Жаңалықтар

ОРТАЛЫҚ АЗИЯДА СУ ТАПШЫ

ашық дереккөзі

ОРТАЛЫҚ АЗИЯДА СУ ТАПШЫ

Көктем шыға егiс даласына қатысты туындайтын басты қиындық — су тапшылығы. Сырдария мен Әмударияның суын тиiмдi пайдалана алмай отырған елдердiң ысырапшылдығы, сондай-ақ, қырғыз бен тәжiктiң су мәселесiндегi өзiмшiлдiгi — бүкiл Орталық Азияға төнген қауiп. Бұл осы аймақтағы елдердiң экономикасын тежеп, ауыл шаруашылығын тұралатумен бiрге аймақтағы саяси шиеленiстерге әкеп соғуы мүмкiн.

"ДАУДЫҢ БАСЫ"…

Орталықазиялық аймақта дау тудырған басты мәселелердiң бiрi – су бөлiсi. Жуырда БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун Орталық Азия елдерi басшылары арасында орнатылуы тиiс келiссөздердiң тараптарға тиiмдi болуын қамтамасыз етуге және су тапшылығына қатысты туындайтын дауларды шешуге көмектесуге тырысатынын мәлiмдедi. Бүгiнде БҰҰ мен басқа да бiрқатар халықаралық ұйымдар шекарааралық өзен, көлдердiң әдiл бөлiнiсiн қамтамасыз ету мақсатында көптеген құжат қабылдаған. Оған су мәселесiн реттеп отыруды өз мiндетiне алған Халықаралық қоршаған ортаны қорғау комиссиясы, Дүниежүзiлiк банк пен алпауыт елдердi қосыңыз.

Орталық Азиядағы 5 мемлекет – Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжiкстан мен Түркiменстанның жалпы жер көлемi 4 млн. шаршы шақырым. Сарапшылардың айтуынша, 2025 жылға қарай Орталық Азия елдерiндегi халық саны екi есеге артып, 100 млн.-ға дейiн жетпек. Бұл ең алдымен осы аймақтағы су тапшылығын одан ары ушықтыра түсерi анық. Орталықазиялық аймақты сумен қамтамасыз ететiн екi өзен – Сырдария мен Әмудария Арал теңiзiне барып құяды. Сонымен қатар қырғыздар мен тәжiктер жерiндегi аса iрi ауқымдағы мұздықтарда екi үлкен өзендегi су тепе-теңдiгiн сақтауды қамтамасыз ететiн тұщы су сақталған. Өкiнiшке қарай, жыл сайын арнасы кеуiп, ауқымы кiшiрейiп бара жатқан Аралды қалпына келтiруге Сыр мен Әмударияның күшi жетер емес. Аңқасы кепкен Аралға араша түсуге Мемлекетаралық үйлестiрушi су шаруашылығы комиссиясы, Арал теңiзi жөнiндегi үкiметаралық кеңес, Халықаралық Аралды құтқару қоры сияқты басқа да көптеген әлемдiк деңгейдегi түрлi ұйымдар да қауқарсыз. Екi өзеннiң жоғарғы ағысындағы Қырғызстан мен Тәжiкстан аса iрi мөлшердегi су қорына иелiк еткенмен, экономикаларын дамытуға қосымша қорлары жоқ. Ал төменгi ағыстағы Қазақстан, Өзбекстан, Түркiменстанда табиғи ресурстар мол болғанмен, су тапшы. Мамандардың айтуынша, су дауы әсiресе, КСРО ыдырап, мемлекеттер дербестiгiн алғаннан кейiн ушыға түстi. Мәселен, аймақтағы тұтынушылар арасында су қорын пайдалану тәртiбi бекiтiлмегендiктен, суды жинау, сақтау, қамтамасыз ету және тасымалдауға қатысты төленуi тиiс өтемақылардың өндiрiлу жолдары, су электрстансалары мен өзге де су энергетикалық құрылғылардың қызмет көрсетудегi кемшiлiктерiнiң көптiгi, олардың сапасы күннен күнге нашарлауы, елдер арасындағы бәсекелестiк, ұлттық мүдделер қайшылығы, экономикалық даму қарқынының әртүрлiлiгi, саяси ахуал т.б. туындаған су дауы қос өзеннiң жоғарғы сағасындағы қырғыз бен тәжiктiң көршiлермен саудаласуына себеп болды. Таулы жерде әрi жерасты не жерүстi байлығы жұтаң олар төмендегi көршiлерiне қолайсыздықтар тудыруда. Өйткенi, тәжiк пен қырғыздың су қорын реттеуге тырысуы жер суғаруға су тапшы қазақ, өзбек, түркiменнiң шаруашылығына зиян тигiзуi әбден мүмкiн.

