Жаңалықтар

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚТЫҢ ҮЛГIСI

ашық дереккөзі

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚТЫҢ ҮЛГIСI

Елiмiзде тұңғыш рет "Қазақстандағы қайырымдылық" атты халықаралық ғылыми-тәжiрибелiк конференция болып өттi. Мұндағы көзделген мақсат – елдегi қайырымдылықты дамыту мәселелерiн жiтi түсiну және қоғамдағы орнын кеңейту болып табылады.

Сондай-ақ, әлеуметтiк саясат пен қайырымдылық салаларында жұмыс iстейтiн шетелдiк және елiмiздегi мамандар мен ғалымдардың, қайырымдылық қорлардың өзара тәжiрибе алмасуы үшiн пiкiрталас алаңын құру да басты назарға iлiккен. Халықаралық конференцияға Ресейдегi Ч.С.Мотта Қорының кеңесшiсi Вячеслав Бахмин, "Charities Aid Foundation" (CAF) кiлдiлiгiнiң директоры Мария Черток бастаған шетелден келген басқа да қоғам қайраткерлерi қатысты.

Бүгiнде қайырымдылық жасау шарасы жөнiнде қазақ елi де қалыс қалған емес. 2004 жылы құрылған "Бауыржан" қайырымдылық қоры – елiмiзде қайырымдылықты қолдай отырып, тұрақты түрде дамып келе жатқан қоғамдық ұйым. Қор Қазақстандағы филантропияны дамытуға жағдай жасау, қайырымдылықпен айналысатын меценанттарды қолдау және үкiметтiк емес ұйымдардың қоғамдағы рөлiн арттыруда көптеген игi iстер атқарып келедi. Әлеуметтiк маңызы бар жобаларды ұйымдастыруда еңбек сiңiрiп жүрген қор халыққа қайырымдылықпен айналысатын азаматтарды таныстыруда. 50-ге жуық танымал жобаларды iске асырып үлгерген "Бауыржан" қайырымдылық қоры "Алтын жүрек" Ұлттық қоғамдық сыйлығын, "Жақыныңа жәрдемдес" атты әлеуметтiк-телевизиялық жобасын, сондай-ақ, "Қазақстанның Алтын жүректi азаматтары" кiтабын жарыққа шығарып, "Қайырымдылық фотографтар көзiмен" атты сурет көрмесiн ұйымдастырды.

"Бауыржан" қайырымдылық қорының президентi Жұлдыз Омарбекова: "Негiзiнен қайырымдылық шаралар Ресейде, Украинада, Лондонда көп өтедi. Ал, кейбiреулер: "Қазақстанда қайырымдылық-әлеуметтiк институты дамымаған" деп жатады. Шынымен де, бiзде бұл iс әлi бiр жүйеге қойылмаған. Тек бiрен-саран жеке адамдар ғана шама-шарқынша Балалар үйiндегi жетiм балаларға көмектесiп келедi. Қайырымдылықтың қазақ елiнде ендi ғана жанданып келетiнiн ескеру керек. Бiз бұл шараның барысында көптеген ақылды адамдардың ойларын түйiп екi кiтап шығарамыз. Қайырымдылықты дамыту жөнiнде мемлекетке, БАҚ-қа ұсыныс жасаймыз" дегендi жеткiздi.

«Түркiстан — ақпарат»