Жаңалықтар

«АРДАГЕРЛЕРДI АРДАҚТАЙЫҚ» АКЦИЯСЫ ЖАЛҒАСУДА

ашық дереккөзі

«АРДАГЕРЛЕРДI АРДАҚТАЙЫҚ» АКЦИЯСЫ ЖАЛҒАСУДА

Туған жер мен елдi қорғауда теңдесiз ерлiк танытқан соғыс ардагерлерiн ардақтау әлi жалғасуда. "Нұр Отан" Халықтық-демократиялық партиясының ұйымдастыруымен "Ардагерлердi ардақтайық" акциясы аясында сұрапыл соғыс жылдарының құрбандарын, халыққа қалтқысыз қызмет еткен ардагерлер еңбегiн бүгiнгi бейбiт өмiр ұрпақтарына насихаттау шаралары өткiзiлiп жатыр.

Ұлы жеңiске қол жеткiзу оңайға соққан жоқ. Бұл ретте Қазақстанның ерлiгi мен еңбегiн ескерусiз қалдыру мүмкiн емес. Майданға елiмiзден 1 миллион 700 мың қазақстандық аттанды. Оның iшiнде 12 атқыштар дивизиясы, 4 ұлттық кавалерия дивизиясы және 7 атқыштар бригадасы жасақталды. Сонымен қатар елiмiзден 50 полк пен батальондар құрылып, қан майданға жiберiлдi.

Алматы қаласындағы 28-панфиловшылар саябағында "Ерлер рухына тағзым" атты кездесу ұйымдастырылды. Ұлы Отан соғысы Жеңiсiнiң 65 жылдығына орайластырылған кездесуге 28-панфиловшылардың ұрпақтары, Ұлы Отан соғысы ардагерлерi және әскери бөлiм сарбаздары қатысты. Жеңiстiң мерейтойлық шаралары мұнымен шектеле қойған жоқ. Бүгiнде немере-шөбере сүйiп, көптi көрген қария атанған ардагерлердiң мәртебесiн көтеруге арналған шахмат турнирлерi, концерттiк бағдарламалар өткiзiлдi. Кербұлақ, Қарасай, Iле аудандарының соғыс ардагерлерi мен соғыста қаза тапқан жауынгерлердiң ұрпақтары "Мәңгiлiк алауға" гүл шоқтарын қою рәсiмiне қатысты. Бұдан кейiн ардагерлер майдан кезiнен естелiктерiмен бөлiстi. Солардың бiрi – Тамара Андриевская. Соғыс бiткенше жау тылында жұмыс iстеп, бункер тұтқынында болған ол жас журналистермен кездесу барысында Берлиннiң қалай алынғанын өз көзiмен көргенiн айтып бердi.

Жүрек түкпiрiнде мұз боп қатқан естелiктердi көзiне жас алмай еске алу мүмкiн емес. "Соғыс басталғанда 14 жаста едiм. Украинадағы Херсон қаласында тұратынбыз. Алғашқылардың қатарында бiздiң қала да жау қолына iлiктi. Бiздi Германияға алып кетiп, түрлi лагерьлерде жұмыс жасатты", – деп бастады ардагер. Өмiр сүрудi ендi бастағанда соғыс өртi жастығын алса да, майданға аттанған әрбiр жастың жүрегiнде патриоттық сезiмнiң лаулап тұрғаны анық едi. Кейiннен Тамара Владимировна 1945 жылы жау қолынан азат етiлiп, тағдырдың айдауымен Қазақстанға келiп қоныстанған. Бүгiнде 80-нiң бел ортасына iлiнген ардагер сол күндердiң қасiретiн өскелең ұрпақтың маңдайына жазбасын деп отыр.

Аталмыш акция барысында Алматы қаласындағы №34 мектеп-гимназияда "Жеңiс сабағы" атты ардагерлермен кездесу өттi. Соғыс ардагерлерiнiң қатысуымен ұйымдастырылған жеңiс сабағы арнайы жасақталған әскери бөлмеде жалғасын тапты. Бұдан өзге ТМД мемлекеттерiнiң арасында эстафета 2-9 мамыр аралығында тиiстi мәресiне келiп жетедi. Қазақ жерiндегi "Жеңiс эстафетасы" Шығыс Қазақстаннан бастау алып, Алматы қаласына келдi.

Республиканың түкпiр-түкпiрiнде болып жатқан iс-шаралар қарсаңында Қазақстанның Жастар одағы мен Республикалық ардагерлер кеңесiнiң қолдауымен Ұлы жеңiстiң 65 жылдығына орай "pobeda.kz" сайты дүниеге келдi. Бұл веб-сайтқа республика көлемiндегi ардагерлердiң естелiктерi, күнделiктерi мен суреттерi салынады.

Ақниет ОСПАНБАЙ