Жаңалықтар

БIЗ БӘЙДIБЕКТI БIЛЕМIЗ БЕ?

ашық дереккөзі

БIЗ БӘЙДIБЕКТI БIЛЕМIЗ БЕ?

ШАЛАҒАЙ ШЕЖIРЕЛЕРДIҢ ШЫНДЫҚТЫ ШАТАСТЫРУЫ

Кiм не демей жатыр? Осы күнi сөздiң обалы мен сауабына пысқырып қарамай, бейпiл ауызға не келсе соны айтатындар жауыннан кейiнгi қозықұйрықтай қаулап, көбейiп барады. Асығыс анықтамалықтар, шалағай шежiрелер, түрлi жарымжан жинақтар (қателерi өрiп жүргенi өз алдына) мен қалың көпшiлiктi шатастыратын басылымдардан көз сүрiнедi.

Мәселен, 1975 жылы шыққан бiр ғана "Қазақ-Кеңес энциклопедиясын" ашсаңыз Тәуекел хан, Есiм хан, Оразмұхаммед, Қарасайдың өлген мезгiлi шамамен айтылады да, туған жылдары жобамен болса да жоқ екенi байқалады. Бұл кемшiлiктi кейiнгi кезде жарық көрiп жатқан "Ұлттық энциклопедия" да қайталайды. Неге бұлай? Сөйтсек, жауапкершiлiк бәсеңсiген жерде салбөксе салғырттық пен нәйетi немкеттiлiк, енжарлық пен ерiншектiк етектен тартып, түртiнiп мұқият iзденбейтiнiмiз әбден иектеп алыпты. Әйтпесе, 1598 жылы Есiм хан тағына отырғанда Қарасай бес қаруын асынып, атқа қонған қылшылдаған жiгiт Алатау, Жалаңтөс, Жарылқамыс, Жиенбет, Сүлеймен сықылды баһадүр батырлармен бiрге өмiр өтiнде жүрген оғлан емес пе едi? Оразмұхаммед болса, Едiл мен Жайықты еншiлеп, ен жайлаған Едiге үрiм-бұтағы П.Урусовтың жан жолдасы ретiнде оның өзендегi сүйегiн iздесiп, топырақ салған болатын. Орыс (Ырыс) ханның жетiншi ұрпағы Сiбiрде саятта жүргенде, 1588 жылы тiсқаққан воевода Д.Чулков аярлықпен алдап тұтқындағанда Қадырғали Жалайырдың (1530-1605ж.ж.) қасында болып, 1610 жылы Лжедмитрий өлтiргенше тiршiлiк тауқыметiн тартып, кәтеп нардай көтерiсiп, сарыуайым сағынышпен жат жерде ғұмыр кештi. Бұндай да бола бередi екен. Бұдан отыз бес жыл бұрын шыққан "Қазақ-кеңес" анықтамалағының 6 кiтабында Қарасай Алтынбекұлын 1664 жылы туғызып, 1727 жылы қайтыс болдырады. Ұлттық "Өнер" баспасы таратқан "Бәйдiбек баба – алып бәйтеректе" (Бiр топ зиялылар Ә.Қайдари, К.Байпақов, Ш.Мұртаза, М.Жолдасбеков, М.Қойгелдi, Б.Әбдiлда, т.б. қол қойған) 1598 жылы өмiр есiгiн ашты деп жүр. Ғалым С.Дәуiтұлы да өз мақаласында соны иемденiп көшiре салғандай.

Әлде ойға не келсе, соны жаза салу әдет пе? 2003 жылғы "Қазақ энциклопедиясы" Бас редакциясы шығарған "Тараз" анықтамалығында тайға таңба басқандай 341 бетiнде Қ.Алытанбайұлы 1589 жылы Суықтөбе баурайында туып, 1671 жылы Көкшетау төңiрегiнде жерленгенi айтылады. Одан бiр жыл кейiн "Арыс" баспасында жарық көрген "Жетiсу" энциклопедиясы да соны қуаттайды. П.П.Румянцев Жетiсу облысынан жиып-тергендерiнде: "Батыс Қастек өңiрiнде Шапырашты руынан шыққан Қарасай батырдың ұрпақтары тұрады. Қазiр Қарасай руы Ақмола облысының аумағын жайлаған. Қарасайдың бейiтi Көкшетау уезiнiң Айыртау жерiнде (қазiр Солтүстiк Қазақстан) орналасқан" деп қоштай түседi. И.Э.Фишердiң "Сiбiр тарихы" атты кiтабында Қарасайдың 1635 жылы Жоңғар-қалмақ-ойрат басқыншыларына қарсы Сiбiр-Тобыл ұрысында белсене ерлiк көрсеткенi сипатталады. Ол 1643 жылғы Орбұлақ шайқасында қаһармандық танытып, одан кейiнгi кiшiгiрiм соғыстарда да ержүректiгi және батылдығымен көзге түсiп, қазақ қосындарын басқарады. Жыр ақиығы Сүйiнбайдың:

