БIР ӘУЛЕТТЕН – ҮШ БОЗДАҚ
БIР ӘУЛЕТТЕН – ҮШ БОЗДАҚ
…Қолымда қызыл мұқабалы "Боздақтар" кiтабы. Қызылорда облысының Сырдария, Тереңөзек аудандары бойынша соғысқа аттанып, қайтып оралмаған, көбi хабарсыз кеткен боздақтардың дерегi жиналған I томы. 1994 жылы Р.Нұрғалиевтiң редакторлығымен шыққан. Әрбiр боздақтың аты-жөнiнiң тұсында туған жылы, ауылының аты, бiлiмi туралы, қай жылы соғысқа аттанғаны жайлы үш-төрт ауыз сөз. Бары сол-ақ. Бiр адамның мезгiлсiз кесiлген ғұмыры, орындалмаған арман-тiлегi сыйған үш-төрт ауыз сөз. Боздақтарға қойылған ең үлкен ескерткiш те, ұрпақ құрметi де – осы.
Кiтаптың өн-бойынан аты, тегi ұқсас адамдардың есiмi жиi кездеседi. Бiр отбасыдан әскерге жарайтын азаматты түгел жалмаған соғысқа, әулеттiң сақталуын ойламаған саясатқа қынжылмасқа шараң жоқ. Мiне, бiр әулеттен ағайынды үшеу соғысқа бiрiнен соң бiрi аттанып, қайтып оралмай қалған. 146-бетте: "Оразов Жақыпбек, қатардағы жауынгер. Қызылжарма ауылдық кеңесi жерiнде 1907 жылы туған. Бiлiмi бастауыш, колхозшы. Сырдария АӘК арқылы әскерге алынып, кейiн хабарсыз кеткен". Осы бетте iле-шала: "Оразов Ысқақ, қатардағы жауынгер. Қызылжарма ауылдық кеңесi жерiнде 1905 жылы туған. Бiлiмi бастауыш, колхозшы. Сырдария АӘК арқылы әскерге алынып, кейiн хабарсыз кеткен". Ал 145-беттен Оразов Әшiрбектiң дерегi шықты. "…Қатардағы жауынгер. Қызылжарма ауылдық кеңесi жерiнде 1904 жылы туған. Бiлiмi бастауыш, колхозшы. Сырдария АӘК арқылы әскерге алынып, кейiн хабарсыз кеткен". Бiр әулеттен ағайындылардың қатар аттанып, ата-ананы аңыратып кеткенi бiр бұл емес-ау. Бұл соғысқа алты баласын түгел берiп, бiреуiн де қайта көре алмай арманда қалған ана қаншама. Әрбiр әулеттiң бұл соғысқа қатысты өз тарихы, өз қасiретi бар… Бүгiнгi Қызылорда облысы, Сырдария ауданынан аттанған осы үш боздақтың дерегiн iздеп, елге бардық. Қазiргi Қызылорда қаласында тұратын ұрпақтарын таптық. Ағайынды үшеудiң үлкенi Ысқақтан үш қыз қалған екен, үшеуi де осы қалада тұрады. Ал Жақыпбек пен Әшiрбектен ұрпақ қалмаған, соғысқа дейiн отау құрып үлгiрмеген күйi қыршын кетiптi. Оразов Ысқақтың бiрi – 7, бiрi – 5, бiрi – 2 жаста қалған үш қызы қазiр қартайып, кемпiр болған. Ең кенжесiнiң өзi қазiр 70-те. Соғыс жылдары әкеден айрылған үш қыз үш жақта өсiп-жетiлген екен. Снаряд көрмесе де, соғыстың ауыр зардабын да, қиянпұрыс зұлматын да сезiнген қазақтың көпшiлiгiнiң басынан өткен жайт бұл. Ол соғыс талай тағдырды талқандады… Бүгiнде әже болып отырған 73-тегi Қатира Ысқаққызы соғыс туралы былай дейдi: – Шешемiздiң аты – Айшагүл. Әжемiздiң аты – Айым едi. Мен Айымның бауырында болып, тәрбиесiн алдым, өнегесiн көрдiм. Әкемiздiң қайтыс болғанының хабары келiп, кейiн оның жылын бергенде, мен бес жаста екенмiн. Әкемнiң бiр жорға аты бар едi, сол ат үйдiң алдына келiп, есiктiң алдында басы салбырап, көзiнен жасы ағып, жылап тұрғаны есiмде қалыпты. Әкемнiң жылын берген соң, әжемiз шешемiзге рұқсат бердi. "Менi кiм алады дейсiң, қайны-қайынаға жоқ, бәрi соғысқа кеткен, Сәттiбек деген кiсi бар, оның әйелi адуын, алдыра ма ол?" деп шешем жүгiн жинап, төркiнiне аттанды. Сонда әжемiз менi етегiнiң астына басып, алып қалған. Ол жылдар ашаршылық есептi едi ғой. Әжем "О, сорлы жетiм, мiн артыма" дейдi де, менi есекке жайдақ мiнгiзiп алады. Екеумiз барып, масақ теремiз. Мына сiңлiм туғанда, атамыз қайтыс болған екен. Сондағы әжемiздiң айтатыны