Жаңалықтар

ҚАҺАРЛЫ ЖЫЛДАРДАҒЫ ҚАЗАҚ ОФИЦЕРI

ашық дереккөзі

ҚАҺАРЛЫ ЖЫЛДАРДАҒЫ ҚАЗАҚ ОФИЦЕРI

– Ең қиын тақырып соғыстағы атыс-шабысты емес, адамдардың iзгi қасиеттерiн жазу. Соғыста адамгершiлiк жайдағыдан асқақтап көрiнедi, – дедi кешегi майдан жайын сұрай берген соң Қонысбек ақсақал жүзiн мұң торлап.

– Онда саған Лайық Сүлейменов деген азамат туралы айтып берейiн. Ол 1973 жылы, ерте көз жұмып кеттi. Сол кiсi туралы мен сияқты дерек айтатындар қазiр жоқтың қасы, тiптi iнiлерi мен қарындастары да айта алмайды. Лайықтың Қайып деген жалғыз ағасы мен Нүрия деген қарындасы бар. Бiрақ, олар Лайықтың соғыстан кейiнгi өмiрiнен үзiндi айта алар, ал соғыстағы өмiрiнен айта алмас. Өйткенi, оның бұл әңгiмесiн менен өзге ешкiм бiлмейдi, – деген ол бiраз үнсiздiктен кейiн сәл жөткiрiндi де, әңгiмесiн әрi қарай жалғап әкеттi:

– Сүлейменұлы Лайық ұстаз ретiнде де, заң қызметкерi ретiнде де менiң есiмде мәңгi жатталып қалды. Шымкент қаласындағы мұғалiмдер иниститутының математика мамандығын бiтiрiп келгем. Ол кiсi мектептiң директоры екен. Кейiннен менi ол кiсi өзiне етене жақын тартып, сырласып кеттi. Бiр жолы алыс жолда сапарлас та болдық. Осы сапарында маған соғысқа қатысқаны туралы тәптiштеп айтқан едi, сол әңгiменi қаз-қалпында баяндайын, – дедi Қонысбек ата.

"Ақпан айы. Қар қалың. Сықырлаған аяз. Дала да, орман да аппақ, ағаштар мүлгiп қалғандай. Бiз Астраханның түбiндегi Халхута ауылында тұрамыз. Басшымыз Арал қаласынан келген, менен 5-6 жас үлкен кәрiс жiгiт Александр Павлович Мин аса бiр байсалды жiгiт едi. Өзi 1915 жылы Владивостокта дүниеге келген екен. 1936 жылы әке-шешелерiмен Арал қаласына көшiп келген соң, бастауыш мектепте мұғалiм болыпты. Ол кезде Арал қаласында кәрiс тiлiнде бiлiм беретiн бастауыш мектеп болыпты ғой. Өзi 1941 жылы мамыр айында әскерге алыныпты, бiр ай болмай жатып соғыс басталып кеткен соң, ешқандай оқу-тоқусыз взвод командирi болған екен. Бiз Ғани Бекенович Сафиуллин басқарған 35-атқыштар дивизиясының құрамында едiк. Бұл дивизия Қазақстанда жасақталғандықтан мұнда қандастарымыз көп болатын. Қазақтардың басым көпшiлiгi орысша бiлмейтiн едi. Сондықтан да, оларға мен орыс тiлiн үйрететiнмiн. Мин де бiлмегенiн сұрап алатын. Сондықтан, ол менi өзiне көмекшi етiп алды. Бiрде дивизия штабына Миндi шақыртты. Ол менi өзiмен бiрге ала барды. Бiздi Сафиуллиннiң өзi қарсы алды, Генерал екеумiздi де қазақ деп қалса керек, таза қазақ тiлiнде: "Ал, жiгiттер, жоғары шығыңдар, әрi менi жақсылап тыңдаңдар!" дедi. Мин жалтақтап маған қарайды. Мен оған Миннiң кәрiс екендiгiн айттым. Генерал бiздi қасына отырғызып, ерекше тапсырма жүктедi:

– Бiз осында екi-үш күн аялдайтын түрiмiз бар, бiр жылдан асты, қазы, қартаны сағынып жүрмiн, – дедi ол.

Генерал Ғани Сафиуллин Орынборда кеңестiк партия мектебiн бiтiрген соң Шығыс Қазақстанға комсомолдық жолдамамен барған татар жiгiтi болатын. Содан соғыс басталғанша жұмыс iстеген, тiптi таза қазақ десе де болғандай. Генерал бiзге ат қораны нұсқаған едi. Сол ат қораға қасыма Арқа жiгiтi Қалпемұратов Жақабай дегендi алып келсем, бiр бие шылбырға оралып, ақырға үйелеп жатыр екен. Әзер тұрғыздық.. Нән бие ендi болмаса арам өлiп қалады екен.

