КЕДЕНДIК ОДАҚТЫҢ КӨКЖИЕГI
КЕДЕНДIК ОДАҚТЫҢ КӨКЖИЕГI
Қазақстан, Беларусь, Ресей құрған Кедендiк одақ 2010 жылдың 1-шiлдесiнен бастап толық iске кiрiсе алмайтын болды. Өйткенi, өткен аптада араларында алауыздық туындаған үштiк екi аптаға тағы үзiлiс алды. Беларусь президентi Лукашенко Ресейден мұнай мен мұнай өнiмдерiне салынатын кедендiк салықтарды алып тастауды талап етiп отыр. Бұған дейiн саясаткерлердiң тек "ошақ басында" айтылып келген әңгiмесiн ресми түрде мәлiмдеген ресейлiк бiрiншi вице-премьер Игорь Шувалов КО құрамында тек екi мемлекет қалуы мүмкiндiгiн айтты.
Үштiк құрған Кедендiк одаққа қатысты тағы бiр қиындық туындады. Ұлттық және мемлекеттiк мүдделерiн көлденең тартқан Минск талаптары күшейе түспесе, бәсеңдер емес. Әп дегеннен-ақ Одақтың келешегiне күмәнмен қараған беларусьтiк сарапшылар кедендiк iстерге қатысты бiрiгудiң түйiндi түйткiлдерi көбейе беретiнiн айтады. Өткен аптада Санкт-Петербургте өткен Кедендiк одақтың жоғарғы органы ұйымдастырған отырыста белоруссиялық делегация мүшелерi 2010 жылдың 1 шiлдесiне дейiн, яғни, КО ресми түрде толық iске кiрiспей тұрып, барлық шешiмдердi заңдық құжаттармен бекiтiп алуды талап еттi. Бұл талап Одақ құрылмай тұрып-ақ, беларусьтерге кейде тiкелей, кейде жанама түрде қысым көрсете отырып, экономикалық тиiмдi шешiмдердi қабылдатуға тырысқан ресейлiк тарапқа қатысты. Минск белорустер жерiне тасымалданатын ресейлiк мұнай мен мұнай өнiмдерiне салынуы тиiс салықтардың өзiне тиiмдi болғанын қалайды. Екiншiден, Беларусь Кедендiк кодексi шеңберiнде қабылдануы тиiс 17 халықаралық құжаттың небары 8-i ғана ресми хатталғанына наразы. Минск бар кiнәнi Мәскеуге артып отыр: "Кедендiк одақтың сыртқы және өзара саудасын қамтитын ақпараттық жүйеге қатысты келiсiмдiк жобалардың Ресей тарапынан тым кешiктiрiлiп жеткiзiлуi салдарынан Белоруссиядағы мемлекет iшiндегi ұйымдастыру шараларын дер кезiнде өткiзуге кедергi болды". Сонымен, тараптардың түйiндi мәселелердi келiсе отырып, шешу мақсатында екi аптаға үзiлiс алуы себептi, Кедендiк одақ 2010 жылдың 1 шiлдесiнен бастап толық iске кiрiсе алмайтын болды.
