Жаңалықтар

"САҚТЫҢ" "МҰҢЛЫҚ-ЗАРЛЫҒЫ"

ашық дереккөзі

"САҚТЫҢ" "МҰҢЛЫҚ-ЗАРЛЫҒЫ"

Балалардың мерекесiне арналған базарлық 

Қазақтың баласы "Шрек", "Өрмекшi бала", Уолт-Диснейдiң өзге де өнiмдерiмен алданып жүр. Оған Наруто мен Спанчбобты қосыңыз. Әлемдiк кереметтi көрген де көрермен үшiн абзал шығар. Бiрақ, “кiшкентай сәбидiң санасында әлемдiк кейiпкерлердiң ғана бейнесi батырлықтың символындай болып қалыптасып жатыр-ау”, деген қорқыныш басым. Мәселе осында…

Қазақ мультфильмi туралы айтқанда, үнемi еске 60-70— жылдары дүниеге келген бiрлi-екiлi анимациялық фильмдер ғана оралады. "Қарлығаштың құйрығы неге айыр?" туындысын көрмеген бала кемде-кем шығар. Одан кейiн еске түсетiнi — "Қаңбақ шал". Сосын "Құйыршықты" ойға аламыз. Саусақпен санарлықтай ғана дүниелер бар екен. Осының бәрiн ойлағанда, "қазақтың режиссерлерi қазақ мультфильмiн қалыптастыруға құдiретi жетпей ме, әлде, мәселенiң бәрi қаржыға келiп тiреле ме екен?" деген сансыз сауал көкейге келiп тiреледi. Рас, көркем фильмдерге қарағанда, анимацияның жолы да ауыр, жөнi де бөлек. Сансыз суреттерге жан бiтiру арқылы мультфильм түсiру қиынның қиыны. Бiрақ, бүгiнгiдей өркениеттi заманда, яғни компьютерленген қоғамда жансыз суреттерге тiл бiтiру аса қиынға түспеуi де керек. Қиын болмағандықтан шығар, Голливуд жылына сансыз анимациялық фильмдер түсiрiп, әлемдi жаулап жатқаны. Қазақ баласы ғана емес, әлемнiң өзге ұлттарының балалары да Голливудтың кейiпкерлерiн жатқа бiледi. Әлемдiк көшке iлеспеу мүмкiн емес. Күн сайын зырылдап жатқан өндiрiстен балаларды тыс қалдыруға тағы болмайды. Сәби-сана жақсысын алып, жаманынан жиренетiн үлкендердiкiндей емес. Олар бәрiн де қабылдай алады. Демек, теледидардан "ненi көрсе, соны iледi". Сондықтан, Наруто мен Спанчбобтан сәбидiң санасын азат етудiң ең үлкен құралы — ұлттық анимациялық фильм жасап шығару. Ол үшiн аниматорларымыз бен жекеменшiк студияларымызға үлкен еңбек қажет. Қазақта мифологиялық кейiпкерлер өте көп. Батырларымыз бен алыптарымыз да қаншама. Ең бастысы, сәби санасына лайықты ұлттық батырлардан кейiпкер тудыру. Мәселен, "Тау көтерген Толағайды" немесе Алпамыс пен Қобыландыны бала бiткен көрмейдi деп айтып көрiңiз. Әйтпесе, Алдаркөсе, Қожанасыр, Тазша бала, хан мен уәзiр, одан бөлек, қиял-ғажайып ертегiлердiң кейiпкерлерi анимациялық фильмдерiмiзге дайын тұрған өнiм емес деп тағы айта алмайсыз. Ең бастысы, жақсы дүниенi көре бiлу және оны жарыққа шығару. Ал, "Сақ" жекеменшiк киностудиясы түсiрген "Мұңлық-Зарлық" қазақы кейiпкерлерiмiздiң бастамасы ғана. Белгiлi жазушы Дулат Исабековтiң "Мұңлық-Зарлық" пьесасының желiсiнде түсiрiлген мультфильм бар-жоғы жиырма