Жаңалықтар

"ӘСЕТ ШЫҒАРМАЛАРЫ" ТУДЫРҒАН КҮДIК

ашық дереккөзі

"ӘСЕТ ШЫҒАРМАЛАРЫ" ТУДЫРҒАН КҮДIК

Әсет шығармалары Қытайда да Қазақстанда да басылым көрiп, қалың оқырман қауымның оң бағасын алғаны белгiлi. Деседе, күдiк-күмән тудырған шығармалары туралы да талас-тартыс толастаған жоқ. Соның iшiнде "Сәлиқа-Сәменнiң" дауы да аз емес.

"Сәлиқа-Сәмен" Әсеттiкi ме?" деген сауал туғанда оған ең алғаш қарсы болған адам өткен ғасырда өткен көрнектi тарихшы, жазушы Асқар Татанайұлы болды. Бұл туралы "Асқар айтты" деген сөздi талай рет дауға куәлiк қылғанымыз да рас. Бiрақ бiз Асқардың сөзiн өз мәнiнде пайдалана бiлдiк пе?! А.Татанайұлының барлық шежiресiн ет құлағымен тыңдап өскен құйма құлақ ұлы Көбен Асқарұлы былай дейдi: "1941 жылы Асқар тiлшiлiк сапарымен Алтайдың Жеменей ауданына барғанда, Әлен уаңның үйiне қоныпты. Сонда Әлен уаңның қызы Заданың қолынан "Сәлиқа-Сәмен" дастанын көшiрiп жазып алыпты. Ол кезде Әлен уаң Үрiмжiде түрмеде, Қадуаң Алтайда мырза – қамақта болатын.

Зада дастанды өзiнiң ағасы Қызыр Мамырбекұлы жазған дейдi. Алайда, 1947 жылы (1946 жылы болса керек – Ж.Ш) баспаға берiлерде редактор Мұқаш Жәкеұлы, Мақат Ақбаев, Мырзақымет Мұхметжанов, Ғалым Құсайынов және бiр қаншасы "бұл дастанды Әсет жазған, ел аузына таралған Әсеттiң шығармасы көп, Зада кiшкене, не бiледi? Қызыр мынадай еңбек жаза алмайды.", – деп Мұқаш Жәкеұлының алғы сөзiмен Әсеттiң атынан жариялап жiберiптi. Оны әкем көзi тiрiсiнде айтып қарызынан құтылған болатын". ("Алтын бесiк" журналы. 2008ж, 6-сан, 16-бет.)

Шынжаң қазақ қаламгерлерiндегi Асқар Татанаймен ең көп әңгiмелескен және ол кiсiнiң өмiрi жөнiнде "Бiздiң Асқар" деген ғұмырнамалық роман жазған ақын Шәкен Оңалбаев. Аталған роман 2009 жылы Шынжаң жастар-өрендер баспасынан "Жұңго қазақтарының таңдаулы романдары" сериясымен жарық көрген. Романның 366-376 беттерiнде ақын аталған мәселеге егжей-тегжейлi тоқталып, шығарманың Әсеттiкi емес, Қызырдiкi екенiн, оны өңдеп толықтырушының Асқар екенiн тiлге тиек етедi. Асекеңнiң өз аузынан келтiрiлген деректердi әдеби әсiрелеусiз жеткiзiп, өлең жолдарына дейiн бұлтартпас дәлелдермен айғақтайды.

