Жаңалықтар

КӨГIЛДIР ЖЕЛЕК ЕЛ ЫРЫСЫ ЕМЕС ПЕ?..

ашық дереккөзі

КӨГIЛДIР ЖЕЛЕК ЕЛ ЫРЫСЫ ЕМЕС ПЕ?..

Тараз қаласының түбiндегi Сарыкемер аулында тұратын Байзақ ауданы ормандарды және жануарлар дүниесiн қорғау жөнiндегi мемлекеттiк мекемесiнiң директоры, сырлас досым Сайлаубек Наурызбаевпен кездескен сайын, уақыт тығыздығына қарамай, кейде көсiле әңгiме шертiп, бiраздан берi кеудемiзге жиналған ой-пiкiрiмiздi бөлiсетiнiмiз бар. Жуырда, көгiлдiр көктемнiң шуақты күндерiнiң бiрiнде, ол маған жұмысқа соқты. Аман-саулықтан кейiн, көктемнiң биыл кешеуiлдеп жатқанын, көп iске қолбайлау болып тұрғанын айта келе, ол сөздi тың бiр арнаға бұрды:

– Сонау ертеректе, яғни 1835 жылы орыстың ұлы ақыны Александр Сергеевич Пушкин Едiл-Жайық бойын еркiн шарлап, бiздiң елiмiздiң Орал өңiрiнде болғаны тарихтан белгiлi. Қазақтың қиыр-шетi жоқ жазық кең даласына сүйсiне қарап тұрып ақкөңiл ақын: "Әр қазаққа қырда бiр түп ағаш отырғызу мiндет етiлсе, жапанда орман жайқалар едi-ау!" деп тәттi қиялға берiлген екен. Сол дуалы ауыздан шыққан сөз, одан берi жүздеген жылдар өтсе де өз күшiн, актуальдылығын әлi жойған жоқ. Қазақтың дархан, жазық даласын кезiп жүрiп мен Пушкиннiң әлгi айтқан сөзiн мезгiл-мезгiл еске аламын. Әсiресе табиғаты әсем тау бөктерiндегi өзен-жылғалар бойында орналасқан ауылдардың тұрғындары жылына бiр тал ексе, бүкiл сол аймақты көкжелекке бөлеп, мәуелi баққа, жасыл дарақты жұмаққа айналдыру тым қиын да шаруа емес-ау. Тек құнт керек, халықты iске жұмылдыра бiлетiн iскер азамат керек деп ойлаймын. Ойлап қарасақ, соңғы жылдары осы бiр iске мойын бұрмай, өз дәрежесiнде көңiл бөлiнбей, қамқорлық азайып бара жатқандай. Несiн жасырамыз, көктем сайын "шуылдап жүрiп", мыңдаған теңгенiң қаржысына алынған пәленбай түп жас тал-дарақты жерге қадаймыз. Бiрақ оның басым көпшiлiгi уақыт келе күтiмсiз, қараусыз қалып, жаз келе мүлдем қурап, қаққан қадаға айналады. Тiптi өткен жылы облыс орталығы Тараз қаласына ту сонау мұхиттың арғы бетiндегi Жапониядан алынып келiп, отырғызылған ерекше сәндi гүлiмен әлемге әйгiлi сакура (шие) ағашының көшетiнiң көпшiлiгi күннiң ыстығына төтеп бере алмай, ылғалдың кемдiгiнен қурап-семiп қалды. Күтiмсiздiктен қурап тұрған сол мыңдап саналатын ағаштарды көрiп көңiлiм жабырқап, жүрегiм ауырады. Сол ағаштарға, көшеттерге бөлiнген мол қаржының пәтуасыз желге ұшып, бекерден-бекер рәсуа болып жатқаны жаныма батады. Қазақта "Судың да сұрауы бар" демей ме? Неге онда жыл сайын қайталанып жатқан осы iске бiз немқұрайлы, көз жұма қарап, енжарлығымызды, құнтсыздығымызды бiлдiремiз? – дейдi Сайлаубек Есенбекұлы Наурызбаев ойын тереңнен толғап.

Мен де әлгi сөзден кейiн ой құшағына берiлiп, туған жерiн, оның табиғатын жанындай сүйетiн азаматтың жүрекжарды толғанысын ұққандай болдым. Шыныда да, осы бiз өз өлкемiздiң табиғатын аялап, қадiрлеп, оны көркейтуге қолда бар мүмкiншiлiктi толық пайдаланып жүрмiз бе? Қайдам, бұл жайында менде күмән мол. "Қолда бар алтынның қадiрi жоқ" дегендей, табиғаттың байлығын қадiрлей алмай, керiсiнше соңғы кезде оған залал келтiруiмiз басымдау болып бара жатқаны мазалайды.