Демде биенi жәукемдеп жiбердiк. Қызылорда облысы, Тереңөзек ауданының "Қызыл коммуна" деген колхозынан келген Нағи Iлиясов деген жiгiт мол қылып нан жайып, аспазшыларды өзi басқарды. Айналасы 2-3 сағатта буы бұрқыраған қазақы ет толы табақ штаб үстелiне қойылды. Генералдың сондағы қуанғанын көрсеңiз.

Бұл көктемнiң алғашқы күндерi едi. Мин Александр Павлович болса соғыса жүрiп сатылап өсу жолында болыпты. Тiптi бiрiншi Украина, бiрiншi Белорусь майдандарында әуелi взвод, рота, кейiн батальон басқарса керек. Қаза тапқаннан кейiн 1945 жылы 24-наурызда Кеңес Одағының Батыры деген атақ алған.

Ал, Сафиуллин Ғани Бекенұлы 1943 жылы 26-қазанда Кеңес Одағының Батырын атағын алып, 1945 жылы күзде жапонның Квантун армиясын талқандауға қатысқан. Генерал-лейтенант Ғани Бекенұлы 1960 жылы денсаулығына байланысты зейнеткерлiкке шығып, туған отаны Қазан қаласындағы ардагерлер комитетiнiң төрағасы болды.

Новгород, Псков жерi қашаннан қасиеттi, тарихи аймақ. Оның үстiне менiң замандас, құрдастарымның қаны көп тамған жер одан бетер болып қасиеттi, киелi болып көрiнедi. Сонда қаза тапқандардың көбi – 1920-1922 жылы туғандар. Олар мәңгi ерлiк жасаған кезде жиырмаға жаңа толған азаматтар екен. Жиырмаға толар-толмас шағында Старая Русса түбiнде сержант Талғат Бигелдинов өзiнiң ең алғашқы жауынгерлiк жолын бастаған. Ал, Садық Абдужапаров 1944 жылы 19 жасында Кеңес Одағының Батыры аталса, 1923 жылы туған қызылордалық Әнуар Әбуталинов 19 жасқа толмай 1942 жылы қазанда ерен батырлық көрсетiп, алтын жұлдызды омырауына таққан. Соғыс бiткен соң туған совхозына Сырдарияға омырауын орденге толтырып, небары 22 жасында оралған. 1922 жылы туған Iзғұтты Айтықов 50 немiстi өлтiрiп, 22 тiл әкелген. 1944 жылы 22 шiлдеде Кеңес Одағының Батыры атаған алды. Кеңес Одағының Батыры Сейiтқасым Әшiров 21 жасында қаһармандық көрсеттi.

– Псков түбiнде менiң де өмiрiмде үлкен өзгерiстер болды. Екiншi рет жауынгерлiк награда – "II дәрежелi Отан соғысы" орденiн алдым. Сонымен қатар офицерлiк шенiм өсiп, лейтенант болдым. "Сталинское знамя" газетiнде бұл жайында мақала жарияланды.

…Желтоқсан, 1943 жыл. Алай-дүлей бұрқасын. Ақ халатты екi жауынгер дұшпан қорғанысына қарай еңбектеп барады. Бұл екеудiң бiрi – мен, екiншiсi Балғожина Баян. Осында келгелi мен Баянға қамқорлық жасап, жанымнан екi елi тастамай жүрмiн. Баян соғысқа өзi тiленiп келген қыз, 150-шi атқыштар полкiнде қалып, Псковта менiмен окоптас, қарулас болуға жазыпты. Екеуiмiз мiне түн жамылып барлауға кетiп барамыз. Баянның "Қызыл Ту", "Қызыл жұлдыз", "Отан соғысы" I-II дәрежелi ордендерi бар. Бұл жолы да олжалы оралдық, екi қолын артына айқастыра байлаған немiс офицерiн тұтқындап әкелдiк. Таң ата бiздiң әскер әлгi көмектiң арқасында тағы бiр жеңiске жеттi.

Содан Псковта көп аялдамай Великая өзенiнен сал салып өтiп, тура бес шақырым жүрген соң немiстiң бекiнiсiне тап болдық. Жеңiстен жеңiске рухтанып келе жатқан бiз оған сасқанымыз жоқ, олар да көп емес, бiздiң батальондай-ақ екен, әп-сәтте тiзе бүктi. Содан Изборск деген шағын қалаға келiп бекiндiк. Изборскiнi қала дегенiмiзбен аты бар заты жоқ болып шықты. Майданда сирек болатын тыныштық тiл қатпай тұнжырап тұр.

Үшiншi күнi бiздiң рота Изборскiден Латвия елiне бет бұрдық. Латвияның Апе қалашығында немiс әскерi мықты қарсылық көрсеттi.

Жер-көк астаң-кестең. Жаудың самолеттерi қара бұлттай қаптап келiп, бiздiң әскерлердi бомбалады. Бiздiң самолеттер көрiнбейдi, бiзге жерден де келiп жатқан көмек жоқ. Алдыңғы шептен әкелiнген жаралылар саны күн сайын емес, сағат сайын көбеюде, оқ-дәрi, тамақ та түгесiлдi, ал бiз жанымызды шүберекке түйiп алғандаймыз, сыр берер емеспiз.

