Жаңалықтар

АЛТЫБАСАР

ашық дереккөзі

АЛТЫБАСАР

Жергiлiктi халық "қарашекпендер" деп атап кеткен орыс мұжықтарының қазақ жерiне қалай қоныстанғаны туралы жазушы, Мемлекет және қоғам қайраткерi Сабыр Шариповтан (1880-1942) артық жазған адам жоқ шығар. Дәлiрегiнде "орыс" деген сөздi он айналдырып өткiзетiн Кеңестер заманында. Мәселен, бүгiн бiз қысқаша ғана үзiндiсiн берiп отырған мына "Алтыбасар" атты шығармасына қараңыз. Ең кереметi сол, жерге деген орыс ашкөздiгiн жерiне жеткiзе әшкерелеп берген оның осы шығармасы 1918-19 жылдары жазылып, кейiн Қызыл империяның қылышынан қан тамып тұрған 1926, 1935 жылдары және соңғы рет 1982 жылы бiрнеше қайта басылған.

Шығарма жанры бiр жерде "повесть," ендi бiр жерде "әңгiме" деп көрсетiлгенiмен публицистикалық элементтерi жағынан деректi шығармаға көбiрек ұқсайды. Әрi-берiден соң ол сонысымен де құнды секiлдi.

Дидахмет ӘШIМХАНҰЛЫ

…Мана өтiп кеткенiмiзде жан көрмеп едiк, ендi өткелге таман жақындап келгенiмiзде қара жолдың үстiн қаптап жаяу-жалпы келе жатқан көп адамға көзiмiз түстi. Бiз тап өткелге келгенiмiзде олар да өткел аузындағы "Алтыбасар" учаскесiне тоқтап, бөрiктерiн алып, шоқына-шоқына тұра қалды.

Қала адамы екенiн айтпай-ақ бiлдiк. Он шақты көк арбаға пар өгiзден, сондай арбаға жалғыз аттан жеккен, қоржын– қолабасын жаяу арқалаған, арбаларына он бес шақты соқа, борана тиеген, болмашы үй саймандарымен – барлығы екi жүз шамалы орыстар екен.

Ерiгiп жүрген бiздер аттарымызды тұсап қоя берiп, мән-жайын сұрайық деп орыстардың қасына бардық. Қырық-елу шамалы жұмысқа жарайтын еркек және сол шамалы әйелдер де бар екен, қалғандары кемпiр-шал, бала-шаға көрiнедi.

Бәрiнiң де киген киiмдерi жалба- жұлба, үстi-басы кiр, бет ауыздары шаң- топырақ.

Көзiмiздi қайсысына тоқтатарымызды бiлмей тұрғанымызда пысықтау ғана тапалшы сары сақалды бiреуi қасымызға келiп тұра қалды. Бұл Нестер Сальников деген екен. Мән-жайды сонан сұрап қандық.

– Полтава, Харьков және Чернигов губернелерiнен былтыр көшiп шығып едiк. Бiр жылдан берi жер қарап, ақырында мынау "Алтыбасар" учаскесiне орналаспақшы болып келiп отырмыз, – дедi.

Барлығы екi жүзге жақын жан, қырық бес үй, орталарында көтерем отыз шамалы малдары бар.

– Үй басы қазынадан жүз сомнан ақша, бiраз соқа-сайман, күрек, шот тәрiздi нәрселердi қарызға алып едiк. Бiрақ, о да жеткiлiксiз, "ендi қалайша күн көремiз," деп сасып тұрмыз, келуiне келсек те қорқып отырмыз, – дедi.