"Қарасай халқы үшiн атқа мiндi,

Шыдамай жауыздыққа неше түрлi," – дейтiнi де сондай кесек тұлғаның елi үшiн еңiреген аса жанқиярлығын айғақтайды.

Ал шежiре былай дейдi: Бәйдiбек Жәлмәмбет, Шапырашты, Шам (Ыстық), Малды, Емiл, Есқожа, Алтынай, Қарасай. Сонда қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс? Бұндай берекетсiздiк пен жауапсыздық ұлы Бәйдiбек бабаның тарихи тұлғасын танытуда да қайта-қайта қайталанып, өкiнiштi орын алып келедi. Сан-саққа жүгiртiп, оны бiреулер көкпарға салып, VI-VII ғасырға апарып, ал басым бөлiгi ХШ-ХIV жүзжылдықтарға сiлтейдi. Дәйегi аз. Тарихшылар анда-санда құр төбе көрсеткенi болмаса, Бәйдiбек және оның дәуiрi мүлде зерттелмедi десек ақиқаттан онша алыс емес. Өз еңбектерiнде неге сүйенiп, қандай ұстанымда екенiн айтпай, аз жылда (жау қуып келе жатқандай) кiрпiштей "Қазақ шежiресiнiң" үш кiтабын жедеғабыл жөпелдемете шығарған Теңiзбай Үсенбаев тұрақты түпқазық тұжырым айтпай, былқ-сылқ етiп: "Әйгiлi Ақсақ Темiр хан 1396 жылдары Түркiстан шаһарын хан ордасы етiп, Қожа Ахмет Ясауи бейiтiнiң басына зәулiм мешiт сағана салдыруға әрекет жасайды. Тарихта бұл жазылып қалған шежiре-әңгiме. Бұл жылдары Бәйдiбек Боралдайда елiнiң жылқылы байы әрi биi болып тұрған. Осы кезде Бәйдiбек мешiт-сағана тұрғызушыларды қымыз, қымыранмен қамтамасыз етiп, сойық мал және астық берiп, көмектесiп тұрыпты!", – деп көп жаңсақтыққа ұрынады. Бiрiншiден, кесене құрылысы 1396 жылы емес, 1395 жылы басталған, сайыпқыран Көреген (1336-1405 ж.ж.) Отырарда көз жұмғанмен, ешқашан хан болып, Түркiстанды хан ордасы еткен емес. Өзiн әмiр етiп жариялап, қуыршақ хандардың бiразын таққа қонжитып, көңiлiне жақпаса тайдырып тұратын.

