Жаңалықтар

ЕСКЕРУСIЗ ҚАЛСА ДА, ЕҢБЕГI ҰШАН-ТЕҢIЗ

ашық дереккөзі

ЕСКЕРУСIЗ ҚАЛСА ДА, ЕҢБЕГI ҰШАН-ТЕҢIЗ

Мұндай жоба Кеңес Одағында кемде-кем едi

Қызылорда облысындағы Қазалы гидроузелi – ұрпағымыздың мақтанышы, елiмiздiң ырысы. 1963 жылы Қазалы гидроузелiнiң жобасын жүзеге асыру үшiн "Қазалы гидроузелiнiң дирекциясы" құрылды. Өзiн еңбекте, өмiрде салиқалы маман ретiнде көрсете бiлген инженер-гидротехник Жанайбек Сақтағанов осы мекеменiң бастығы болып тағайындалған едi.

Дүниежүзiнде екiншi болып тұмбаның үстiне салынған көп салалы құрылым – Сырдария өзенi құяр тұста табиғаттың тепе-теңдiгiн сақтауға үлес қосуға арналған. Бұл құрылымның жұмбағы да мол болатын. Ташкент қаласындағы Орта Азия мемлекеттiк жобалау институты "Средазгитроводхлопок" бекiткен жобаны алысымен, жоғары бiлiмдi инженер-гидротехник Жанайбек Сақтағанов Қазалы гидроузелiнiң сырын бiлуге құмартты.

Ташкент қаласындағы Орта Азия ғылыми-зерттеу институтында "САНИИРИ" академик Әмин Мұхамеджанов жасаған 100 есе кiшiрейтiлген масштабтағы макеттi жұмыс үстiнде көруге тырысты. Бұл зертханадағы макет Сырдария өзенiнде 1000 жылда бiр рет қайталанатын ағынды суды жiберу мүмкiншiлiгiн зерттеуге арналған. Инженер-гидротехник Сақтағанов Жанайбектi таң қалдырғаны – 1000 жылда бiр рет болатын секундына 1000 текше метр су 10 метрлiк биiктiктен құлай ақса, оның артынан сонша күшпен ағынды судың iлгерi жылжуы. Секундына 700 текше метр су қауырт жағдайда жұмыс атқаратын бөлiмiнен үлкен күшпен жоғары қарай лықсиды.

Келешек құрылым макетiнiң тербетiлгенiн көргенiн Жанайбек әр уақытта айта жүретiн. Академик Әмин Мұхамеджановтың жерден кiсi бойы биiктiкте құйылатын мәр-мәр тастың омыртқасы, жотасы болып есептелетiн, темiр арқандарының жобаға сәйкес орналасуына, байланысына қатты көңiл бөлудi талап етуiн Жанайбек есiнен шығарған емес. Оған қоса төменгi жүз мың тоннадан артық салмақтағы құйылған мәр-мәр тас, құрылымның бiртұтас жұмысын қамтамасыз етуi тиiс. "Бүкiл құрылым судың сұрапыл күшiн қарсы алуға бейiмделуi керек" дегендi Жанайбек жиi қайталайтын. Оның "Суармалы егiстiк алқаптары көбейдi, келешекте ондай көп су Сырдария өзенiнде болуы мүмкiн бе?" деген сұрағына, Әмин Мұхамеджанов былай деп едi: "Сырдарияның Майлыбек иiнiнде ұстасқан мұзда жасалған бөгет ауа райына байланысты. Кейбiр жылдары 10-15 күнде Байғожаға дейiн жетедi. Осы уақытта Басықарадағы мұз Сырдария өзенiнiң табанына дейiн қайтадан қайтуы мүмкiн. Жоғары мұз бұзылғанда Сырдария өзенiнiң 15 күнгi жиналған суы әнi-мiнi дегенше Басықара тауының төбесiне дейiн көтерiлген. Сол таудың басынан құлаған суға есептеп отырмыз ғой" – деген академик.