ғой, "Әкеңнен хабар болмады-ау. Ана қақбас шалдың орнын бассын деп, атын Орынбасар деп қойып едiм, өзiнiң әкесiнiң орнын басты ғой" деп жылайтын. "Ендi сенен айрылмайыншы" дейтiн. Сөйтiп, әкемнiң кенже iнiсi Дастанбек екеумiз бiрге өстiк. Ағайынды үш боздақтың кенже iнiсi Оразов Дастанбек бүгiнде 77-де. Соғыс басталғанда сегiз жаста екен, сол кездердi былай деп еске алады: "Ысқақ 1912 жылы туылған, Әшiрбек 1916 жылы туылған, ал Жақыпбек 1920 жылғы. Кiтапта қате жазған. Соғысқа баратындарды Ленин мектебiне апарып, комиссиядан өткiздi, сол жерден бiрден майданға аттандырды, алды-артына қаратқан жоқ. Немiске кiрдi, сонымен жоқ болып кеттi. Жақыпбек соңғы хатында "Берлинге кiрiп бара жатырмыз" деген, содан кейiн хабарсыз кеткен. Ал Ысқақ Сталинград түбiнде, Әшiрбек Ленинград түбiнде шайқасып, сол жерде қаза тапқан. Жақыпбек Ташкентте армияда жүрген жерiнен соғысқа аттанды. Оны соғысқа кетiп бара жатқан жолда 11-разъезде көремiз деп едiк, көре алмадық, маңайына жолатпады. Әшiрбек бара салысымен, оққа ұшқан. Ысқақ та бiрден қаза болған. Үшеуiнен де "қара қағаз" келген. Бiрақ ауылдық кеңесте жасырып қалған ғой. Үлкенiнiң ғана қара қағазын берген. Жас баласымен қалған кемпiрдi жылатпайық деген ғой". Әке елесi есiнде емiс-емiс қалған Ысқақова Орынбасар оны сағынып, өлең жазыпты: "Мен соғыстың жетiмегi, жауынгердiң қызымын, Мен келемiн әке жүрген iзiмен. Содан берi талай жылдар өтiптi, Тойлап жүрмiз Жеңiс күннiң қызығын. Елге келдi соғыс деген алапат Кетiптi бiр ұядан үш бiрдей азамат, Оралмады елге қайтып боздақтар Қымбатсың ғой бiзге, "Әке" деген ғажап ат…". "Әжемiз екi баласын – Әшiрбек пен Жақыпбектi өле-өлгенше күттi" дейдi Орынбасар Ысқақова. "Мен әкемнен екi жасымда қалған екенмiн. Алты жасымда шешемiз Айшагүл қайтадан күйеуге шықты. Әкемiз финагент болып қызмет iстеген екен. Әкемiздiң жолын қуамын деп, мен де салық комитетiнде жұмыс iстедiм. 31 жыл жұмыс iстеп, зейнетке шықтым. Сегiз баланың анасымын. Әкем есiмде жоқ. Ал соғыс бiткен кезде шешемнiң менi арқалап, бiр төбешiкке барып, менi алдына алып, жылағанын бiлем. Соғыс бiткенiнiң хабары келген екен ғой, сөйтсем". Оразов Ысқақтан қалған үш қыздың үшеуi де бүгiн үбiрлi-шүбiрлi болып, "Батыр ана" атанып отыр. Осы күндерiне шүкiршiлiк айтады. Бiрақ сонау балалық шақтағы жетiмдiк пен таршылықтың зардабын ұмытпақ емес. "Елу төртiншi жылға дейiн тамағымыз тойған жоқ" дейдi олар. Қатира Ысқаққызының естелiгiнен: "Соғыс кезiнде есiк-терезенiң бәрiне одеал, көрпе тұтып, далаға сәуле түспейтiндей бекiтiп, есiктi iледi. Үйдiң түкпiрiнде бiр бөлме бар, бұзаулы сиырды сонда ұстайды. Бiреудi бiреу аямаған заман болды ғой, даладағы қорада ұстаса, сиырды ұрлап әкетедi, не тартып әкетедi. Содан жүн түтемiз. Сонда әжемiз айтады: "Жүндi мұрындарыңа жететiндей қылып, көп етiп түтсеңдер, мұрындарыңнан моншақ түседi" – дейдi. Баламыз ғой, жүн түтуден жалығып, қулық етiп, жүндi қолымызбен көтерiп, көпсiтiп қоямыз. Оны әжемiз байқап қалып, "Жүндi басып-басып қойыңдар" деп ескертедi. Носкидi бес пар, он пар етiп тоқып, военкоматқа апарып өткiземiз. Оны әкемiз кидi ме, жоқ па, оны бiлмеймiз ғой… О, дүние-ай десейшi!". Осы жерде Қатира әже қатты күрсiнiп қалды… Қатира апа да, Орынбасар апа да бүгiнде сегiз баланың анасы. Ысқақтың үлкен қызы Сақыпжамал апа бүгiнде 75-те. Оны жақындары Сақан деп атап кеткен. "Нағашымның баласы болмай, менi