Жаңалықтар

100 ҮЙ — 100 ОТБАСЫНЫҢ ҚУАНЫШЫ

ашық дереккөзі

100 ҮЙ — 100 ОТБАСЫНЫҢ ҚУАНЫШЫ

Қызылағашта тұрмыс түзелiп, тiрлiк жандана бастады. Көк шатырға қоныс теуiп, күнiн көрiп жатқан қызылағаштық тұрғындардың ендi "өз үйi – өлең төсегi" бар. Әуелде қызылағаштықтар қырық бес үйдiң кiлтiн ұстап, қырық бес отбасы қоныс тойын тойлаған едi. Ендi, жүз отбасы өз пәтерiне қолын жеткiзiп, арқа-жарқа болып қалды.

Жүз отбасының қолына пәтер кiлтiн табыстаған облыс әкiмi Серiк Үмбетов: "Мамыр мерекесi қарсаңында 45 отбасы осындай қуанышқа кенелген едi. Мiне, араға 20 күн салып, тағы да жүздеген жаңа үйлердi пайдалануға берiп отырмыз. Әзiрге шатырда тұрып жатқан тұрғындардың да баспаналы болатын күнi алыс емес. Қиын күндер артта қалып, лайым қуаныштарыңыз ұзағынан болсын!"– деген жүрекжарды тiлегiн жеткiздi.

Жүз отбасының қуанышына ортақтасқан жұртшылық жаңа үйлерде жайылған ақ дастарқанның дәмiн татты. Пайдалануға берiлген үйлердiң барлығы дерлiк, ыдыс-аяқтармен, төсек-жабдықтармен, мүлiктермен жабдықталған.

Бүгiнге дейiн Қызылағаш ауылында 401 үйдiң қабырғасы қаланып, оның iшiнде 215 үйдiң шатыры көтерiлiп, 128 үйдiң шатыры жабылды. Оларды iшкi сырлау жұмыстары жүргiзiлiп жатыр.

Қазiр Қызылағашта ауылдың iшкi жолдарын жөндеу жұмыстары басталды. Жаңадан асфальттер төселiп, көше жолдарының жиектерiне ағашы көшеттерi отырғызылуда. Жол жиегiндегi ағаштарды суаратын арық жүйесi де жасалыныпты.

Қызылағашты қалпына келтiру жұмыстарын 15-маусымға дейiн аяқтау жоспарланып отыр.

Жадыра ОРАЗАЛИЕВА