ЕУРОПА ҚАЗАҚТАРЫНЫҢ ҚҰРЫЛТАЙЫ ӨТТI
ЕУРОПА ҚАЗАҚТАРЫНЫҢ ҚҰРЫЛТАЙЫ ӨТТI
Бүгiнде елiмiзден шетте жүрген қандастарымыз өз тiлiн, салт-дәстүрiн, әдет-ғұрпын сақтап қалуда алдына жан салмайды. Шама-шарқы келгенше келешек ұрпақтың өзге тәрбиенiң жетегiнде кетпеуiне бас қатырады. Олар үшiн Қазақстан – туған ел, құтты атамекен. Жат елде жүрiп-ақ қазақ ұлтына тән келбетiн бұзбауға тырысқан қандастардың бұл амал-iстерiне алғыстан басқа айтарымыз жоқ.
Еуропа елдерiнде тұратын отандастардың өмiрiндегi ең айтулы оқиға дәстүрлi Еуропа қазақтарының құрылтайының өткiзiлуi едi. Құрылтай Қазақстанның Венадағы елшiлiгiнiң қолдауымен болды. Бұл шараға Австрия, Германия, Ұлыбритания, Швейцария, Дания, Франция, Норвегия, Нидерланды және Түркия елдерiндегi қазақ диаспорасының өкiлдерi, сондай-ақ Австрияның ресми тұлғалары қатысып, шетелдегi қандастардың бетпе-бет келiп отырған мәселелерiмен бөлiстi. Ашық тақырыпта пiкiр алмасып, өсiрiп жатқан ұл-қыздарының қазақ тiлiн ұмыт қалдырмауы үшiн жасап жатқан шаруаларын да ортаға салды.
Бүгiнде Вена қаласында шамамен 50-дей қазақ отбасы тұрады. Австриядағы Қазақ мәдени орталығының жетекшiсi Қызырхан Шолпанның айтуына қарағанда, Венаға Түркия арқылы барған қазақтар 25 отбасын құрайды екен. Соңғы жылдары Қазақстаннан түрлi қызмет бабымен барып сонда тұрақтап қалғандар саны да осыншалықты көрiнедi.
Венадағы Қазақ мәдени орталығы жетекшiсi, Еуропадағы Қазақ қоғамдары федерациясының мүшесi Қызырхан Шолпан бұл қоғамның тек 2003 жылы ғана ресми тiркеуден өткендiгiн айтқан болатын. Оған дейiн арнайы қазақ қоғамы болмаса да, Еуропадағы қазақ жастары бас қосып, Наурыз мейрамы, Құрбан айт, Ораза айт мерекелерiн өткiзiп келiптi. – Бiрiншiден, Еуропадағы қазақ жастарының өзара қарым-қатынасының нығаюына, бiрiн-бiрi танып, бiлуiне зор мүмкiндiк жасалады. Еуропадағы қазақ жастары өзара араласуға мүмкiндiк алды, тiптi, таныстықтың соңы неке қиып, отау құруға жеткiзгендерi баршылық. Егер, бұлай болмаса, бiздiң ұрпағымыз қазақ екендiгiн ұмытып кетуi де мүмкiн едi, – деген ол бүгiнгi ұрпақтың осы құрылтайлардың арқасында қазақ екендiгiн түйсiне бастағанын айтады.
Құрылтай бағдарламасы аясында "Абай" қазақ-австрия көрмесiнiң ашылуы жиналған қазақ қандастарға ерекше күш-жiгер сыйлады. Ұлы Абайдай ақыны бар қазақ халқының төбесi тағы да көкке жеттi. Одан соң Еуропа қазақтары федерациясының басқосуы өтiп, футбол турнирiнен жарыс бәсекесiнде күш сынасты. Құрылтайдың шарықтау шегi мәдени шарамен ұласты. Қазақстан өнер шеберлерi қазақ әнiн асқақтата орындап, қандастардың туған жерге деген сағынышын басуға септiгiн тигiздi.
Вена мэриясының салтанат залында өткен Құрылтайға жиналған қауымның алдында Қазақстанның Австриядағы Елшiсi Ержан Қазыханов, Вена ландстагының (мәслихаты) депутаты Волькмар Халванег, Дүниежүзi қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары Талғат Мамашев, Еуропа қазақтары қауымдастығының жетекшiсi Каюм Кесиджи, Австриядағы Қазақ диаспорасының жетекшiсi Қызырхан Шолпан және диаспора ақсақалы Акпар Кыран сөз сөйледi.
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