ҚАСИЕТТI ӨЛКЕНI ҚАЙТА ТАНУ
ҚАСИЕТТI ӨЛКЕНI ҚАЙТА ТАНУ
Жаныңда терең iз қалдыратын жақсы кiтаптың кiсi ойында әлдеқашан ұмыт болып, көмескi тартқан күндердiң елеусiз оқиғаларын iлкiде тiрiлтiп, қас қағым сәтте көз алдыға қайта алып келетiн ерекше қасиетi бар. Тiптi, адамның жеке өмiрiне соншалықты қатысы жоқ әлдебiр елес-естелiктердi де бұлдыр-бұлдыр қозғауы ықтимал. Жақсы кiтаптың адам жады мен зердесiне қалай әсер етерiн ешкiм дөп басып айтып бере алмас, ол адамның еркiнен тыс, көзге көрiнбейтiн тұрлаусыз ой-сананың ырқындағы аса жұмбақ жайт.
… Күтпеген сөз, тосын ұсынысты талантты журналист, дарынды жас жазушы марқұм Есжан Айнабеков бастасын. "Киелi Отырартөбенi мiндеттi түрде көруiң керек", – дедi оң қолын сермелей дегбiрсiзденiп. "Ауылға келiп тұрып, аңызға толы төбенi көрмей кетсең, өмiр бойы өкiнiштен бармақ шайнап өтесiң, ей, жазған", – дедi тағы да нығарлай үстемелеп. "Отырартөбенi көрмеген жанның өмiр сүрдiм деуге еш қақысы жоқ", – деп көсiлдi қасқа маңдайға түсе беретiн кекiл шашын шалт қимылмен керi қайыра шұңғыл көздерi шоқтай жайнап. Ендi осы ғой… Ол айтса, жаймалап, жәйлап айтпайды. Қазбалап, қазымырланып, жалтаруыңа жол қалдырмай тiзбелейдi. Базарбек Түкiбаев – өзiмiздiң Балапан Базар ұзын мойыннан ешқашан шешпейтiн алабажақ галстугын сәл ғана қозғап қойып, сәбидiң жұдырығындай жұтқыншағы жоғары сырғи түйiле тоқтап, бейамал кейiпте бiр езулей жымисын. Жақ жарған жоқ. Отырар аулының екi түлегi екi түрлi мiнез көрсете ме, қалай өзi?! Үнсiз қалпы Есжанға тесiрейе қараған Базарбек ақырын басын изедi де, шолақ жең көк көйлегiнiң төс қалтасынан кiшкентай кiлт суырды. Машинаның кiлтiн.
Шәуiлдiрден шыққан бұдыр-бұдыр тас жолдың бiр қапталынан ауқымданып көрiнген жатағандау Отырартөбенiң жапан даладағы өзге төбелерден еш айырмасы жоқ көрiнген әуелде. Бiрақ сезiмiңдi арбап алар сұсы бөлек.
Айнала тылсым тыныштық құшағында. Сары күз келiп, айнала күлгiн сары реңге малынғаны болмаса жазғы аптап әлi сыр алдыра қоймаған. Бүк түсiп, томсырайған төбенiң етегiнде көгiлжiм мұнар көлкiлдеп, толқын-толқын сағым ойнайды. Көптен нәр тамбаған-ау, сiрә, даланың ақтаңдақ соры қайызғақтана шығып, қу медиен құлазып жатыр. Жеңiл машина сортаң даланың айдау жолына түскенде Базарбектiң әлгiнде неге үнсiз дағдарғанын түсiндiм. Көкесi Әмiрбектiң көгiлдiр "Жигулиiне" жаны ашыған екен көк көйлектi курстастың. Ойдым-ойдым жол табанындағы май топырақ електен өткен ұндай ұлпа. Дөңгелектен көтерiлген қою шаң ауада серпiлмей, қалың кенептей тұтаса тұтылып қалуда.
Төбеден әудем жерден iркiлдi көк машина. Бұрқ еткен қою шаң серпiлгенше шәй қайнатым уақыт өткен. Сыртқа бас шығару мүмкiн емес.
– Бұдан әрi жаяу баруға тиiспiз. Аруақтардың мазасын алып жүрмейiк, – дедi Есжан табанасты ерекше салмақты үнмен. – Қасиеттi жерге құрмет танытпау – тексiздiк!
Базарбек те үнсiз басын шұлғыған. Екi курстасым табанасты қалжың сөз, зiлсiз әзiлдерiн кiлт тыйып, күнқақты жүздерiн белгiсiз мұң, ауыр аза торласын. Жиi-жиi дем алыстары iшкi толғаныстарын аңғартып тұр.
