Жаңалықтар

«СОРОС» ЗАҢГЕРЛЕРДI МАРАПАТТАДЫ

ашық дереккөзі

«СОРОС» ЗАҢГЕРЛЕРДI МАРАПАТТАДЫ

Осы аптада "Сорос Қазақстан" қоры Қазақстанның ең таңдаулы медиа-заңгерлерiн атады. Бұл қор 2009 жылдан берi "БАҚ қорғаушысы" номинациясы бойынша байқау жариялап келедi.

Биылғы жеңiмпаздар ретiнде – "Әдiл сөз" халықаралық сөз бостандығын қорғау қорының заңгерi – "жеңген iсi жағынан БАҚ-тың ең үздiк қорғаушысы" номинациясы бойынша Ганна Красильникова, "Сөз бостандығын қорғауда ерекше табандылық танытқан үздiк қорғаушы" номинациясы бойынша – Сергей Уткин, "Мемлекеттiк тiлде жұмыс iстейтiн ең үздiк қорғаушы" номинациясы бойынша "Әдiл сөз" халықаралық сөз бостандығын қорғау қорының заңгерi Ғалия Әженова, "Өз басылымына адал берiлген" номинациясы бойынша "Время" газетiнiң тiлшiсi Валентина Жуковскаялар танылды.

Бұл байқауды Сорос Қазақстан қорының "БАҚ-ты қолдау және жастар бағдарламасын" өткiзiп отыр. Жеңiмпаздар ақшалай сыйлықпен марапатталды. Бұл 3- мамырдағы халықаралық сөз бостандығы күнiне орайластырылып отырған шара. Бiз "Мемлекеттiк тiлде жұмыс iстейтiн ең үздiк қорғаушы" номинациясы бойынша жеңiмпаз болып танылған "Әдiл сөз" халықаралық сөз бостандығын қорғау қорының сараптама орталығының жетекшiсi Ғалия Әженова ханымды сөзге тартқан едiк:

– Жалпы, мемлекеттiк тiлде iс жүргiзу өте күрделi мәселе. 20 жыл бойы мемлекеттiк тiлдiң жырын жырлап келсек те, өкiнiшке қарай, ол тiлде сөйлеп, кәсiби бiлiгiн шыңдап, кәсiби қызметiн атқарып жатқандар шамалы. Әсiресе, ақпарат құралдары саласында қызмет iстеп жүрген әрiптестерiмiз мемлекеттiк тiлде қорғаушыға зәру. Өйткенi, мемлекеттiк тiлде жұмыс жасайтын заңгерлер аз. Бiз осы Сорос қорының қолдауымен қазақтiлдi заңгерлердi дайындау iсiн қолға алып жатырмыз. Қазiр жарты жылдай уақыт арнайы лекциялар өткiзiп келемiз. Қазiр бiздiң лауазымды шенеунiктерiмiз, депутаттарымыз түкке тұрғысыз әңгiмелерден iлiк iздеп, журналистердi сотқа сүйреп жатады. Ал, сот iсiнiң көбi қазақ тiлiнде емес, орыс тiлiнде өткiзiледi. Өйткенi, осы салада маманданған қазақтiлдi адвокаттарды табу iсi қиын. Сондықтан да, мен журналистерге көмек қолын созуды мақсат етемiн. Және iстiң қазақ тiлiнде жүргiзiлуiне ықпал жасаймын, – дейдi ол.

"Түркiстан-ақпарат"