Ол отызға тарта мемлекеттi басып алып, ел-жұртын қан-қақсатып, ұлын – құл, қызын – күң етуден тартынбайтын саясат жүргiздi. Түркi әлемiнiң рухани көсемiне кесене тұрғызуда оның қандай мақсат көздегенi де мәлiм, әрине. Құрылыс қарқынымен танысып, сол кездегi Моғолстан ханы Қызыр қожаның қызы Түкелханымды (Бибiханым) айттырып, алып қайтуға 1397 жылы оның (тек 1396 жылы емес) Түркiстанға ат басын бұрғаны ақиқат. Екiншiден, сәйкессiздiк өз алдына, сөйлемдердiң сонша олақ сөлекет құрылғандығын айтпағанда, шежiрешi бiрде "Түп-тұқияннан өзiме шейiн", ендi бiрде "Домалақ ана" арасында ашық күнде адасқандай, тиянақты түйiндi ой айтпайды. Егер қисыны мен қиуын тауып пайдалана бiлсек, қазақ шежiре, жылнама, ауызша және жазбаша тарихқа кенде емес. Қ.Жалайыр, Әбiлғазы, Ш.Уәлиханов, Мәшһүр Жүсiп Көпей, Ш.Құдайбердiұлы, Х.Қалиди және басқалардың әр кездегi еңбектерi тер төгiп, терең һәм мұқият зерттеудi керек етедi. Түптеп келгенде, "Осы бiз Бәйдiбектi бiлемiз бе?" деген ой мазалайды. Бәйдiбек кiм? Жауапсыз сауал ауа қарматып, андыздайды. Оның Боралдай бойындағы мазараты мен Тараздағы ескерткiшiне неге туған, не өлген жылы жазылмайды? Бәлкiм, ұрпақтарымен ғұмыр бойы бiрге жасасып келе жатқан мәңгi бейне болған соң ба? Айтпайын десең, сөз атасы өледi. 1598 жылы қайтыс болған Тәуекеңдi 1718 жылы дүниеден қайтқан әз Тәукемен шатастыратын "сабаздарды" да көз көрiп жүр. Бұдан недәуiр бұрынырақ 1776 жылы Қазыбек бен Тауасарұлы жазды дейтiн "Түп-тұқианнан өзiме шейiн" атты кiтабында: "…бабамыз Бәйдiбек хижра жыл санауынан 13 жыл бұрын туыпты да, сексен алты жасында өз ажалынан Қаратауда, Бөген өзенi бойында қайтыпты. Оған, мiне, 1081 жыл болыпты.".

