Жаңалықтар

ТҮРКIСТАНҒА ӘУЕЖАЙ КЕРЕК

ашық дереккөзі

ТҮРКIСТАНҒА ӘУЕЖАЙ КЕРЕК

Киелi Түркiстанның ыстық топырағын басып, кесенесiне келу адамға рухани шексiз әсер етедi. Көне Түркiстан бүгiнде қайта жаңаруда. Кiре бергеннен көздiң жауын алатындай ерекше сәнмен салынған Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрiк университетi, түрлi iс-шаралар өткiзетiн Мәдениет сарайы, студенттерге барлық жағдай жасалған жатақханасы, 400-500 орындық үлкен студенттер асханасы, шаршағанда көңiлiңдi ашатын «Жеңiс» саябағы, түрлi мейрамханалар мен қонақ үйлер бәрi-бәрi қалаға сән бередi. Жоғарғы бiлiм ордасында 29 ұлт өкiлдерiнiң жастары қалауынша жан-жақты бiлiм алады. Қожа Ахмет Ясауи кесенесiнде қайта жөндеу жұмыстары жүрiп жатыр. Б.Саттарханов атындағы сауықтыру спорт кешенi жастардың салауатты өмiр салтымен өмiр сүруiне ықпал етедi. Бүгiнде Түркiстанға бара қалсаңыз тоқтаусыз жүрiп жатқан құрылысты көресiз. Университет қасынан студенттер үшiн арнайы жатақхана мен кiтапхана, кесене жанынан үлкен мешiт құрылыстары, жол жөндеу жұмыстары жүрiп жатыр.

Мiне, осындай әдемi игi iстермен бiрге тағы бiрер мәселеге көңiл аударылса деймiз. Мәселен, қала iшiнен көп қабатты тұрғын үйлер салып, газ кiргiзiлсе халық үшiн сауабы мол iс болар едi. Сондай-ақ, Түркiстанымызды түркi халықтарының отаны деп жатамыз ғой. Мұнда Қожа Ахмет Ясауи кесенесiне зиярат ету үшiн Қазақстанның бұрыш-бұрышынан, алыс-жақын шетелдерден келушiлер көп. Оған дәлел, өткен жылдың өзiнде 600 мыңнан астам туристер қасиеттi қаламыздың қонағы болған. Сонымен бiрге, Университетiмiзде де көптеген шетелдiк жастар бiлiм алады. Атап айтқанда, Түркия, Ресей, Қытай, Монғолия, Әзербайжан, Қырғызстан елдерiнiң мол сенiм артқан жастары ХҚТУ-дың бiлiм нәрiмен сусындап жүр. Осының бәрiн ескере келсек, киелi Түркiстанға да заманауи үлгiдегi әуежай керек екенi сөзсiз..

Сан ғасырлардан келе жатқан қаламыздың қалпын бұзбай өркендетiп, келешек ұрпаққа көркем қалпында жеткiзуден асқан қуаныш бола ма?!

«БОЗТОРҒАЙ» ҚАНАТ ҚАҚТЫ

1-маусым халықаралық балаларды қорғау күнiне орай, ҚР Мәдениет министрлiгi, Алматы қаласының әкiмдiгi және Халықаралық "Бозторғай" қоғамдық қорының ұйымдастыруымен, сондай-ақ "Oriflame" және Алматы қонақ үйiнiң бас демеушiлiгiмен ХII Халықаралық "Бозторғай" балалар байқауы болып өттi. Байқауға қатысушылар жас ерекшелiктерiне қарай үш топқа бөлiнiп, вокал, хореография, халықтық шығарма және сән театры жанрлары бойынша бақ сынасты. Аталмыш конкурстың алғашқы жылдарынан бастап сарапшылар алқасының төрайымы болып келген КСРО Халық әртiсi Бибiгүл Төлегенова мен қазылар алқасының басқа да мүшелерi байқау кезiнде шынайы талантты ескерусiз қалдырмауға тырысып бақты. Төрт күнге созылған байқаудың соңы Алматының мәдениет және демалыс орталық саябағында "Бозторғай" ХII Халықаралық балалар шығармашылығы байқауы жеңiмпаздарының гала концертiне ұласты.

"Бозторғай" Халықаралық Балалар шығармашылығы байқауының директоры Қарлығаш Әбдiкәрiмова: "Бұл байқауды алғаш ойлап шығарған кезiмiзде, жер бетiндегi барлық балалар талантты деген сенiмдi басшылыққа алған болатынбыз. Ал қатысушыларымыз соны жыл сайын дәлелдеп келе жатыр. Байқау балаларға эстетикалық және өнегелi тәрбие беру мақсатымен, өнердiң көркем өнерпаздығын дамыта түсу үшiн ұйымдастырылып келедi", – дейдi.

Ақбота Мұсабекқызы, ХҚТУ-дың журналистика

кафедрасының 1-курс студентi