Жаңалықтар

БIЛГЕНГЕ БIЛIМ – БАЙЛЫҚ

ашық дереккөзі

БIЛГЕНГЕ БIЛIМ – БАЙЛЫҚ

Биыл балалар мен жасөспiрiмдерге арналған республикалық "Ақ желкен" журналының жарық көргенiне 85 жыл. Осы мерекеге байланысты журнал өз оқырмандарына тосын сый жасады.

Түркiстан қаласындағы Халықаралық қазақ-түрiк университетi журналистика кафедрасы Оңтүстiк Қазақстан облысы мектептерiнiң бiтiрушi түлектерiне арналған "Ақ қауырсын" шығарма бәйгесiн ұйымдастырып келедi. Биыл "Ақ қауырсын" бәйгесi "Ақ желкен" журналының мерей тойына арналғандықтан бәйгенiң шарттарына өзгерiс енгiзiлдi. Үмiткерлер дыбыссыз бейнесюжетке қарап, репортаж жазады. Көрiнiстi тамашалауға 0,5 сағат, репортаж жазуға 2,5 сағат, барлығы – 3 сағат уақыт берiлдi. Оқушы шығарма жазылған параққа аты-жөнiн көрсетуiне, қол қоюына тыйым салынды. Себебi барлық шығарма жасырын код арқылы тексерiлiп, сақталды. Шығарма "Арда туған асыл ұл" (Б.Саттарханов туралы), "Өмiр және мен", "Балалығым – балдәуренiм" тақырыптарын қамтыды.

Қазылар алқасының төрағасы "Жас өркен" ЖШС директорының орынбасары Д.Мағлұмов. Алқа құрамында "Ұлан" газетiнiң бас редакторы Е.Жеңiсұлы мен "Ақ желкен" журналының бас редакторының орынбасары Қ.Әуесбай, "Балдырған" журналының бас редакторының орынбасары Б.Үсенбаев пен филология ғылымдарының докторы, аға оқытушы С.Садықұлы төрелiк жасады. Шығарма бәйгесiне қатысқан он үш оқушы өз ерекшелiктерiмен көзге түстi. Ең бастысы, шығарманың тiлi мен стилiне, айтар ойына баса мән берiлдi.

Үздiк шығарма иесi – Түлкiбас қаласындағы И.Рыбалко атындағы мектептiң оқушысы Нұрила Данаева. Бiрiншi орын – Әсем Оразбекқызы (Түркiстан қаласы, №19 мектеп), жүлделi екi екiншi орынды – Әйгерiм Еркiнбекқызы (Кентау қаласы, Ш.Қанайұлы атындағы №2 мектеп) мен Бекзат Қоңыратбекұлы (Ордабасы ауданы, Б.Нұрлыбеков атындағы жалпы орта мектеп) иелендi. Ал үшiншi орынға Қуатбек Балжан (Төле би ауданы, №1 мектеп-гимназия), Фариза Балдырғанқызы (Бәйдiбек ауданы, "Бөген" жалпы орта мектеп) мен Салтанат Ниязбекқызы (Отырар ауданы, Абай атындағы мектеп) жазған шығармалар лайық деп танылды. "Ақ желкен" журналының арнайы жүлдесi Нүрила Үмбетова (Сайрам ауданы, Абылайхан атындағы мектеп), "Ұлан" газетi Жансая Әбдiжаппар (Сарыағаш ауданы, №10 мектеп), "Балдырған" журналы Г.Сансызбаеваға (Шардара қаласы, М.Горкий атындағы мектеп) берiлдi.

Жеңiмпаздар қала тарихынан сыр шертетiн орындарға саяхат жасады. "Әзiрет Сұлтан" қорық мұражайына, "Түркiстан" өлкетану мұражайын, С.Ерубаев және Н.Төреқұлов мұражайларын аралады. Қ.А.Ясауи кесенесiне барып, рухына тағзым еттi. "Ақ желкен", "Балдырған" журналы мен "Ұлан", "Дружные ребята" газеттерiнiң ұжымдарымен тiлдескен, оңтүстiк қазақстандық оқушылар қолтаңба алуды да ұмытпады. Олар басылымға қатысты сұрақтар қойып, жазылуға үлес қосатындарын жеткiздi.

Гүлфарида Зейнуллина