Бәйдiбек атамыз жетi Алатауды тегiс алып жатқан ұрпағын қалдырды. Бабам: "Құдай Тағала өзi рахым қылсын, жаны жаннатта болсын!" – деп көрсетсе, марқұм Даниярбек Дүйсенбайұлы "Домалақ анада" 1806-1891 жылдары өмiр сүрген Дамолла Аққұс Сатыбалдыұлының Ташкентте басылған шежiресiне сүйенiп, басқа мәлiметтi алға тартады: "Ұлы бабамыз Бәйдiбек 1356-1419 жылдары өмiр сүрдi. Ташкент қаласы. Ел халқына жайлау таңдау мақсатымен Қаратаудың құйқалы күңгейiне көшiп келедi. Боралдай тауы өңiрiн иемденедi. Бәйдiбек жаз бойында жайлау төсiнде болып, осындағы елге билiк жүргiзедi. Қожа Ахмет Яссауидiң Түркiстандағы зиратына жиi барып, зиярат жасап тұрады. Сол жерден жетiм-жесiрлерге, ғарiп,қасiрлерге, аш-арықтарға қайыр-садақа үлестiрiп, пiтiр бергiзедi. Бәйдiбек, әсiресе, Қожа Ахмет Яссауидiң ескерткiш күмбезiн тұрғызуға белсене атсалысыпты. Ақсақ Темiрмен бiрнеше мәрте кездесiп, оның тапсырмаларын орындайды. Ақсақ Темiр оған өзгеше сыйлы көзқараста болады" (20 бет). Өмiр өзегiндей өзен бар да, Боралдай тауы жоқ. Бұған жұрттың неге назар аудармайтынын таң қалдырады. "Бәйдiбек Қарашаұлы – 1356-1419 жылдары ғұмыр кешкен қазақтың атақты биi әрi хан болған. Әкесi Қараша да, балалары Бабыралы, Майқы, Төбей, Кейкi, Бақтияр бәрi өз заманында би, әулие абыз, батыр, хан болып өткен. Бәйдiбек атышулы Ақсақ Темiрмен (1336-1405 ж.ж.) замандас, тұстас, қызметтес болған. Өзiнiң жақын туысы, қазақтың дала пәлсафашысы Асанқайғы аталып кеткен дана жырау – Асан Сәбитұлымен (1360-1370 ж.ж.) сырлас, мұңдас-тын; – дейдi филология ғылымдарының докторы марқұм Нысанбек Төреқұл қым-қиғаш кереғар қисынсыздыққа ұрынып, – Бәйдiбек есiмi бүкiл Ұлы жүз, Үйсiн тайпасына ұран болған. Оның жоғарыда аталған үш әйелiнен өсiп-өнген ұрпақтар сонау Алтайдан Қаратауға дейiнгi аралықта мекен етедi. Бәйдiбек баба ұрпағынан: Қарасай, Жауатар, Өтеген, Жарықбас, Қосай, Жалаңтөс, Жолбарыс, Райымбек, Малайсары,Наурызбай, Сұраншы, Саурық, Сыпатай, Жәнiбек, Құттыбай, Тұрсынбай, Қонай, т.б. батырлар; Бөлтiрiк, Әлiбек, Төлеби, Есейхан, Досай, Кебекбай, Ноғайбай, Байжiгiт, Сары би, Есенкелдi, Сапақ сияқты би-шешендер; Қабан, Сүйiнбай, Майкөт, Құлмамбет, Жамбыл тәрiздi ақын-жыраулар шыққан. Бұған халық қамын ойлаған ел басшысы болған атақты мемлекет қайраткерлерiн қоссақ, Бәйдiбек бабамыздың қандай адам болғанын, оның артындағы өсiп-өнген ұрпақтарының жарқын болашағын танимыз!" Сонда қалай? Қанша дәрiптегенмен бiз Бәйдiбектi 1356 жылы дүниеге келдi десек, ол қалайша, өз ата-бабалары Кейкi, Төбей, Майқы, Бақтиярдан жасы үлкен болады? Асанқайғы Алтын орда ханы өзбектiң баласы, 1357 жылы өлген Жәнiбектiң тұстасы. Кiм де болса ол ақиқатты азын-аулақ бiлуi керек едi, бiрақ, көп жайды iшке бүгiп, iркiп қалғандай. Неге әлдекiмдердiң ыңғайы мен ығына жығылып, мәселенi қырық құбылта беремiз? Асанқайғыны бұнда әкелiп, онсыз да бытысып жатқан дүниенi одан әрi күрмеуi көп күрделендiрудiң қажетi қанша? Тiптi қайдағы бiр жобасы келмейтiн Маңлай сүбенi билеген Байдағанды Бәйдiбекке әкелiп, қосақтай телiп, "Қазақстанда ислам дiнi кеңiнен жайылған Х (он) ғасырда өмiр сүрдi деп айта аламыз" (Б.Әбiлдаев) деу құлаққа кiрмейдi. Тараз университетi ғылыми зерттеу институтының директоры әр тарихи тақырыпқа қалам тартқан сайын, неге екенiн қайдам, үнемi "бүйректен сирақ шығарады" да жүредi. Егер шындыққа көзiмiздi жеткiзгiмiз келсе, түбегейлi зерттеуге ден қойып, бәрiн ойдан қиыстыруды қоятын уақыт жеткендей.

Әзiрше Бәйдiбектанушыларды үш топқа бөлуге болатындай. Баз бiреулер оны бiздiң дәуiрдiң VII-VIII ғасырына апарады (Ә.Байбатша, Б.Әбдiлдаұлы "Бәйдiбек баба – алып бәйтеректi" шығарушылар). Бұлар қайдағы бiр қытай жылнамасына сүйенiп, алысқа сiлтейдi. Сөйтсе де, оларды есепке алып жатқандар шамалы.

Екiншi топ Бәйдiбектi ХI-ХII ғасырға жатқызып, тiптi Шыңғысханның тұңғышы Жошымен кездестiрiп те қояды. (Е.Тұрысов, т.т.). Бұл да бiзге дәйек-дәлелсiз көрiнедi.

