АНАЛАР ШЕККЕН ҚАСIРЕТ
АНАЛАР ШЕККЕН ҚАСIРЕТ
Қазақ әйелдерiнiң саяси қуғын-сүргiнге ұшырауы
Төл тарихымызға үңiлгенде қуаныштан гөрi қайғы-қасiретке белшесiнен батқан тұлғалар тағдырына көп кезiгемiз. Қазақ ұлт болып қалыптасқаннан берi елдiктi ту етiп, келер ұрпақтың қор болмауын көксеп, Отан үшiн сан мәрте отқа түстi десек те артық айтпаған болар едiк. Қаймағы бұзылмаған елдiк сана Кенесары сынды бiртуар ұлдардың ұлтқа қызмет етуiне сеп болды. Айғаным сынды аналар Шоқандай ұлды тәрбиелеп, ұлтқа өлшеусiз қызмет еттi.
Түйiндеп айтсақ, отаршылдықтың тамыры тереңге жайылып, қазақтың мiнезiне оқыс қылықтар енгенге дейiн ұлт болмысының мәнiдiлiгi де, сәндiлiгi де өз биiгiнде болған-ды. Әрине, бұл өз алдына жеке зерделенетiн тақырып. Дiлдi (менталитет) де, дiндi де өмiр сүрудiң құралына айналдыру арқылы өз мақсатына жетудi дiттеген жат ниеттi саясаттың халықтың басына қара бұлт үйiрген қасiретi мол. Оның ызғары әлi күнге дейiн сезiлуде. Төтесiнен айтсақ, парақорлық, жемқорлық секiлдi өз-өзiн жеген тексiздiң келбетiнен туындайтын қылықтар "қызылдардан" қалған iз. Әлихан Бөкейхановтың парақор адамды үңгiрде жатып өз аяғын өзi сорған аюға теңегендiгiн көзiқарақты оқырман жақсы бiледi. Тiптi, большевиктер билiгiнiң көпке кететiндiгiн, кеткенiнше талайды былғап кететiндiгiн де данышпан Алаш зиялылары өз уақытында айтып кеткен-дi.
1920-1950 жылдардағы саяси қуғын-сүргiннiң адам айтып жеткiзе алмас қасiретi санамызға өшпестей жара салды. Зерттеушi Ср. А. Хайек тоталитарлық қоғамда билiк басына қабiлетсiз тұлғалардың келетiндiгiн және тоталитарлық мемлекеттiң азаматтары идеалға шын берiлгендiктен тексiздiкке сай iс-әрекеттердi жасайтындығын жазып едi.
Саяси-қуғын сүргiнге ер-азаматтармен қатар әйелдер де, балалар да iлiктi. Жоғарыдан қарқынды деңгейде жүргiзiлген репрессиялық шаралар қоғам өмiрiнiң барлық саласын қамтығандықтан, сол зобалаңнан бiрде-бiр елдi-мекен, бiрде-бiр отбасы аман қалмағандығы жұртшылыққа жақсы таныс. Кеңестiк саясат ұлтжанды азаматтарды, тiптi қарапайым адамдарды да "халық жауы" ретiнде ату жазасына кесiп немесе еңбекпен түзету лагерлерiне айдағанда, олардың отбасы мүшелерi, туған-туыс, көршi, таныстарына дейiн қудалауға ұшыратты. Жазығы жоқ, өмiрдiң қатыгездiгiнен бейхабар сәбилер "ата-анасы үшiн" Iшкi Iстер Халық Комиссариаты (НКВД) жетiмектерiне айналып, "Кеңес өкiметiнiң балалары" ретiнде "қайта тәрбиелендi". Осылайша ұлттың тұтастығы мен елдiң бiрлiгiне сызат түсiп, ұлттың ерiк-жiгерi әлсiредi. Отбасы институтын бүлдiру саясатының түпкi мақсаты да осы едi. Нәтижесiнде, бұрын-соңды болып көрмеген, әкесiне баласын қарсы қою, туған анасынан бас тарту секiлдi адамдыққа жат құбылыстар туындады. Отбасы қоғамның негiзгi бiрлiгi болғандықтан отбасы арқылы қоғамның даму деңгейiн анықтай аламыз. Отбасы жылылығы әйел-ананың жанұяда алатын орнымен тығыз байланысты екендiгi де даусыз. Ұғына бiлген адамға әйел сөзiнiң астарында елдiк идеясы жатыр. Ал, Кеңес өкiметi қазақ әйелдерiнiң "теңдiгi" мәселесiн мемлекеттiк деңгейде көтерiп, оны өз саяси мақсат-мүддесiне орай шештi. Нәтижесiнде ғасырдан-ғасырға жалғасып, ұлттың