Жаңалықтар

БАТЫС ПЕН ШЫҒЫСТЫ ЖАЛҒАСТЫРҒАН АЛТЫН КӨПIР

ашық дереккөзі

БАТЫС ПЕН ШЫҒЫСТЫ ЖАЛҒАСТЫРҒАН АЛТЫН КӨПIР

Әлемдiк ұйымның Алматыдағы мәртебелi жиыны

Қазақстан мемлекетiнiң әлемнiң 56 елiн бiр ортақ мақсатқа ұйыстырып отырған Еуропадағы қауiпсiздiк және ынтымақтастық ұйымына (ЕҚЫҰ) төраға болғанына небәрi төрт айдың жүзi. Осы аз ғана уақыттың iшiнде түрлi жаһандық мәселелердi талқылауға салуда қазақ елiнiң мәртебесi бiршама көтерiлдi.

Өткен аптада әлем жұртының назары Алматыға ауды. Дүниежүзiнiң елуден астам мемлекетiнен келген iрi қауымдастық өкiлдерi мен Парламент депутаттары Орта Азия мемлекеттерiнiң берекесiн кетiрiп отырған бiрқатар мәселелердiң шешiлу жолдарын қарастырды. Атап айтқанда, саяси-экономикалық, экологиялық, адам саудасы, есiрткi, еңбек көшi-қон сияқты бүгiнгi күнгi өзектi түйткiлдердi тағы да қаузай түстi. Әуелi салиқалы басқосуға жиналған мәртебелi меймандар Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығының маңыздылығына тоқталды. Алғашқылардың бiрi болып сөз алған ЕҚЫҰ Парламент ассамблеясының (ПА) төрағасы Жоао Соареш: "ЕҚЫҰ 1975 жылдан берi алған бағытынан тайған емес. Әлемдегi ынтымақ пен қауiпсiздiк үшiн жұмыс iстеп жатыр. Қазақстан осы ретте ұйымның жұмысына серпiн бердi. ЕҚЫҰ парламенттiк Ассамблеясы Қазақстанның бастамаларын үнемi қолдауға дайын" деп ағынан жарылса, ЕҚЫҰ Бас хатшысы Марк Перен де Бришамбо өзiн Қазақстанның төрағалығын әу баста-ақ қолдағандардың бiрiмiн деп атап өттi. "Қазақстан болашақта емес, дәл қазiр Батыс пен Шығыс әлемдерiн байланыстыратын көпiр болып тұр. Қазiр ЕҚЫҰ төрағасының өз мiндетiн абыроймен атқарып жатқанын бәрi мойындауда. Әсiресе, Қырғызстандағы жағдайды реттеу сияқты жауапты, әрi қиын миссияны орындауда Еуропалық ұйымның арнайы өкiлi ретiнде Қазақстан өзiн биiктен көрсете бiлдi" деген баға бердi.

Ондаған жылдар бойы күллi әлемнiң алаңдаушылығын туғызып келе жатқан Ауғанстандағы жағдаймен қатар, Алатау баурайындағы Қырғызстандағы тұрақсыздық та алқалы басқосудың өзектi тақырыбына арқау болды. ҚР Сыртқы iстер министрi, Мемлекеттiк хатшы, ЕҚЫҰ-ның iс басындағы төрағасы Қанат Саудабаев атап өткендей, қалыптасып отырған жағдайға төрелiк ету сындарлы кезең едi. Өйткенi, Орталық Азия аумағында көшбасшы рөлге иемденiп отырған елiмiздiң қолға алып отырған әрбiр қадамы әлемдiк қауымдастықтың жiтi назарында.

ҚР Парламентi Сенатының төрағасы Қасымжомарт Тоқаев өз сөзiнде: «Қауiпсiздiк мәселесiн Еуропаның қауiпсiздiгi, Азияның қауiпсiздiгi деп, жеке-дара қарастыруға болмайды. Ол бiртұтас дүние. Бiз бәрiмiз бiрлесе қимылдағанда ғана нәтижеге қол жеткiземiз. Бұл орайда, Қазақстанның ЕҚЫҰ шеңберiнде саммит өткiзу туралы бастамасы маңызды рөл атқарады. Сол жиында мемлекет басшылары тiл табысып, Хельсинки келiсiмiн одан әрi дамытады деген ойдамыз. Ұйымның болашақ бағдарламаларын бекiтедi деп сенемiз» дедi.

Форумның алғашқы сессиясы Ауғанстан мәселесiне арналды. Ұзақ жылдар бойы саяси тұрақсыздық жағдайында өмiр сүрiп жатқан елде әскери жолмен тәртiп орнатудың бос әурешiлiк екендiгi белгiлi. Одан бергi қаншама адам шығыны мен далаға кеткен қып-қызыл ақшаны ешкiм де ақтай алмайды. Яғни, бүгiн Ауған мәселесiн тек әскери жолмен шешудiң тығырыққа апаратынын НАТО-ға мүше мемлекеттердiң өкiлдерi де мойындауға лажсыз мәжбүр. ҚР Парламент Мәжiлiсiнiң төрағасы Орал Мұхамеджанов: "Бiздiң елiмiз Ауғанстанға бiршама көмек жасап жатыр. Соңғы жылдары 2,5 млн. доллардай ақша, 2 мың тонна бидай бердiк, одан бөлек 50 млн. долларға кадр мәселесi даярланып жатыр" дедi.

