Жаңалықтар

Клод АЛБАГЛИ: "ҚАЗАҚ ТIЛIНДЕ СӨЙЛЕМЕГЕНIМЕ КЕШIРIМ СҰРАЙМЫН"

ашық дереккөзі

Клод АЛБАГЛИ: "ҚАЗАҚ ТIЛIНДЕ СӨЙЛЕМЕГЕНIМЕ КЕШIРIМ СҰРАЙМЫН"

Жуырда "Қазақстан" қонақ үйiнде президенттiк институттың 20 жылдығына арналған "Қазақстан Республикасы:мемлекеттiк құрылыстың тәжiрибесi және әлеуметтiк– саяси жаңарудың болашағы" атты халықаралық ғылыми– практикалық конференция өттi. Мәдени шараны ҚР Бiлiм және ғылым минстрлiгi, Ғылым комитетi һәм философия және саясаттану институты ұйымдастырды.

Бұл конференция мемлекетiмiздiң өркендеуiнiң және тұтастай қазақстандық қоғам жандануының анағұрлым маңызды бағыттарында, одан ары индустриалды– инновациялық яки орнықты даму барысында елдiң алдынан шыққан мәселелердi кешендi түрде пайымдауға арналды. Конференция жұмысына Англия, Франция, Ресей, Түркия, Беларус, Әзiрбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжiкстан елдерiнен танымал ғалымдар мен сарапшылар, сондай– ақ елiмiздiң көрнектi қоғам және саяси қайраткерлерi қатысты.

Мұнда философия және саясаттану институтының директоры, профессор Н. Ә. Нысанбаев– басқарудың Президенттiк формасы– тәуелсiз Қазақстанның саяси жүйесiнiң өзегi төңiрегiнде өз ойын ортаға салды. ҚР ҰҒА академигi, Ж. Әбдiлдин: "Президенттiк билiктiң тарихилығы және оның демократиялану болашағы тұрғысында", ҚР Парламент мәжiлiсiнiң депутаты К. Бурханов – "Мемлекеттiк құрылыстағы стратегиялық ұмтылыс және ұлттық көшбасшының рөлi" турасында баяндама жасады. Англияның Рэдинг университетiнiң деканы, профессор Колюжнова Елена тәуелсiздiк тұсындағы Қазақстанның экономикалық дамуына талдау жасап, ресейлiк ғалым О.В.Нечипоренко посткеңестiк қоғамдардың әлеуметтiк трансформациясының тәжiрибесi: жалпылығы және ерекшелiгi туралы айтты. Ал, Францияның СЕДИМЕС халықаралық институтының президентi Клод Албагли мырза болса, әлемдегi жаһандану жағдайындағы мемлекеттiң әлеуметтiк– саяси жаңаруы туралы ой қозғады. Беларусь ҰҒА философия институтының директоры А.А Лазеревич ойларын беларустық бiрегейлiк: ұлттық және жаһандық аясында өрбiттi. Экономика ғылымдарының докторы, профессор О. Сәбден Қазақстан экономикасының нарықтық трансформациясы және дағдарыстан кейiнгi жаңаруы туралы айта келiп, "Батыс өз алдына, Қытаймен көп жұмыс iстеуiмiз керек" дедi. Әрi Қазақстан демографиясы жөнiнде өткiр пiкiрлер бiлдiрдi. Өзбекстандық ғалым Нигина Арсланқызы орталық Азиядағы аймақтық қауiпсiздiк және саяси тұрақтылығы төңiрегiнде айтса, Әзiрбайжан ҰҒА философия, әлеуметтану және құқық институтының директоры М.И. Рамизоғлы Әзiрбайжан мен Қазақстандағы Президенттiк институт: салыстырмалы талдау тәжiрибесi жөнiнде сөз сөйледi. Саяси ғылымдардың докторы Б. Қошқарұлы Президенттiк институт және құқықтық қырлары төңiрегiнде, ал, профессор С. Борбасов Қазақстандағы Президенттiк билiктiң тиiмдiлiгiн айта келе, оған дәлел ретiнде Қазақстандағы қазақ ұлтының 20 жылда 3,5 миллионға өскенiн тiлге тиек еттi. Профессор Н.С. Есентайұлы тәуелсiздiк жағдайындағы философиялық зерттеулердiң ерекшелiктерiн айтты. Дұрыс аударма керектiгiн бiлдiре келе, ғалым: "Қазiргi кредиттiк технология ойлануға мүмкiндiк бермейдi. Бала бүгiн тестке жауап берiп, ертең ұмытып қалады. Осындай ұрпақ өсiп келедi. Осының оңтайлы тәсiлдерiн қарастыруымыз керек" дегендi алға тартты. Конференцияға қатысушылар жаңа тәуелсiз мемлекеттердегi басқарудың Президенттiк формасы, демократияның қалыптасуы мен дамуының аса маңызды мәселелерiн талқылады, әрi алыс-жақын шет елдердегi Президенттiк институтының қызмет ету тәжiрибелерi жөнiнде ғылыми ақпарат алмасты. Конференцияның материалдары бойынша көлемi 12– 15 баспа табақ кiтап жарияланатын болды. Тек, бiр әттеген-айы, жиынның ресми тiлде өткендiгi. Шараның 95 пайызы орыс тiлiнде болды да, қазақ тiлi тағы да тасада қалып қойды. Француздық ғалым Клод Албагли: "Сiздердiң тiлдерiңiзде сөйлемегенiме кешiрiм сұраймын…", – дегенiнде, бiздiң көкелер не ойлады екен?!

Бауыржан ӘЛIҚОЖА