Мiне, үшеумiз iлби басып аңыз төбеге ақырындап таяп келемiз. Ауада күзгi керiмсалдың салқындау лебi сезiледi. Әне, айнала археологтар қазған көне үйлердiң кiшкентай орындары, қалың топырақ астында сақталып қалған жұқанасы. Маңайдағы иiлген қалың изен, қып-қызыл дән салған жантақ пен тырбық жусандардың кепкен сабақтары ақырын дiрiлдеп, дөңгеленiп әлдеқайдан ұшып жеткен қаңбақтар сәл бүлкiлдеп қояды. Жел қаттырақ соқса, көз көрмеске ұша кетуге әзiр. Ал айнала құлаққа ұрғандай өлi тыныштық. Тек зеңгiр көкте әлдебiр алып құс тым биiкте ақырын қалықтайды. Бұл маң, мына төбе осыдан мыңдаған жылдар бұрын да дәп осындай өлi тыныштық құшағында болғандай.
Төбенiң ұшарлығына көтерiлдiк үнсiз күйде. Мiне, табанымыздың астындағы ордың тұтас қабырғалары тек қана қаңқалардан ғана тұратындай. Жер қыртысын тесiп-тесiп шыққандай сойдиып тұрған сүйектер үрейдi ұшырған. Мүжiлген, уақыттың әсерiмен қарайып кеткен сүйектер… мың-миллион ақ сөңке сүйек және қыш құмыра, көзелердiң сынығы.
Белгiлi көсемсөзшi, Президент сыйлығының лауреаты Еркiн Қыдырдың әсем безендiрiлген, көптеген түрлi-түстi суреттермен, карта, сызбалармен айшықталып "Фолиант" баспасынан жарық көрген тарихи-танымдық "Отырар" кiтабын қолға алғанымда сонау 1981 жылдың қыркүйегiнде ежелгi Отырар қаласының орнына алғаш рет осылай барғанымыз ойға оралды. Арада отыз жылдай уақыт өткенде өзiме етене таныс аймақ, таныс маңмен қайтадан қауышқандай болдым. Одан кейiн де сандаған рет жолым түскен киелi жер ғой, бiрақ сол алғашқы сапарымда сезiмдi арбап алған әсерi бөлек, мәңгi есте. Әсiресе, аталмыш кiтапқа енгiзiлген Танабай Нармановтың "Отырар " атты өлеңiндегi:
"…Басылып қалған қорғандар,
Батырлар жайлы қозғаңдар.
Бастарын имей өлдi ме,
Бақи боп кеткен сол жандар", – деген жыр жолдары сол қимас естелiктi қайта тiрiлтiп, жанды мұңға мелдектетсiн.
Қазақ халқының терең әрi тағылымды, қиын-қысталаңға толы күрделi тарихының қай кезең, қай ғасырын, небiр қиындықтарға қарамай өркендеген бай мәдениетiн, дiни ұстанымы мен сауда-экономикалық қатынастарын тiлге тиек еткенде көне Отырар қаласы, жалпы Отырар шұраты (оазисi) туралы тереңдеп әңгiме қозғамай кету, оны айналып өту мүмкiн емес. Отырар тарихынсыз қазақ даласының тарихы толық бола алмайтыны күмәнсiз. Отырар тарихы ұлан-байтақ қазақ сахарасының мәңгiлiк шежiре-аңыздары, тағылымды тарихымен тұтаса сабақтасып жатқаны сонша, осынау киелi өлке қазақ тарихының алтын бесiгi деп орынды аталып келедi. Қазақтың бiртуар ардақты ұлы, мемлекет, қоғам қайраткерi Өзбекәлi Жәнiбековтiң: "Отырар – бiз үшiн қазақ тарихының алтын бесiгi. Куликово шайқасы, Бородино алаңы, Ватерлоо алаңы секiлдi ерлiк алаңы", – деуiнiң терең мәнi осында.
Егер Отырардан жалпы түркi әлемiнiң даңқын әлемге әйгiлеген Әбу Насыр әл-Фараби – Аристотельден кейiнгi дүние жүзi бiлiмi мен мәдениетiнiң екiншi ұстазы атанған данышпан, энциклопедист ғалымнан өзге ешбiр ғұлама шықпаған күннiң өзiнде-ақ осынау қасиеттi аймақ әлем тарихының алтын парақтарынан ойып тұрып үлес алатынына дау жоқ. Ал көне, орта ғасырлар тарихындағы көркем Отырар кентiнiң даңқын төрткүл әлемге паш кеткен қаһарман тұлғалар, ғұламалар, хандар, батырлар, өнерпаздар қаншама!?