Ауғанстан үкiметiнiң бұрынғы Сыртқы iстер министрi Абдулла Абдулла мырзаға сөз тигенде, ол ауған халқының бүгiнгi тыныс-тiршiлiгiне, болашақтағы бет-алысына кәдiмгiдей алаңдайтынын аңғартты. Туған елiнiң тартып отырған қайғы-қасiретi әлем жұртшылығын бей-жай қалдырмайтынын да ерекше сезiммен жеткiздi. Қазiргi кезде ауған жерi нағыз есiрткi қарақшылары мен адам саудасының қызып тұрған ортасы. Қара халықтың босқын тұрмысы мен өркениеттен мақұрым қалуы да ЕҚЫҰ ПА өкiлдерiн мазалаған мәселе. "Ауғанстанды қолдау – халықты қолдау. Ауған үкiметi сыбайластықтың тамырын құрта алмай отыр. Бiрақ құрту керек. Қауымдастықтың жұмысына келсек, қазiр салық төлеушiлердiң миллиондаған ақшалары iз-түссiз жоғалып жатыр. Олар өз қызметiнде тым тәуелсiз болып кеткен. Әрине, бiз халықаралық қоғамдастықтың қатысумен тоғыз жыл өмiр сүрдiк. Бiз аяғымыздан әлi-ақ тiк тұрып кетемiз" деп елiнiң, ұлтының келешегiне сенiмдiлiк танытты.

Форумның күн тәртiбiндегi екiншi мәселе – қырғыз халқын әбден титықтатқан текетiрес жайына арналды. Әр елден келген Парламенттiк ассамблея мүшелерi Қырғызстандағы саяси жағдайды егжей-тегжейлi талқыға салды. Олар елдегi референдум, Президент және парламент сайлауына дейiн саяси ахуалды тұрақтандыруға қатысты пiкiрлерiн бүгiп қалмады. Бұл басқосуға Қырғызстаннан шақырылған Уақытша үкiметтiң өкiлi Әбдiғани Эркебаев келмесе де, қырғыз халқының атынан сөз алған Қазақстандағы Қырғыз Республикасының елшiсi Жаныш Рүстенбеков екi ел арасындағы шекараны ашу керек дегеннен басқа уәж айтпады. Оның айтуынша, қазiр Уақытша үкiмет бар үмiтiн 27-маусымда өтетiн референдумға артып отыр. Халықаралық сарапшылар болса, жағдайды ушықтырып алмау үшiн, шапшаң қимылдардың қажет екенiн алға тартуда.

"Қазақстан Қырғыз мәселесiне ЕҚЫҰ атынан ғана емес, күллi әлемнiң атынан араласып отыр", – дедi ЕҚЫҰ-ның бас хатшысы Марк Перен де Бришамбо. Ол төңкерiс аймағына төтенше өкiлiн жiберiп, бiрi қашып, бiрi қуған қос билiктiң арасында келiссөз жүргiзген Қазақстанның қызметiн жоғары бағаласа, ЕҚЫҰ ПА вице-президентi Киммо Кильюнен: "ЕҚЫҰ-ға төрағалық етiп отырған Қазақстан көршi қырғыз елiне бiрiншi болып арағайындық жасады. Елдiң тақтан тайған президентi Құрманбек Бакиевтi ың-шыңсыз Қырғызстаннан шығарып, Қазақстанға әкелдi. Бұлай болмағанда ел iшi одан сайын бүлiнер ме едi, кiм бiлсiн?! Ең бастысы, Қазақстан еуропалық беделдi ұйымның төрағасы ретiнде өз миссиясын сәтiмен iске асырды деген ойдамын" дедi.

ЕҚЫҰ төрағасының Қырғызстан бойынша арнаулы өкiлi Жәнiбек Кәрiбжанов: "ЕҚЫҰ өз тарапынан Қырғызстандағы жағдайды тұрақтандыруға барын сала бередi. Бiз бiрақ мұнымен шектелiп қалмауымыз керек. Ел бiрлiгi шатқаяқтаған елең-алаңда бүкiләлемдiк қауымдастық болып, бiр кiсiдей көмек қолын созуы қажет" дегенге шақырды.

Еуропалық беделдi ұйымға төрағалық етiп отырған Қазақстан көпшiлiк тарапынан қолдау тапқан тағы бiр мәлiмдеме жасады. Қырғыз жағы қазiр қаралы сәуiрдiң оқиғаларын тергеу үшiн арнайы комиссия құруды қолға алған болатын. ЕҚЫҰ-ның Қырғызстандағы арнаулы өкiлi Жәнiбек Кәрiбжанов қырғыздың бұрынғы билiк басындағыларды бас-көз демей, құрықтай бермей, олардың қылмыстық iсiн қарау заң аясында жүру қажеттiгiн қатаң ескерттi. Тағы бiр айта кетерлiк жайт, соңғы 5 жылдан берi бiрiншi рет ЕҚЫҰ-ның бюджетi дер кезiнде қабылданып, қырғыз елiндегi дүрбелеңдi тұрақтандыру үшiн сол қордан 200 мың еуро бөлiнген.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