан, оның негiзгi шарттары қандай болуы керек деп ойлайсыз?
– Жақында Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң отырысында осы Доктринаны орындау мақсатындағы тиiстi iс-шаралар жоспары бекiтiлдi. Онда әрбiр мемлекеттiк орган мен әкiмдiктiң мақсат-мiндеттерi айқындалды, жазылды. Доктрина 2020 жылға дейiнгi елiмiздiң даму стратегиясының құрамдас бөлiгi болып табылатындықтан, осындай жоспарлар жыл сайын жасақталып отырады деп күтiлуде. Ал оны iске асырудың нақты шараларына келетiн болсақ, пайымдауымша, осыған дейiн қалыптасқан саясаттың мақсат-мiндеттерiн, теориялық және әдiстемелiк жақтарын қайта қарап, оларды бүгiнгi күнге сай етуден бастау қажет секiлдi. Бұл үлкен талдау жұмысын талап етедi. Көптеген жағдайды қайтадан ой елегiнен өткiзiп, көптеген үдерiстерге тиiстi бағасы берiлуi керек. Бар саясат, бар жiгерiмiз бiр мүддеге, яғни мемлекеттiк тәуелсiздiгiмiздi одан әрi нығайтуға, ел бiрлiгi мен тұтастығын қамтамасыз етуге негiзделуi тиiс. Бұл тек саясатқа ғана емес, қоғамдық өмiрдiң барлық салаларына қатысты қағида. Сонымен қатар мемлекеттiң ақпараттық, мәдени, бiлiм беру салаларында тың өзгерiстер көптен берi күтiлуде. Саясат насихаттан гөрi күнделiктi нақты шешiмдерге, нақты қадамдарға зәру. Айналамызға, төңiрегiмiзге көз тастап, досымыз бен қасымызды дұрыс айыра бiлейiк. Көршi державалардың ақпараттық, мәдени, экономикалық және т.б. экспансиялық саясатына қарсы тұрарлықтай жұмыс iстеп, олардан келетiн қауiп-қатерлердi аңғара бiлейiк. Бұның барлығы бүкiл мiндеттi билiктiң мойнына iлiп қою деген сөз емес. Менiң ойымша, бүгiнгi күнi қазақ қауымы өзiнiң мемлекет алдындағы, елдегi болып жатқан барлық үдерiстер мен өзгерiстерге жауапты екенiн терең түсiнуi, түйсiнуi мiндет. Бiз жиырма жылда елдегi этностық азшылықтан – көпшiлiкке, мемлекетқұрушы ұлтқа, ұлт дiңгегiне айналдық! Бұл өте үлкен мiндеттердi жүктейтiн миссия. Бiздiң ойлау қабiлетiмiздiң, менталитетiмiздiң, дүниетанымымыздың осыған сай өзгергенi абзал. Өзiмiздi өзiмiз кемсiтiп, жерлей бергеннен пайда шамалы. Жаңа мiндеттерге сай бiр-бiрiмiздi шыңдап, қайрай түсуiмiз керек. Ойымызда, көкейiмiзде жүрген мәселелердi айқындап, оларды өзге этностар мен диаcпора өкiлдерiне байыппен жеткiзейiк. Қажет болса, кез келген деңгейдегi әңгiмеге, пiкiрталастарға, талқыларға дайын болайық. Сонда ғана ұлтымыз бен мемлекетiмiздiң ұпайы түгел болмақ.
Гүлзина Бектасова