ұйытқысы болған отбасы бiрлiгiне, тәрбиесiне зиянкестiк жасалды. Әйелдерге қатысты жүргiзiлген саяси шаралар жаппай қуғын-сүргiнге жол ашты. Зиялы қауым үшiн өмiрдiң мәнi кетiп, құны жоғалды. Саяси қуғын-сүргiндi күшейту мақсатында жоғарыдан үстi-үстiне келiп жатқан бұйрықтар ұлттың бiрлiгi мен елдiң тұтастығын бұзды. Саяси қуғын-сүргiн қазақ ұлтының болашағына қарсы бағытталды (осы тұста анда-санда естiлiп қалатын "қазақ бiрiн бiрi көп ұстатты" деген жаңсақ пiкiрдiң орынсыз айтылатындығын да ескерткiмiз келедi). Бөлшектеу саясаты ұлттың рухын әлсiреттi. Бiр адамға жала жабу арқылы бiрнеше адамды айыптау заңды құбылысқа айналды. Ешкiм де өзiн қауiпсiздiкте сезiнбедi. Екi жақты құлық, екiжүздiлiк үйреншiктi әдетке, ал "ғайбаттау" өмiр сүру құралына айнала бастады. Басқару этикетiнiң әлсiздiгiнен бюрократизм, конформизм, басшыға жағымпаздану секiлдi адамилыққа кереғар құбылыстар бас көтередi. Кеңестiк тоталитарлық жүйе адам табиғатының шексiз бөлшектелуге бейiмдiлiгiн пайдаланып, адамды тегi мен әлеуметтiк жағдайына қарап жек көрудi заңдылыққа айналдырды. Жеке меншiктi шектеу арқылы, халықты жаппай кедейлендiрiп, өзiнiң басты тiрегi – жаңа билеушi тапты қалыптастыруды мақсат еткен Кеңес өкiметi экономикалық науқандарды белсене жүргiздi. Өйткенi, большевиктер таптардың пайда болуының объективтi әрi жалғыз негiзi жеке меншiктi жою арқылы, тапсыз қоғам құруға ұмтылды. Сөйтiп, қоғамның табиғи дамуына тосқауыл жасалды. Жүсiпбек Аймауытов секiлдi Алаш зиялылары "Кәсiбi мал баққан, әлеуметi рубасыға бағынған жұртта тап жiгi, байлар, кедейлер табы деген нәрсе анық болмайды", – деп шырылдағанымен, олардың үнiн кеңестiк билiк естiмедi де. Экономикалық науқандарды жатсынған халықтың көңiл-күйiн ОГПУ орындары үнемi бақылап, болмашы әрекеттерге саяси мән берiп, қуғын-сүргiндi жеделдеткен. "Докладные записки, обзоры и спецсводки окр. Отдела ОГПУ"– деп аталатын мәлiмдемелер барлық округтерден ай сайын жоғарыға жiберiлiп отырған. Арнайы мәлiмдемелер бiрнеше бөлiмнен тұрады, "Интеллигенция" деп аталатын екiншi бөлiмде жергiлiктi жерлердегi зиялы қауым өкiлдерi мен олардың бала-шағаларының "Кеңестерге қарсы" пиғылдағы әңгiмелерi жинақталған. Дәлел келтiрсек: "…1929 жылы Зүбәйра Илиясова "малды сойып алу керек. Себебi, оны бәрiбiр өкiмет тартып алады", – деген; Елизавета Курбатова …Қытай Ресейдi жаулап алады деп күйеуiн колхоздан шығуға үгiттеген… Христая Голованның үйiн тартып алғанда ол, – … қытайлар келiп бiзге бәрiн қайтарып бередi" – деген. Қызылорда округi, № 15 ауылдың атқамiнерлерi Нұртаза Шоқаев пен оның ағасы Мырзеке Қалымбетов "Парижде жүрген М.Шоқайдың өздерiне жақын арада қазақ халқы великоростардың езгiсiнен азат етiледi. Коммунистердiң тәркiлеу саясатына қайғырмаңыздар. Кеңес өкiметi Қазақстаннан қуылғаннан кейiн малдарыңыз қайтарылады, ал бұл жақын арада болатын жағдай" – деп жазғандығы туралы өсектер таратуда…". Осылайша тiзбектелiп кете беретiн "мәлiмдемелер" iзiмен жаппай жазалау жүргiзiлген. Мұрағат құжаттарына қарай отырып, аталмыш науқандар барысында ер адамдармен бiрге әйелдердiң де жазалауға ұшырағандығына көз жеткiземiз.