Осы орайда тағы бiр мәселеге ерiксiз назар аудара кету қажет. Сандаған жылдар бойына бiздер өзiмiздiң кiндiк кескен киелi жер, туған Отанымыз – қазақ даласының тұңғиық тарихына жеткiлiктi көңiл бөле алмаған, тереңдеп зерттей алмаған жұртпыз. Оның объективтi және субъективтi себептерiн санамалап тауысу мүмкiн емес. Тiптi, қаттырақ айтсақ, қасиеттi тарихымыздың еншiсiне тән құрмет таныта алмай келе жатқан жағдайымызды мойындауға мәжбүрмiз. Сол себептi де кейiнгi кездерi таяз ойлы тоғышарлардың iшiнде, тiптi, зиялы қауым өкiлдерi арасында да: "Әр ауылдан бiр батыр, әр ауылдан бiр би шықты", – деген мәнi жоқ күңкiл сөздер естiлiп қалады ара-тұра. Иә, батыр мен би көптеп шықпаса, ең алғаш рет тарих сахнасына Қазақ хандығы атымен мәлiм болған iргелi мемлекеттi құрған ат төбелiндей аз қазақ – еркiндiк сүйгiш, азаттықты аңсап өткен алаш жұрты тарихи тұрғыдан өте қысқа уақыт iшiнде Алтайдан Атыруға дейiн созылып жатқан алып кеңiстiк – ұлан-ғайыр Жерұйыққа ие болып қала алмауы мүмкiн екенiн дәлелдеудiң қажетi жоқ. Қысқа уақыт iшiнде қуатты мемлекет болып қалыптасудың өзi де тарихтағы ешбiр елдiң маңдайына жазылмаған ғажайып құбылыс. Ол ол ма, Ұлы Отан соғысы жылдарында саны аз қазақ халқынан 100-ден астам Кеңес Одағының Батыры атағын алған қаһармандар шыққанын ескерсек, тұтас халықтың болашақ тағдыры таразыға тартылып, жас баладан еңкейген кәрiге дейiн қолға қару алып, атқа мiнгенде, бүкiлхалықтық қырғын соғыстарда қол бастаған батырлар мен ел бастаған билердiң көптеп шығуы заңдылық емес пе!? Көркем безендiрiлiген "Отырар" кiтабы тарих, мәдениет, осы аймақтың географиялық орны, қайталанбас көркем табиғаты туралы сыр қозғауымен ғана құнды емес, ол қазақтың өршiл рухы, азаттық сүйгiштiгiнiң сырын ашады, тарихымыздағы Ақсақ Темiрден берi қарай болып өткен қаһармандардың тұтас галереясын жасайды.
Кейiнгi кездерi археологиялық зерттеулер Қазақстанның оңтұстiгiнде осыдан миллион жыл бұрын, тас дәуiрiнде адамдардың өмiр сүргенiн әйгiледi. Бiр ғажабы, Отырар атырабына таяу маңнан iрi сүт қоректiлердiң санатына жататын пiл, мүйiзтұмсық, жылқы, бұғы, бизон сияқты жануарлардың сүйектерi көптеп табылғанын екiнiң бiрi бiле бермейтiнi аян.
Бiздiң дәуiрiмiзге дейiнгi II ғасырда өмiр сүре бастаған Ұлы Жiбек жолы сауда-экономикалық қарым-қатынас жолы ғана болып қойған жоқ, ол көптеген халықтардың мәдени, рухани байланыстарын да анағұрлым бекемдедi және әлемдiк даму мен өркениетке өлшеусiз үлес қосты. Ұлы Жiбек жолының бойындағы басты шаһар-әйгiлi Фараб, кейiнгi Отырар болатын. Көне кентке ие болған халық ұлы арна – Сырдарияның қос жағалауында жатқан ұлан-ғайыр бай өлкенi уысында ұстайтыны да бесенеден белгiлi. Яғни, Отырар өлкесiнiң кiлтi кiмде болса, сол халықтың келешегi кемел екендiгi күмәнсiз едi баяғыдан. Ал талай арпалыс, қанды жорықтар, қиын күрестердiң нәтижесiнде Отырар өлкесiнiң кiлтi қазақ халқына бұйырыпты. Бұл да халқымыздың мерейi үстем екендiгiнiң бiр белгiсi. Еркiн Қыдырдың "Отырар" кiтабы бiр ауданның кешегiсi мен бүгiнiн кеңiнен қамтыған танымдық шығарма ғана емес, "Ұлы Отырар – қазақ өркениетiнiң алтын дiңгегi", – деген болатын Елбасы Н.Назарбаев. Яғни, танымал журналист, белгiлi көсемсөзшi Еркiн Қыдырдың бұл еңбегi қазақ өркениетiне қосылған елеулi үлес, рухани байлығымызды көбейткен кемел туынды екендiгi даусыз.
Жаңабек ШАҒАТАЙ