Жаңалықтар

СЫР ЖАСТАРЫНЫҢ ЖАНАШЫРЫ БОЛАТЫН

ашық дереккөзі

СЫР ЖАСТАРЫНЫҢ ЖАНАШЫРЫ БОЛАТЫН

Сыр елiнiң халқы үшiн, жас ұрпақтары үшiн Абылай Айдосов орны ерекше абзал аға, ұлағатты ұстаз. Абылай Хангерейұлы өзiнiң "Сарыарқа сағынышым, Сырым-елiм" атты кiтабында сонау байтақ Арқаның ен даласында дүниеге келiп, Сырда ер жетiп, ел танығанын, өзiнiң өмiрi мен еңбек жолының жемiстi де құнарлы кезеңi осы Сыр елiмен байланысты екенiн, есейiп азамат ретiнде қалыптасқанын үлкен мақтанышпен жазады.

Оның Сыр елiне сiңiрген еңбегiн ел жақсы бiледi, бағалады да қастерледi. Бiз шынайы дос болатынбыз, ақылдастар едiк. Бiр кездерi аудандық комсомол комитетiнен бастап, облыстық, өлкелiк, Қазақстан жастарының орталық комитеттерiне дейiн Сейiлбек Шаухаманов, Садықбек Хангелдин, Болат Қарғабаев, Әбдiжәлел Бәкiров, Әлмамбет Әлiшев, Сатулла Садуов, Кенiшкүл Жұмалиева, Ләйла Құлымбетова, Адольф Пак, Мырзахан Рахметов, Қайырбек Жанзақов т.б. көптеген азаматтар үзеңгiлес жұмыс iстедiк. Абылай Хангерейұлы сол 60-жылдардың бел ортасында-ақ өз шәкiрттерiн бәйгеге қосқан бапкерiмiз, ұстазымыз болды. Кiмнiң, қандай iс тындырып жүргенiн жiтi қадағалап, сын көзiмен бағалай, аялап отыратын. Ол кiсiнiң кеңестерiне әрдайым құлақ асып, жүгiнiп отыратынбыз. "Дос көңiлi — шарайна, сындырып алма, абайла" деп ескертiп те қоятын. Көбiмiздiң өсiп-қалыптасуымызға Абылай ағаның қамқорлық-ескертпелерi зор әсер еттi.

Облыс жастарының жетекшiсi ретiнде бой түзеп, жарқырап көрiне бастаған қыз-жiгiттерге ағалық-көмегiн аямайтын әрi ешкiмге жалтақтамай ол кiсiнiң өзi өте жедел шешiм жасайтын-ды. Ұйымдастырушылық қабiлетi мол болатын. Айдосовтың мектебiнен өткендердiң арасынан мемлекет және қоғам қайраткерлерi шықты, бiлiм, ғылым, мәдениет, партия, кеңес, шаруашылық жұмыстарында олар өздерiн көрсете де бiлдi.

Қарапайым, кiшiпейiл қалпынан бiр айнымаған, бiреуге дауыс көтерудi, жасаған жақсылығын бұлдауды бiлмейтiн, мiнезге бай, жүзiнен иманы төгiлiп тұратын, биязы сөйлесетiн, ақ жүректi ағаның өзiмен сөйлескен, сырласқан адамды бiрден баурап әкететiн ерекше нұры болатын.

Абылай ағаның бiздердiң рухани өмiрiмiздi ойсыртып, дүниеден кенеттен озып кеткенi өкiнiштi-ақ. Бiздерге ол әлi ширақ, жас секiлдi, халқына бергенiнен берерi мол, сергек болып көрiнетiн…

Әнi-мiне дегенше, асыл ағаның бұл өмiрден өткенiне де жылдың жүзi болып қалыпты! Бүкiл мағыналы өмiрiн жастар тәрбиесiне бағыштаған, комсомол органдарының басшылық қызметiнде, одан кейiн облыстық партия комитетiнiң санаткерлiк жұмыстар бөлiм меңгерушiсi, Қызылорда қалалық партия комитетiнiң екiншi және бiрiншi хатшысы ретiнде көздеген мақсатқа қол жеткiзуге дағдыланған, ұлты мен алаш жастарына, елiне жан-тәнiмен қалтқысыз қызмет етуге арнаған Абылай Хангерейұлы Айдосов, менiң түсiнiгiмде, қазақы болмысты жан, рухани құндылықтар мен мәдени мұраларды бойына терең сiңiрген бiлiмдар азамат едi.