Бiр қызығы, дастанды Әсетке телушiлердiң "Асқардың мақұлдауымен Әсеттiкi делiнiптi" дегеннен басқа уәжi жоқ. Тiптi, Шинжиаңда шыққан "Әсет шығармалары" (Ұлттар баспасы. 2000 жыл) атты 2 томдық еңбектiң "баспадан" деген алғы сөзiнде: "Әсет шығармалары мiнсiз деп айтудан аулақпыз. Өйткенi, оның шығармаларының бiзге дәл өз аузынан шыққандай толық, мүлтiксiз жетуi тарих заңдылығына үйлеспейдi. Оның үстiне, редакциялық өнерiмiздiң жетерлiк болмауынан илеуi қанбай, олпы-солпы болып қалған жәйiттер жоқ деп тiптi де айта алмаймыз" – деп дүдәмәл оймен табансыздық танытып, күдiк-күмәнға жол беруiнiң өзi бiраз мәселенi аңғартса керек. Аталған еңбектiң I том, 158-бетiнде: "…Кәрi құлақ оқымысты Сүлеймен Еламанұлының айтуында "Бақтияр", "Дастарқан", "Шәкiр-Шәкiрат", "Ғалым-Сәлiм", "Жәмсап", "Шеризат" қатарлы қиссалар да Әсеттiкi екен. Бiз бұл қиссалардың сөз саптауы, стиль, оқиғаның сөз жияры қатарлы жақтарынан саралап көргенiмiзде, олардың да Әсеттiң "Сәлиқа-Сәмен", "Пушкин-Татияна", "Кешубай-Жәмила", "Алтын балақ-Ақ сұңқар", "Мұңлық қыз", "Нүсiпқан" қатарлы қисса-дастандарымен толық сәйкесiп отырады. Демек, Әсет Тарбағатай өңiрiнде жүрген 1907-1917 жылдар аралығында осы еңбектерiн жасаған" делiнiптi. Ал, осындай тиянақсыз "кәрi құлақты" көлденең тартып, "саралап көргенiмiзде" деген ойжота берiлген айғақтан кейiн қалай күмәндаспаспыз. Әрине, "илеуi қанбай" қалғанына шүбәланғыңыз келмейдi.

Ендiгi сөздi әдебиеттанушы ғалым Бексұлтан Кәсейұлының "Қазақ әдебиетiнiң тарихы" (Шинжиаң халық баспасы, 1996 жыл. Үрiмжi, I том, 590-бет) атты кiтабына берейiк:

"Асқар Татанайұлы жырды 1946 жылы Әсет атында бастырған. Соның әсерiмен жыр Әсеттiң Қазақстанда басылған өлең-дастан жинағына енгiзiлген және "Октябрь төңкерiсiне дейiнгi қазақ ақындарының дастандары" ("дастандар") атты жинаққа Әсет шығармасы ретiнде берiлген. (Көркем әдебиет баспасы, 1960).

Жырды алғашында Әсет ақынның жырлағаны туралы нақтылы дерек және айғақ кезiкпейдi. Әмин Шафиков қатарлы бiр топ фольклоршылар "Сәлиқа-Сәмендi" алғашқы жырға айландырған Қызыр Мамырбекұлы деп есептейдi".

Бiр мәселенiң басы ашық – өткен ғасырдың орта кезеңiнде баға берушiлердiң қай-қайсысы болмасын дастанды "Әсеттiкi емес" дегендi көбiрек көлденең тартады. Ал кейiнгi жастар (қазiргi қаламгерлерiмiздiң бiразы) ескiрген дауды өз ұпайларына шешiп жүр. Мәселеге сол заманның көзiмен қараушылар сарабдал ойлармен шындықты iздегiсi келедi. Айталық, көрнектi қазақ қаламгерi, жазушы Ахметолла Қалиұлы сонау 1961-жылы жазған "Сәлиқа-Сәмен" либераттосы мен "Сәлиқа-Сәмен" дастаны туралы" мақаласында ("Әдебиетiмiз туралы кейбiр ойлар", Iле халық баспасы, 1984ж. Күйтүн. 257-б.). "Сәлиқа-Сәмен" дастанының тарихы туралы сөз ашатын болсақ, оның оқиғасы XIV-XVIII ғасырдың аралығында дүниеге келген деуге болады. Шыңғысхан XIII ғасырда өмiр сүрдi. Көкшенiң пiкiрiне қарағанда, дастан да оның авторы да Шыңғысхан өлгеннен кейiнгi (1227 жылдан кейiн) дәуiрде өмiр сүргенi даусыз… "Сәлиқа-Сәмен монғолдар өмiрiнен алынған дастан. Сәлиқа да, Сәмен де, Көкше де монғол бауырларымыз" дегендi айтады. Бұл көзқарас бойынша "Сәлиқа-Сәменнiң" авторы Әсет те, Қызыр да емес сияқты. Тiптi олардың аты да аталмайды.