БIРЖАҚТЫ ШЕШIМ – КӨРШI ЕЛДЕРГЕ ҚАУIП

Соңғы кездерi тәжiктер мен қырғыздардың гидротехникалық құрылыстарды жүзеге асыруға талпынған құлшынысы Қазақстан, Өзбекстан мен Түркiменстанда елеулi алаңдаушылық туғызуда. Демек, ұлттық мүдделердi көздейтiн кез келген жоба басқа елдердiң мүддесiне қайшы келмеуi шарт. Халықаралық сарапшылар пiкiрiнше, Әмудария мен Сырдарияның жоғарғы ағысына орналасқан мемлекеттер энергетикалық қорлардың тапшылығын сылтауратып, әдiлетсiздiкке жол беруде. Мәселен, Қамбар ата су электрстансасын салуға кiрiскен Қырғызстан Сырдариядан Нарынды бөлiп алуға тырысса, Рогундық су электрстансасын iске қосуға мүдделi Тәжiкстан Әмудариядан Вахшты ажыратып алуға ұмтылады. Қырғыз бен тәжiктiң бұл өзiмшiлдiгi – бүкiл Орталық Азияға төнген қауiп. Халықаралық заңнамаға жүгiнсек, екi ел де суэлектрстансасын салу үшiн алдымен Сырдария мен Әмударияның сағасындағы Қазақстан, Өзбекстан, Түркiменстанның келiсiмiн алуға мiндеттi. Әлбетте, аймақтағы су дауын өршiткен басты себеп – ұлттық мүдде. Сыр мен Әмударияның етегiндегi қазақ пен өзбектен көмiрсутегiнi арзан бағаға және арнайы жеңiлдiктер арқылы алуды көздейтiн тәжiк пен қырғыздың талабы орындалмай келедi. Өйткенi, Бiшкек пен Душанбе су қоймаларының қазақ, өзбек, түркiменге тиiмдi уақытта жұмыс iстеуi үшiн Астана, Ашхабад пен Тәшкеннен қаржылық тұрғыда төленетiн өтемақы көлемiн ұлғайтуды талап етiп отыр. Қырғыздар таратқан деректерде 1986-1991 жылдар аралығында Тоқтағұл су қоймасында 68,3 текше шақырым суды жинау үшiн Қазақстан мен Өзбекстан 11 млн. тонна көмiр, 3,6 млн. тонна мазут, 9,7 млн. текше метр газ жеткiзiлiп отырғаны айтылған. Алайда, Астана мен Тәшкен көршiлер мойнындағы қарыздың қордаланып қалуы мен басқа да себептерге байланысты (мысалы, өзен суының ауыл шаруашылығы өндiрiсiне қажеттi көлемде жеткiзiлмеуi т.б.) табиғи газ, көмiр мен электр жарығын арзан бағаға жеткiзiп беруге көнбей отыр. Өзбектер 2005 жылы қырғыздарға экспортталатын мың текше метр газ бағасын 44 долларға бекiтсе, 2006 жылы – 55 доллар, ал 2007 жылы 100 долларға дейiн көтерген. Су проблемасын ұлттық мүддесiнiң пайдасына шешуге ұмтылған тәжiктер болса, 2010-2015 жылдарға қарай өзбектердiң көмiрсутегiлерiне деген тәуелдiлiгiнен құтылып, Иранға, Пәкiстан мен Үндiстанға (жылына 8-10 млрд. Квт сағ.) электр жарығын экспорттауды көздейдi. Шетелдiк инвесторларды қызықтыруға тырысқан тәжiктердiң энергетика министрлiгiнiң басты жоспары – осы. Ал Зеравшан өзенiнен су электрстансасын тұрғызуға мүдделiлiк танытқан Қытай Өзбекстан тарапынан үзiлдi-кесiлдi қарсылыққа тап болды. Халықаралық сарапшылар қауымы Душанбенiң су мәселесiне қатысты бiржақты шешiмдерi орталықазиялық аймақтағы шиеленiске әкеп соғуы мүмкiндiгiн ескертедi. Ал қырғыздардың Сырдарияның жоғары бөлiгiнен Қамбарата су-электр стансасын салуына Астана наразылық танытқан. Талас пен Шу өзендерiнiң суын пайдалануға қатысты екi ел арасында арнайы жұмыс тобының құрылуы су дауын ушықтырмай шешуге сеп болды. Қазақтар жағы айырқалпақтылар елiндегi гидротехникалық нысандарды iске қосуға қаржылай көмек беруге келiстi. Екiншiден, қыстың көзi қырауда электр жарығы тапшылығына ұрынған Душанбе мен Бiшкек су электр стансаларының белсендi жұмыс iстеуi үшiн су қоймаларындағы суды шамадан тыс пайдалануға мәжбүр болды. Бұл төменгi ағыстағы көршiлес елдердегi жаздық егiске қажеттi су қорын едәуiр азайтуға ықпал еттi. Наразылық тудырған тағы бiр мәселе, экологиялық проблемаларға қатысты. Орталық Азиядағы жаз құрғақшылықтан тұрады, ал экологиялық ахуалы мәз емес. Аталған жайттар өзендер тазалығын сақтауда қиындықтар тудырары анық.

