Жаңалықтар

ҚЫРҒЫЗДАР ШЕКАРАНЫҢ АШЫЛУЫН СҰРАЙДЫ

ашық дереккөзі

ҚЫРҒЫЗДАР ШЕКАРАНЫҢ АШЫЛУЫН СҰРАЙДЫ

Қырзғызстанда болған дүрбелең ел экономикасын одан әрмен тұралатып тастады. Қазақстан тарапы көмек қолын созып, Қырғызстан фермерлерiне гуманитарлық көмек ретiнде 3 мың 700 тонна дизель жанармайын жеткiздi. Жанар-жағармай Қырғызстанның егiн салатын – Ыстықкөл мен Талас облыстарына жiберiлген. Қазiр бұл өңiрлерде көктемгi егiн егу жұмыстары қызу жүрiп жатыр. Қазақстан тарапынан келген көмектiң негiзiнде жанар-жағармай қырғыз шаруаларына жеңiлдiкпен, атап айтқанда 24 соммен (75 теңгемен) берiлуде.

Қырғызстан Республикасының ауылшаруашылық министрi қызметiн уақытша атқарушы Кұбат Құсейнов: «Қазiргi уақытта көкөнiс пен темекi өнiмдерi ғана себiлген жоқ. Ал, Ыстықкөл мен Нарын облыстарында дәндi дақылдар егiлу үстiнде. Осы ретте Қазақ халқы мен үкiметiне гуманитарлық көмек ретiнде жөнелтiлген жанар-жағармай материалдары үшiн үлкен алғысымызды айтамыз», – деп ризашылығын жеткiздi. Алайда, қырғыздар: «Қазақстан жағы гуманитарлық көмек көсреткенiмен екi ел арасындағы шекараны ашпай отыр. Бiз көршi елдiң мұнысын да түсiнемiз. Бiрақ бұл кедергi екi елдiң тауар айналымына кесiрiн тигiзiп отыр» дейдi.

Екi елдi байланыстыратын маңызды күре жол – «Ақ жол» бақылау-өткiзу бекетi арқылы бiр ай бойы байланыс тоқтаған. Осыған орай, қырғыз Уақытша үкiметiнiң төрайымы Роза Отунбаева елдiң оңтүстiгiне жасаған сапарында Қазақстанмен шекараны ашу туралы келiсiмге қол жеткiзгенiн мәлiмдесе де, өткiзу бекеттерi әлi жабық. Қырғыз елiнiң табыс көзi болып отырған – сүт өнiмдерi мен киiм-кешектi сырт елге шығара алмай отырған кәсiпкерлер дабыл қағып, елде жүк айналымы тоқтап қалғанына iштерi ашиды. Ол аздай, Қырғызстанға Қазақстан мен Ресейден азық-түлiк, дәрi-дәрмек пен ауылшаруашылығы өнiмдерi келмей қалған. Қырғыз Уақытша үкiметi төрайымының орынбасары Өмiрбек Текебаев: «Бiздiң көршiмiздiң қауiпсiздiк үшiн сақтық жасап отырғанын түсiнемiз. Бiрақ Қырғызстан экономикалық дағдарыста қалды. Егер шекара тағы бiр айға жабылатын болса, Қырғызстанға әлеуметтiк жарылыс қаупi төнiп тұр», – деп дабыл қақты. Ал Уақытша үкiмет төрайымының орынбасары Темiр Сариевтiң мәлiмдеуiнше, Қазақстан жағы шекараны 11-мамыр күнi ашуға уәде берген. “Қазақ билiгi уәдесiнде тұрады деген сенiмдемiз”, – дейдi Т.Сариев. АҚШ президентiнiң арнайы көмекшiсi Майкл Макфол Қазақстанға сапары барысында шекараны ашу мәселесiн көтеретiнiн мәлiмдедi.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