Ал белгiлi этнограф, марқұм Жағда Бабалықұлы 2008 жылдың 25-шiлдесiнде осы жолдардың авторына (Ж.Шәкенге) берген сұхбатында мынадай деректер келтiредi:

"1978 жылы Семейден келе жатып поезда Сұлтан Қанапинге жолығып қалдым. Ұлты әзербайжан, менiң мұғалiмiм болған кiсi едi. Әңгiме арасында ол маған: "Сәлиқа-Сәмен" туралы талас-тартыс әлi толастамапты ғой. 1930 жылдар шамасы, менiң үйiме Қызыр Мамырбекұлы қонып едi. Ол маған шағатай тiлiнде жазылған "Сәлиқа-Сәмен" атты дастанды тауып алғанын, оны өзi қазақшаға қотарып, жырлап, жаңа дастанға айналдырғанын айтты. Әрi бiр дана қазақша қолжазбасын маған бердi. Сол қолжазба үйiмде жатыр"– дедi. Көп өтпей Сұлтан қайтыс болып кеттi. Дер кезiнде бара алмай, кейiн Атила, Қалит деген балаларына барып қолжазбаны iздедiк, таппадық. Сөйтсек, Сұлтан Қанапин өлерде жолдасы, суретшi Мұхаметжан Юсуповқа көп материалын апарып берiптi. Ал Мұхаметжан өзiнiң барлық архивiн Қырғызстанның мұрағатына тапсырып берген екен. Қолжазба сол күйiнде iздеусiз қалды. Мүмкiн Қырғызстан мұрағаттарында әлi де сақтаулы шығар.

Кейiннен осы әңгiмемдi Әлкей Марғұланға жеткiзiп, "Сәлиқа-Сәменнiң" таласын айттым. Қалай айтқанын бiлмедiм, ол кiсi: "Ол қазақша емес қой" деп қысқа қайырды.

Ал, осы әңгiмелердi ой сарабынан өткiзетiн болсақ, Ахметолла Қалиұлының болжамы мен Әлкей Марғұланның пiкiрi бiр арнаға құяды. Демек, дастанның көне жазбалардан қазақшаға қотарылғаны айдан анық. Мүмкiн моңғолшадан, мүмкiн шағатай тiлiнен. Ол жағы анық емес. Оны қазақшаға қотарып, өлеңге айналдырушының Қызыр екенi туралы да айтылым көп. Ал Асқар Татанайға еш соқпастан: "Ол Әсеттiкi едi ғой" дейтiн дәлел де, адам да жоқ. Олай болса, "Сәлиқа-Сәмен" әлi де зерттеудi қажет ететiн "Әсет шығармаларындағы" алғашқы "күдiктi" есептеледi.

"Сәлиқа-Сәменнiң" дауына ғана мойын бұрып жүрген оқырмандардың "күдiктi" дегенге қарап, "Тағы несi бар?" деп таңдануы да орынды. Ендiгi "күдiктiлер" – Әсеттiң қиссалары мен дастандары деп берiлiп жүрген "Шәкiр-Шәкiрат", "Бақтияр", "Үш жетiм қыз" секiлдi көлемдi шығармалары.

Әсеттей дүлдүл ақын, көрнектi композитор, атақты әншi туралы айтқанда оған өнер көптiк етпейдi. Деседе, басқа авторлардың шығармалары негiзсiз телiнiп, тарих бұрмаланса ол да өкiнiштi. Сондықтан да соңғы күдiгiмiздi тудырған шығармаларға азырақ аялдай кетейiк.

Қолымызда "Қазақ кiтабының шежiресi" (Ү.Субханбердина. Д.С. Сейфулинна. Алматы. "Рауан" 1996 ж.) – 1807-1917 жылдар аралығында жарық көрген қазақ кiтаптарының библиографиялық көрсеткiшi.

Аталған кiтаптың 46-бетiнде "Шәкiр-Шәкiраттың" 1840 жылы қазан баспасынан алғаш рет жарық көргенi тiркелген. Осыдан кейiн кiтап көп рет басылым көрген.

Аталған "Қазақ кiтабының шежiресiнде" берiлген шығармалардың кейбiрiнiң авторы, кейбiрiнiң құрастырушысы, кейбiрiнiң баспагерi немесе аудармашысы жазылып, анықтамамен берiлiп отырған. "Шәкiр-Шәкiраттың" бастырушысы Шәмсудин Хұсайынов екенi жазылған. Кiтап Қазан университетiнiң баспаханасында басылған екен.