Сарапшылардың көпшiлiгi егер Ресей кейбiр мәселелерде келiсiмдерге келуге ұмтылмаса, КО келешегiне кiрбiң түсiретiн жайттар жиiлей беретiнiн айтады. Белоруссия президентi Александр Лукашенко премьер-министрi Сергей Сидорскийге кедендiк салықтар алып тасталмаса, Кедендiк одақтан Беларуське келер пайда жоқтығын айтып, бастапқы талаптардан бас тартпауды қатаң тапсырды. Кейiнгi кездерi экономикалық мүддеден гөрi саяси астары басым деп бағаланған Кедендiк одақты Ресейдiң геосаяси ықпалын күшейту мақсатында құрылды деп бағалайтындар саны белорустер жерiнде артып барады. 2011 жылдың басында Беларусьте президенттiк сайлау өткiзiледi. Әрине, ел үшiн аса маңызды саяси науқан қарсаңында қоғамдық пiкiрге қайшы келетiн шешiмдердi Лукашенко қабылдамасы белгiлi. Оның үстiне, беларусь кәсiпкерлерi КО кесiрiнен iшкi нарықтағы ахуалдың күрт шиеленiсетiнiн көлденең тартса, қарапайым халық шетелдiк көлiктерге салынатын кедендiк салықтың бiрнеше рет артқанына наразы болған. Осы мәселеге орай, тiптi, қоғамдық қарсылық қозғалысы да ұйымдастырылған едi. Алайда, ресми Минск елге импортталатын ресейлiк көмiрсутегiлер құны арзанға түсетiнiн көлденең тартып, елдi тыныштандыруға тырысқан болатын. Күнi кешеге дейiн Ресейден әкелiнетiн мұнай мен мұнай өнiмдерiне қатысты кедендiк салықтардың КО шеңберiнде алынып тасталмауы – беларусьтiк билiкке сын. Көңiлiнде "Мәскеу энергоқорлардың арқасында Минскiге ықпалын арттыруды көздейдi" деген күдiк басым Беларусь Кедендiк одақ iске қосылмай тұрып, барлық шарттар бекiтiлуi тиiс деген талаптан бас тартпай отыр. Сондықтан да Ресейдiң бiрiншi вице-премьерi Игор Шувалов КО құрамында келешекте тек екi мемлекет қана қалуы мүмкiндiгiн мәлiмдедi.
Үстiмiздегi жылдың 1-қаңтарынан бастап iске кiрiскен Кедендiк одақ шеңберiнде Астана, Мәскеу мен Миснк үш мемлекеттiң шекарасынан өтетiн тауардың 11 мың түрiне қатысты кедендiк салықты келiсiп үлгердi. Соның небары 38 пайызында ғана Қазақстан мен Ресей мүддесi сәйкес келген. Өткен аптадағы келiссөзде қазақтар жағы ҚР азаматының жеке бас пайдасына жарату үшiн 2 тонна тауарды кеденнен ешқандай салықсыз (1 келi тауарға – 0,6 еуро) өткiзуге қатысты норманы бiр жылға дейiн соза тұруға ұсыныс бiлдiрген. Астананың басты мақсаты — Қытайдан импортталатын арзан заттарға iшкi нарықта жеңiлдiк жасау едi. Алайда, қытайлық тауарларға жасалынатын кез келген жеңiлдiк өздерiнiң жеңiл өнеркәсiбiне қауiп төндiредi деп дабыл қаққан беларусьтер қазақтардың бұл ұсынысына үзiлдi-кесiлдi қарсы шықты. Есесiне, Минск ескi көлiктерге кедендiк тарифтердi азайту туралы мәселенi қайта көтердi. Дәл осы тұста өре түрегелген ресейлiк тарап РФ-дағы жаңадан салынған 18 көлiк құрастыру зауыты ешкiмге есе жiбермейтiнiн, ең бастысы, қазақ, беларусь пен орыс нарығын қамтамасыз етуге толық күшi жететiнiн, сондықтан, шетелдiк ескi көлiктерге ешқандай жеңiлдiк жасалмау керектiгiн нығырлады. Осылайша, "аққу – көкке, шортан – көлгенiң" керiн келтiрген үштiк Петербордағы жиында ортақ келiсiмге келе алмай тарқасты. Отырыстан кейiн журналистерге сұхбат берген Путин 1 шiлдеде Кедендiк одақтың толық жұмыс iстеуi мүмкiн еместiгiн мойындауға, мәжбүр болды. Әлбетте мүдделi тараптар келiсуден гөрi керiсуге жиi бой ұрған Одақтың "жаназасын" шығаруға әлi ерте. Есесiне, үш тарап та мемлекеттiк және ұлттық мүдделерiне қайшы келмейтiн жайттардың басын ашып алғанда ғана Кедендiк одақтың келешегi жарқын. Бұл әсiресе, Одаққа мүшелiкке өту мәселесi қоғам талқысына салынбаған, сарапшылар мен қатысушылар ұстанымын таразы басына тартуда пiкiрталастардың "бiр қайнауы" кем болған қазақ қоғамы үшiн аса маңызды. Айтпақшы, Кедендiк одақ сотының мiндетiн ЕурАзЭҚ соты атқаратын болды.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