минут ғана. "Мұңлық-зарлық" мультфильмiнiң тұсаукесерiн "Заңғар" шығармашылық бiрлестiгi ұйымдастырыпты. Өткен аптаның жұмасында Алматыдағы "Искра" кинотеатрында "Мұңлық-Зарлықтың" көрсетiлiмi болды. "Жақсыны көрмек үшiн" демей ме, "Мұңлық-Зарлықты" көруге тiлшi қауым да асыққан екен. Одан бөлек, мультфильмнiң көрсетiлiмiне қаладағы "Жанұя" мен "Үмiттiң" бүлдiршiндерi жиналыпты. Былдырлаған сәбиден төрт-бес жастағы бүлдiршiнге дейiн осында. Бәрi елегiзiп, үлкен экраннан бiрнәрсенi күтедi. Жанымдағы шүпiрлеген сәбилердiң қылығына қарап, үлкен экраннан мен де бiр жақсы жаңалық күттiм. Үлкендердiң қабылдауы бiр басқа да, сәби-сананың қабылдауы бiр басқа ғой. "Қалай болды екен?" деген iшкi күдiгiм басым болса да, жанымдағы сәбидiң "Мұңлық-Зарлықтан" жағымды әсер қабылдағанын тiледiм бiр ауық. Әнi-мiне дегенше, "Мұңлық-Зарлық" басталып та кеттi. Қыбыр-сыбыр да, сәбилердiң дауысы да сап тыйылған. Бәрiнiң жанары үлкен экранда. Әне, Шаншар ханның қос уәзiрiмен бiрге құлдилай шапқан атының шабысы да естiлдi. Алдарындағы ортекенi ызғыта қуып келедi. Садақшылардың жебесiнен қорғанып, қашып келе жатқан ортеке бiр сәтте, тау-тастың арасындағы қалқанға барып тiрелiп қалды. Ары қашуға еш мүмкiндiк жоқ. Қорғансыз жануар жанұшыра жанын қорғайтын шығар деген ой келген. Бiрақ, iлкi сәтте Ортеке қасқая тұрған қалпы, садақшылардың жебесiне қарай қатып қалды. Жанарындағы мөлдiреген сұлулықты режиссер әдемi көрсете бiлген. Шаншар ханның қос уәзiрiне қояр бiр-ақ бұйрығы бар. Бұйрық болғанда да қаһарлы бұйрық. "Ортеке кiмде-кiмнiң басынан аттап кетер болса, басы алынады". Мына ғажайыпты қараңыз. Әлгi бұйрық айтылып бiтпей жатып-ақ, Ортеке Шаншар ханның төбесiнен бiр-ақ аттасын. Хан бұйрығы екi айтылмайды. Ендi не болмақ?! Бәрiмiз үнсiзбiз. Хан одан әрi, Ортекенi қуа жөнелдi. Өз басынан аттаған жануардың жазасын өзi бермек. Құйындатып шауып келе жатқан ханның атының сүрiнiп кетпесi бар ма? Омақаса құлаған ханның есiн жинаған сәтте алғаш көретiнi — Ханшайымның бейнесi. Бойжеткеннiң сұлу жанарындағы тұнықтықты көрдi әуелi хан. "Ортеке қайда кеттi?". Ханшайымға қойған ханның алғашқы сауалы осы болды. Оқиға әрi қарай, ханның Ханшайымға үйленуiне ұласты. Алпыс әйелi болса да, бiр перзентке зар болып жүрген Шаншар ханның арманы орындалар күнде алыс емес. Ханшайымның айы-күнi жетiп отыр. Ұзақ жылдар бойы аңсаған перзентi әнi-мiне дүниеге келмек. Перзент болғанда жалғыз емес. Егiз бала: бiр ұл, бiр қыз. Ұлы мен қызының аты да дайын. Мұңлық пен Зарлық. Жақсылықпен үнемi зұлымдықтың да бiрге жүретiнi белгiлi. "Жалғыз әйелдiң айласы алпыс атанға жүк" демей ме, алпыс әйелдiң күншiлдiгi қойсын