– Пендешiлiкпен қолға түскен адамдардай, көздерiн тiгiп бәрi де бiзге қарай қалды. Бiздiң айналамызға жиналып, үймелесiп жатыр, нашарлықтарын айтып барлығы да зарланады. Ар жақтағы малды көрiп, қайран қалып тұрғандарын айтқанда, оның ар жағында көрiнбей тұрған неше қотан қой жатыр десек, нанар-нанбас болып, бастарын шайқасады. Кейбiреулерi:

– Сонау жайылып жатқан көп малдың машақаты да көп шығар, шаруашылығының кем-кетiктерi де бар шығар, бiздердiң барлығымыз да қолқабыс қылуға жараймыз, әртүрлi iс бiлемiз, қара малай қызметiн қылатындарымыз да бар. Керек адам болса, айта жүрiңдер, – деп өтiнiш қылады.

Елдiң мән-жайын айтып, шаруашылығын түсiндiрiп, бiздер жүрiп кеттiк. Орыстар көлiктерiн доғарып қала бердi.

Ар жаққа өте берiп бiр ауылға қондық. Күндегiдей жылқы келгенше ұйықтауға бүгiн ретi келмедi.

Ауылдың иттерi үрiп маза бермеген соң, ұйқы мүлде ашылды. "Ит неге үре бередi?", деп далаға шықсам, әйелдер сиыр сауып жатыр екен. (Орыстардың бала– шағасы, арасында кәрi-құртаңы да бар, сиыр сауып жатқан әйелдердiң қасына барып, сүт сұрап iшiп тұр екен). Ана ауылда, да, мына ауылда да сондай бала- шағалар қайнап жүр. Әрi-берiден соң у-шуға жата алмай ауылдың адамдары бәрi де оянып түрегелдi. Бiраздан соң бiз отырған үйге бес-алты бала кiрiп келiп, босағаға таянып тұра қалды. Тамақ iшiңдер деп берген бiр-бiр аяқ қатық айранды бiр-ақ төңкерiп тастады. Сiрә, қарындары өте ашса керек.

Жайланып, қымыз iшiп болған соң атқа мiнейiн деп жатқанымда, қотанда төбелесiп жүрген орыстардың төрт-бес баласына көзiм түстi; қотанда қойдан қалған шөп-шарды, жүндi жинап жүр екен. Бiр кiшiрек баланы үлкенiрек бiреуi жүнi барырақ жерден қуғанына, кiшкене бала ызаланып жылап жатыр.

Соларға қарап бiраз тұрдым. Бiр-екеуi жылаған балада жұмыстары жоқ, топырағын қағып түкке керегi жоқ шөп- шарды, жүндi жинап, өз жұмыстарымен болып жүр.

Мұны көрген соң Әзiлдiң ерке балалары уыстап-уыстап үйден жүн, жабағы шығарып, ана балалардың таласа-тармаса алып жатқанынан мәз болып, тамаша қылып, қотанға жүн шашып жатыр.

…Бұларды тамаша қылып тұрғанымызда, Есiл жағасындағы жүн жуып, кептiруге жайып жатқан бiрталай орыс әйелдерiне көзiм түсiп, солардың қасына бардым.

– Не қылған жүн? – деп сұрағанымда:

– Тезек терiп жүргенде, көшкен ауылдардың орындарына кез болып, шаң- топырақ болып жатқан мына жүндердi сол арадан жинап алдық. Жуып, кептiрiп алсақ бала-шағаға киiм қылып беруге жарайды, деп қуанып тұрмыз, – дейдi.

Бұл әйелдердiң де бiреуiмен танысып алдық. Анна, фамилиясы Манерко екен.

– Япырмай, мынау орыстардың тамшасы-ай, – деп бiз жөнiмiзге жүрiп кеттiк.

…Есiлдiң ар жағында, сонау көз жетер- жетпес болып жатқан кең даланы қара құрымдай тегiс қаптап жатқан мал. Есiлдi жағалай қонып, қаз-қатар болып отырған ылғи ақ боз үйлi ауылдар. Бiр ауылмен бiр ауылдың арасында жарысып ойнаған жас балалар мен құрбы-құрдастарымен әзiлдескен бозбалалар. Үйден-үйге қыдырып, ақ кимешектерiнiң құйрығын жерге сүйреткен жас келiншек, әйелдер. Басына қызыл барқыт, үстiне алтын, күмiс қадаған топы, жасылдан, қызылдан, күрең масатыдан камзол шапан бүркенiп, ерсiлi- қарсылы жүрген қыздар.