Үшiншiлер оқиғаны Майқы (Майың) уақытынан берi қарай өрбiтедi. (Марқұм филология ғылымдарының докторы Н.Төреқұл), жазбагер Д.Дүйсенбаев, А.Бекбосын, "Қазақтар" анықтамалығы және басқалар). Олар Бәйдiбектi атышулы Әмiр Темiрдiң кiшi замандасы (1356 ж.) етiп көрсетiп, еншi бередi. Дау жоқ, зердеде бiрнеше Майқы, Жәнiбек және Бәйдiбек болуы ықтимал. Және бұны жоққа шығару неғайбыл. Солай десек те, бiз әңгiмелеп отырған Бәйдiбектiң орны бөлек. Оның өз бабасы Майқыдан (Шыңғысханның замандасы (1155-1227 ж.ж.) үлкен болуы мүмкiн емес. Соншама ол сорлы қазақтың маңдайына симайтын қандай тарихи тұлға? Қарашасы қаласа, тағынан қапысыз түсiп беретiн хан ба? "Тфу" деген түкiрiгi жерге түспей жүрген қандай жан? Бiзде бар болса көре алмайтын, жоқ болса бере алмайтын жаман әдет әлi жойылмай келедi. Соның салқыны Бәйдiбек бабаны тануға да тиiп жүр. Кейбiреулер бес анаға арналған кешеннiң кiрпiшi Әзiрет Сұлтан кесенесiнiң қабырғалары қаланған шикiзатпен бiрдей: қазiргi ғылым жетiстiктерiн пайдаланып, тiптi болмаса ДНК-нi зерттеп, күмәндi жайттарға көз жеткiзуге болады ғой деседi. Оған құлық пен ынта-ықылас жете бере ме? Былтыр "Ұлы дала" қоғамдық бiрлестiгi Сарыбәйбiше (Марау) анамыз бен Бәйдiбек ұлы Тiлеубердi баба күмбезi ашылуының рәсiмiн өткiздi. Кiмнiң ойына келгенiн кiм бiлсiн, тарихи Жарықшақты – Жарық-шырақ деп ататқызды. Сондай да қиянат болады екен-ау. Бұл ана бiр аласапыран кезде Көтiбарды Басыбармен ауыстырғанның әуселесi емес пе? Ерiксiз езу тартқызады.

Тарихты тек өз ұлтының өкiлi жазсын деген көпе-көрнеу қиянаттың көкесi. Ол мәселеге қайтiп, қандай көзқараспен қарады? Гәп, мiне, қайда жатыр. Қашқар мен Ыстықкөл сапарына кетiп бара жатып Шоқан Уәлиханов та Бәйдiбек тақырыбына қалам тартып, қайырыла кетедi: "Ұлы жүз Үйсiн ұрпақтарының (қазақтардың) түп атасы (Майқыға) дейiн өмiр сүрген әлдебiр Төбей деп есептейдi. Аңыз бойынша, Төбейдiң төрт ұлы болыпты – Қойылдыр, Мекрен, Майқы мен Қоғам. Қойылдырдан кейiн (ХV-ХVI ғ.ғ.) жаңа тума өзбектердiң құрамына (қатаған) – (өзбектердiң басты руы) болып қатқандар шығады. Мекреннен шығады… Майқыға тән – үйсiндер. (Қоғам) қаңлылардың түпатасы, Майқының ұлы Абақтың үлкен әйелiнен Бәйдiбек, екiншi әйелiнен – қазақша айтқанда, әулиеден Жарықшы. Жарықшыдан үш ұл тарады: бiрiншi Албаннан – адбандар, екiншi Дулаттан – дулаттар мен суандар. Меркес – атаның …екi баласы бар едi. Шуманақ пен Суманақ. Адбаннан екi ұл өрбидi. Сары мен Шыбыл. Сарыдан екi бала: Сүйерқұл мен Таубазар, – Шыбыл балалары деп аталады. Ал Майқы балаларының жиынтық жалпы атауы – Абақ. Барлық бұл жүзге берiлетiн атау (Үйсiн) көп жағдайда үйсiндерге қатысты айтылып, аңызды қолдану қатаң түрде сақталады. Аңызда, Ұлы жүз (мұңғұлға) дейiн жеке дара халық күн кештi делiнсе, Үйсiн Майқы биге байланысты, ол Шыңғысты хан көтергенде (құрылтайға) қатысты айтылады". Әншейiнде дерек көздерiне мұқият, сақ қарайтын Шоқан аңызды асығыс атүстi жазып алып, бiрнеше қателiкке ұрынғанын айтпасқа болмайды. Абақ Майқының шөбересi болғанымен Бәйдiбек оның баласы емес. Арада екi-үш ата бар. Домалақ ана – Бәйдiбектiң тоқалы. Жарықшы емес Жарықшақ. Аңыз бойынша, әулие ана кiндiгiнен бiр ұл – Жарықшақ, үш қыз Күнбүбi -(Қызайлар анасы), Айбүбi (Мұрындар анасы) мен Сыбан тарайтыны сөз болады.

