АЛАТАУ БАУРАЙЫНДА ТАҒЫ ДА АЛАСАПЫРАН

АЛАТАУ БАУРАЙЫНДА ТАҒЫ ДА АЛАСАПЫРАН

АЛАТАУ БАУРАЙЫНДА ТАҒЫ ДА АЛАСАПЫРАН
ашық дереккөзі

Қырғызстанда сәуiрдiң басында дүрбелең туғызған көтерiлiстiң демi басылмай тұр. Билiктен қуылған президент Құрманбек Бакиевтi жақтаушылар өткен аптада Жалал-Абадта шеру өткiзiп, ел басына Бакиевтiң қайта келуiн талап еттi. Нәтижесiнде Уақытша үкiмет пен Бакиев жақтастары қарулы қақтығысқа дейiн барып, екi адам қаза болып, 60 шақты адам түрлi жарақат алды.

Бакиев жақтастары әуелi Жалал-Абадтағы әуежайды қоршап, облыстық әкiмшiлiк ғимаратын басып алған болатын. Оларды тарату үшiн уақытша билiк қалаға арнайы жасақтар жiберiп, әкiмшiлiк ғимараттан қуып шығуға күш салды. Қырғызстанның оңтүстiгiндегi дүрдараздықты ретке келтiру үшiн елдiң қорғаныс саласы да шұғыл әрекетке көштi. Елдегi қалыптасқан жағдай Уақытша үкiметтiң тiкелей бақылауына алынса да, бакиевшiлдер өз дегенiнен қайтар емес. Қырғызстанның Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң басшысы Кеңешбек Дүйсебаевтың айтуынша, бұл бүлiктi Құрманбек Бакиевтiң баласы Мұрат қаржыландырған және ол 1 млн. АҚШ долларын Қазақстаннан жөнелткен. Алайда, бұл мәлiметтi елiмiздiң Сыртқы және iшкi iстер министрлiгi жоққа шығарып, Бакиевтiң туысқандары Қазақстан аумағында жоқ деген мәлiмдеме жасады. Ош, Жалал-Абад және Баткен облыстарындағы дүрбелеңге Жогорку Кенештiң бұрынғы 40 депутатының қатысы бар көрiнедi. Олар үш аймақтағы билiктi күшпен тартып алу арқылы Уақытша үкiметке өз талаптарын қоймақ болған. Бұрынғы депутат Исхак Масалиевты парламент спикерi, тiптi, президенттiң мiндетiн атқарушы қызметiне тағайындау жоспарланғанын қырғыздың қауiпсiздiк қызметi жария еттi. Экс-президенттiң жақтастары бар кiнәнi Уақытша үкiметке артса, билiк тiзгiнiн қолға алғандар керiсiнше, бассыздықтарды ұйымдастырған Құрманбек Бакиев деп отыр. Жалал-Абад облысы губернаторының мiндетiн атқарушы Бектұр Асанов: "Бұдан былай бакиевшiл топтартың көшеге шығып, келеңсiздiктер ұйымдастыруына жол берiлмейдi. Қазiр олардың бiразына iздеу жарияланды. Оның үстiне халық экс-президенттiң жақтастарын қолдамайды. Кешегi күндерi шеруге шыққан 500-600 адамның барлығы Бакиевтiң туыстары және ақшаға жалданғандар" десе, Уақытша үкiмет төрайымының орынбасары Өмiрбек Текебаев: "Халық Бакиевтен әбден шаршаған. Қарудың көмегiмен демократия орнату мүмкiн емес", – деп ағайындарын елдi арандатпауға шақырады. Елдегi жағдайды реттеу мақсатында Бiшкекке Қазақстанның Қырғыз Республикасымен ынтымақтастық мәселелерi жөнiндегi арнайы өкiлi Болат Өтемұратов барып, жағдайды тұрақтандыру мен құқықтық тәртiптi қайта орнату үшiн жасалмақ жедел шаралар туралы әңгiме өрбiттi. Қазақстан көршi мемлекет үшiн қажеттi көмектiң бәрiн көрсетуге әзiр. Сондай-ақ, Уақытша үкiмет басшыларының Ресей президентiнiң арнайы өкiлi Владимир Рушайломен болған кеңесiнде де осы мәселелер қамтылды. Өз кезегiнде Владимир Рушайло: "Бiздiң мақсат – Қырғызстандағы тiршiлiктiң барлық бағыттары бойынша көмек көрсету" десе, Қырғызстан Уақытша үкiметiнiң төрайымы Роза Отунбаева: "Ресей бiзге көмектесуге келдi, Ресей бiзбен бiрге, Дмитрий Анатольевич саяси тұрғыдан да, материалдық жағынан да сiздердi осы қиын-қыстау