Жаңалықтар

ҚАЗАҚ ЕЛI ИСЛАМ КОНФЕРЕНЦИЯСЫНА ТӨРЕЛIК ЕТЕДI

ашық дереккөзі

ҚАЗАҚ ЕЛI ИСЛАМ КОНФЕРЕНЦИЯСЫНА ТӨРЕЛIК ЕТЕДI

Душанбеде өткен Ислам конференциясы ұйымына кiретiн елдердiң 37-шi отырысына қазақ делегациясы да қатысты. Онда мұсылман елдерiне қауiп төндiрiп отырған лаңкестiктiң алдын алу, тұрақтылық, саяси-экономикалық байланыстарды өркендету секiлдi өзектi мәселелер ортаға салынды.

Ислам конференциясы ұйымының құрылғанына қырық жылдан астам уақыт өттi. Оған қазiр Азия, Африка және Еуропа елдерiнен 57 мемлекет мүше. Ұйымның негiзгi ұстанымы – колониялық тәртiппен күресiп, нәсiлшiлдiкке жол бермеу. Қазiр бұл ұйымның құзыретi де, құрамы да артып келедi. Бұл беделдi ұйым экономикалық, саяси-әлеуметтiк өмiрдiң бiртұтастығын қалайды. Сәтiн салса, келер жылы Қазақстан Ислам конференциясының тiзгiнiн өз қолына алмақшы. Қазақстан мұсылман дiнiн ұстанатын мемлекет болғандықтан Ислам елдерiмен қарым-қатынасты өрiстетуi қажет. Бұған Ислам конференциясы ұйымы мол мүмкiндiк беретiнi сөзсiз. Сыртқы iстер министрi, Мемлекеттiк хатшы Қанат Саудабаев Қазақстанның қандай бағытта жұмыс iстеудi жоспарлап отырғанын мәлiм еттi. "Қазақстан ЕҚЫҰ-на төрағалығында мол тәжiрибе жинап, Ислам конференциясы ұйымын ойдағыдай басқарады деген пiкiрдемiз. Бүгiнде Ұйым аймақтық қана емес, жаһандық қауiпсiздiк мәселелерiн де реттеуге атсалысып отыр. Қазақстан ЕҚЫҰ-на төраға ретiнде батыс елдерi арасындағы диалогты нығайтуға әрi кеңейтуге мүмкiндiк туғызуды көздейдi", – дедi ол.

Тәжiкстан Ислам конференциясы ұйымына Орта Азияда ең бiрiншi болып төрағалық жасаған мемлекет. Осы тұрғыда Тәжiкстан президентi Эмомали Рахмонның да айтары бар. Қазақстанның мұсылман елдерiнiң бiрiгiп атқарып жатқан iстерiне оң баға берген Президент: "Тәжiкстан Ислам конференциясы ұйымының лаңкестiкке, экстремизмге және сепаратизмге қарсы күресiн қолдайды. Ирак елiндегi бейбiтшiлiк орнатуға қазiр жiтi көңiл бөлу керек. Палестинадағы жағдайды тұрақтандыру қажет. Себебi, бұл ел жарты ғасырдан астам уақыт бойы мемлекет мәртебесiн сезiне алмай отыр. Бiз сондай-ақ, Ауғанстандағы тұрақтылықты және бейбiтшiлiктi де қалаймыз" дегендi қадап айтты.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