Жаңалықтар

ЕЛБАСЫНЫҢ МӘРТЕБЕСI ЗАҢМЕН БЕКIТIЛМЕК

ашық дереккөзі

ЕЛБАСЫНЫҢ МӘРТЕБЕСI ЗАҢМЕН БЕКIТIЛМЕК

Мамыр айының басында Парламент мәжiлiсiнiң үш депутаты Әмзебек Жолшыбеков, Розақұл Халмұрадов және Светлана Ферхо Елбасының мәртебесi мен оның қауiпсiздiгiн күшейту қажет деген оймен әрiптестерiне жаңа заң жобасын ұсынған болатын. Осы мақсатта жазылған "Қазақстан Республикасының тұңғыш Президентi — Елбасының қызметiн қамтамасыз ету туралы" заң жобасы Мәжiлiстiң жалпы отырысында қаралып, бiрауыздан мақұлданды. Әуелгiде "Ұлт көшбасшысы" деген терминдi ұсынған авторлар заң жобасының қазақша нұсқасына "Елбасы" деген сөздiң енуiн жөн санапты.

Егер аталған Заң жобасы алдағы уақытта толықтай мақұлданса, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз қызметiнен кеткеннен кейiн оған "Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентi – Елбасы" деген мәртебе заң жүзiнде берiлетiн болады. Құжатқа сәйкес, Елбасы Президенттiк өкiлеттiгi кезiнде де, одан кейiн де атқарылған қызметi үшiн қылмыстық немесе әкiмшiлiк жауапқа тартылмайды. Мәжiлiс депутаты Розақұл Халмұрадов: "Республикамыздың тұңғыш президентiн – Елбасы деп атаймыз. Дегенмен, "Елбасы" мәртебесi заң күйiнде бекiтiлмеген. Қолданыстағы "Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентi туралы конституциялық" заң қазiргi заман мемлекеттiлiгiнiң негiзiн қалаушының рөлiн толық көлемде айқындамайды", – дейдi. Заң жобасына сәйкес, жасаған iс-әрекетi үшiн оны жауапқа тартуға, ұстауға, қамауға алуға жеке басын тексеруге болмайтынын айқындау ұсынылды. Қазақстан Республикасының Тұңғыш президентi – Елбасының заңды қызметiне кедергi жасауға, суретiн бүлдiруге, көпшiлiк алдында қорлауға, оның абыройы мен қадiр-қасиетiне қол сұғуға, оның өмiрбаянындағы деректердi қаралауға жол берiлмейдi. Ондай әрекеттер заң бойынша қудаланады деп көзделген. Президент және онымен бiрге тұратын отбасы мүшелерiнiң мүлкiне тиiспеушiлiк кепiлдiгiн беру де ұсынылып отыр.

Аталған құжат бойынша "Сайлау туралы", "Қазақстан Республикасының Президентi туралы", "ҚР Тұңғыш Президентi туралы" конституциялық заңдарға өзгерiстер енгiзiледi. ҚР Парламентi Мәжiлiсiнiң депутаты Әмзебек Жолшыбеков: "Сайлау Туралы" Заңға тек қана "Қазақстанның Тұңғыш Президентi – Елбасы" деген өзгерiс кiредi. Ал сайлау мерзiмiне, Президенттiң қанша рет сайланатынына тиiскен жоқпыз. Тек қана бiр-ақ сөз, "Елбасы" деген сөздi ғана қостық" дедi. Қолданыстағы "Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентi" туралы Заңының кiрiспесiнде Тұңғыш Президент Тәуелсiз Қазақстан мемлекетiнiң негiзiн қалаушылардың бiрi деп көрсетiлген. Сол сөздердi Қазақстан мемлекетiнiң негiзiн қалаушы деп өзгерту ұсынылды.

Бұған қоса заң жобасы негiзiнде Елбасыға арнап екi мұражай ашып, онда Елбасының бюстiн орнату көзделiп отыр. "Заң бойынша, мұражай Президенттiң туған жерiнде және Елордада болады. Және бұл басқа жерде орнатуға болмайды деген ұғым емес", – дейдi бастамашыл депутаттар. Алайда, Астанада тұңғыш Президент атындағы мұражай бар. Оның атауы – "Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентi – Елбасының мұражайы" деп өзгертiлуi мүмкiн.

"Нұрсұлтан Назарбаев – Қазақстанды әлемге танытып, мойындатты, елдiң айбынын асырды. Тұңғыш Президенттiң еңбегiн елеп-ескеру, бағалау, құрметтеу заңмен реттелуi тиiс. Сондықтан бұл құжат тұтас ел үшiн өте маңызды", – деп пайымдайды халық қалаулылары. Заң жобасы қос палата депутаттарының талқысынан өтiп, Елбасының қол қоюына жiберiлдi.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