1926 жылғы қылмыстық кодекс Кеңес өкiметiнiң қуғын-сүргiн саясатының заңдық негiзiн жасады.
Сондай-ақ қуғын-сүргiн шараларына жол ашатын жаңа баптар жылма-жыл қылмыстық кодекске қосылып отырды. Кейбiр мұрағат құжаттарында саяси қуғын-сүргiнге ұшыраған әйелдердiң аты-жөнi, тегi, туған жылы, үкiмi, және өзге де қажеттi дерек көздерi жазылмай қалған. Тiптi, "тұтқындардың" қылмыстық iс-қағаздары дұрыс толтырылмаған. Қарандашпен жазылған кейбiр парақтар сарғайып кеткендiктен, кейбiр адамдардың аты-жөнi көрiнбейдi де. Жазықсыз сотталғандар есiмдерi ескiрген қағаз бетiнен өшiп қалу қаупi бар. Олар бiр қарағанда жай ғана тiзiм секiлдi көрiнуi мүмкiн, бiрақ сол тiзiмде қаншама қайғы-қасiрет жатыр.Ақмола түрмесiндегi сотталған әйелдердiң қылмыстық iстерiнiң басым көпшiлiгi 1 парақтан ғана тұрады. Сол бiр парақтың өзiнде де толық мәлiмет жазылмай, тек ғана, №1092 iс: Байғанатова Татий 1932 жылы ҚК-ң 166-72 баптарымен сотталған. Жасы 45-те. Партияда жоқ. Кедей. Колхозда жұмыс жасайды. Байғанатов Мақсұтпен бiрге ат ұрлаған. Ол кiсiнiң ары қарайғы тағдыры беймәлiм. Себебi, басқа мәлiмет жоқ. Қылмыстық iстердiң кейбiрiнде жазаға тартылған әйелдердiң бармақтарының iзi басылып, түр сипатына (шашының түсi, бойының ұзындығы және т.б.) қысқаша анықтама берiлген. 79 жасында РСФСР ҚК-ң 58-бабымен ОГПУ шешiмiмен сотталған Кубжасарова Райса әжемiздiң № 523-шi, үш парақтан тұратын қылмыстық iсiнде ауылшаруашылығымен айналысқандығы және 1931 жылы 20 қарашада сотталғандығы ғана айтылған. Кәнiгi қылмыскерше саусақтарының таңбасы алынған… Сонымен қатар сотталған әйелдердiң әлеуметтiк жағдайы да қатаң ескерiлдi. Мәселен, орташа және ауқатты, бай тегiнен шыққандардың арыздары қанағаттандырылмады. Сонымен қатар өзге аймақтардан арнайы жер аударылған әйелдер де қудалауға көп ұшыраған. Қазақстанға жер аударылып, өзге аймақтардан сотталып келген өзге ұлт өкiлдерiне "шетелдiк шпион" ретiнде қарау үрдiске айналған. Мәселен, Мария Петровская деген азаматша дворян тұқымынан шыққандығы әрi ұлты поляк болғандығы үшiн "шпион" ретiнде айыпталды. Себебi, оның әкесi бұрынғы генерал-майор болғандықтан, фашистермен байланыс орнатқаны үшiн РСФСР ҚК 58-6 және 58-10-баптарымен, 1937 жылы "халық жауы" ретiнде жазаға кесiлген. Осындай мысалдарды көптеп келтiруге болады. Iстiң ақ-қарасына қарамай, жалпылама айыптау жоғарыдан бұйырылғандықтан адамның аузы бармайтын заңсыздықтар, жалған "топшылаулар", сырттай "болжамдар" дәлел ретiнде қылмыстық iске тiркеле берген. Ал ұрып қорқыту, психологиялық қысым жасау арқылы "қылмысты мойындату әдiсiнiң" өзi қуғын-сүргiн саясатының басты тiрегi болды. Сотталғандардың ешқандай құқықтары болмады. Заң әйелiн күйеуiне, ағасын iнiсiне, баласын ата-анасына қарсы сөз тасуға мәжбүрледi. Күн көрiс жағдайының өте нашар деңгейi салдарынан өз малын өзi сойып жеген немесе бiр уыс бидай ұрлаған әйелдер "кеңес өкiметiне қарсы зиянкестiк iс-әрекетi" үшiн сотталып кете барған. Сөйтiп, қылмыстың қоғамдық өмiрден орын алу себебiн тексерудiң орнына "зиянкестер" қолдан көбейтiлдi. Ал, адамдарды тұлғалық қасиетiнен айырып "колхоз меншiгiне қол сұғуға" итермелеген мемлекеттiң өзi болатын. Iстiң ақ-қарасын айырмай, жалпылама айып тағу жоғарыдан бұйырылғандықтан өрескел заңсыздықтар өмiрден орын алып, жалған "пайымдаулар" дәлел ретiнде қылмыстық iстерге тiркеле берген.
