Жаңалықтар

ШЕТЕЛ АЗАМАТТАРЫ ЕЛДЕН АЛАСТАТЫЛДЫ

ашық дереккөзі

ШЕТЕЛ АЗАМАТТАРЫ ЕЛДЕН АЛАСТАТЫЛДЫ

"Мигрант" iс-шарасы нәтижесiнде елiмiзде заң талаптарын өрескел бұзған заңсыз еңбек мигранттары ұсталып, олардың басым көпшiлiгi елiне қайтарылуда. Құзырлы органдар таратқан ақпаратқа сәйкес, ағымдағы жылдың өткен төрт айында 285 мың алыс-жақын шетелден келген азамат Қазақстан аумағында жүрген. Олардың арасында 60 300 шетел азаматының елiмiздiң "Көшi-қон" туралы Заңын бұзғаны анықталған.

"Мигрант" iс-шарасы қырғыз елiндегi қақтығыс орын алғаннан кейiн қатаң бақылауға алынды. Полиция қызметкерлерi жүргiзген бұл шара барысында осы жылдың өткен төрт айында республика бойынша 55,5 мың ТМД елдерi азаматтарының, 33 мың өзбектiң, 4 мың 888 қырғыздың және 1,5 мың тәжiктiң және 4749 алыс шетел тұрғындарының Қазақстан заңдылық нормаларын өрескел бұзғандығы анықталды. Нәтижесiнде, сот органдарының шешiмi бойынша 6425 шетел азаматы елден аластатылды.

Ал, Алматы қалалық IIД баспасөз қызметiнiң маманы Арман Жусанбайдың айтуынша, алыс-жақын шетелдерден оңтүстiк шаһарға ағылатын лек толастар емес. Олардың басым көпшiлiгi көршi елдерден екi қолға бiр күрек iздеп келген азаматтар. Қазiргi кезде республика аумағында заңды бұзған 307 өзбек пен 60 қырғыз азаматы Қапланбек және Қордай шекаралық өткiзу бекеттерi арқылы Қазақстаннан шығарылды. Бұдан өзге Қазақстанда жүрiп-тұру ережесiне қырын қараған 409 шетелдiк азаматқа заң тарапынан тиiстi шара қолданылса, ешбiр құжатсыз жер басып жүрген 106 шетелдiк азамат қабылдау-тарату мекемесiне жiберiлдi. Бүгiнде олардың қайдан келгендiгi, қандай жұмыстар атқарғандығы, тiптi, қылмыстық iспен қолын былғағандығын анықтау барысы жүргiзiлуде. Тағы бiр айта кететiн жайт, шетелдiк азаматтарды заңсыз жұмысқа салған 75 кәсiпкер әкiмшiлiк жауапқа тартылып, айыппұл салынған.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