Абылай Айдосов Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттiк университетiнiң профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты, ҚМУ-те ардагерлер ұйымының төрағасы, "ХХI ғасыр" және "Аралды құтқару" қоғамдық бiрлестiгiнiң төрағасы, тарихшы, жазушы-этнограф қана емес эколог, археолог болатын. Екi рет "Құрмет белгiсi", "Парасат" ордендерiмен марапатталған.

Ол кiсiмен қатар жұмыс iстеген аяулы замандастарымыздың есiмдерiн де үлкен iлтипаттық сезiммен айтар едiм. Олар ылғи да ардақ тұтатын, шын мәнiнде Қазақстан жастарының қамқоршысы да, жалынды жетекшiсi де болған Өзбекәлi Жәнiбековтың командасының өңiрлердегi лидерлiк көшiн бастаған асыл азаматтар болды.

Бұл замандастарымыз тың идеялардың көрiгi, жаңаша ойлайтын жандар едi.

Сол жылдары Сыр өңiрiнiң саяси-әлеуметтiк өмiрiнде маңызды орын алған, астық молшылығын жасауда Бүкiлодақтық дәрежеге дейiн көтерiлген жақаевшылар қозғалысы кезең-кезеңiмен жаңа бастамаларға ұласып, көптеген жас жiгiттер мен қыздардың еңбектерi жанып, аттары аспандады. Айдосовтың өз сөзiмен айтқанда, "Сыр бойында дүниеге келген жас жақаевшылар қозғалысының кең етек жайып, күрiшшiлер қатарының көбейiп, айтарлықтай бағаға ие болуы — Қызылорда облыстық партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы Мұстахым Ықсанов пен Қазақстан комсомолы орталық комитетiнiң бiрiншi хатшысы Өзбекәлi Жәнiбековтердiң үлкен мән берiп, әрi қызу қолдауларының арқасында" едi.

Қазақстанға белгiлi қоғам және мемлекет қайраткерi, Абылай Айдосов ағамыздың шәкiрттерiнiң бiрi – Сейiлбек Шаухаманов өзiнiң "Алтын алма, ақыл ал" деген кiтабында ерекше iлтипатпен ағынан жарылып, Әбекеңнiң облыстық жастар ұйымын басқарған кезеңiн мақтанышпен айта келiп, жас Жақаевшылар iзбасарларының жүздеп, мыңдап көбеюiнiң сол жылдардан бастау алған сырын баян етедi. Сол жылдардағы комсомол түлектерiнiң есiмдерiн мақтанышпен атай отырып, оларды жоғары нәтижелерге қол жеткiзiп, рекордтар биiгiне көтерген, зор сый-құрметке бөлеп, аттарын аспандатқан бiрден-бiр жан-Абылай Айдосов едi дейдi. "Ең бастысы облыстың еңбек жастары комсомолдың бедел-дәрежесiн, абыройын өсiрдi. Комсомол өз дәрежесiнде – ұлағатты ұстаз, кадр дайындайтын ұстахана бола бiлдi. Абекеңнiң өнегелi де өрнектi өмiрi атқа мiнген көптеген азаматтарға сабақ болар үлгi емес пе? Сыпайылық пен мәдениеттiлiктiң, әдептiлiк пен тәртiптiң нағыз үлгiсiн көрсеткен бекзат азамат едi" дейдi. Жақсының аты, iсi өлмейдi деген осы. Асыл азаматтың ғұмыры тек жеңiстер мен жетiстiктерден ғана тұрмағаны бiздерге аян. Басына бұлт үйiрiлiп, қайта құрудың қуғын-сүргiн саясаты көп адамдарға байыппен жұмыс iстегенi аян. Әбекеңнiң Құдай қосқан қосағы, асыл жары – Несiпкүл жеңгемiз де қолы ашық, жомарт жүректi, өте iзетшiл, дәстүршiл, ұрпақ тәрбиешiсi. Әбекеңмен екеуi 50 жылдан аса бiрге бақытты өмiр кештi.

Абылай ағаның аруағының алдында өтейтiн бiр шәкiрттiк парызым ретiнде еске алып, жүректен шыққан осы арнау сөздерiмдi өзгертпестен Әбекеңнiң көзi тiрiсiнде айырықша жақсы көретiн "Түркiстан" газетiнiң оқырмандарына ұсынсам дегендi жөн көрдiм.

Кеңес ШӘЙМЕРДЕНОВ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесi,

ҚР мәдениет қайраткерi