Кiтап авторының бiрi академик Үшкөлтай Субханбердина кiтапқа жазған алғы сөзiнде "Шәкiр-Шәкiрат" туралы да бiраз тоқталады. Онда мынадай жолдар бар:

"Шәкiр-Шәкiрат" 1840 жылдан бастап, 1872, 1880, 1883, 1884, 1888, 1890, 1894, 1896, 1901, 1909, 1912, 1915, 1916-жылдары Қазанда «Университет» баспасында жарияланған. Солардың iшiнде 1894 жылғы басылымы 10000 дана болып шыққаны туралы мәлiмет Н. Ф. Катановтың мақаласында берiлген. ("Деятель" журналы, 1894 жыл, 10-санының 579-582 беттерi) Жыр ел арасына ауызша өте мол тараған. Ал, қолжазба нұсқалары Москва, Сант-Петербург, Алматы қалаларының кiтапхана қорлары мен архив қазыналарында сақтаулы тұр…

Халықтық сипатта жырланған "Шәкiр-Шәкiрат" поэма-дастанының басты идеясы – адам өмiрiн жақсарту, тұрмыста кездесетiн қиыншылық, ауыр азаптан құтылуда адамның күш-қуаты, ақыл, парасаты бәрiнен де зор екендiгiне мол сенiм артуында.

"Шәкiр-Шәкiрат" дастанының революциядан бұрын басылып шыққан нұсқалары Бахтиярдың атымен байланысты. Бахтияр – X ғасырда өмiр сүрген Иззадин Бахтияр (978-967) патшаның сарай ақыны. Ол, "Бахтиари" деген атпен "Жүсiп-Зылиқа" поэмасын жырлаған. "Шәкiр-Шәкiрат" дастанын да жазған осы Бахтиари ма? Бұл келешекте зерттеудi күтiп тұрған мәселенiң бiрi".

Осы жолдарды оқыған оқырманның бiздiң күдiгiмiздiң тегiн емес екенiн түсiнуi әбден мүмкiн. Өзiмiз өскен ауылдардағы көнекөз қарттардың "Шәкiр-Шәкiратты" жатқа зарлатып отырғанын талай естiп едiк. Қариялардың айтуынша, жыр ескi қолжазбалардан жатталған көрiнедi. Олардың ескi деп отырғаны 1850-1900 жылдар шамасы болса керек. Демек, "Шәкiр-Шәкiраттың " Әсеттен бұрын жырланғаны шүбәсiз болды.

Сөзiмiздi одан әрi дәлелдеу үшiн "Шәкiр-Шәкiраттың" бұрынғы жарияланымын iздеп көрелiк.

Қазақстан тарапынан қолымызға iлiккенi 1986 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген "қисса-дастандар" болды. Оның 165-бетiнде "Шәкiр-Шәкiрат" дастаны берiлген. Кейiннен, яғни 1995 жылы "Ғылым" баспасынан шыққан "Батырлық дастандар" атты кiтаптың 196-бетiнде "Шәкiр-Шәкiраттың" осы нұсқасы қайталай басылған. Дастан туралы түсiнiктемеде:

"Шәкiр-Шәкiрат" – қазақ арасына кең тараған, сюжеттi арабтың "Мың бiр түн" және қиял-ғажайып ертегiлерiнен алынып, қиссаға айналдырылған. "Шәкiр-Шәкiрат" дастаны 1840, 1872 жылдары басылып шыкқаны жайындағы мәлiмет А. А. Бобровников пен Н. Ф. Катановтың сипаттамасында (Қазан, 1898 ж. 30-6.). Н. Сәбитовтың көрсеткiшiнде ("Қазақ әдебиетi библиографиялык көрсеткiшi", 1948 ж.) кездеседi.