екi жасымда оған асырауға берген екен. Әкемнiң соғысқа барар алдындағы күнi қоштасуға келiп кеткенi есiмде. Менi көтерiп алды да, бетiмнен бiр сүйiп, көзiнiң жасын сығып алды. Мен онда жетi жастамын ғой. Бейнеттi де, жетiмдiктi де көрiп өстiк. Мектепте оқимыз, бiздi күрiштiң отағына апарады. Су кешiп, арам шөп жұлып жүргенде, маған безгек жұғып, қатты ауырғаным есiмде. Одан қалса, масақ тергiзедi. Оны қырманға саламыз. Нағашым да соғысқа барып, жараланып, қайтып келдi. Кейiн тұрмысқа шықтым. Қазiр он балам бар, олардан отыз немере, он шақты шөбере көрiп отырмын. Құдайға шүкiр…". Соғыстан қайтпаған боздақтардан қалған бiр анық белгi – әбден ескiрiп, сарғайған бiрнеше парақ хаттары ғана. Латын қарпiмен жазылған хаттардың жазуының кейбiр жерi өше бастаған екен. Кәдiмгi үш бұрышталған майдан хаттары. Әшiрбектiң хаты: "Амандық хат! Ардақты жаннан артық көрушi шешемiз Айымға және ағамыз Сатпалды, әкемiз Бекбанға, шешемiз Дәмежанға, iнiмiз Садықбекке, Дастанбекке, қарындасымыз Бибiжамалға, … Зұбайраға, жеңгемiз Жұмакүлге, iнiмiз Қалдыбекке, ағамыз Ниязбайға сәлем. Ал ендi осы алақандай ақ қағаз арқылы сағынышты сәлемдi жолдап отырмын. Ал ендi өздерiңде амансыңдарма, дендерiңiз саума денсаулықтың арқасында тиiстi қызметтерiңдi атқарып жүрген боларсыңдар. Ал ендi өздерiңде бiздiң жайымыздағы өзгерiстi бiлесiздер. Махорка және ақша салыңдар. Ақшаны 300 сом сал. Май iшек… салыңдар. Бiз таяуда Бурне… жерден берi Та… көшiп келдiк. Келген жердегi жағдай жаман. 12 сағат жұмыс iстеймiз, тамақта болса нашар. Басқа айтарым жоқ. Жай сұраушы Оразов Әшiрбек. 7/II –41 жыл. Жаңа махорка сал. 20 пачка болсын махорка. Және папирос тағы сал. Тез хат сал. Сендерден хат алғаным жоқ. Хат салыңдар". Ысқақтың хаты: "Амандық хат! …Бiздiң денiмiз сау. 16.VIII Алкинаудан шығып, ары жүрiп бара жатырмыз. Маскеудiң тұсынан өтiп кеттiк. …Тахан екеумiз бiргемiз…Қат сал маған ендi қат салу қиын шығар, үйткенi ұзап кеттiк-ау. Қай жерге келiп, қай жерге бара жатқанымызды бiлмеймiз. Үлкен станцияға барып түсiргенде. Таханның үйiне осы хатты апарып, оқып бер. Бүкiл Тереңсайдың барлық адамына сәлем айт. Тахан мен Ысқақтан: Шалқыған Қызылорда елiм қалды, Аққу ұшып, қаз қонған көлiм қалды, Нәсiп болса, көрермiз қайтып барып, Аршын төс, алма мойын келiн қалды. Айтады мынау көкең зарын ендi. Қалдырмай көкiректегi барын ендi. Қош боп тұр, Бибiжамал бауырласым, Қат салып, қат алуға ауылдасың. Жолым тар, көңiлiм қапа, қалқам шырақ Ел-жұртым көп ойласын бiздi бiрақ". (Күнi-айы жазылмаған). Жақыпбектiң хаты: "Амандық хабар! Секе-апа, бiз 8/I-күнi сағат 8-9 шамасында Тәшкенге қарай өттiк. Бiз бәрiмiз 7-8 бала бiр вагонда. … Ал апа уайымдап өзiңнен өзiң жүдеп жүрме сосын тайыңды сатам деп әуре болма… (жазу өшiп қалған). Сәттiбалаға, Аймакүлге, Төлегенге, Қалтай ағаға бәрiне бiр сәлем. Айжамалға балаларына тегiн сәлем. … Бас-басына хат салуға кәзiр асығыс. Ал қайыр қош сау болыңдар. Ташкеннен қайта хат салармыз. Оразов Жақыпбек. 8/I – 42 жыл". (Хаттардың орфографиясы сол күйi сақталды). Бар болғаны осы-ақ. Қан майданға аттанып, қай жерде, қай шайқаста ұрыс саларын бiлмей-ақ жан қиған боздақтардың дерегi бұл. Бiр әулеттiң ғана емес, тұтас ұрпақтың қасiретi. Күнi бүгiнге дейiн қанды iзi сайрап жатқан соғыс дерегi… …Қыршын кеткен боздақтардың жаны жәннатта болсын! Ендiгi жерде соғыстың аты өшсiн!Гүлбиғаш Омарова