Жаңалықтар

ИНВЕСТОРЛАРДЫҢ ЖҮГI ЖЕҢIЛДЕМЕК

ашық дереккөзі

ИНВЕСТОРЛАРДЫҢ ЖҮГI ЖЕҢIЛДЕМЕК

Астанада өткiзiлген "Астана-Инвест-2010" I Халықаралық инвестициялық форумы елiмiзге тартылатын шетелдiк инвестициялар ағынының артуына сеп болмақ.

2010 жылдың 4-маусымында ҚР Президентi Н.Назарбаевтың төрағалығымен ұйымдастырылған Шетелдiк инвесторлар кеңесiнiң отырысы Астанадағы "Астана-Инвест-2010" I Халықаралық инвестициялық форумына ұласты. Еуропа, АҚШ, ТМД, Оңтүстiк-Шығыс Азия, Парсы шығанағы мен басқа да елдердiң 700-ге жуық өкiлi қатысқан форумда ҚР Премьерi К.Мәсiмов елiмiзге тартылатын инвестиция көлемi көңiлден шығатынын және келешекте де инвесторлар саны мен олардың қаражаты арта түсетiндiгiне үмiт мол екендiгiн жеткiздi. Министрлер Кабинетiнiң жетекшiсi келтiрген деректерге сүйенсек, Қазақстанның 2010-2014 жылдарға арналған индустриалдандыру картасының шеңберiнде бiрқатар инвестициялық жобаларды жүзеге асыру көзделiп отыр. ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрiнiң орынбасары Әсет Исекешевтiң мәлiмдеуiнше, жалпы құны 6,7 трлн. теңгеге бағаланған 101 жоба iрiктелiп алынған. Ал аймақтарға келсек, 491 млрд. теңгенi қажет ететiн 136 жоба қамтылған. Осы орайда, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру шараларын қадағалап отыру мақсатында, Қазақстанның индустриалдық-инновациялық дамуына ықпал ететiн Республикалық басқару орталығы құрылыпты. Биыл Респбуликалық басқару орталығы шеңберiнде аймақтарға тиесiлi 102 жобаның 42-сiн iске асырылу мақсат етiлген. Инвесторлардың қаражатын тартуда және оларға қолайлы жағдай жасауда Астана елiмiздiң өзге қалаларына үлгi болуы керектiгiн көлденең тартқан Премьер-министр Елорда аумағында жоғары технологиялық өндiрiстердiң бой көтере бастағанын айтты. Астана әкiмi И.Тасмағамбетов елiмiзде бой көтерiп жатқан құрылыстық-монтаждық жұмыстардың 40 пайызы Елордаға тиесiлi екенiн және астаналық құрылысқа үлес қосуға талпынған инвесторларға мемлекет тарапынан бiрқатар жеңiлдiктер қарастырылатынын жеткiздi. Бұл шетелдiк қалталылардың ғана емес, халықаралық ғылыми ортаның да қалыптасуына ықпал етуi мүмкiн. Сондай-ақ, "Астана – жаңа қала" деп аталатын экономикалық аймақ шеңберiнде көлемi 6 мың гектарға созылатын және жалпы құны 977 млрд. теңгеге бағаланған 256 нысанды қамтитын жаңа әкiмшiлiк-iскерлiк орталық пен индустриалдық бақ салынбақ.

ҚР Экономикалық даму және сауда министрiнiң орынбасары Қуандық Бишiмбаевтың мәлiмдеуiнше, ғылыми-зерттеу және тәжiрибелiк-конструкторлық жұмыстарды енгiзуге арналған жобаларды жүзеге асыруда салынатын корпоративтiк табыс салығының көлемi жалпы шығынның 150 пайызына дейiн қысқартылады. Сонымен қатар корпоративтiк кiрiс салығы 30 пайыздан 20 пайызға дейiн азайтылып, негiзгi құнға салынатын салық 13 пайыздан 12 пайызға дейiн, жеке тұлғалардан түсетiн кiрiс салығы 10 пайыз көлемiнде болмақшы. Бұл Кедендiк одаққа мүше емес елдердiң азаматтарына қатысты көрсеткiш.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