Ауыл сыртындағы желiде топ-топ байланған, шұрқырап кiсiнескен бие мен құлындар. Ерсiлi-қарсылы шұбырған сиырлар. Маңыраған жамыраған, топырлаған қой-қозылар, ешкiлер, қырдан төмен қарай қарап отырған бiзге Есiлдiң екi жағындағы екi көрiнiс, екi түрлi ойға қалдырып отыр.

Ар жағында – қазақ, байлық, тоқтық, рақат дүниесi.

Бер жағында – жаңа түскен орыс қаласы. Кедейлiк, бейнет, уайым дүниесi. Қазақтың алдында не бар? Орыстың алдында не бар? Осы екi тұрмысты он жылдан соң келiп көрер ме едi деген ой туды. Бiрақ, атқа мiнiп жолға түскен соң, ол ой ұмытылды.

* * *

Алтыбасар қаласы түскелi дәл жетi жыл болды дегенде көлденең Есiл бойындағы елге Ахмет екеумiз келе жатырмыз.

Атбасардан шығып Қостанай жолымен келе жатқанымызда Есiлге шейiн 150 шақырым жерде құмырсқадай қыбырлаған жайлаудағы елдiң малы болушы едi. Бiр ауылға қонып, бiр ауылға түстенiп жүре беретiнбiз. Бұл келе жатқан бетiмiзде бiр мал, не бiр адамды көрмедiк. Анда- санда әр жерден арасы 20-30 шақырымдаған орыс қалалары көрiнедi. Бiр қаланың егiнi екiншi қаланыкiне қосылып жатыр. Жайлаудың жолына егiн егiп өткел бермей қойған.

Табия қаласының көшесiнен өтiп бара жатыр едiк, кейде әңгiмелесiп, кейде өлеңдетiп келе жатқан Ахмет, бiр мезгiлде өксiп-өксiп жас баладан жаман жылап қоя бердi. Аң-таң болып сасып қалдым. "Не болды?" деп сұраған сайын Ахмет өкси түседi. Көзi лездiң арасында қып-қызыл болып кеттi.

– Жыламай қайтейiн… мына қаладан өтiп бара жатқанда тап орта кезiне келгенде… сонау жайлаудың қара жолы … баяғыда қалың ел көшiп жүргенде, салған қара жол. Жолдың мынау қаланың iшiне кiрген жерiнен көлденең көш өтушi едi. Күнi-түнi дамылсыз қыбырлаған адам жетi жылдан берi басып өтiп жатса да, жарықтық көшпелi елге жүз жылдан берi қызмет қылған қара жол болмай-ақ келе жатыр екен, ана бiр жерi орыстың қорасынан өте шығады, қарашы, сайрап көрiнiп жатқан жоқ па?.. Уа, дариға! Барлығы жетi-ақ жыл ғой. Сонан арғы жерде осы қара жолдың өрiсi қыбырлаған ел болушы едi. Ешкiмнен қорықпай, қай жер болса сол жерге еркiмен қонып, мезгiлiмен көшiп, қазақ байғұс жүре берушi едi. Түстiк жерге түседi, көш жерге жылқысы шыққанда бiреудiң егiнiне түсер-ау, шабынын басар-ау деген кiмнiң ойына келген. Алдыңдағы заманның сондай деп бiреу айтса, оған кiм нанушы едi… Ендi, қарашы, кешеден берi келе жатырмыз, жан-жағымызға қарамай, үрiкпей, қорықпай бiр минут жүрдiк пе? Анау қаланың егiнi, мынау қаланың шабыны. "Қайда барса Қорқыттың көрi", таяқ шаншар жер қалды ма? Уа, дариға-ай!

