Жаңалықтар

АЛМАТЫ КӨШЕЛЕРIНIҢ АТАУЛАРЫ

ашық дереккөзі

АЛМАТЫ КӨШЕЛЕРIНIҢ АТАУЛАРЫ

Алатау баурайындағы Алматыда 1500-ге жуық көше бар. Әрқайсысы елге еңбегi сiңген танымал тұлғалардың есiмдерiмен аталған. Әйтсе де батырлар мен билердiң, жазушылар мен ақындардың, қоғам қайраткерлерi мен ғалымдардың есiмi берiлген көшелер туралы толық мәлiмет бiле бермеймiз. Ал ғалым, әрi жазушы Сырым Бөкейханов Алматы көшелерiн "Имена наших улиц от А до Я" және "Город мой Алматы" кiтабында тiзбектеп шыққан.

Өткен аптада ұлттық кiтапханада тұсаукесерi болған энциклопедиялық кiтаптың оқырман қауымға берерi мол. Бұл кiтаптар Алматы қаласының тарихына, оның алғашқы жылдардағы өркендеуiне үлес қосқан адамдарға арналған. Автор осы қалада туып өскендiктен, соғыстан кейiнгi жылдардағы естелiктер, қаланың көрiктi жерлерi мен өзi куә тарихи оқиғалар осы кiтапқа топтастырылған. Алаштың арысы Әлихан Бөкейхановтың жиенi Сырым аға жастайынан елiм деп емiренген азаматтардың кеңесiн тыңдаған ұрпақ.

"Город мой Алматы" кiтабы Верный бекiнiсiнiң құрылуынан бастап, өткен ғасырдың 80-жылдарына дейiнгi кезеңдердi қамтыған. Сондай-ақ өткен ғасырдың алғашқы жартысындағы қала тұрмысы мен Алматыдағы ғимараттардың фотосуреттерi орын тепкен.

Ал тұсауы кесiлген екiншi кiтаптан көше атаулары берiлген белгiлi тұлғалар туралы мағлұмат алуға болады. Бүгiнде көптеген көше атауларының ауысқаны белгiлi. Автор көшенiң жаңа атаулары туралы баяндай келе, осы көшелерге қатысты, осында болған тарихи оқиғаларды iздестiрiп, оқырманға ұсынып отыр. Алматы қаласында 1500-ден астам көше бар десек, соның 600-ге жуығы кiтапқа енген. Расында, қаланың аумағының кеңеюiне байланысты қала тұрғындарының өздерi кейбiр көшелердi мүлдем бiлмей жатады. "Бауыржан Момышұлының атында 3-4 көше бар. Ал керiсiнше бiрнеше көше бiр ғана адамның атына берiлген. Мәселен, Махамбет және Өтемiсов деген екi көше бар", – дейдi Сырым Бөкейханов. Сондай-ақ қызықты мәлiметтер де келтiрiлген. Атауы бiрнеше рет ауысқан көшелер де бар екен. Абылай хан көшесiнiң атауы 6 рет өзгертiлген.

Көше атауын берерде сол көшеде болған тарихи оқиғаға, қайраткердiң еңбегiне мән беру мiндеттi. "Радостовец – кафедра меңгеушiсi болған. Ал оның құрметiне Алматы қаласынан көше беру артық емес пе?" дейдi С.Бөкейханов. Автор ономастикалық комиссияның өз жұмысына салғырттығына кейiп отыр.

Ал Алматы қаласының тұрғындарына өте қажет кiтаптың тұсаукесерiне алашордашы арыстардың, қоғам өкiлдерiнiң ұрпақтары қатысты.

Ақниет ОСПАНБАЙ