1937 жылы 15 тамыздағы Iшкi iстер Халық Комиссарының талай жанның басына қасiрет үйiрген 00486 нөмерлi шұғыл бұйрығы жұртшылыққа жақсы таныс. ЧСИР (Отанын сатқанның отбасы мүшесi) немесе ЖИР (Отанын сатқанның әйелi) сөзi сот iстерiнде күнделiктi қолданылды. Тiптi, "Халық жауы" деп айыпталған тұлғаның ажырасқан әйелдерiн де тұтқынға алу заңдастырылды. Он бес жастан жоғары балалардың Кеңестерге қарсы iс-әрекеттерге бейiмдiлiгi мен әлеуметтiк қауiптiлiгi жайында қысқаша анықтама жасалып, ал 15-ке толмаған, мектеп жасына дейiнгi және мектеп жасындағы балалардың тiзiмi арнайы есепке алынған едi. Отанын сатқандардың әйелдерiн әлеуметтiк қауiптiлiк деңгейiне қарап 5-8 жылдан кем емес мерзiммен лагерьге айдау бұйырылды. Сөйтiп, күйеулерiн iздеп, оларды жаладан арашалауға ұмтылған әйел-аналардың тағдыры ойыншыққа айналды. Партия комитетiнiң шешiмiне сенбей, күйеуiне сенгенi үшiн де талай мыңдаған әйелдер сотталып, еңбекпен түзету лагерьлерiне айдалды.
Ақмола облысының "Еркiншiлiк" (Ереймен) ауданында әйелдер кеңесiнiң төрағасы қызметiн атқарған, 33 жасында күйеуiмен бiрге атылған Торғай Сүлейменованың тағдыры да адам жанын түршiктiретiн жағдай. Клара Әмiрқызының "Қиылған ғұмырлар" еңбегiнде: "Таяққа сүйенiп, жасы 70-ке келiп отырған ананың 33 жасар келiнiн "халық жауы" деп үйден сүйретiп әкетiп бара жатқанда, үш жасар немересi – Еркiнi мен алты жасар Сайдалысы қара киiмдiлерден үрiккен күйде күңiрене дауыс салған аруана әженiң бауырына тығылып қала берген екен" – деген жолдар сол заманның адам айтқысыз жауыздығын көрсетедi. 35 жасында Алматы түрмесiнде атылған Шаһизада Шонанованың тағдыры да жантүршiгерлiк жағдай…
Уәзипа Майжолова өз естелiгiнде: "…Әлi есiмде, 1937-жылдың қарашаның 6-жұлдызы болатын. Ол кiсiнi (Зәки) облыстық партия комитетiне бюроға шақырды. Сол менiң оны ақырғы рет көруiм екен ғой. Қайдан бiлейiн. Оны сол бюрода отырған жерiнде ұстап алып кеттi. Жалғыз қыз балам бар. Ол кезде үш жаста. Мен ол уақытта пионерлер арасында жұмыс iстейтiнмiн. Зәкидi жапқаннан кейiн менi комсомолдан шығарды, жұмыстан да кетiрдi. Қайным, оқып жүрген бауырларым да менiң кебiмдi кидi. Жеңгем 8 баламен жесiр қалды. Сегiзiншiсi құрсақта едi. Күйеуiм Зәки Күленовты 1938 жылы наурыздың 5-күнi атып, содан 1938 жылы наурыздың 17-күнi