"Қазалы гидроузелiнiң Басықарада орналасуы кездейсоқ емес" – дейтiн Жанайбек. Бұл – миллиондаған жылдар өмiр сүрген өзеннiң және табиғаттың таңдауы. Сырдария өзенi Сыр өңiрiне келгенше, яғни бүгiннен 900 жыл бұрын өзеннiң екi саласы болған:

Бiрiншiсi, Ақсай саласы төрт жүз елу мың гектар жерде, көл тiзбектерiн жасап, өзен суы Бозғұл бұғазына тiрелген. Артығы ғана кiшi Аралға құйған;

Екiншiсi, Басықара арнасы, әрi қарай Қаратаудың екi жотасының ортасымен жүретiн Ақ-Ирек екi жүз мың гектарлық айдын алабын толтыра, алты жүз мың гектарлық Сарышығанақтың Арал теңiзi аталуына үлес қосқан. Сондықтан болар, ғалымдардың Қазалы гидроузелiне қойылған талаптары – Сырдарияның құярлығындағы алуан алқаптарды ғылыми негiзде жандандыру едi. Бұл ғылыми қағидаларға бейiмделген құрылымның әрбiр мүшесiнiң-жүйесiнiң атқаратын қызметi де әртүрлi.

Бас-аяғы сегiз жылда бұл құрылым ел ырысына айналып, Отанымыздағы су шаруашылығын өркендетудiң үлгiсi болды.

Қазақстанда, тiптi Кеңес Одағында мұндай құрылым кемде-кем. Сондықтан да ғалым Сақтағановтың еңбегi – ұлт мақтанышы. Қырық жыл бойы Қазалы гидроузелi өзiне артқан мiндеттi қалтқысыз атқаруда. Атап айтар болсақ:

– Өзеннiң Ақсай саласының бойындағы көл тiзбектерi қалпына келтiрiлiп, Бозғұл бұғазына дейiнгi аймақтың құм көшкiндерiн тоқтатқан. Кешегi тұзданған ойпаттар көл тiзбектерiне қосылған. Төрт жүз елу мың гектар кешегi құлазыған дала Қызылорда облысының көгалды аймағына айналған;

– Сол жаға жармасының бойындағы шаруашылықтардың егiстiк алқаптары сумен қамтамасыз етiлуде;

– Қауырт жағдайда су жiберетiн гидроузелдiң жүйесi қалтқысыз жұмыс атқаруының арқасында қырық жылдың iшiнде Басықарада мұз тасқыны болмаған;

– Қаңтар айының аяғында балықтардың жүру жолы ашылып, қаяз, алтын сазандардың ашық суда сайрандауы таң қалдырарлық оқиға. Бiрақ бұл – ақиқат.

– Гидроузелдiң төменгi жағында Сырдария өзенi мұзының қалыңдығы алпыс-жетпiс сантиметр болып, оның үстiнен жүгiмен автоашиналар өтуде.

Гидроузелдiң жоғарғы жағындағы өзендегi мұздың қалыңдығы төмендегiдей. Тек қана балық жүретiн жолда мұз жоқ, ағынды су ағуда, балықтары сайрандауда.

Өкiнiшке қарай, Сырдария өзенiнiң Басықара – Ақ Ирек саласында қаңтарда су жоқ.

Бұл арнаның секундына қырық бес-елу текше метр су қабылдау мүмкiншiлiгi бар. Қинайтыны, кейбiр азаматтар Ақ-Иректен бас жағындағы Ақпайға екi мың гектар жерге егiн егiп, Басықараның сағасын жауып қойыпты. Сөйтiп, Қазалы гидроузелiнiң мiндетiне кiретiн Басықарадан жiберiлген сумен Ақ-Иректiң екi жүз мың гектарлық су айдынын жасап, Арал қаласының жанындағы ескi Арал теңiзi аталған, алты жүз мың гектарлық Сарышығанаққа су жiберiлмей отыр. Құрғаған осы аймақтарға су беру – елiмiздiң арманы күйiнде қалуда.

Сегiз жылда Қазалы гидроузелiнiң құрылысын бiтiрiп, дүниеге мәңгiлiк ескерткiш әкелген жоғарғы дәрежелi маман Сақтағанов Жанайбектiң аты бүгiнде ескерусiз қалуы өкiнiштi-ақ.

… Ал Қазалы гидроузелiне Әбубәкiр Тыныбаевтың аты берiлiптi.

Елтай ҚҰТЫБАЕВ, ғалым, Қазақстанға еңбек

сiңiрген инженер-гидротехник