Дастанды 1880, 1883, 1884, 1888, 1890, 1894, 1896. 1901, 1909, 1912, 1915, 1916 жылдары Қазан қаласындағы «Университет» баспасынан Ш. Құсайынов "Қисса-и Шәкiр-Шәкiрат патша һашим балалары" деген тақырыппен бастырып шығарған. Солардың iшiнде 1894 жылғы басылымы 10 мың дана болып шыққаны туралы мәлiмет Н. Ф. Катановтын мақаласында берiлген ("Деятель", № 10, стр. 579-582). Жыр ел арасына ауызша көп тараған. Қолжазба нұскалары Москва, С-Петербург, Қазан, Ташкент, Алматы қалаларының кiтапхана қорлары мен архив казыналарында сақтаулы. Дастанның кiтап болып басылып шыққан нұсқаларының негiзiнде жырланған қолжазбалары М. О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының колжазба қорында (Айнатасов Тәужи тапсырған 323-папка, 1-тiзбе), Молдафина Камилә жинаған (199-папка, 1-дәптер), Омаров Нұрғазы жырлаған нұсқасы (133-папка) сақтаулы. Аталған жинаққа 1915 жылғы басылымын берiп отырмыз" деген жолдар бар. Демек, бұл жарияланым дастанның 1915-1916 жылдары Қазан баспасында жарияланған соңғы нұсқасы деген сөз. Ендеше осы нұсқаны, яғни "қисса-дастандар" мен "Батырлық дастандарда" берiлген "Шәкiр-Шәкiратты" "Әсет шығармаларындағы" "Шәкiр-Шәкiратпен" салыстырып көрейiк.

Қазан нұсқасы:

Қолыма қалам алдым хат жазғалы,

Бiрталай заман болды халық азғалы.

Тыңдаңыз құлақ салып жамағаттар,

Дейтұғын Шәкiр Шәкiрат сөз қозғалы, – деп басталады.

Ал, Шинжиаңдағы "Әсет шығармалары" нұсқасы:

Әкелдi Бақтиярды дар қасына,

Бақтияр сиынып тұр Алласына.

Азатбақыт патшамен уәзiрлер.

Өздi-өзiнiң басып тұр қайласына, – деп басталады.

Басталғанына қарап екеуi екi дүние ме деген ой туады. Бiрақ, "Әсет шығармалары" төртiншi шумаққа келгенде:

Талай жан нақақ күйiп шын боздады,

Бiрталай заман болды жұрт азғалы.

Патша ағзам құлақ салып тыңдасаңыз,

Шәкiр-Шәкiрат затлардан сөз қозғалы, – деп Қазан нұсқасына жақындай бастайды. Ендi екi нұсқаның ұқсас шумақтарына назар аударалық.

Шинжиаңдағы "Әсет шығармалары" нұсқасы:

Өтiптi бiр патша Әшiм атты,

Кезiнде артық болған салтанаты.

Дейтұғын Шәкiр-Шәкiрат екi ұлы бар,

Тәрбиелi жас екен инабатты.

Қазан нұсқасы:

Бiр патша болған едi һашым атты,

Ел-жұртына бек әдiл салтанатты.

Шәкiр-Шәкiрат дейтұғын екi ұғлы бар,

Тым әйбат балалары балдан тәттi.

Шинжиаңдағы "Әсет шығармалары" нұсқасы:

Патша Әшiм әдiл едi әуел баста,

Көп тиген ықыласы қарындасқа.

Әйелi өлiп екi ұлы жетiм қалды,

Үлкенi он үш, кiшiсi он бiр жаста.

Қазан нұсқасы:

һашым атты патшаның әуел баста,

Еш зияны жоқ едi қарындасқа.

Балаларын бек жақсы көредi екен,

Бiреуi он үш, бiреуi он бiр жаста.

Шинжиаңдағы "Әсет шығармалары" нұсқасы:

Дүние мiне, осындай жалған екен,

Әркiмге опа қылмай қалған екен.

Әшiм патша нәпсiге ерiп байлығымен,

Тағы да бiр жас тоқал алған екен.

Жас пен жасаңқырап көңiлi өсiп,

Бұрынғы жақсылығын жойған екен.

Әшiмдi кәрiсiнiп әлгi тоқал,

Шәкiратқа сырттай ғашық болған екен.

Қазан нұсқасы:

һашым патша өзi бек мерген екен,

Ол екi баланың шешесi өлген екен.

Шәкiр-Шәкiрат дейтұғын екi бала,

Жас күнiнен жетiмдiк көрген екен.

Шәкiр-Шәкiрат шешеден ерте қалған,

Патша бiр жас қатынды тағы да алған.

Әкесiн кәрiсiнiп әлгi талақ,

Ең кiшiсi Шәкiрге ғашық болған.

Шинжиаңдағы "Әсет шығармалары" нұсқасы:

Болғанын оның ғашық бала бiлмес,

Әшiм де бұл сұмдықтан хабар бiлмес.