Көп жылдар Жетiсу өлкесiнде iстеген орыс шығыстанушысы Н.А.Аристов 1876 жылы дүние салған Ботбай биi Диханбай батыр шежiресiне сiлтеме жасап, онда Адамнан Әбiлқайырға дейiн 54 ата бар екенiн таратып, соңғының үш баласы: Байшора (Ұлы жүздiң түпатасы), Жаншора (Орта жүздiң түпатасы) мен Қарашораның (Кiшi жүздiң түпатасы) болғаны айтылады. Байшораның Жұманбай, Кейкi, одан әрi Төбей би ұрпақтары бөлiнiп, төрт ұл: Майқы, Қоғам, Қойылдыр мен Мекрайыл жеке-жеке отау тiккенi келтiрiледi. Сонымен қатар Майқының төрт баласы: Бақтияр, Қаңлы, Қырықжүз бен Мыңжүзге тоқтап, Бақтияр атадан Үйсiн мен Ойсыл (Сiргелi) еншi алып, Үйсiннiң Ақсақалы (Абақ тамғалы) мен Жансақалы (тарақ тамға) екенi дәлелденедi. Ақсақалдың ұлы Қараша би, одан Байлыбек (?) (Бәйдiбектi қалай шатастырғаны түсiнiксiз). Байлыбектiң бәйбiшесi Сарыбәйбiшеден Сарыүйсiн туса, екiншi әйелi Зерiптен – Әлмәмбет, оның үлкен әйелi Мапыраштыдан Шапырашты, екiншi әйелi (Кәнизактан) Ысты және оның тоқалынан (сiңлiсiнен) Ошақты дүниеге келедi; Байлыбектiң Домалақ атты үшiншi әйелiнен Жарықшақ, ал одан Абдан (Албан), Дулат пен Суан өмiрге келедi: Дулаттың төрт ұлы: Ботбай, Шымыр, Сиқым мен Жаныс атқа қонады. Диханбай батыр түзген шежiре осымен тамамдалады. Кiтап қаншама құнды болғанымен онда да бiраз кемшiлiктерге жол берiледi. Еңбегi бiлiктi мамандар жоғары бағалаған Н.А.Аристовтың өзi Бәйдiбектi Байлыбек деп алмастырғанмен жауапкершiлiктi жеңiлдетiп алғандай. Базбiр зерттеушiлер тарихты түсiндiруге тырысып, қалай болғанда да Бәйдiбектi өз ағасы Майқыдан бұрын туғанын дәлелдегiсi келiп әуреленiп жүр. Сонда бұдан кiм не ұтады?

Әдетте көп бiледi дегендей, бiзде академиктерге аз сын айтылады. "Абай" дәуiрнамасынан кейiн көп толғана келе Мұхтар Әуезов соңғы бiр Оңтүстiк сапарының "Қадiмнен мәлiм Қаратауында" "Қаратау елi көне тауын көптен сүйедi. Құлмамбетпен айтысқанда Дулат (?) Майкөт ақын да Қаратауға аузы тола сөйлейдi:

"Көкшекұлы деген жерiм бар,

Жуасы бар таяқтай.

Қаратау деген жерiм бар

Алмасы бар аяқтай.

Осындай жердi жамандап,

Атаңа нәлет Құлмамбет,

Ақылың сенiң қаяқта-ай," – деп жазады.

Майкөт ешуақытта Дулат болған емес. Ол Бәйдiбектiң Ысты (Нұртай) немересiнен тарайтын арғысы Доспамбет (Тiлiк), бергiсi Жырынсыз Қоңыр аталарына жатады.

"Сұрасаң руымды Ысты дейдi,

Жәкел – Шоқай – Ыстының ұстыны едi.