уақытта қолдаймыз, Қырғызстан бұл тығырықтан шығуға тиiс, елдерiңiздiң бiртұтастығын бұзбаңыздар, ел тетiгiн мықтап ұстаңдар, бiз бұл қиын күндерi сiздермен бiргемiз деп уәде еттi", – деп өздерiн қолпаштап отырған Ресей билiгiне жылы лебiзiн бiлдiре кеттi. Әрине, қырғыз жұрты қиындыққа тап болған кезде алғаш боп Қазақстан жағы көмек қолын созды. Бауырлас елдiң басына туған бұлтты сейiлтуiне өз септiгiн тигiзген бiздiң үкiмет гуманитарлық көмекпен қоса, 3 мың тонна дизельдi жанармай жеткiзiп, шаруалардың жұмысын жалғастыруына серпiн бердi. Бiр айта кетерлiгi, қазiргi Уақытша үкiметi билiгiнiң көзқарасы "қазақ халқы жасаған жақсылықтың бәрiн шекараны жабумен жуып-шайып отыр" дегенге саятын сияқты. Сөйтiп, Бакиев билiктен тайған күннен бастап қырғыз жұртының берекесi қашты. Тiптi, ел iшiнде тұтас бiр мемлекеттi екiге бөлiп жару, яғни, Оңтүстiк-қырғыз және Солтүстiк-қырғыз демократиялық республика етемiз деген үндеу-парақшалары дамылсыз таратылуда. Ұлттық қауiпсiздiк қызметi парақшалардың пайда болуына қатысты iстi қарау барысында бұған Бакиев жақтастары кiнәлi дегендi алға тартса, Уақытша үкiметi басшысының орынбасары Алмазбек Атамбаев қырғыз халқын “оңтүстiк” және “солтүстiк” деп бөлгiсi келген арандатушыларға қатаң жаза қолдану керектiгiн ескерттi. Бiр айта кетерлiгi, әлгi үндеу-парақшада "Қырғызстанда әскерi, Төтенше жағдайлар жөнiндегi министрлiгi, ақшасы, адам құқығын және шекараны қорғау мәселесi ортақ федеративтi мемлекет құру, сондай-ақ Оңтүстiк-қырғыз және Солтүстiк-қырғыз демократиялық Республикасын құруды қарастыру керек. Қырғызстан төлқұжатында ұлтты көрсетпей-ақ, "ҚР азаматы" немесе "қырғызстандық" деп жаздыру керек" деген пункттер бар. Расын айту керек, айырқалпақты ағайынның қит етсе қару алып, бассыздыққа жол беруi әуелi Қырғызстанның өзiне абырой әкелiп отырған жоқ. Қырғыз халқын алауыздыққа итермелеген осындай ойлардың өзi ненi көксейдi? Кеше ғана кеңестiк бұғаудан сытылып шығып, басқа елдерге дербес тәуелсiздiгiн мойындатқан көршi мемлекет қолдағы егемендiгiн бағалай алмағаны ма? Ауызбiрлiгi мығым елдi iштей iрiтiп отырған не нәрсе? Егемендiк әрбiр елдiң, халықтың ежелден мансұқ еткен асыл арманы. Бұл дүниеде азаттықтан асқан қасиеттi нәрсе жоқ. Тәуелсiздiк – ел маңдайына бiр-ақ рет әрi мәңгiлiкке жазылатын баға жетпес бақыт. Адамды өмiрде Құдай жаратады, ал тәуелсiз мемлекеттi адамдар жасайды және сақтап қалады. Билiк үшiн қырқыс, бәтуасыз таласта тағдырдың жазған бақыты Тәуелсiздiктен, ел тұтастығынан айрылу – орны толмайтын өкiнiш. Ықылым заманнан ауызбiрлiгiн жоғалтпаған туысқан халық басына қонған осы бiр бақты бiр күндiк билiк үшiн тайдырып алмаса игi. Айтпақшы, қазiр қырғыздарды екi ел арасындағы шекараны ашу мәселесi қатты мазалап отыр. Қазақстан тарапы көршi елде тыныштық орнамайынша, арадағы шекараны ашпаймыз деп мәлiмдесе де, елдiң қаржы министрi мiндетiн атқарушы Темiр Сариев бұл мәселенiң тыңғылықты қаралауы керектiгiн, бiрден шешiле салмайтынын түсiнетiнiн де айта кеттi. Алайда, Қазақстанның Сыртқы iстер министрлiгi ресми өкiлiнiң мәлiмдегенiндей, жуық арада екi елдiң шекарасынан саудаға шығарылатын тауарлар өтуi мүмкiн.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