* * *

Баяғыда жерi қалаға кесiлiп кеткенде жылап-сықтап, ойға-қырға шауып жерiмдi қалдырам деп дүние шығарып, ақырында жерiне қала орнап орыстардың қызметiн көрген соң, оның тегiн қунап отырған Оспанның үйiне түсе қалдық.

"Орыс келiп қала ма?" деп үрейi ұшып отырса керек, есiктен сәлем бере кiрiп, бiздi көргенде қуанып қалды. Аман—саулық сұрасқан соң Осекең жылап қоя бердi.

– Шырағым-ай, бiздiң жайдың несiн сұрайсың? Ел болудан қалдық. Бұзауға шейiн арқандап бағып отырмыз. Тынышымыз кеттi. Ел қалмады. Мынау қасымыздағы Қаракемер қаласы күннен күнге ашынып, қылмаған бәленi қалдырмай, мүлде мазамызды алды. Бұрынғы кезде ауыл үйдей болып араласып кетiп едi, нашарлығын айтып керек бұйымы болса, жөнiмен сұрайтын едi. Жаз келсе машина-сайман, көлiк берiп ортаққа шөп шапқызып ақысын беретiнбiз. Қаласына бiз барсақ құп көрiп қарсы алатын шырақтар, анау Алпысбай, Жетпiсбайлар мынау Айтымбет, Қосай дейтiн-бiздер қаладағы орыстармен үй басы тамыр болып едiк. Қазақтар мынау бiздiң "Дебан", анау бiздiң "Петра" деп тамырын ешкiмге қимай жүретiн. Сол уақытында қазақтың боз балалары бiр-екi жыл шөбiн орыстарға шапқызып, мойны босап, тойын тойлап, ойынын ойнап рақаттанып қалып едi. Берi таманға келген соң басында аз ғана үй болған қала жүз үйден асып кеттi. Және келгендегiдей емес, егiнi өнiп, малы өсiп байыңқырады. Қазақ жай отыр ма? Бiрiмен бiрi араз болып, дұшпанын мұқатам деп, тамырына шауып барып:

– "Анау жерде егiнiңдi, шөбiңдi, пәленшенiң малы жеп жатыр" – деп, орыспен бiрiгiп ақыл қосып, бiрдi он қылып төледi. Бiреуден бiреу өрнек алып, бәрi осыны iстейдi. Сөйтiп жүрiп осы маңайда отырған жүз үйден артық ел, бiрiмiз бен бiрiмiз шатылып, араздасып быт-шыт болдық. Бұл кәсiптен мал өнетiн болған соң орыстардың өздерi де аңдып, бағып жүретiн болды.

Қазақтың малы егiнге түспей тұра ма? Күн құрғамайды, шығынды төлеймiз де отырамыз. Кiмнiң малы қай жерде, қанша егiн бүлдiрдi деп тексерiп, сөзге келiп, тиер ақысын алып отырса екен, онда арман болмас едi. Ондай қылмақ түгiл, өзiнiң қаласының бастығының да тiлiн алмайды: арақты iшiп алып, темiр айырын ұстап келе қалады. Бұлардың iшiнде өте бұзық болып тұрғандар: – Демьян мен Иван бұзықтар. Кондрат Макнатов, ишi Петр дейтiндер. Солардың бұзықтығын шағып старостасына барған соң протоколдап, начальникке бiлдiрiп өздерiне "ешқайда шықпа" деп подписка алып едi. Сол түнде суды жағалап, қайықпен келiп Сүлейменнiң, Ахметтiң, Қанапияның және бiздiң қораларымызды өртеп, барлық дүниемiздi күйдiрiп жiбердi. Бұлардың өртегенiн 3-4 орыс көрген екен, солардың куәлiгiмен староста протоколдап тағы да Дуан жөнелттi. Артынан бiр жұма өткен жоқ, әлгi протоколға iлiккен бұзық Иван басшы болып, жүз шамалы орыстарды ертiп, қолдарында темiр айырлары бар, ауылға жетiп келдi де, шетiнен кiм көрiнгендi ұра бастады. Ауылға түстенiп отырған Темешбай ақсақал мен қара Ысмайылды мерт қылып бiреуiнiң қолын сындырып, бiреуiнiң тiсiн қиратып, еркек бiткен барлығымызды байлап-матап, қаласына апарып, бiр үйге қамады да қойды. Старостасын бiзбен бiрге жауып тастады. "Ендi өлдiк" деп отырғанда басшысы Сарқарын деген қаланың болысы Поделякин мен хатшысы Ведрек, отыз шамалы орыс, екi жүз шамалы қазақ ертiп Қаракемер қаласына шабуылдап келдi де, абақтыда жатқан староста мен бiздердi шығарып қоя бердi. Поделякин "қазақтарда не жұмыстарың бар, неге тыныш отырмайсыңдар?" деп жауап сұрағандла айтатындары:

