Жаңалықтар

ЕР ТҮРIКТIҢ БЕСIГIНДЕ

ашық дереккөзі

ЕР ТҮРIКТIҢ БЕСIГIНДЕ

Екi ел президенттерi жүздестi

Түрiк бауырдың Атажұртқа деген ынта-ықыласы бөлек екендiгiне дау жоқ. Халықаралық саясатта айрықша оқиға болған жайт — Қазақ Елiнiң тәуелсiздiгiн Түрiк Республикасының бiрiншi болып сол сағатта мойындауы осыған анық дәлел. Тәуелсiздiгiмiздiң 18 жылында да қазақ-түрiк қарым-қатынасында Түркияның Қазақ мемлекетiне берген көмегi де, бауырлық ықыласы да айтарлықтай болды.

Түрiк Респуликасының президентi Абдулла Гүлдiң Қазақстанға iссапарды "Екi дүние есiгi, Ер түрiктiң бесiгi" — Түркiстан қаласынан бастауының бiр белгiсi осы болса керек.

Түркiстан — барша түркiтiлдес бауырларға ортақ, жүрекке жақын ұғым. Сонау ХХ ғасырдың басында Әлихан Бөкейханұлы, Мұхамеджан Тынышпаев, Мұстафа Шоқай бастаған Алаш зиялыларының идеясы бүгiн де маңызын жойған жоқ. Жер жаһанды жайлаған ғаламдастыру тұсында түркiтiлдес халықтар өзара рухани байланысын, мәдени ынтымақтастығын жаңғыртып, үнемi бiр-бiрiне қолдау көрсетiп тұрмаса болмайды. Бауырлас елдермен рухани қарым-қатынастың қазақ үшiн бүгiнде маңызы зор екенi даусыз-ақ. Өйткенi, түркi бауырлар бiзге кешегi Кәрi құрлықты тiтiреткен Едiгенiң елесi мен жауынгер бабалар рухын еске түсiрiп, дала философиясы мен төл өркениетi бар ерек халық екенiмiздi жадымызда қайта жаңғыртып тұрады.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Түрiк Республикасы прездентi Абдулла Гүл Қожа Ахмет Ясауи атындағы Қазақ-түрiк университетiне арнайы соғып, оқу орнының оқытушыларымен және студенттерiмен жүздестi. Осы жерде Гүл Назарбаевқа билiк символы – скипетр табыстады. "Сiз – үлкен ақсақалсыз", – дедi Абдулла Гүл, – "Мұны мен барлық түркiтiлдес елдер атынан айтып тұрмын, сiздi түркiтiлдес халықтардың басшысы ретiнде мойындаймыз" дедi Түрiк басшысы. Скипетр байырғы түрiктерде билiктiң айнымас белгiсi болған екен. Бұл сыйлық арқылы Түрiк президентi Қазақ президентiне ғана емес, Тәуелсiз Қазақ елiне деген айрықша құрметiн тағы да бiлдiрiп өткендей сезiлдi.

Нұрсұлтан Назарбаев Түркiстан қаласын "барлық түркiтiлдес халықтардың Атажұрты" деп атады. "Баршамыз байырғы баба – батыр түркiнiң кiндiгiнен өсiп-өнген ұрпақпыз. Тiлiмiз жақын, тiлегiмiз бiр. Тағдырымыз ұқсас, тарихымыз ортақ" дедi Елбасы.

Екi елдiң басшылары "Әзiрет Сұлтан" мемлекеттiк тарихи-мәдени мұражай-қорығына арнайы бас сұқты. Бұл кешенге жалпы саны 137 тарихи-мәдени, рухани-дiни, археологиялық және архитектуралық ескерткiштерi кiредi екен, олардың iшiнде басты тарихи ескерткiш – Қожа Ахмет Ясауи кесенесi. Мұнда 20000-ға тарта экспонаттар жинақталған, ғылыми кiтапхана қоры 6000 кiтапқа жуық. Бұл кешенге келушiлер саны жылдан жылға артып келедi. Былтыр мұнда 600000-нан астам туристер қонақ болған екен.

Екi ел президенттерiнiң кездесуiнiң ең ұтымды нәтижесi – Түркi әлемi академиясының ашылуы. "Ол түркiтiлдес елдер мен халықтардың өзара ынтымақтастығын дамытуға ықпал етедi" дедi Нұрсұлтан Әбiшұлы. Президент Кеңес Одағы ыдырағаннан кейiн қайта жаңғырған түркiтiлдес халықтардың ынтымағын жаңғыртуда Анкараның еңбегiнiң көп екенiн де атап өттi.

Анкара Астананы тек рухани-мәдени байланыстарда ғана емес, саясатта да қолдауға ықыласты екенiн байқатты. Абдулла Гүл осы сапары барысында Қазақстанның Еуропадағы ынтымақтастық және қауiпсiздiк ұйымына төраға ретiндегi саяси iс-әрекетiне оң баға берiп, Назарбаев бастамашы болған Азиядағы өзара ықпалдастық және сенiм шаралары жөнiндегi кеңес (АӨСШК) iс жүзiнде сәттi жүзеге асып жатқанын айтып өттi. Келесi айда осы ұйымның өкiлдерi Стамбұлда кездесiп, саммит өткiзбек.

Қазақстанның келесi жылы Ислам конференциясы ұйымына төрағалық етуi де – түрiк басшысының айтуынша, – сыртқы саясаттағы айтулы жетiстiктердiң бiрi. "Халықаралық деңгейдегi осы әрiптестiгiмiз оңтайлы түрде жүзеге асып жатыр, сондай-ақ Қазақстан мен Түркия көптеген халықаралық және аймақтық мәселелер бойынша ортақ ұстаным байқатып, бiрлескен iс-қимыл жасау үстiнде" дедi Аблулла Гүл.

Ал тамыз айында Стамбұлда Қазақстан-Түркия әрiптестiгi кеңесiнiң 4-шi жиналысы өткiзiлмек.

Түрiк президентiнiң Түркiстанда басталған iссапары Астанада жалғасты. Төрт күнге созылған сапар барысы бауырлас екi елдiң арасында әлi жүзеге асырылар жобалар мен ой-жоспардың көптiгiн аңғартып қалды.

Түрiктер Қазақстанды "Атажұрт" деп ардақтаса, Түркияны "Анажұрт" деп атайды екен. Бiзге де ең әуелi Анажұрт пен Атажұрт арасындағы рухани жақындық қымбат.

Гүлбиғаш Омарова