IЛЕСПЕ ГАЗ IСКЕ ЖАРАТЫЛМАЙ ЖҮР
IЛЕСПЕ ГАЗ IСКЕ ЖАРАТЫЛМАЙ ЖҮР
Былтыр 1,7 миллион текше метр газ жанды
Мұнаймен қоса шығатын iлеспе газ қандай мақсатта пайдаланылып келедi? Осы күнге дейiн елiмiзде қанша текше метр мұнай өндiрiлсе, соншалықты iлеспе газ ауада жанып отырды. Бiрақ, 90-жылдары қабылданған "атиптiк" контрактiлердiң кесiрiнен шетелдiк инвесторлар газды ысырап қылды десек те болады. Қазақстандағы табиғи газ әлi де тартылмаған өлкелерге айтарлықтай пайдасын тигiзер едi.
"Маған және менiң әрiптестерiме халықпен жүздескен кезде, алаулаған факельдерде үздiксiз миллиондаған текше iлеспе газ бекерге жанып, тиiсiнше миллиардтаған теңге босқа далаға кетiп жатқанда, неге адамдардың өз баспаналарын көмiрмен, болмаса көшпелiлердiң дәстүрлi отынымен жылытуға болатындығын түсiндiру өте қиын" дедi, депутат Едiлбай Иманқұлов Үкiмет сағатында. Бұл мәселе бұрын-соңды ескерiлiп жүрсе де, ешкiмнiң есiне кiрер емес. Өткен жылы 1,7 миллион текше метр газ текке жанып кеткен. Расында, алғашқы келiссөздер бойынша iлеспе газға шектеу қойылған жоқ, яғни инвестор газды қалай пайдаланам десе де өз ырқына қоя бердi. Бұл мәлiметтi Мұнай және газ министрлiгi де растап отыр. "Негiзгi контрактiлер мұнайға ғана арналған. Тиiсiнше газ деген шартта мүлде көрiнiс таппады, ол негiзiнен жағылуы және қоршаған ортаға зиян келтiру проблемалары тұрғысынан көбiрек қарастырылды. Үлкен төлемдер төлеу қажет едi. Сондықтан "Жер астынан минералды ресурсқа қатысты не шықса, соның барлығы жер қойнауын пайдаланушының еншiсi" деп бекiттi мемлекет" дедi Мұнай және газ министрлiгiнiң жауапты хатшысы Қ.Сафинов. Бiрақ iлеспе газға нарықта сұраныс көп, бағасы да көтерiңкi. Ендеше оның босқа жануын тоқтатып, игiлiктi iстер үшiн пайдаланған абзал. Себебi, республика территориясындағы пайдалы қазбалар қазына меншiгi, халықтың игiлiгiне жаратылуы тиiс. Сондықтан Президент Н.Назарбаев мұнайлық iлеспе газды "Ұлттық меншiкке алу туралы" тапсырма бердi. "Iлеспе газ — Қазақстанның меншiгi, министрлiктердiң мақсаты — осыған қол жеткiзу", — "Қандай бiр келiсiмшарттарында да, өзара өнiм бөлiсу туралы келiсiмдерде де, еш жерде iлеспе газ туралы айтылмаған. Кейбiр елдер оған қол жеткiзген көрiнедi, бiз де осындай жұмыстарды жүргiзуiмiз қажет" — деп, қатаң тапсырды президент.
Елiмiзде арнайы газ өндiруге арналған кен орындары жоқ. Мұнай кенiштерiнде бiрге өндiрiледi. Бұл салада Өзбекстан алда келедi. Қолда бар көгiлдiр отынды ауаға жағып тастап, көршi өзбек елiнен қымбатқа алып отырған жайымыз бар. Дегенмен шетелдiк инвесторларға, жалпы мұнай өндiрушiлерге газды керi айдауы керектiгi туралы ескертiлген. Бiрақ, бұл ескертудi қаперге алып жатқан олар жоқ. Осыдан бiршама уақыт бұрын Маңғыстау облысында кен өндiрумен айналысатын "Бозашы оперейтинг ЛТД" компаниясы тиiстi орындардың рұқсатынсыз бiр жарым ай бойы ауаға iлеспе газ жаққаны үшiн жауапқа тартылды. Осы мерзiм аралығында компания қоршаған ортаға 10 миллион текше метр газ бөлiп, залал келтiрген. Тексеру барысында анықталғандай, iлеспе газды заңсыз өртегенi үшiн мұнай компаниясы елiмiздiң Әкiмшiлiк құқық бұзушылық кодексiнiң 243-бабы бойынша жазаға тартылды. "Табиғатқа қатысты заңсыз әрекеттер бұдан былай да қатаң бақылауда болады", — дейдi прокурорлар. Бұл жалғыз мысал емес, Каспий теңiзi қайраңының қазақстандық бөлiгiнде орналасқан Шығыс Қашаған кенiшiнде бұрғылау жұмысын жүргiзiп жатқан Аджип ККО компаниясы А-01 ұңғысын сынақтан өткiзу барысында табиғатты қорғау заңнамасын өрескел бұзуға жол бердi. Геология және жер қойнауын пайдалану аймақтық инспекциясына Аджип ККО компаниясы берген мәлiметтерге сүйенсек, алау құрылғысы арқылы 269 752 текше метр түрлi iлеспе газ бен 609 текшеметр мұнай өртелген Мұнайдың iлеспе газын утилизациялау, яки залалсыздандыру мақсатында арнайы мемлекеттiк бағдарлама да жасақталған болатын. Бiрақ, кен игерушi кәсiпорындар аталған бағдарламаға бейжай қарайды. Мәселен, Маңғыстау облысын алатын болсақ, әзiрге бағдарламаны жүзеге асыра бастаған компаниялар саусақпен санарлық ғана. Алайда, өңiрде барланған мұнайдың мол қоры барынша қарқынды игерiлiп жатыр. Демек, өндiрiс барысында мұнайдың iлеспе газы да мейлiнше кеңiнен игерiлмек.
2006 жылы 27 миллиард iлеспе газ алынса, 2009 жылға қарай 36 миллиард текше метрге жеткен. Елiмiздегi мұнай және газ қоры Ақтөбе, Батыс Қазақстан Маңғыстау және Атырау облыстарында шоғырланған. Ал, iлеспе газдың 34 пайызы – Қашаған кен орнынан, 23 пайызы – Қарашығанақтан, 17 пайызы – Теңiз кенiшiнен шығады.
Ақниет ОСПАНБАЙ