Ғашықтықпен құса боп әлгi сайқал,

Жадырап патшаменен ойнап-күлмес.

Қазан нұсқасы:

Мұның ғашық болғанын бала бiлмес,

һашым патша әкесi және бiлмес.

Әлгi талақ балаға ғашық болып,

Құса болып жүредi ертелi-кеш.

Шинжиаңдағы "Әсет шығармалары" нұсқасы:

Орнынан өгей шеше тұрып келдi,

Көңiлiн арамдыққа бұрып келдi.

Баласы алмаса егер айтқан тiлiн,

Iстейтiн арамдығын құрып келдi.

Киiмiн шештi дағы тыр жалаңаш,

Қойнына баласының кiрiп келдi.

Қазан нұсқасы:

Сұм шешесi орнынан тұрып келдi,

Жамандықты көңiлге салып келдi.

Ұйықтап жатқан кездерi Шәкiр бала,

Жап-жалаңаш қойнына кiрiп келдi.

Мiне, дастан осылайша аз-аз ұқсамаған жолдарымен ғана парықталып жалғаса бередi. Осыдан кейiнгi жерде Қазан нұсқасында Шәкiрдiң жылағаны:

Жендеттер менi өлтiрме,

Жаныма қаза келтiрме.

Еш жазығым жоқ едi,

Шыбын жаным еркiңде, – деп басталса, Шинжиаңдағы "Әсет шығармалары" нұсқасы:

Ағалар менi өлтiрме,

Мезгiлсiз қаза келтiрме.

Еш жазығым жоқ едi,

Қоя бершi еркiме,– болып баяндалады.

Қазақ ауыз әдебиетiнiң ауыздан ауызға таралып, құймақұлақ қиссагерлер арқылы бiрден бiрге жалғасып отыратынын ескерсек, "Қазан нұсқасының" бiреуден бiреуге жетуi барысында көп өзгерiске ұшырауы заңды құбылыс. Тiптi кейде айтылуға ауыр жолдар ұмытылып қалып, халық ақындарының оны толықтырып, жырлап отыратын дәстүрi де болған.

Осы тұрғыдан қарағанда мейлi кiм жырласа ол жырласын, Қазан нұсқасы мен Шинжиаңдағы "Әсет шығармаларына" кiрiп кеткен "Шәкiр-Шәкiраттың" түбi бiр ақынның аузынан шыққанында күмән жоқ. Әрине, ол ақын Әсет емес, тiптi ендi бiреулердiң телiгенiндей Жанұзақ ақындiкi де емес. Жанұзақ ақын жырлаған делiнiп "Бақтиярдың қырық бұтағы" (Алматы, Толағай, 2007) атты кiтапқа кiрген нұсқамен "Әсеттiкi" делiнген нұсқаның iшiнара айырмашылығын айтпасақ, түгелдей ұқсас деп айтуға болады. Бұған қарап, Шинжиаң жерiне ауызша тараған нұсқаның бiрнеше нұсқасын байқаймыз. Бiрақ соның бәрiнiң түп-төркiнi бiреу ғана. Ол – Қазан нұсқасы.

Егер Әсет бұрынғы жырды қазақ тiлiнде жаңартып сөйлетудi мақсат етiп, қайталай жырлауды ойластырған болса, онда дастанды түпнұсқадан көшiрмес едi. "Әлi жеткен алып та жығады, шалып та жығады" демекшi, көл-көсiр ақындық шабыттағы Әсеттiң оған әлi қаптал жетер едi. Таза өз сөзiне айналдырып-ақ, өзгеше жырлауына әбден болатын. Өкiнiшке қарай, қолымыздағы екi нұсқаның ұқсастығының көптiгiне қарап, Әсеттiң автор емес, жырлаушы екенiн байқаймыз. Әсет жырлаушы болғанда да жәй жырлаушы емес, "Шәкiр-Шәкiратты" түрлендiре толықтырып халыққа кеңiнен таратушы. Ал жырды Әсет аузынан естiп жаттаушылар да оны қаз-қалпында қабылдай қоюы екiталай. Олар да өзiндiк өзгерiстерiмен кейiнгiлерге жалғайды. Бұл дастанды қазақтың ақынмын деген қиссагер ұлдарының бәрi-бәрi де бiр-бiр аударып төңкерсе керек. Жыршының көбеюi, уақыттың ұзаруы "Шәкiр-Шәкiратты" әуелгi нұсқадан көп алыстатып жiберген. Бұл жалпы халық ауыз әдебиетiнде ежелден бар дәстүр болғандықтан оған ерекше таңданудың да қажетi болмаса керек.