…Таяуда Тараз-Алматы тасжолымен Құланға келе жатып биылғы жылы құрылыс жұмысы басталатын болашақ халықаралық Батыс Европа-Батыс Қытай автотрассасының бойында қарбалас iсi басталып кеткенiнiң куәсi болдық. Айтушыларға сенсек, Құдай қаласа, бұл үлкен жолдың Қазақстан аумағынан өтетiн бөлiгi үш жылдың iшiнде iске қосылмақ. Болашаққа үлкен үмiтпен қарауға болады. Барлығын хош көрелiк. Бiрақ, көңiлге кiрбiң түсiретiн жайға да назар салғанымыз жөн. Жол бойында ондаған жылдардан берi аңызақ желдiң өтiнде әупiрiмдеп өсiп тұрған көкжелек талдар шынжыр табанды ауыр техникамен жаншылып, жолдың бiр жиегiндегi ағаштар түбiмен қопарылып, аяусыз кесiлiп жатқаны жанға батады. Жарайды, бұл iс ескi жолды кеңейту үшiн жасалып жатқан шара болар. Бiрақ, сол үшiн онсыз да кедей табиғатымызды залалдап, шаңын шығарып, пәленбай түп көкжелектi таптап, тамырымен қопарып жатқанымыз дұрыс па екен? Ол ағаштарды көгертiп, өсiру үшiн қанша адамның маңдай терi, бiлектiң күшi, уақыты, қаржы кеткенiн бiреу есептеп, ой таразысынан өткiзiп көрдi ме екен? Әй, қайдам, оған өзiмнiң күмәнiм мол. "Жаны ауырмастың қасында басың ауырмасын" – деген сөз рас екен. Оны ешкiм ойламаған болар. Әйтпесе сол көкжелектiң ортасындағы бұрынғы жолмен бiр бағытқа, ал сыртынан екiншi бағытқа жүретiн жол жасамас па едi? Тiптi, менi таңғалтыратыны, табиғатты қорғау мекемелерiнiң, экологтардың әлгi жасалып жатқан аяусыздыққа көз жұма қарап, "сен тимесең, мен тине бадырақ көз" деген қағидамен тым-тырыс тiршiлiк етiп, әрекетсiздiк бiлдiрiп отырғаны.

Қазiргi күндерi Қазақстан территориясының 4 пайызы ғана орман-ағаштар алып жатқанын ескерсек, ұшқан құстың қанатын, жүгiрген аңның аяғын күйдiретiн аптап ыстықта қайда тығыларыңды бiлмей, жанталаса көлеңке iздейтiн, суы тапшы бiздiң мына Оңтүстiк өңiрде жол бойында тал-көкдарақтар өсiру қияметтiң қиыны екенiн шенеунiктер неге естен шығарады?

Есiме өткен қыста Канадада өткен қысқы олимпиядадан берiлген күнделiктi репортаждарда ол елдiң азаматтарының табиғатқа деген ерекше қамқорлығын, сүйiспеншiлiгiн мадақтап айтылған сөздер, жазылған жәйттер келдi. Тiптi, шаңғышылыр жүгiретiн, трамплиннен секiретiн жолдардағы бұрыннан өсiп тұрған бiрде бiр ағаш оталмапты, кесiлмептi. Жолдарды оларды айналып өтетiн етiп жасапты. Ешкiм ағаштың бұтағын қайырып, сындырып, қағаз бен қалдықтарды далаға шашпайды екен. Қандай таңғарарлық ғажайып тәрбие, өнеге тұтар iс!

Ерте кезде тау бөктерiндегi жазықтар мен егiстiктердi (Тараз маңы, Жамбыл, Жуалы, Байзақ, Т.Рысқұлов, Меркi, Қордай аудандарының көптеген шаруашылықтары) тақта-тақтаға бөлiп, жүйек жүйек етiп, қатарлатып ағаш отырғызатын жақсы салт болушы едi. Ол қыста егiндiкке қар тоқтатса, көктемде мол ылғал ұстаса, жазда даланың ыстық желiнен егiндiктi қорғайтын. Екiншiден, көкжелек жайқала өсiп, далаға көрiк беретiн, табиғатты әсерлендiре, көрiктендiре түсетiн. Соңғы жылдары ол мүлде ұмыт қалды. Керiсiнше, олар күзде өртке оранып, жазда су жоқтықтан қурап, отынға тамызық үшiн аяусыз қырқылып, жылдан-жылға селдiреп барады. Егiн даласына көктемде тал-ағаш қадап жүрген, табиғатты аялайтын, жасыл тал-теректердiң көбеюiне көңiл бөлiп отырған бiр тiрi жанды көрмейсiң. Бүйте берсек бiрте-бiрте өңiрiмiздегi барлық егiстiктер тал-дарақсыз, көк шыбықсыз желi азынаған, төсiнде ақ шаң ойнаған көрiксiз қу далаға айнала ма деп үрейленем.

Ой үстiнде келемiн. Сонау ерте заманда "Әр қазаққа қырда бiр түп ағаш отырғызу мiндет етiлсе, жапанда орман жайқалар едi-ау!" – деген А.С.Пушкиннiң дана сөзi есiме қайта түстi. Елiмiздiң әрбiр азаматы осы бiр өсиет сөздi көңiлiне тоқып, жүрегiне аялатып, оны iске асыруға атсалысса, шынында да, бiздiң туған өлкемiз танымастай өзгерiп, бiрер онжылдықта түгелдей жасарып, жайқалып шыға келмес пе едi?! Әттең…

Ойды ой қуып кете барды… Ойланайық, ағайын!

Сағындық ОРДАБЕКОВ, медицина ғылымдарының

докторы, профессор