"Қазақта ақымыз көп, малымызды ұрлайды, малы егiнiмiздi жеп құртады. Неше жыл тегiн шөбiн шауып берiп жұмысын қылдық, ақымызды дұрыстап бермейдi", деп қайдағы жоқты соғады. Әлгi айтылған ауылдардың көбi орыстармен тамыр болып, бiр-бiр аттан, яки сиырдан майын мiн, сүтiн iш деп берген малдары болатын, айналасы жүзден артық iрi қара орыстардың қолында тұр. Мына төбелестен соң сол малдың бәрi де кеттi.

Сол майын мiнген көлiктер, сауынға алған сиырлар қолда қалып отыр. "Ақымызға алдық, қайырмаймыз, тағы да сұраймыз" дейдi. "Ортаққа шөп шапқанда жарым-жартылап берген шөбiмен қызмет ақымыз түгел болмайды," дейдi. Екi-үш жыл ортаққа шөп шапқызамыз, тегiн қызметпен пайдаланамыз деп, ендi соның сазайын тартып отырмыз. Не адамда, не малда сән қалмады. Бiз бұлардай жиын отырған жоқпыз. Бес-алты темiр айырын ұстап жетiп келе қалса, дегенiн алып кетедi. Қашан өлемiз деп отырғанымыз. Әлгi әңгiмеге бiр жұмадай-ақ болды, сонан берi бiр орыс елге шыққан жоқ, бiр қазақ қалаға барған жоқ. Малымызды құйрығынан ұстағандай бағып отырмыз. Жеген таяғымыз бойымызға құт. Осы маңайдан кетсек екен деп ақылдасып отырмыз. Жалғыз бiз емес, Жабай қаласы мен Байты қаласы да елдiң мазасын тым-ақ алып тұр. Сол елдермен ақылдасып, не қалса да бас сауға қалып бөтен елге кетудi ұйғарып едiк. Жиделiбайсынға кетпек болып, бiр ойлағамыз. Алдыңғы жыл 40 үйге басшы болып кеткен Тұралы молданың жуырда қайтып келгенiн, естiп. Жиделiбайсынға көшуден де қайтып отырмыз.

Шала-пұла ауыз тиiп, дәмдi қайырып, қонақ кәде қылып далаға шықтық. Айтқандай, адамда үрей қалмайтын ақырзаман болып тұрған бiр жер екен. Ауыл отырған жерден екi жүз қадамдай жерде, Есiлдiң ар жағында, Қаракемер қаласы тұр. Дамыл жоқ, екi жақтың иттерi бiрiне-бiрi үрiп, адамның үрейiн ұшырады. Түнде жөндi ұйықтай алмадық. Оспан да түнi бойы көзi iлiнбей, кезек далаға шығып-кiрiп күзетте жүрдi. Ұрқия, бойжеткен Қарашаш пен Алтыншаш – бәрi де сырт киiмдерiн тастамастан қисая-қисая қалғып шықты. Елең-алаңда шайға қарамай қымыз iшiп, бiз де атқа мiндiк.

Сабыр ШАРИПОВ