Ал жаңа ғана "Бақтияр"немесе "Бақтиари" туралы да бiр сөз айтылып қалды.

Аталған қазақ кiтабының шежiресiнiң 226-бетiнде: "Бақтияр" қиссасы, өлең қылушы Жанұзақ ақын, бастырушы: Бектуған Сиқымбайұғлы, Уфа, "Шарқ" мәтбағасы, 1916 жыл" деген анықтама берiлген екен.

Әсет шығармаларын жинақтаушылар немесе оны айтып берушiлер сөз болғанда ел iшiндегi әңгiме арасында Жанұзақ ақынның аты да ауызға көп алынады. Демек, Жанұзақтың Әсеттiң шығармаларын жаттап таратаушы емес, Әсетпен қатар өмiр сүрген көрнектi ақын екенiн байқаймыз. Олай болса, Жанұзақ арқылы жеткен дейтiн дүниелерде күдiгiмiздi ұлғайта түседi.

Осы ойлардың iзiмен бiз ендiгi жерде тағы да Уфа нұсқасындағы "Бақтияр қиссасы" мен "Әсет шығармаларындағы" "Бақтиярды" салыстырып көрелiк.

Уфа нұсқасындағы "Бақтияр қиссасы" 2007 жылы Алматыда "Толағай" баспасынан жарық көрген Жанұзақ Шыңанұлының "Бақтиярдың қырық бұтағы" атты толғаулары мен дастандар жинағына кiрiптi. Ақын мұрасын жинақтап, баспаға тапсырғандар Ахметолла Қалиұлы мен Құсман Игiсiн.

Ендi екi нұсқаны салыстырып көрелiк:

Шинжиаңдағы "Әсет шығармалары" нұсқасы:

Ал сөйле тiлiм сенiң бұлбұл шағың,

Бұйрықсыз кiм алады кiмнiң бағын,

Жамағат құлақ салып тыңдасаңыз,

Сөйлейiн Бақтиярдың бiр бұтағын.

Бақтияр артық туған жан екен ғой,

Жазылған өкпесiне дана екен ғой.

Әкесi Бақтиярдың ей жарандар.

Дейтұғын Азатбақыт хан екен ғой.

Уфа нұсқасы:

Сөйлесем тiлiм сенiң дүлдүл шағың,

Бұйрықсыз кiм алады кiмнiң бағын.

Жамағат, қүлақ салып тыңдасаңдар,

Сөйлейiн Бақтиярдың бiр бұтағын.

Олар бiр артық туған жан екен ғой,

Өкпесiне жазылған дана екен ғой.

Бақтиярдың әкесi, ай, жамағат,

Азат Бақыт дейтұғын хан екен ғой.

Осыдан кейiнгi баяндауларда ұқсас шумақтар аса көп емес. Деседе, бет сайын ұқсас жол, ұқсас шумақтар кездесiп отырады. Осыған қарап "Әсет шығармаларындағы" "Бақтиярдың" ,"Бақтиярдың қиссасынан" туғанын анық бiлемiз. Ал, "Бақтиярдың қиссасын" Жанұзақ Шыңанұлының өлеңге айналдырып, 1916 жылы Уфадан кiтап етiп шығарғанын айтып өттiк.

"Қазақ кiтабының шежiресiн" құрастырып, ескi тарихымыздың елеусiз қалған беттерiне бiр кiсiдей үңiлген көрнектi ғалым Үшкөлтай Субханбердинаның пайымын ескерсек, Бахтияр Х ғасырда өмiр сүрген сарай ақыны екен. Демек Бахтиярға қатысты жырлардың түп-төркiнi де тым тереңде жатса керек. Бұл туралы "Қазақ совет энциклопедиясының" 2 том, 212-бетiнде мынадай жолдар бар:

"Бақтияр және оның қырық бұтағының араб, парсы әдебиетiнен өзлестiрiп, қазақыластыра жырлаудан туындағанын атап көрсету керек. Оның сюжетiнiң түп төркiнi орта ғасыр парсы тiлiнде жазылған "Бақтиярнама" атты байырғы шығарма болса керек. "Бақтиярнаманы" қашан, кiм жазғаны мәлiмсiз болғанымен оның 1296 жылы жазылған қолжазба нұсқасының сақталғаны, Шығыс және Ота Азия елдерiндегi бiр қыдыру ұлттардың бiрiмен аударылғаны, бұл шығармада Азатбақыт атты хан мен он уәзiр жайындағы оқиға баяндалатындығы туралы деректер кезiгедi.