Семейде менi жапты. Бiр кештiң арасында бiз, Семейдiң 17 жауапты қызметкерлерiнiң әйелдерi бiрден жабылдық. Балаларымызды детдомға алып кеттi. Қолдан келер қайран жоқ. Көз жасыма малынып, ойбайлап қала бердiм. Менi лагерьге жiберген уақытта артымда кәрi шешем қалған-ды. Бiздiң күйiгiмiзден ол кiсi де көп ұзамай қайтыс болды. Екi ұлы, күйеу баласы, қызының зобалаңға түскенiн көтере алмады. Менiң қызым екi ағамның 10 баласы барлығы 11 көген көз жетiм қалды…" – деп сол заманның заңсыздығын айғақтайды. Ал, Мәриям Қамбарқызы Әлиханова-Есенгелдина сол кездегi заңсыздықты өз естелiгiнде былай деп келтiредi: "…Ойламаған жерден IIХК кiсiлерi сау етiп кiргенде, жүрегiм зу етiп, қатты қорқып кеттiм. Олар әй-шәйға қарамай, үйдiң астан-кестеңiн шығарып, тiнте бастады. Қолдарына iлiнер түк таппады… бiреу менiң бетiме ызғармен қарап "сенi тұтқынға аламыз" деп зекiдi. Жылап жүрiп баланы, өзiмнiң екi-үш сыпыра киiмдерiмдi алдым… Олар баланы қолымнан жұлып алып, "ол сенiмен бармайды, балалар үйiне тапсырамыз", – дедi. Сол сәт жүрегiме бiз сұғып алғандай болды… ". Мариям Қамбарқызының екi жасар ұлы Тимурды IIХК жендеттерi тартып әкеткенде, ананы өзi емес, әлi тiлi шығып үлгермеген, әке-шешесiнiң түр-түсiн де бiлмейтiн баласының тағдыры қинаған. "Ойпыр-ай, уыз сүтiнiң дәмi аузынан кетiп үлгермеген нәрестемнiң жазығы не?" деген ой өмiр бойы ана жанын жегiдей жеген. Екi жасар сәби Свердловск облысының Чаржина ауданындағы балалар үйiне жiберiледi. Өзi Семей түрмесiнде 7 ай отырады. Содан кейiн Челябi қаласында аялдаған. Сол жерде Мәриям апай Т.Рысқұловтың әйелi Әзизамен кездеседi. Оның қасында қызы бар екен. Одан кейiн Ақмолаға әкеледi. Ол кiсi Чаржина балалар үйiне баласын iздеп бiрнеше рет хат жазады. Бiрақ, 1939 жылы наурыз айында баласының өкпесiне суық тиiп, қайтыс болғандығы туралы бiр жапырақ қағаз қолына түседi. Лагерде жеңгесi Хабибамен кездеседi. Алайда оны бiлген түрме бастығы Долинкаға ауыстырады. Себебi, туыстық байланысы барлардың бiр лагерде болмауы да заңдық тұрғыдан ескерiлген едi. 1942 жылы Мәриям жазасын өтеп, елге қайтар кезде жеңгесiн iздеп барса, ол кiсiнiң ауырып қайтыс болғанын естидi. Кейiннен оның ұл, қызын сұрастырып, iздеу салғанда, екi сәбидiң екi жақта балалар үйiнде қайтыс болғаны жөнiнде хабар алады.
