Жаңалықтар

"МӘДЕНИ МҰРА" ЖУРНАЛЫ ТҰСАУЫН КЕСТI

ашық дереккөзі

"МӘДЕНИ МҰРА" ЖУРНАЛЫ ТҰСАУЫН КЕСТI

Таяуда Қазақстан Республикасының Ұлттық кiтапханасында қазақ баспасөзiнiң қатарына жаңадан қосылған "Мәдени мұра" журналының тұсаукесерi болып өттi. Журналдың бас редакторлық қызметiне жазушы Дүкенбай Досжан тағайындалды.

Алғашқы санында қоғам қайраткерi, қазақ ұлтының бiртуар ұлы Ә.Бөкейханов, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры С.Қасқабасовтың, тарих ғылымдарның докторы Ө.Озғанбаевтың материалдары берiлген. Журнал аты атап тұрғандай, қазақ халқының жауһар жәдiгерлерi, атадан қалған асыл мұраны, ұлттық мәдениет сатысының даму жетiстiктерiн баяндап отыратын болады. Бұл– дәл қазiргi нарық заманында ұмыт болуға шақ қалған мәдени дүниелердi жаңғыртып, ел санасына жеткiзуде маңызы зор қадам. Осы тұрғыда әдебиеттанушы, фольклортанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы Сейiт Асқарұлы: "Кеңестiк түсiнiктен шығып, саясатты араластырмайтын мәдени журнал болуы керек, ол үшiн халық сусындап отырған дүниенi беруге тиiс. Журналда ертегi, мифтiк аңыздар, мақал-мәтел, жұмбақ, халық педагогикасы бәрi болуы қажет"-дегендi айтады. Ал журналдың бас редакторы Дүкенбай Досжан: "Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың: "Соңғы жиырма жылда ел өмiрiне жүз жылға бергiсiз рухани серпiлiстер әкелдi. Өскелең ұрпаққа үлгi боларлық белестi кезеңдерден өттiк", деген сөзi басылымның негiзi темiрқазығы. Мемлекеттiк "Мәдени мұра" бағдарламасы аясында өткен iс-шаралардың бәрi журналдың басты тақырыптары екенiн айта кеткен жөн. Бiр сөзбен айтқанда, "Мәдени мұра" журналы– ұлтымыздың жоқшысы", – дедi. Журнал Қазақстан, Мәскеу, Санкт-Петербург, Қытайдың Шыңжан, Монғолияның Баянөлгей аймағына таралатын көрiнедi. Осы мәселе төңiрегiнде жазушы-драматург С.Балғабаев: "Жаңа журналға сәттiлiк тiлеймiз. Тиражды көбейту 2 жолмен жүзеге асады. Бiрi– Үкiметтiң талап етуi арқылы, екiншiсi– халықтың көңiлiнен шығып, данасын көбейту. Мәдени мұрамызды жастардың бойына сiңiрудiң бiрден-бiр жолы– журнал десек, ол әр мектепке жету керек. "Мәдени мұраның бет-бейнесi болуы тиiс"– деп өз сөзiн қорытындылады. "Мәдени мұра" стратегиялық ұлттық жобаның бiрiншi кезеңi аяқталып, екiншi кезеңi басталады. Десек те, бағдарлама аясында жасалып жатқан игi iстер халыққа жетпей отыр, мұның бiрден-бiр себебi насихат аз. Осы тұрғыдан келгенде, "Мәдени мұра" журналы бүгiнгi күнi оқырмандар сұранысына ие. Ендеше, журнал халық көңiлiнен шығып, оқырмандар жүрегiне жетедi деп сенемiз. Дайана ТОҚБЕРГЕНОВА, ҚазҰУ-дiң журналистика факультетiнiң 2-курс студентi