Қалай болған күндеде, "Бақтиярды" жаңғыртып жырлаған немесе өлеңге айналдырған адамның Жанұзақ ақын екенiн тарихи фактi көрсетiп отыр. Мейлi Шинжиаң жағы болсын, мейлi Қазақстан жағы болсын "Бақтиярды" Әсеттiкi дейтiн пәтуа еш жерден кезiкпейдi. Олай болса "Әсет шығармаларындағы" "Бақтияр" кiтап құрастырушылар тарапынан кеткен "олпы-солпылықтың" үлкенi болса керек.

Әсеттiң авторлығындағы "Үш жетiм қыз" туралы да күдiктi ойлар бар. Аталған "Қазақ кiтабының шежiресiнiң" 85-бетiнде 1897-жылы "Үш қыз" атты қиссаның жарияланғанын тiркеген. Орайы келгенде, осы екi нұсқада салыстырып көрудi қажет етедi.

Жазушы Зейнолла Сәнiкұлы "Атаның алтын iздерi" (Iле халық баспасы, 2002 жыл, Күйтүн) атты кiтабында да "Адамның бұлбұлы, ақынның дүлдүлi" деген атпен Әсетке арнайы тоқталады. Кiтаптың 465-бетiнде: "Қазақстанда шыққан Әсет дастандарының қатарына "Үш баланың әңгiмесiн", "Кешубай", "Өнегин мен Татияна", "Ағаш ат", "Үш жетiм қыз", "Салиқа -Сәмен", "Барат Қыз", "Шеризат", "Нұғыман нағым", "Перизат" т. б. енгiзiлген. Олар (Қазақстан жағы демекшi – Ж.Ш.) Әсеттiң "Кешубайдан" басқа қазақ өмiрiнен жазылған қиссасы жоқ" деп есептеген. "Мұңлы қыз" толғауында "оның көркемдiгi, өлең табиғаты Әсет шығармаларына ұқсайды" деп дүдәмәл көзқараспен кiргiзген.

Әсет атына жазылып отырған бұл дастандардың кейбiрiн бiз "Бақтиярдың қырық бұтағының құрамына" енгiзiп, оны Әрiпжанның әкесi Жанұзақ ақын шығарған деп жүрмiз. Бiрақ, анық-қанығын айырмай жатып, бiреудiң атына тели салсақ, бұл да аруақ алдында қиянат болар" деген пiкiр бiлдiредi.

Шын мәнiнде бұл ойларда жоғарыдағы баяндаулармен үндесiп жатыр.

Аталған қисса дастандардың көбi халықтық сарында жырланып ауыздан-ауызға тараған. Уақыттың озуы, заман қажеттiлiгi мен адамдардың талғам-таразысына сай әртүрлi өзгерiстерге ұшырап отыруы әбден мүмкiн. Әсеттiкi делiнiп жүрген шығармаларды Әсет жырлаған күннiң өзiнде оған ақынның еш кiнәсi жоқ. Қайта ауыздан ауызға таралу барысында түсiп қалған, ұмытылып қалған жолдардың дүлдүл ақын жағынан толығып, түрленiп отыруы орынды да!

Ал, зерттеушiлер мен баспагерлердiң өз қателiгiн түзетiп, ұрпаққа, тарихқа шындықты жеткiзуiне де орай бар. Олай болса қатып семген "менмендiк" көзқарастан арылып, тарихқа шындық тұрғысынан қарағанымыз жөн.

Бұл мақаланың мақсаты – Әсеттi немесе оның шығармаларын жинап бастырушыларды терiстеу емес. Қайта: "Дүниеде менен сорлы ақын бар ма, баспаға бiр ауыз сөз берiлмеген" деп арманда көз жұмған ақынның артына қалған асыл мұраларына ар тазалығымен иелiк ету идеясын көтеру.

Жәди ШӘКЕН, жазушы