Жаңалықтар

ҚАЗАҚ ЕЛIНIҢ НЕГIЗIН ҚАЛАҒАН ТҰЛҒАЛАР ҰЛЫҚТАЛДЫ

ашық дереккөзі

ҚАЗАҚ ЕЛIНIҢ НЕГIЗIН ҚАЛАҒАН ТҰЛҒАЛАР ҰЛЫҚТАЛДЫ

1-маусым күнi Астанада Қазақ елiнiң негiзiн қалаушы әз Жәнiбек хан мен Керей сұлтандарға алып ескерткiш ашылды. Бұл айтулы тарихи оқиғаға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзi қатысып, хандардың Қазақ елiнiң iргесiн қалаудағы орасан зор еңбегiне баға бердi.

"Тарихқа шолу жасайтын болсақ, Керей мен Жәнiбектiң Қазақ хандығының туын қалай қадағанын көремiз. Алтын Орданың заңды мұрагерi ретiнде Шу мен Сырдың арасында бой көтерген Қазақ Ордасы уақыт өте келе ұлан-ғайыр далаға иелiк еттi. Қазiргi Қазақстан Республикасының аумағы тұтасымен сол хандықтың қол астында болды" – дедi Елбасы ескерткiштiң ашылу салтанатында.

Естерiңiзде болса, 2009 жылдың күзiнде "Қазақ Елi" монументiне қойылуға дайындалған ескерткiштер маңайында бiраз шу болғаны белгiлi. Аталған ескерткiштердiң Қазақ хандарының кескiн-келбетiне ұқсамайтындығы және қытай жауынгерлерiн бейнелейтiндiгi айтылып, Қытайда жасалынғандықтан ескерткiштердiң сапасы да күмән тудыратындығы сөз болған едi. Содан бергi алты айдан астам уақытта ұлы хандардың ұлықталмауы талай адамның көңiлiне күдiк ұялатып келген болатын. Дегенмен, хандардың ескерткiшiне арнайы конкурс жарияланып, он шақты мүсiннен Ринат Әбеновтiң жасаған мүсiнiн таңдап алынған. Бүгiн тұғырға осы мүсiн орнықты. Елдiктi ұлықтайтын еңселi ескерткiш — өткеннiң жаңғырығы, бүгiнгiнiң тәлiмi. Тарихын ұзақтан орағыту, оны ғасырлар қойнауынан iздеу — кез келген ұлт үшiн мақтаныш, бақыт. Тарихы жоқ елдiң рухы да жарымжан болады. Рухсыз елдiң ертеңi де бұлыңғыр. Қазақ "Өлi разы болмай, тiрi байымайды" дегендi осындайдан айтса керек.

Қазақ елiнiң негiзiн қалаған ұлы тұлғалар — Жәнiбек пен Керейдi ұлықтау, олардың бейнесiн кейiнгi жас ұрпаққа таныту мәселесi үнемi кейiнге ысырылып келгенi белгiлi. Тарихи жады қалыптаспай, санадағы құлдық таңбадан айырылудың мүмкiн емес екендiгiн бiзден өзге ұлы империялар жақсы бiледi. Сондықтан да, олар жүрiп өткен жолын сөйлетуге шебер, өткенiн өбектеуге құмар. Ресейдiң ТМД мемлекеттерiнiң тарих оқулығына шүйлiгiп, тарихты ұлттық көзқараспен қайта жазуына көз алартып жүргенi тегiн емес. Олар өздерiнiң тарихи жадына сызат түсiргiсi келмейдi, ұрпақ алдында өткенi үшiн жауап беруге құлықсыз. Сол себептi де олар өткен тарихын мiнсiз етiп көрсеткiсi келедi.

Ал, тарихқа деген салқындық, өткендi ұлықтауға деген құлықсыздық бiзде әлi күнге дейiн орын алып келедi. Өткендi жаңғырту, сол арқылы рухты асқақтатуға ендi-ендi көңiл бөле бастадық. Бүгiнгi Жәнiбек пен Керейге арналған алып ескерткiш соның айғағы. Ескерткiштiң жалпы салмағы — 16,2 тонна, ескерткiштiң түбiнен байрақтың ұшар басына дейiнгi биiктiгi — 12 метр, түрегелiп тұрған Жәнiбек ханның бойының биiктiгi 5,25 метр, ал отырған Керей ханның биiктiгi 4 метр. Мүсiннiң барлық элементтерi тұтасымен қоладан құйылған.

Есенгүл Кәпқызы