Ел үшiн бар асылын аямаған,

Нағыз ер жанған оттың ұшқыны едi," – дейтiн жыры Жамбыл ұстазы М.Сандыбайұлының кiм екенiн танытқандай. Академик-жазушы бұны бiлмейдi емес, бiледi. Бiрақ, оған онша мән бермегендей. Ол басқа бiр зерттеуiнде: "…Айтыстың Майкөт, Сүйiнбай, Жамбыл сияқты iрi ақындары, екiншi жағынан, iрi дастаншыл ақындар, – деп жазған жоқ па? – Қазақта бұл өңiрде сол тұста атақты, дәулескер ақыннан Майкөт ақын, жалайыр Қабан ақын, Бақтыбай ақын, Құланаяқ (Құланалы) Құлмамбет бар. Сүйiнбай бастаған осы үш-төрт-бес ақынның және кейiн Жамбылдың да, бәрiнiң де қырғыздың халық поэзиясымен көп жақындығы бар болатын!". Оған Сәбит Мұқанов та үн қосады: "…Айтыс – қазақтың ауыз әдебиетiнен де ерте заманнан келе жатқан жанр… Майкөттiң мақтанышын Құлмамбет мiсе тұтпайды. Үркердей аз ғана Ысты түгiл Қаратаудағы Дулат атаулының бәрi кедей, тек егiн салумен ғана жанын сақтап отыр деп егiн кәсiбiн мiнейдi. Майкөттiң елiн, қонысын, Сырдарияны жамандайды".

"Ал, мен оны бiр жүйеге келтiрiп, қазақ шежiресiнiң үшiншi томына енгiзiп, құрастырып жазып отырмын. Жаңсақ жазылған болса, ағайындардан кешiрiм сұраймын, түзетiп оқуын өтiнемiн және қазiргi ұрпақтарға дейiн жазып, жалғастырып, толықтыруға атсалысып, баспадан шығаруға болатынын естерiңiзге саламын, – дей келiп, жоғарыдағы Теңiзбай Үйсiнбай ибн Көлдей Алшыни әл-Арали жауапты түзу алдындағы өз әлдсiздiгiн мойындағандай. – Ысты руының жалғасын ел iшiнен жинап, құртастыруды бiлетiн бiр шежiреге қалдырдым – мен құрастыра алмадым. Қолымда деректi шежiре (?) болмады және оны бiлетiн азаматты кездестiре алмадым!".

Басқа бiреулер төтесiнен тартады: "Шежiре жазушы ағайын үш жүзден берi қарап-ақ оңдырып жазып алайық" дейдi Т.Сапарбекұлы, А.Еркебаев, Н.Садықұлы атынан "Шымыр Ата шежiресiнде" (Тараз, 2000 жыл).Кiм кiмнiң алдында кешiрiм сұрап, кiм кiмге тiсiн қайрайды? Соған қарап қазiр шежiремен айналысу көлденең көп аттының ермегi мен iштей бәсекесiне айналып бара жатқандай. Қашанға дейiн отпен ойнап, тарихты тұңыртып, шежiренi шектей беруге болады? Ол ол ма, бiзде жәдiгерлердi дер уақытында елге қайтаруға құлық танытылмайды. "Шаң шаң Түркiстан" (Қ.Шаңғытбаев) шаһарындағы кешендегi ата-бабаның шашылып, құрап саудырап қалған қу сүйектерiн бiр қапшыққа тығып, аруақтар алдында аймандай болғанымыздан ауыз күймептi әлi. Жалғызсырап айдалада жатқан Махамбеттiң басын жаңғырту мақсатымен әкелiп, жертөлеге қамап, қалпына келтiрiп жетiстiк пе? Санкт-Петербург Кунскамерасындағы Кенесары мен Кейкiнiң кесiлген бастары табылып, неге елге әкелiнбейдi? Әрине, бұның бәрi жалғыз-жарымның шаруасы емес, ел мен мемлекет деңгейiндегi оңай шешiлетiн мәселелер. Бiреу сөзiмдi сөйлесе, аузым қышып бара ма? Бiрақ олай болмай тұр. Әйтпесе жер-жерде жақұтқа бергiсiз қаншама жәдiгерлерiмiз шашылып жатыр. Бiзде сөз көп, нақты iс жоқ. Келешектiң қамын кiм ойлайды?

Бәйдiбек баба жолы алыс. Оған апарар дайын даңғыл жоқ. Оның хан, әмiршi емес,билiк басында болмаса да туған халқына қалтқысыз қызмет етiп, аса ықпалды азамат болғаны айқын. Әңгiменi арыдан бастамай, ұрпақтарынан берi қарай өрбiтуiмiз де сондықтан. Алда әлi беймәлiм бел-белестер күтiп тұр.

Аян НЫСАНАЛИН