Мая Бағысбаева өз естелiгiнде бастарына түскен зобалаңды суреттей келе "…Әлi көз алдымда. 32-ге ендi келген анамды да қамады. Бес жасқа дейiнгiлердi бiр бөлек, ал одан жоғарғыларды үлкендерге қосып, Ресейге алып кеттi. Түрме мен сәбилер үйi бетпе-бет едi. Шешем жататын түрмеге қарама-қарсымыз. "Үндемесең шешеңдi көрсетемiз. Ана тордың ар жағына қара" – дейдi мейiрiмi түскен орыс ағайындар. Қайда, ондаған әйелдiң арасынан кiмдi көресiң… Шешем 10 жылдай Урал жақта болыпты үкiм бiткенше. .…Үлкенiмiз Сұлтанбек халық жауы деген аттан құтылу үшiн 16 жасында жасын асырып, соғысқа сұранған екен. Шешеме жазған бiр хаты есiмде қалыпты. Онда "әкеме, бүкiл отбасыма жабылған жаланы қанмен жуамын" деген сөз бар… 19-ға жетпей майданда қайтыс болды…", – деп жазады. Қызылжарда педагогикалық, фельдшерлiк техникум ашқан Жұмағали Тiлеулиннiң үлкен ұлы Ерiк 1941 жылы "халық жауының" баласы деген сенiмсiздiкпен еңбек армиясына алынып, сонда жүрiп қайтыс болса, ал екiншi ұлы Әзиз де майданға алынып, ерлiкпен қаза тапқан. 1938 жылы ұсталған Рәзия Меңдешова лагерьден 1943-жылы оралғанымен, оның балалары майданға алынып қайтыс болған едi. Ал, I.Жансүгiровтiң өкiл ұлы Жәнiбек Бiләлұлы Сүлеев 13 жасында түрмеге қамалып, кейiн 17-ге толмастан майданға сұранып, сонда қаза тапқан. "Халық жауының баласы" деген атақтан құтылу мақсатында соғысқа сұранып, соғыстан оралмаған жасөспiрiмдер көп болған едi. Ана қасiретiнiң, ұлт қасiретiнiң ауқымын осыдан-ақ байқауымызға болады.
Жақып Ақбаевтың қарындасы, Нығмет Нұрмақовтың жұбайы Зүпнұн апай және Әзиза Рысқұлова, Күләндам Қожанова, С.Меңдешовтың жұбайы Рәзия, Т.Жүргеновтiң жұбайы Дәмеш, С.Асфендияровтың әйелi Рабиға және Елизавета Садуақасова, Мария Есқараева, Мариям Тоғжанова, Әйiш Құлымбетова, Бибiжамал Сырғабекова, Сағадат Тәшитов, Шәкiтай Тәтiмова, Айша Қабылова, Қира Нұрмағамбетова, Хадиша Мусина, Жанбике Шанина, Зарап Темiрбековтың жұбайы Сақыпжамал Назирова және Зағипа Тiнәлина, Баршын Қалменова, Майнұр Сарымолдаева және тағы да басқа танымал қайраткерлердiң жұбайлары РСФСР Қылмыстық Кодексiнiң 58-бабының 17-шi тармағымен сотталған едi. Жазықсыз айыпталған аналарды санап шығу мүмкiн емес. Кезiнде IIХК жендеттерi жойып жiберген бiз бiлмейтiн құжаттармен бiрге жоғалған тағдырлардың қаншама екендiгiн кiм бiледi. Күйеулерi айдалғанда, аштыққа да, азапқа да қарамай, балаларын аман сақтай жүрiп, күйеулерiнiң соңынан iздеген қазақ әйелiнiң ерлiгiн айтуымыз керек. Тiптi, еңбекпен түзеу лагерлерi мен түрмелерде де қазақ әйелдерiнiң өзге ұлт өкiлдерiне жасаған кеңдiгiн, қайырымын жиi естимiз.
Жолдастарына психологиялық, моральдық жағынан тiрек болған әйелдер тарихтағы декабристердiң әйелдерiнен де кем емес. Лагерьден оралған соң да отбасының отын өшiрмей, күйеулерiнiң өле-өлгенше арын арлап және орнын жоқтатпау үшiн IIХК тартып алған балаларын тауып алып, өмiр үшiн арпалысқан аналар ерлiгi қазiргi күнi бiздерге өшпес өнеге.
Күйеулерi қудаланғанда көрген қорлық пен азаптарына қарамай, айдалған күйеулерiн табандылықпен iздеп барған, лагерге қамалса да балалары мен жарларын ойлап өмiр сүрген, тұтқыннан босағаннан кейiн де балаларын жан ұшыра iздеп тауып алып, тегiн ұмыттырмай, бейнеттене жүрiп оқытқан әйелдердiң, әсiресе қазақ әйелдерiнiң қайраты мен қайсарлығы кейiнгi ұрпаққа өшпес тағылым. Олар жүректерi қайғы-шерге толған, әбден шаршап-шалдыққан, бiрақ белден кешкен азапқа төтеп бере бiлген рухы биiк, ерекше ӘЙЕЛДЕР едi!
Құралай СӘРСЕМБИНА, тарих ғылымдарының кандидаты