ШОҚАННЫҢ МҰРАСЫ ҚАЗАҚША СӨЙЛЕЙ БАСТАДЫ
ШОҚАННЫҢ МҰРАСЫ ҚАЗАҚША СӨЙЛЕЙ БАСТАДЫ
Шоқан Уәлихановтың алты томдық шығармалар жинағының алғашқы үш томы жарық көрдi. Бұл Шоқан мұрасының қазақ тiлiнде тұңғыш басылуы. Кәсiби аудармашылар тобы көптомдықты жарты жылдың iшiнде аударып шыққан.
Алғаш Шоқан Уәлихановтың шығармалар жинағын жинау 1981 жылы қолға алынған екен. Уәлиханов мұрасын елiне жеткiзуге академик Әлкей Марғұлан көп күш жұмсаған. 11 жылдық қажырлы еңбек пен терең iзденiстiң арқасында осыған дейiн ғалымның шығармалар жинағының 5 томы басылып шыққан.
Аталмыш еңбек көрнектi ғалымның 150 жылдығына орайластырып, жинақталған екен. Араға жиырма бес жыл салып, Шоқан мұрасы қайта жинақталып отыр. Бұл жолы, Шоқан мұрасы қазақшаланды. Осыдан 3 жыл бұрын Мәдени саясат және өнертану институтының директоры Ерлан Саиров пен бiр топ шоқантанушы ғалымдардың бастамасымен Шоқанның толық шығармалар жинағын қазақшаға аудару жұмыстарын қолға алады. Ғалымдар үш жыл бойы орыс тiлiндегi шығармаларды қазақ тiлiне сапалы аударып, еңбектi түгендеуге атсалысқан.
«Шоқан Уәлиханов туындыларын жазған кезде бiреу үшiн емес, өзi үшiн жазыпты. Көптеген сөздердi қысқартып немесе бiрiншi әрпiн ғана жазып отырыпты. Оның жазған дүниелерiнiң бәрiн оқу мүмкiн емес. Оны бiлу үшiн Әлекеңдей тұлға болу керек» дейдi белгiлi ғалым Болат Көмеков.
Қазақтың этногроф ғалымының жазған дүниелерiн Әлкей Марғұланнан өзге үш ғылыми қызметкер ғана оқи алған екен. «Ғалым еңбегiн зерттеудiң күрделi тұсы да осы», – дейдi ғалым Болат Көмеков. Биыл қараша айында ұлы ғалымның туғанына — 175 жыл толады. 3 мың данамен басылған үш томдық «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында жарық көрiп отыр. Шоқан Уәлихановтың шығармалар жинағын қазақ тiлiне аударуға шығармашылық ұжым үш жылын сарп етiптi. Кiтаптың редакциялық құрамында белгiлi ғалымдар мен мәдениет қайраткерлерi бар.
“Түпнұсқаның барлық элементтерi сақталды. Өйткенi, ғылыми айналымда түпнұсқаға ешқандай өзгертулер жасауға болмайды. Бұл жерде жаңағы түсiнiктемелер мен ескертпелерге бiраз өзгерiстер енгiзiлдi. Өйткенi, 85 жылғы Қазақстандағы саяси жағдай бөлек болатын”, – дейдi саясаттанушы Ерлан Саиров мырза.
Бiз Шоқанға тереңдеп бардық деп әлi де айта алмаймыз. Олай деуiмiздiң өзiндiк себебi де бар. Өйткенi, 6 томдық шығармаларының өзi қазақ тiлiне ендi-ендi ғана аударылып жатыр. Шоқанның қолтаңбасын танудың өзi қиын болған екен. Оны жалықпай зерттеген ғалым Әлкей Марғұлан ғана. Қазақ халқы Шоқан мұрасының зерттелiп, жинақталғаны үшiн Әлкей Марғұланға көбiрек қарыздар деп айтуымызға болады. Әзiрге, алты томдық Шоқан мұрасы жинақталуының бiр кезеңi ғана. Шоқан мұрасын зерттеушiлер «әзiрге бұл шаруаның басы ғана» дегендi айтып отыр. Яғни, Шоқантану процесi ендi ғана шындап басталғандай.
Гүлзина Бектасова