Мен де жараландым, бiрақ жарам жеңiл. Бiр саябырланғанда медсанбатқа жарамды таңдыруға келiп едiм екi машинамен жаралылардың бiразын тылға жiберiптi. Оған сәл болса да қуанып қалдым. Байланысшылар да қуантты, бүгiн ертең бiзге тылдан көмек, азық-түлiк, оқ-дәрi келетiн болыпты. Содан көмек келгенше бiр жарым күн жаумен алыстық, ендi бiттiк-ау дегенде бiр батальон көмекке келдi. Сөйтсек жоғарыдағылар бiздi тегiс қорған есебiне ұстап, есептен алып тастаған екен. Тiрi қалғандарымызға тек қана ерлiгi үшiн медальдарын таратты, ал өлгендердiң бәрiне "Қызыл жұлдыз", жаралыларға "Даңқ" орденiнiң үшiншi дәрежесiн бергенде көбiмiздiң iшiмiз оттай жалап кеткен едi.

Бiз кейiн шегiнiп, дем алып жатырмыз, ұзын санымыз 23 адам ғанамыз, өздерi тiленiп жаңа тың күштерге қосылып үш жiгiт әрi қарай соғысқа кеткен. Жатқан адамдардың iштерi пысады емес пе, бiраз дем алған соң арамызда Жекен Жұмақанов журналист едi, сол әңгiме бастады-ау, "мұғалiм жолдас, сен не бiтiрiп едiң?" деп маған таянды. Мен педучилище ғана бiтiргенмiн, шамалы уақыт қана мұғалiм болып iстедiм, соғыс бiткен соң аман болсам заңгер болам ба деймiн" – деп едiм, Жекен; "Дұрыс тек журналист бола қоймаңыз, мазасыз жұмыс, – деп күлдi. Жекен Жұмақанов кейiн қазақтың белгiлi жазушысына айналды.

1944 жылдың қаңтарында менi Псковқа комбат жұмсаған едi, соған қолға түскен немiстiң машинасымен қасымда Жекен Жұмақанов бар, Великая өзенiнен өтiп бергi жағасындағы Копылова атты қонысқа келiп тiрелдiк. Әскери штаб орналасқан жердiң сыртында қаза тапқан ер азаматтардың үлкейтiлген фото-суреттерi тiзiле қойылыпты. Мен әрбiр суретке қарап келе жатып дәл тiрi кезiндей жүзi нұр жайнап тұрған Рамазан Аманкелдиннiң бейнесiн көрiп есеңгiреп тұрып қалдым. Ол әйгiлi Аманкелдi батырдың баласы едi, топырағы жат жерден бұйырыпты. “Қайдан жүрсiң, Лайық бауырым?!”, деп маған қарап тұрғандай. Суреттiң астында: "Қазақ халқының батыры Аманкелдi Имановтың баласы Рамазан, Воронино түбiндегi бетпе-бет ұрыста 13 фашистi өлтiрiп ерлiк өлiммен опат болды" делiнген. Батырдан туған батырмен тiлсiз тiлдесiп Жекен екеумiз сол жерде ұзақ тұрдық та, iштей жылап: "бақұл бол, жатқан жерiң торқа болсын!" деп штабқа қарай аяңдадық.

– Лайық аға, тағы сiз өзiңiздiң жасаған ерлiгiңiзден мардымды ештеңе айтпадыңыз – ғой, бұл өзi қалай болды? – дегенiме жауабы:

– Ерлiктi халық жасады, мен iшiнде болдым, көптiң бiрi болдым. Фашистердi жеңдiм деп кеуде соға алмаймын, көп бiрiктi, көп бiлектестi, көп түкiрсе көл болады деген сол. Сондықтан әлгi мен айтқан батырлар да жалғыз жауға шапқан жоқ. Халықпен ниеттес, тiлектес болды, халық, ел – елдегi, қатын-қалаш, бала-шаға, шал-шауқан бiр тiлекте болды, ол тiлек жеңiс едi, сол тiлек соғыста жүрген бiздерде болды, сол тiлектi орындауда қаншама сарбаз жан қиды. Олай болса солардың жеңiсi, солардың батырлығы – менiң жеңiсiм, менiң батарлығым, – дедi, Лайық, – деп аяқтады әңгiмесiн Қонысбек ақсақал.

Кезiнде Мамытбек Қалдыбай деген қаламгер Баукеңе (Бауыржан Момышұлына) "Адам не үшiн өмiр сүредi?" – деген сұрақ қойған екен. Баукең бiрнеше мысалдар келтiре отырып, ақыры: "адам азамат болу үшiн өмiр сүру керек", – дептi. Ол әрине әркiмнiң қолынан келе бермейдi, азамат болуы көп жасаған адам немесе аз жасаған жас болсын, түсiнiгiнде.

Айнұр Сейiтмұратқызы