ба? Ханшайымның дүниеге әкелген егiз баласы әп-сәтте екi күшiкке айналып жүре бердi. Алпыс әйел өлiмге қиса да, мыстан қос бүлдiршiндi өлiмге қия алмады. Себетке салған бүлдiршiндердi өлтiрмей, аман-сау күйiнде дарияға лақтырды. Көрер жарығы бар балаларды баяғы Ортеке бауырына басты. Аналық сүтiн бердi. Ханшайым болса, ханның жарлығымен қос күшiгiн алып, елден бездi. Оқиғаның соңы, Шаншар ханның балаларымен қауышуымен аяқталады. Қартайған шағында, он алты жылдан соң, хан Мұңлығы мен Зарлығына табысады. Жоғалтқан Ханшайымын табады. Ертегiнiң бәрi жақсылықтың жеңуiмен аяқталатыны белгiлi. Осылайша, Мұңлық пен Зарлық та ата-анасымен табысып, бақытты ғұмыр кешедi. Қиял-ғажайып аңызға негiзделген мультфильм десек те, осы бiр анимацияда мыстанның алатын орны бөлек. Мыстан дүниеге зұлым болып келген жоқ. Мыстанды мыстан, залым еткен адамдардың айлакерлiгi, зұлымдығы. "Мұңлық-Зарлықта" көрермен осыған куә болады. Мультфильм аяқталды. Балалардың жүзiне қарадым бiр сәт. Бәрiнiң де түрiнде риза кейiп байқалады. Демек, қазақ мультфильмдерi, қазақтың мифологиялық кейiпкерлерi қазақ баласының санасына анимациялық тұрғыда әсер ете алады. Әрi бала санасы жақсы дүниенi қабылдай алады деген сөз. Хан ордасы, аттың тұяғының дүрсiлi, ортекенiң бейнесi, хан мен ханшайым, Мұңлық пен Зарлық бала санасында ұзақ жатталатын болады. "Мұңлық-Зарлық" көрермен көңiлiнен шықса, режиссер мен продюсер көздеген мақсатына жеттi деген сөз. Ал, сценарий авторы жазушы Дулат Исабековтiң пiкiрiне сүйенсек, сценарийде бiраз дүниелердiң қалып қойғанын айтады. "Бiр жарым сағаттық дүниенiң бәрiн түсiру оңай емес шығар. Дегенмен, бес-алты минуттық дүниенi қайта қосса, "Мұңлық-Зарлық" бұдан да мықтырақ болар едi" дегендi айтады жазушы. Жиырма минуттық дүние де әзiрге осал емес сияқты. Тек, ендiгi жерде режиссер Батырхан Дәуренбеков пен "Сақ" киностудиясының директоры Нұриддин Паттеевке дыбыс жазу жағын қайта бiр реттеу қажет сияқты. Мультфильмнiң дыбысы тым күңгiрт, дабыр-дұбыр болып кеткен. Көп сөздерi анық естiлмейдi. Сапалы дыбыс жазу студияларында қайта жазылса, мультфильмнiң деңгейi бұдан да жоғары болар едi деген ой келдi бiзге… Әрине, ең бастысы, "Мұңлық-Зарлықты" балалардың жылы қабылдауы. Бүлдiршiндердiң жүзiндегi риясыз күлкiнi көргенде, балаларға "Мұңлық-Зарлық" жаман әсер қалдырмағанын байқайсың. Бала санасына лайықты жақсы дүниенi жасау — қолымыздан келетiн сияқты. Бiрлi-жарым дүниемен шектелiп ғана қоймай, қазақ анимациясын өркендету қажет. Әрi оны дамытудың да кезi жеттi. Ұлттық кино ғана емес, ұлттық анимациялық фильмдердi де көптеп түсiрсек, қазақ мультфильмi көркейетiн болады.

Гүлзина Бектасова