МҰЗДЫҚТАР ЕРИ БАСТАҒАН

Жуырда Еуразиялық даму банкiнiң срапшылары ауа райының өзгеруi су тапшылығы бiлiне бастаған Орталық Азиядағы су қорына қалай әсер еткенi жөнiнде сараптамалық шолу жасады. Аталған құжатта күн райының күрт өзгеруi аймақтағы су тапшылығына әкеп соғатыны айтылған. Судың қат болуы Орталық Азиядағы ауыл шаруашылығы өндiрiсiн 15-50 пайызға дейiн төмендетедi екен. Су деңгейiнiң күрт төмендеуi Арал теңiзiнде ғана емес, Ыстықкөл мен басқа да өзендерде байқалған. Ғалымдар мұның себебiн булану процесiнiң артуымен байланыстырады. Бұл жаһандық жылынудың белгiсi. Өзендер ағысының деңгейi жыл сайын толығудың орнына керiсiнше, кеуiп барады. Оған дәлел, ХХ ғасырда Тәжiкстандағы мұздықтар аумағы 30 пайызға, ал Ауғанстанда 50-70 пайызға күрт қысқарған. Арнайы зерттеу жұмыстарын жүргiзген ғалымдар тәжiктер жерiндегi мұздықтар көлемi әлi де 15-20 пайызға азайып, ондағы су қоры 80-10 шаршы шақырымға қысқаратынын айтады. Егер мұздықтардың еруi тоқтамаса, алдағы 30-40 жылда Тәжiкстандағы ұсақ мұз таулар түгел жойылып, орталықазиялық аймақтағы су тапшылығы одан сайын ушыға түседi. Қазақстанға келсек, мұздықтардың еруiнен, алдағы 30 жылда тау өзендерiнiң жылдық деңгейi 22,5 пайызға дейiн көтерiлуi мүмкiн. Есесiне, жазықтағы өзен ағыны 10,3 пайызға қысқармақ. Сондай-ақ, 2030 жылға қарай Сырдария суы – 10 пайызға, ал Әмудариянiкi 15 пайызға азаяды. Бұл су қорының 90 пайызға жуығы ауыл шаруашылығы саласына жұмсалатын Орталық Азия үшiн өте қолайсыз жағдай. Осы себептi, Қазақстан, Қырғызстан, Түркiменстан, Тәжiкстан мен Түркiменстан жаһандық жылынуға қатысты қиындықтарға төтеп берудiң жолдарын бiрiгiп қарастыруға мүдделi.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